Шошқа етін жегеннен тұмау жұқпайды. Вирус тыныс алу жолдары арқылы жұғады. «Доңыз тұмауы» етті 70 градуста пісіргенде өледі. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мағлұматтарына қарағанда, «Доңыз тұмауының» халықаралық таралымы әлі белгісіз. Аурудың Америка Құрама Штаттарында өте жұқпалы деңгейде екені белгілі. Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуропа (Ұлыбритания, Швеция, Италия), Африка мен Қытай, Жапониядағы шошқаларда бұл қауіптің жоғары екені анықталды.
Аталмыш вирусқа қарсы шошқаларға арналған вакцина бар. Алайда адам үшін әлі вакцина табылмады. Маусымдық тұмау вакциналарының «Доңыз тұмауына» қарсы қаншалықты әсер ететіні белгісіз. Себебі тұмау вирустары өте тез өзгереді. Дегенмен мамандар «Доңыз тұмауына» қарсы жақсы әсер ететін вакцина биыл күзде, атап айтқанда қыркүйек-қазанға дейін табылып қалар деп болжайды. Ал Қытай оның емін таптық деп жариялап та үлгерді. Дәрі қазір сынақтан өткізіліп жатыр.
Ресми деректерге қарағанда әлемде «Доңыз тұмауынан» бір мыңнан аса адам қайтыс болған. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы сырқат жұқтырған 177 мың оқиғаны бақылауына алып отыр.
Вирусологтар A/H1N1 вирусы әсіресе қарт адамдар мен жас балаларға, иммундық жүйесі әлсіздер мен денесін май басқан толық адамдарға, екіқабат әйелдерге тез жұғады дейді. Ал жасы 65-тен асқандарда қорғаныштық реакция өте мықты.