Біздер өткен Қазақстан территориясындағы көшпелілер мәдениеті дәрісімізде ғұндардың көшпелілік мәдениеті туралы қысқаша тоқталған болатынбыз.
Ғұндар – ежелгі замандағы еліміздің далалық өңіріндегі көшпелі тайпалардың бірі. Бастапқы кезде солтүстік Қытайда, Моңғолияда, Байқал өңірінде қоныстанған. Ғұндар Қазақстан жеріне Орталық Азиядан б.з.б. 1 ғасырдың соңы мен б.з. 1 ғасырында келген. Дәл осы кезеңде Еуразияның ұлан-байтақ даласында, соның ішінде Қазақстан жерінде де «Халықтардың ұлы қоныс аударуы» болды. Ғұндардың тарихы Қазақстан жерімен тығыз байланысты. Қазақстан жерінен табылған археологиялық қазбалардан және қытай жазба деректерінен де ғұндар туралы көп мәліметтер алуға болады. 5 ғасырға жуық уақыт ғұндар кең далаға билік жүргізді.
Ғұн дәуірінің археологиялық ескеткіштері – Қиыр Шығыстан Орталық Еуропаға дейінгі ұлан- байтақ жерге тараған ғұндардың көне ескерткіштерінің жиынтық атауы. Біздің заманымыздың 5 ғасырын қамтиды. Ғұн дәуірінің археологиялық ескерткіштері үш топқа бөлінеді:
1. Шығыс ғұн ескерткіштері.
2. Қазақстан, Орта Азия, Еділ, Оңтүстік Орал жеріндегі ескерткіштер.
3. Қазақстанның Оңтүстік Орал, Төменгі Еділ арқылы Еуропаға дейінгі ескерткіштер.
Сақина, сырға сияқты әшекей бұйымдар, кілем және түрлі ыдыстар ғұн тұрмысындағы биік талғам, жоғары мәдениеттің белгісіндей бізге жеткен.
Ғұндар көшпелі болған, мал өсіріп, аңшылық құрған, сондай-ақ, отырықшы өмір сүріп, егін салған.Кен қазып, металл қорытқан, саз балшықтан түрлі бұйымдар жасаған. Ер азаматтың бәрі жауынгер саналған, олар табиғатынан батыр, ержүрек болған. Ғұн әскерінің негізі атты әскерлер болған. Олардың қару – жарақтары: садақ, семсер, қанжар, найза болған.
Ғұндар киіз үйлерде тұрған. Жүннен жасалған текемет, кілемдерді төсеніш еткен. Ағаштан төсек және үй тұрмысына керекті заттар жасаған.Олар өздері қолдан жасаған заттарды қадірлеген. Ат әбзелдерін өрнектеп, дөңгелек темірлермен әшекейлеген. Алтыннан, күмістен әшекей бұйымдар жасаған. Сүт, қымыз, айран, қаймақ құятын ыдыстарды қыштан, ағаштан жасаған. Мал терісінен сыртқы киімдер, бас киімдер жасаған. Үй ішіне орнатылған ошақ тастан жасалып, оның үстіне қазан асылған. Ғұндар ошақты қатты қадірлеген.
Ғұндар, хундар – түркі халықтарының арғы тегі. Ғұндар шығып келе жатқан күнге, айға тағзым етіп, құрмет көрсеткен. Айдың бастапқы күндеріне ерекше мән беріп: сүй, сый деген сөздермен қарсы алған. Ұлылы-кішілі жортулы-жорықтарға ай толғанда шығып, ай қорғалағанда қайтқан. Тәңірлік дін ұстанып, түркі жазуын қолданған. Сөйлеу тілі де түркі тілі болған. Негізінен, түпкі мекен-жайы қазіргі қазақ даласы. Ендеше ғұндар тікелей біздің ата-бабаларымыз.
Ғұндардың Батыс елдерін бағындырған жеңімпаз жорықтары Аттила патшаның атымен тығыз байланысты. Осы жорықтардың арқасында ғұндар Еуразия кеңістігінде үстемдік жүргізген.
Аттила - әйгілі Ғұн империясының әміршісі, шамамен 400 - 453 жылдары өмір сүрген.
Аттиланың тұсында империя өзінің шарықтау биігіне көтеріледі. Шығыста - Кавказға, батыста Рейнге, солтүстікте - даниялық аралдарға, оңтүстікте - Дунайға дейінгі жерлер Ғұн империясының иелігіне айналады.
Еділ патшаның кезінде Ғұн империясы аумағын кеңейтіп, көркейе түскен. Қаншама халықтар мен қалалар Еділдің алдында бас иген. Осылайша Ғұн империясының даңқын аспанға шығарған жаужүрек Еділ қаған 453 жылы қайтыс болды. Оның денесі Тисса өзенінің арнасына жерленген. Аттиланың өлімінен кейін ғұн тайпалар одағы ыдырап, тарап кетті.
Жер қайысқан қолымен Еуропаны тізе бүктіріп, қол астына қаратқан бабамыз Еділ - Аттиланың есімі «адамзат тарихындағы ұлы адамдар - Александр Македонский мен Юлий Цезарь есімдерінің қатарында» аталады.
Испан трагедиясындағы XVI ғасырдағы драматург Кристобала Вируестің
Еділ батыр (Атилла) бейнесі – «Қаһарлы Аттила», Ц. Вернердің
романтикалық драмасы «Аттила, ғұндар патшасы». Фольфганг Франк
операсы «Аттила, ғұндар патшасы». Джузеппе Верди операсы «Аттила».
Ағылшын ақыны Герберттің «Аттила» поэмасы. Француз ғалымы А.
Тиерридің «Аттила тарихы» еңбегі. А. Соловьевтың «Аттила қазынасы»
жұмысы. М. Султанбековтың «Аттила» пьесасы. С. Өтенияздың «Аттила» ғылыми зерттеулерін айтуға болады.