2. Курстың қысқаша сипаттамасы. Пәнді оқыту мақсаты


Тақырып №7. «XVIII ғ. – ХIХ ғасырлардағы қазақ



бет26/47
Дата25.11.2023
өлшемі6,97 Mb.
#126905
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   47
Байланысты:
madeniettanu umkd.pdf 2023-24 kaz

Тақырып №7. «XVIII ғ. – ХIХ ғасырлардағы қазақ мәдениеті»


Дәріс мақсаты: XVIII ғ. – ХIХ ғасырлардағы қазақ мәдениетінің дамуын зерделеу. Осы тұрғыда дәстүрлі қазақ мәдениетінің озық үлгілері мен білім, ғылым саласындағы жетістіктерін меңгеру.


Жоспар:
1. Дəстүрлі көшпелі қоғамның дағдарысы
2. Қазақ Ағартушылығы феномені.
3. Қазақ зиялыларының ірі өкілдерінің негізгі идеялары.

Еуразия даласын жаулап алған славяндық мəдениет осы сананың байырғы тұрғындарын ноқталап қоюға тырысты. Ресей империясы өз қарауындағы халықтарды ақ патша идеясында тəрбиелеу мақсатымен əр түрлі миссионерлік тəсілдерді шебер қолдана білді.


Ресей Орталық Азия мен Қазақстанды отарлау жəне ассимиляциялау полигоны ретінде қарастырды. Тіпті қазіргі қүнге дейін осы миссионерлердің таратқан төмендегідей қағидалары қоғамдық санада терең тамыр жайған. Солардың бірі қазақтардың таза мұсылман еместігі туралы ұғым.
XVIII ғасырдың екінші жартысында – XIX ғасырдың басында қазақ халқының шаруашылығы жəне қоғамдық құрылыс дəстүрлі түрінде үстем болып тұрды. Қазақ жері əлі де үш жүзге бөлініп, өзінің бұрыннан келе жатқан аумақтарында көшіп-қонып жүрді.
XIX ғасырдың басында Қазақстанның Ресейге бірігуінің аяқталуы жақын болатын. Осыған байланысты қазақ елі жалпы ресейлік қоғамдық еңбек бөлінісіне ене бастады. Бұл кездегі Қазақстанның экономикалық өмірінде жаңа көріністер байқала бастады. XIX ғасырдағы патша өкіметтің əкімшілік-басқару реформалары қазақ шаруашылығына елеулі əсерін тигізді.
XIX ғасырдың ортасында Қазақ жеріне капиталистік қатынастардың тарала бастауының көріністері айқын байқалды. Қазақ шаруашылығында отырықшы мал шаруашылығы мен егіншіліктің кең даму өрістерін алды. Сонымен қатар, патша өкіметтің жарлықтары жеке меншік жерді иеленудің кең таралуын қолдап отырады. Қазақтардың мал шаруашылығында жылқы саны азайып, ірі қара малдың саны көбейе бастады.
Жер байлардың қолына шоғырлану процесі, əсіресе XIX ғасырдың соңғы ширегінде күшейе түсті. Қауымдық жерлердің феодал-байлардың қолында шоғырлануы едəуір күшейді, ал патша өкіметінің отырықшылық-аграрлық саясатын тереңдете түсуі салдарынан мал шаруашылығынан қол үзген қазақ шаруалары жерден жаппай айырылып, күйзеліске ұшырады.
Қазақ қоғамының экономикалық дамуында көшпелілердің отырықшы егіншілікті мемлекеттермен жəне халықтармен дəстүрлі сауда байланысы маңызды рөл атқарды.
XVIII ғасырдың екінші жартысында - XIX ғасырдың басында бұл байланыста Ресеймен тауар айналымы басым орын алды. Сауда көшпелі-айырбас, мерзімдік жəрмеңкелік жəне бір жерде жүргізілетін тұрақты сауда түрінде қалыптасты.
Тауар-ақша қатынастарының дамуына жəрмеңке саудасы ерекше жəрдемдесті. Алғашқы түрінде бекіністер болып салынған Петропавл, Семей, Ақмола, Атбасар, Орал, Атырау, Омбы, Орынбор мекендер XIX ғасырға қарай ірі қалалар жəне сауда орталықтарына айналды.
Танымал ресей ғалым, тарихшы А.И. Левшиннің есебі бойынша XVIII ғасырдың соңы – XIX ғасырдың басында Ертіс бойындағы жəрмеңкелерге жыл сайын 150 мың жылқы, 3 млн. қой, 100 мың ірі қара мал басы сатылып жатты.
Тұңғыш жəрменке 1832 жылы Бөкей ордасында Хан ордасы жағынан ашылды. Одан кейін Жаңа Үзен, Қоянды, Троицк, Пресногор жəрмеңкелері ашылып, қазақ-ресей сауданың көлемін əрі қарай арттырды.
XIX ғ. басында қытай көпестерінің жиі сауда жүргізетін орталықтарының ішінде шекаралық қытай мекендеріне іргелес орналасқаны – Бұқтырма бекінісі болды.
XIX ғасырда Қазақстанда табиғи байлықтар қоры ашылып жəне көптеген кен орындары пайда болады. Ашылған кен орындарында мыс, қорғасын, күміс, тас көмір өндірілді. Қазақ даласында кен балқытатын, өндіретін, өндейтін кəсіпорындар салына бастады.
XIX ғасырдың ортасына қарай Қазақстанның шикізат өндеу кəсіпорындарының негізгі орталықтары – Солтүстік-батыс, Орталық жəне Шығыс Қазақстан болып белгіленді.
XIX ғасырдың 70-жылдарында ішкі Ресейден Қазақстанға темір жол тартыла бастады. 1874-1876 жылдары Орынбор темір жолы (Самара-Орынбор) салынып, ол Торғай облысы мен Орынборды Орталық Ресеймен жалғастырды. 1880-1890 жылдарында Каспий теңізінің шығыс жағалауынан Ташкентке дейін темір жол салу ісі қолға алынды. Ғасырдың аяғына қарай темір жол, су жəне почта-телеграф қатынасы Қазақстанды Мəскеумен, Петербормен, Орталық Ресеймен, Сібірдің, Алтайдың жəне Орта Азияның басқа да қалаларымен тікелей жалғастырды.
Қазақ қауымның еңбекті қоғамдық бөлісу мен əлеуметтік-экономикалық бөлінісу процестері қоғамдық пайдалы іс-қызмет құрылымындағы əр түрлі міндеттер мен рөлдердің күрделі жиынтығын бейнелейтін əлеуметтік институттар мен градациялардың қалыптасуына келіп жалғасты.
XIX ғасырдың бірінші жартысында қазақ қауымның екі негізгі тобы болатын: «ақ сүйек» жəне «қара сүйек». Бірінші əлеуметтік топ қоғамдық қатынастар құрылымында өздерінің əлеуметтік оңашаланғандығы мен жоғары қоғамдық мəнділіктеріне қарай сырттан ешкім өте алмайтын жеке адамдардың артықшылықтарын пайдаланатын жабық корпорациясы тұрғысында танылды. Оларға екі ақсүйектік топ – төрелер мен қожалар жатады.
Көшпелі қоғамның ерекше пұрсатты іріктелген қалаулы тобын «ақ сүйектің» негізі саналатын төре (сұлтандар) аристократиялық тобы құрды. Ол Шыңғыс əулетінің аға тармағы – Жошы ұрпақтарына жататын адамдар тобын біріктірді. Төре сословиесі қазақтардың қоғамдық жəне саяси өмірінде үлкен рөл атқарды.
Төрелердің ортасынан қазақ қоғамының саяси ұйымына негізгі басшылықты жүзеге асыратын хан, яғни жоғарғы өкімет сайланды. Сұлтандар сословиесіне жату өзінің дүниеге келуінен бастап жеке адамның іс жүзінде үстем тапқа жататындығын білдіретін жəне оның қоғамдық қатынастарды тəртіпке келтіру мен жөнге салуда айрықша құқықпен пайдаланатындығын алдын-ала шешетін. Бірақ XVIII ғасырдың ортасынан бастап хан билігі жүйесі жəне төрелердің жағдайы Ресей мемлекеті саяси институттарының күшті ықпал жасаушылығына ұшырады. Қазақ қоғамының басқару-саяси ұйымдарын тұрақсыздандыруға əсер еткен барлық факторлар комплексі арасынан бұл неғұрлым белсенді фактор болды. Көшпелі қоғамынан əлеуметтік қолдаушылық іздестіру үстінде ресейдің əкімшілік-саяси жүйесі қазақтардың əлеуметтік-саяси құрылымының кейбір буындарын жұтып жіберді, сөйтіп, Ресей империясының Қазақстан аймағындағы мақсаттары мен міндеттеріне сəйкес жаңа шараларды жүзеге асыру үшін əскери-саяси күштермен нығайтылған өз құрылымдарының билік жүргізуін заңдастырды.
XVIII-XIX ғғ. ресей өкіметінің реформалары сот жүйесіне да өз ықпалын тигізді. 1822-1868 жылдар аралықта би сотының қарамағынан бірте-бірте бірнеше істер ресейлік сот жүйесіне көшірілді. Түркістан жəне Далалық өлкелерді басқару жөніндегі Ережеге сəйкес Ресей соттарының жүйесі бітістіруші судьялардан, облыстық соттардан жəне жоғары сот инстанциясы Үкіметтік Сенаттан құрылды. Билердің соттары да өзгертілді. Формасы жағынан би сайланып қойылатын халық судьясы болып көрінді. Бұл жаңалық та шариғаттың дəстүрлі сотына соққы болып тиді. Осымен қатар қазақ қоғамындағы билердің сот жүйесіндегі қызметі шектеліп, сол арқылы билер өзінің ерекше орнынан да айырылды.
XVIII-XIX ғасырдың басында Қазақстанда батырлардың - əскер көсемдері əлеуметтік тобының үлкен беделі мен саяси ықпалы болды. «Батыр» атағы ешқашанда мүрагерлікке қалдырылған емес, оны əркім жеке басының ерлігімен алып отырды. Батырлардың үстем тапқа жатқызылуы қазақ қоғамындағы қаралып отырған тарихи кезеңдегі əскери-басқару құрылымының үлкен рөл атқаруымен, демек, əскери қарсыласу дəуірінде батырлар - көсемдер ие болатын зор билік ықпалымен анықталды.
Қазақ халқы ұлттық мəдениетінің тарихына жаңа жол ашушы бір топ ұлы ойшылдар мен прогрессивті ағартушылар, қоғамдық-саяси қайраткерлер шықты. Олардың қатарында Шоқан Уəлиханов (1835-1865жж.), Ыбырай Алтынсарин (1841-1889жж.), Абай Құнанбаев (1845-1904жж.) сияқты қоғамдық-саяси қайраткерлер, Əлихан Бөкейханов (1870-1937жж.), Ахмет Байтұрсынов (1873-1937жж.) т.б. оқымыстылар болды.
Шоқан Уəлихановтың əлеуметтік-ғылыми көзқарастары, оның демократиялық, гуманистік ой-пікірлері Петербургте жəне Сібір Кадет корпусында оқып жүргенде, сонымен бірге сол кездегі орыстың ұлы демократиялық өкілдерінің шығармаларын оқып, олардың кейбіреулерімен жақындасып, кездесіп, араласып жүргенде қалыптасты.
Ш. Уəлихановтың қоғамдық-əлеуметтік жəне саяси мəселелерді сөз ететін «Записка о судебной реформе», «Очерки Джунгарии», «о мусульманстве в степи», «Следы шаманства у киргизов», «Тенгри» сияқты еңбектерінде жəне достарына жазған хаттарында біз оның көзқарастары көп жағдайда озық идеялармен ұштасып, үндесіп жатқанын байқай аламыз.
Сібір қазақтарына арналған сот реформасы туралы мақаласында (жазбаларында) ол ресми үкіметке көптеген талаптар қояды. Бұл талаптар негізінен халық өмірін жақсартуға, оның сот мəселесі жөнінде дербестігін сақтай отырып, орыстармен араласуға мүмкіндік алуға бағытталған.
Халықтың əдет-ғұрпын, дəстүрін жақсы білетін ол реформаны дайындаған облыстық басқарманы халық тағдырына немқұрайдылығы үшін сынға алады, халыққа тиімді өзгерістерді талап етеді. Атап айтқанда, біріншіден, Ш. Уəлиханов өз халқының өзіндік ерекшелігін ескеру реформасын дайындау барысында ерекше маңызды фактор екенін айтады. Ш. Уəлиханов осы сот реформасы жайындағы хатында қазақ даласында жүргізілуге тиісті реформа халықтың мүддесіне, оның материалдық мұқтажына сай келуі, əрі сол қоғамның ұлттық мінез-құлқына сəйкестендірілуі қажеттігін терең талдап, қорытты.
Реформа – ол экономикалық жəне əлеуметтік реформа. Ал, саяси реформа экономикалық істерді іске асыратын құрал ретінде көрінеді – олар халықтың материалдық əлауқатын жақсартуға бағытталып отырады. Прогресс дегеніміз - өзі деп тұжырымдайды.
Ш. Уəлиханов 1864-ші жылы жазған еңбегінде реформаны іске асыру барысында халықтық ерекшелігін ескеруі жайлы пікірін тереңдете түсіп, реформалардың сəтті болуы халықтың тұрмыс-салты мен əдет-ғұрпын, заңдарын жан-жақты зерттеуге байланысты екенін айтады.
Қазақ халқының ұлы ақыны жəне ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының ағартушылық қызметі ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында өтті. Оның философиялық-əлеуметтік көзқарастары осы кезде қалыптасты. Ол бағзыдағы кемеңгер ойшылдардың шығармаларын оқып, өз дəуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірлерін қорытып, оларды қазақ өміріндегі аса маңызды əлеуметтік мəселелерді түсіндіруге қолданды.
Абай сол кезде қазақ халқының саяси, мəдени, экономикалық жағынан кенже қалу себебін оның көшпенділігінен, бытыраңқылығынан екендігін халыққа түсіндірмекші болды.
Қоғам туралы мəселе Абайды терең толғандырған. Оның пікірі бойынша, біртұтас құбылыс ретінде қоғамның табиғи негізін халық құрайды. «Қоғамның əлеуметтік құрылымы бірыңғай емес, ол бір-біріне қарсы тұрған жіктерден, яғни байлар мен кедейлерден тұратыны ақиқат», - дейді Абай.
Абай дүниенің объективтік заңдылығын мойындады, дүние мен адамзат қоғамы бірқалыпты тұрмай өзгеріп отырады деп біледі. Абайды адам проблемасы қатты ойландырғанын байқаймыз. Қырық үшінші нақыл сөзінде, тəн азағы ішіп-жеу болмаса ол өсіп қуаттанбайды, ал, адамның жан азығы – білуге құмарлығы, бұл болмаса оның малдан айырмашылығы жоқ. Білмекке құмарлықты қанағаттандыру – дүниенің көзге көрінген жəне көрінбеген қасиеттерін танып білуі, іздену, сұрап білу, ғылымға ұмтылу, дүние сырын білу, бұлар көкірекке сəуле, көңілге сенім береді деп толғанды ол.
Əлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан аса ірі қоғам жəне саясат қайраткері, оқымысты, жазушы, Петербург массондарының мүшесі. Ол Ресейдің І Думасының депутаты. «Алаш» қозғалысын ұйымдастырушы, əрі «алаш» партиясының көшбасшысы, ұлттық «Алаш Орда» үкіметінің төрағасы, т.б. саяси-əлеуметтік қызметтер атқарады. Ол Санкт-Петербургтегі Орман Шаруашылығы институтын тəмамдаған, оқымысты, экономист. Студент кезінде саяси жұмыстарға белсенді қатысқан. Маркс ілімін оқыды. Ол қазақ қоғамындағы əлеуметтік қатынастарды білу үшін орыстың демократиялық əдебиеттерін қазақ тіліне аударды.
Қазақ еліндегі əлеуметтік қатынастарды əділетті құру үшін тер төкті. Осы мақсаттарын орындау үшін Бөкейхан 1906-шы жылы орыс демократтарының «халық еркіндігі» (кадет) партиясының бөлімшесі ретінде Қазақ саяси ұйымын құрды. Оның бағдарламасы Орал қаласындағы «Факел» газетінде жарияланды. Онда алғаш рет қазақ қоғамының саяси жəне əлеуметтік тұрғыдан дамуы үшін өмірлік мəні бар мақсат пен міндеттерді іске асыру белгіленді. Мысалы, қазақ жерін сол халықтың меншігі, ол жеке меншікке берілмеуі керек деп танылған заңдар қабылдау үшін күш жұмсады, қазақ жастары оқитын мектептер, медреселер, жоғары оқу орындарын ашу, т.б. мəселелер қойды.
Ə. Бөкейхан басқарған Қазақ кадеттерінің бағдарламалық міндеттері көптеген мəселе бойынша орыс кадеттерінен айырмашылықтары болды. Біріншіден, Ə. Бөкейхан қоғамдық-əлеуметтік қатынастарға түбегейлі өзгерістер енгізуді талап етті, екіншіден, ол ұлттық мəселелерді шешуде де əлдеқайда терең ойлап ілгері кетті. Ол патша үкіметінің отарлық саясатын əшкереледі, бұл саясат іс жүзінде қазақ қоғамын дамытпай отырғаны былай тұрсын, қайта қазақтардың рухани əрі əлеуметтік қатынастарының азғындауына əкеліп отырғанын көрсетті.
Сөйтіп, Ə. Бөкейхан қазақ халқын алдыңғы қатарлы Ресей, онан əрі Еуропа мəдениетінің деңгейіне жеткізу мəселесін қойды. Қазақ халқының Ресей империясына бағыныштылығы оны ұдайы толғандырды. Осымен бірге қазақ халқының ру, жүздер арасындағы өзара дау-дамайлары мен жанжалдардың толастамай отырғандығы, ескі рулық-тайпалық, феодалдық қатынастардың үзілмегендігінен надандық, қараңғылық, сауатсыздықтың, т.б. орын алуы оның жанына жай таптырмады. Тығырықтан шығудың жолы – халықты ағарту, білімге тарту деп түсінді.
Ə.Бөкейхан Орынборда қоғамдық-саяси жұмысқа онан əрі батыл кірісті. Орынбордағы халық Ə.Бөкейханды жергілікті үкімет – қалалық думаның мүшелігіне сайлады.
Ə. Бөкейхан өзқінің шығармалары мен мақалаларында басты мақсат етіп қазақ халқын Ресей империясының құлдық-бұлғауынан азат ету, бостандық, еркіндік алып, ілгері дамуды, басқа елмен тең құқықта болуды, өзін-өзі басқаруды, т.б. алға қояды.
Елде болып жатқан көптеген жаңа оқиға, процестерге байланысты Ə. Бөкейхан ұлттық саяси партия құруға мəжбүр болды. Ізінше «Алаш» партиясы құрылды. Оның мақсаты – қазақтың егеменді мемлекетін құру. Партияның 5 қазанында (№244) жарияланды. Партияның көшбасшысы Ə. Бөкейхан болды.
Ə. Бөкейхан қазақтың географиясын жан-жақты терең зерттеген ғалым. Жер – адамзаттың алтын бесігі. Қандай да бір халық, ұлт болмасын, оның дамуы жерге байланысты. Ол Қазақстанның қандай аймағында жер құнарлы, құнарсыз екенін өте жақсы білген. Сондықтан осыған орай қазақ халқы өзінің ыңғайлы, тиімді, сапалы шаруашылығын ұйымдастыруы қажет деген.
ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақстандағы аддыңғы қатарлы өкілдерінің бірі, əрі ірі оқымысты – ғалым Ахмет Байтұрсынов болды. Ол еңбек жолын ағартушылықтан бастады. Орын алып отырған қиындықты жеңу үшін ол қазақ жазуымен айналысады. Ол алдымен қазақ тілінің дыбыстық жүйесін зерттеуге кіріседі. Алдымен қазақ балаларының сауатын ашатын «Əліп-би» мен ана тілін үйрететін «Тіл құралын» жазу үшін оған қазақ тілінің фонетикасы мен грамматикасын зерттеу қажет болды.
Ол зерттеудің нəтижелерін 1912-ші жылдан бастап «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеттерінің беттерінде жариялайды. «Айқаптың» 1912-ші жылғы 9-10 сандарында жəне «Қазақ» газетінің 1913-ші жылғы 34-інші жəне одан əрі қарайғы сандарында «Жазу мəселесі» деген көлемді мақалалар жариялап, оларда қазақ дыбыстарын білдірмейтін араб алфавитінің кейбір таңбаларын қазақ жазуына енгізбеу керектігін, тұтас сөздің жіңішкелігін білдіру үшін дəйекші деп аталатын белгі қою қажеттігін дəлелдейді.
А. Байтұрсынов реформалаған араб жазуы 1924-ші жылы ресми түрде қабылданды. Бұл - өз кезінде қазақ халқының мəдени дүниесінде үлкен рөл атқарған, қалың көпшілікті жаппай сауаттандыру ісіне, жазба əдебиеттің дамуына, баспа жұмысының жандануына игілікті қызмет еткен прогрессивтік құбылыс болды.
А. Байтұрсынов – қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсаған адам. 1902-ші жылдан бастап ашылған «ауыл мектебі» деп аталатын үш жылдық бастауыш оқу орнының өзінде шəкірттер сауатын орыс тілінде ашатын, кейбір пəндердің тілі қазақша болғанымен, оны оқытуға арналған, ресми түрде қабылданған кесте жоқ болатын, əр мұғалім өз ыңғайына қарай орыс, не арабжазуларын пайдаланатын. А. Байтұрсынов пен өзге де бір топ қазақ оқығандары қазақ даласында оқу-ағарту ісінің дұрыс жолға қойылуын, ол үшін ауыл мектептерінде балалар қазақша сауат ашулары керектігін, оқудың ана тілінде жүргізілуін үкіметтен талап етеді. Осы талаптың жүзеге асырылуы үшін қазақша сауат ашатын тұңғыш əліппені – «Оқу құралын» жазған адам - А. Байтұрсынов.
Көп ұзамай (1912 ж. тұңғыш əліппе жазғаннан кейін) А. Байтұрсынов қазақ балаларына қазақ тілін тереңдетіп оқытатын оқу құралын жазуға кіріседі. «Тіл құралы» деп аталған бұл оқулықтың фонетикаға арналған І бөлімі 1915-ші жылдан, морфологияға арналған ІІ бөлімі 1914-ші жылдан бастап 1927-1928- жылдарға дейін 6-7 басылым көрді.
Сөйтіп ана тіліміздегі ғылым саласы – қазақ лингвистикасы 1917-ші жылғы Қазан революциясынан бұрын, өткен ХХ ғасырдың 10-ыншы жылдарынан бастап қалыптасты жəне оның іргетасын қалаушы Ахмет Байтұрсынов болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   47




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет