1. Христиандық Ортағасырлық Батыс Еуропаның реттеуші идеясы ретінде.
2. Ортағасырлық Батыс Еуропаның көркемдік қағидалары, білім жүйесі және категориялары.
3. Қайта өрлеу мәдениетіндегі Адам және гуманизм идеалдары.
4. Жаңа заманның құндылықтық - мәдени негіздері.
Орта ғасырлар — эллиндік-классикалық мәдениеттің құлдырау шегіне жетіп, ал одан кейін оның жаңа заманда қайта түлеу кезеңімен сәйкес келетін, ұзаққа созылған біртұтас мәдени дәуірді қамтиды. Орта ғасырлар мәдениетінін қайнар бұлағы — «романдық бастаудан» нәр алатын Батыс Рим империясының мәдени дәстүрлері болып саналады. Олар құқық, ғылым мен өнер, философия, жоғары құқықтық мәдениет, христиан діні және т.б. Бұл мәдени дәстүрлер римдіктердің «варварлармен» күресі кезеңінде тереңдей түсіп, Батыс Еуропаның пұтқа табынушы көптеген тайпаларының мәдени өмірінде өз жалғасын тапты. Мұндай мәдени тоғысулар Батыс Еуропалық ортағасырлар мәдениетінің қалыптасып одан әрі дамуына даңғыл жол ашып берді. Мәдениеттанушы ғалымдар көне заманнан бастап жаңа заманға дейін созылатын уақыт шеңберін ортағасырлар деп атайды. Бұл тарихи кезең бір мың жылдан астам уақытты қамтиды, яғни V ғасырдан бастап XV ғасырға дейін созылады. «Орта ғасырлар» деген термин алғаш рет Италияда Қайта өрлеу дәуірінде пайда болған. Итальян гуманистері бұл терминді бір жағынан «ежелгі дүние» мен «жаңа заманның» ара жігін анықтау үшін де қолданған. «Орта ғасырлар» терминінін сол бір тарихи кезеңде қалыптасқан мағынасы біздің заманымызда да өз мәнін жойған жоқ.
Егер ХІХ ғасыр антикалық мәдениетке бас ұрып, оны тамсана мадақтаса, біздің ғасырдың мемлекеттері V-ІV ғасырлардағы Византия мәдениетіне тәнті болды. Әсіресе бізге 260 жылға жуық үстемдік еткен орыс халқы Византия мәдениетін көкке көтере мақтап, оны жан-жақты зерттеп, білуге күш салып келеді. Себебі Византия - славян әлемінің ұстазы. Оңтүстік және Шығыс славяндарындағы жазу оларға Византиядан келді. Барлық мәдениет атаулының атасы іспеттес дін де шығыс славяндарына сол Византиядан келгенін мектеп оқушылары да жақсы біледі. Әйнек жасау, храмдар салу істерін де орыстар Византиядан үйренді.
260 жылдық бодандықтан босаған қазіргі Қазақстанның халықаралық жағдайы күрделі. Оның тәуелсіздігін нығайту – күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. Оның болашағын айқын бағдарлай алуы үшін тек өзінің емес, өзгелердің де өткен жолын дұрыс саралап, сабақ алуы қажет. Сондай өткеннен сабақ алуға лайықты орта ғасырлық мемлекеттердің мәдениеті болып табылады.
Сондай-ақ, адамзат тарихын зерттеушілер мәдениет мәселесін қамтымай дұрыс пайымдаулар жасай алмайды. Әрбір тарихи дәуірдің өзіндік мәдениеті бар. Мәдениетті түсіну үшін тарихи дәуірді білу керек.
Сол сияқты әрбір халықтың өзіне ғана тән мәдени дәстүрлер болады. Әрбір халықтың, қоғамның белгілі бір тарихи дәуірдегі даму дәрежесін, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін түсіну, ол қателіктерден дұрыс қорытынды жасау - келешекте қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық табысқа жету кепілі болып табылады.
Сөйтіп, мәдениет тарихын, оның өзекті мәселелерін жете білу - қоғам дамуын табысты басқару кілттерінің бірі. Яғни, мәдениет тарихын жете білу - қоғам дамуының болашағын дұрыс болжай білу кепілі. Сондықтан да орта ғасырдағы Батыс Европа мәдениетін, оның қоғамдық-саяси және әлеуметтік қатынастарын шешу тәжірибесін үйрену өз тәуелсіздігін 260 жылдан соң қайта алған көп ұлтты біздің республикамыз үшін өте маңызды мәселе деп пайымдауға болады.
Бірақ өкінішке орай бұл маңызды мәселе ғылыми-зерттеу еңбектерінде өз шешімін дәл тапқан жоқ. Сол себепті біз бұл жұмыстың тақырыбы етіп «Батыс Европаның ортағасырлардағы мәдениеті» деген мәселені таңдап алдық.
Бұл мәселеге арналған еңбектер баршылық. Бірақ олар тек орыс тілінде жарық көрген еңбектер.
Орта ғасырлардағы Батыс Еуропаның мәдениеті
Мыңжылдық «Орта ғасырлар» дәуірі негізінен үш кезеңнен тұрады. Бірінші, «Бастапқы Орта ғасырлар кезеңі» — дәуір бастауынан басталып —ХХІ ғасырға дейін созылады; екінші, Жоғарғы (классикалық) кезең XI ғ. мен XIV ғ.; ал үшінші, «Кейінгі орта ғасырлар кезеңі» — XIV ғ. және XV ғ. аралықтарын қамтиды.
Бастапқы орта ғасырлар кезеңі — Еуропада буырқанған әрі мәнді процестерге толы сындарлы кезең болды. Бұл тарихи өзгерістер, ең бірінші кезекте біздің заманымыздың екінші ғасырынан бастап-ақ Рим империясын шапқыншылық әрекеттеріңен мазалай бастаған варварлардың («варда» — сақал деген сөзінен шыққан) жойқын шапқыншылықтарымен тығыз байланысты болды. Бұл қақтығыстар Рим империясның 476 ж. құлауымен аяқталды. Варварлардың жеңісі римдік региондарды жай ғана жеңу емес еді. Ендігі жерде тарихтың жаңа беті басталып, көне қоғамдағы абыржушылық пен бейберекетсіздік одан әрі күшейе түсті.
Жаңа батыс еуропалықтар Рим империясының мемлекеттік дініне айналған христиан дінін қабылдады. Сөйтіп, Рим империясының барлық жерінде қалыптасқан пұтқа табынушылықты жаңа дін біртіндеп ығыстыра бастады және бұл процесс Рим империясы құлағаннан кейін де толастамады. Бұл жағдай — Батыс Еуропадағы Бастапқы орта ғасырлар кезеңінің бет-бейнесін айқындаған маңызды тарихи процесс болды.
Осы бір тарихи кезеңдегі ерекше жағдай — бұрынғы Рим империясының территориясында «варварлардың» жаңа мемлекеттік құрылымдарының қалыптасуы болып табылады. Шындығына келетін болсақ, сансыз гот, франк және т.б. тайпаларды «тағылар» деп айтуға да болмайтын сияқты, өйткені дәл осы кезенде олардың көпшілігінде мемлекеттік құрылыс белгілері айқындалған болатын. Олар сонымен қатар әскери демократия принциптерін жетік меңгерді, егіншілікпен, қол өнермен металлургиямен шұғылданды. Тайпа көсемдері өздерін корольдер, герцогтер және т.б. деп жариялады. Мысалы, франктердің королі Ұлы Карл 800 жылы бүкіл батыс еуропалық елдердің императоры деп жарияланды. Қазіргі Францияны, Германияны, Бельгияны, Голландияны, Солтүстік Италияны, Солтүстік Испанияны өзіне қосып орта ғасырлық бірінші зор империя құрған Ұлы Карлдың тарихи күресінде адам қаны көп төгілді. Ұлы Карл билік құрған кезеңді кейде «каролингтік қайта дәуірлеу кезеңі» деп те атайды. Мұндай атақтың берілуінің себебі, Карл империясының ежелгі Рим мәдениетін жандандыруға бағытталған шараларынан болса керек. Ерекше атап өтетін бір жәйт, Ұлы Карл ағарту ісінің қажеттілігін түсінген және оны дұрыс жолға қоюға тырысқан көрнекті тұлға болған. Ол өзі бас болып негізін қалаған мектепте оның ұлдарымен бірге ақсүйек балалары түрлі ғылым салаларын, оның ішінде риториканы, поэзияны, диалектиканы, астрономияны және т.б. оқып үйренді.
Кейіннен, яғни 900 жылы қасиетті Рим империясы сансыз графтықтарға, герцогтықтарға, епископтықтарға, аббатықтарға бөлініп кетті де, қоғамда бейберекетсіздік туды. Олардың билеушілері өздерін тәуелсіз қожайындар санап, императорларға да, королъдерге де бағынуды қажет деп санамады. Бірақ, елдің бірлігіне нұқсан келтіретін мұндай келеңсіз көріністерге қарамастан мемлекеттік құрылымдардың қалыптасу процестері одан кейінгі кезеңдерде де тоқтамады. Әрине, ғасырлар бойы талай аласапыранды басынан кешірген тонаушылық пен басқыншылық орын алған мұндай мемлекетте экономикалық және мәдени дамуға нұқсан келетінін ешкім де жоққа шығара алмас. Ал бұл жағдайлар, өкінішке орай, бастапқы Орта ғасырлар кезеңінің өзіне тән ерекшелігі болды.
Бірақ, классикалық дәуірде орта ғасырлық Еуропа бұл қиындықтарды жеңе отырып, қайтадан жаңара бастады. Х ғ. бастап феодализм заңдары бойынша жүзеге асырылған ынтымақтастықтың нәтижесінде ірі мемлекеттік құрылымдар құрылды және қуатты армияларды жинақтауға мүмкіндік туды. Осы сияқты қоғамдық өмірде жүзеге асырылған шаралар, мәдениеттің алға басуына қолайлы жағдайлар туғызды. Қалыптасқан біршама тұрақтылық қалалардың көркейіп, жалпы еуропалық экономиканың дамуына қолайлы жағдайлар жасады. Батыс Еуропаның саяси-мәдени өмірі түбегейлі өзгерістерге ұшырады, қоғам варварлық сипатынан айырылып, қалаларда рухани өмір гүлдене бастады. Рим империясына қарағанда еуропалық бірлестік тұтастай алғанда әлдеқайда бай, әрі өркениетті болып шықты. Мұндай мәдени алға басушылық христиан дінімен тығыз байланысты болды, өйткені мемлекет дінге арқа сүйеді. Өз кезегінде христиан шіркеуі де өз ұйымдарын нығайтып, христиан дінін жан-жақты жетілдіре берді. Ежелгі римнің және бұрынғы варварлық тайпалардың мәдени-көркемдік дәстүрлерін дамытып жетілдірудің арқасында романдық және одан кейін жасампаз готикалық стильдер қалыптасты. Сөйтіп, өнердің театр, музыка, әдебиет, сәулет өнері, кескіндеме, мүсін өнері сияқты салалары жаңа түр, жаңа мазмұнға ие болды. Дәл осы кезеңде француздардың алғашқы ұлы поэтикалық шығармасы — «Роланд туралы жыр (XII ғ.)» шығарылды. Дүниежүзілік әдебиеттің асыл мұрасына айналған бұл тамаша туындыда рыцарлық ерліктер барынша мадақталып, монархқа вассалдық, дәріптелді. Батыс еуропалық ғалымдардың ежелгі гректер мен эллиндік философтардың, әсіресе Аристотельдің ғылыми еңбектерімен танысуы — ғылым жолындағы табанды ізденістердің бастамасы болды. Соның нәтижесінде орта ғасырлық философиялық ұлы жүйе — схоластика пайда болды.
Кейінгі орта ғасырлар дәуірінде классикалық кезеңнен басталған еуропалық мәдениеттің қалыптасу процесі одан әрі жалғасты, бірақ оның даму барысында толып жатқан қиындықтар мен кедергілер кездесіп отырды. Тек XIV—XV ғасырлардың аралығында ғана Батыс Еуропа бірнеше апатты аштық жылдарын бастан кешірді. Бубондық сүзек («Қара өлім») сияқты эпидемиялардың салдарынан халық жаппай қырғынға ұшырап отырды, ал мұндай қасіретті жағдайлар өз кезегінде мәдениеттің дамуына өз әсерін тигізбей қойған жақ. Ұзаққа созылған жүз жылдық соғыста халық әбден титықтап, мәдениеттің дамуы тежелді. Бірақ, дәл осындай сындарлы кезеңде де қалалар өркендеп, ауыл шаруашылығы мен сауда, қолөнер ұдайы даму үстінде болды. Рухани өмірдің жандануына, ғылымның, өнердің, философияның және т.б. жаңа арнамен дамуына қолайлы жағдайлар туды. Мұндай алға басушылықтың көптеген көріністері, әсіресе Италияда байқалды. Сондықтан да болар, Италия ұлы Мәдени төңкеріс — Ренессанс мәдениетінің орталығы болды.
Христиандық сана — ортағасырлық ділдің (менталитеттің) негізі
Ортағасырлық мәдениеттің басты ерекшелігі — діннің ықпалында болуында, яғни христиан діні мен христиан шіркеудің қоғамда ерекше рөл атқаруында. Рим империясы құлағаннан кейінгі мәдениеттің жаппай құлдырау процесі етек алған жағдайда, діни шіркеулер Еуропа елдері үшін жалғыз әлеуметтік институт болып қалды. Христиан шіркеулері үстемдік етуші саяси институт болуымен қатар, адамдар санасына да мейлінше ықпал етті. Өмірдің қиын жағдайында қоршаған дүние туралы білімнің шектеулі болуы, тіпті оған қол жете бермейтіндей жағдай орын алған кезде христиан діні — халыққа дүние жөнінде, онда үстемдік ететін күштер мен заңдар жайында біртұтас білімдер жүйесін ұсынды. Бұл тарихи дәуірде шіркеу соборларында христиандық діни уағыздардың басты қағидалары — сенім-белгілері қабылдана бастады. Бұл қағидаларды барлық христиандар орындауға міндетті деп жарияланды. Христиандық ілімнің негізі — Иссус Христостың тірілгеніне, о дүниедегілердің тірілетініне, құдіретті «Үштіктің» бар екендігіне кәміл сену болып саналды. «Үштік» ұғымы құдайдай дәріптелді. Ол өзінің үш бейнесінде де біртұтас: өйткені дүниені жаратушы: құдай әке, құдайбала, қасиетті Рух және күнәларды өтеуші Иссус Христос — әрі мәңгілік, әрі бір-біріне тең. Христиан діні адам өзінің табиғатынан-ақ әлсіз және күнә жасауға бейім тұрады, міне сондықтан да оны шіркеудің көмегімен ғана құтқарып қалуға болады деп үйретті. Шіркеудің қоғамдағы ықпалы әр елде әртүрлі болғанымен тұтастай алғанда өте күшті болды. Жалпы алғанда, ортағасырлар дәуіріндегі еуропалық қоғамның бүкіл мәдени өмірі христиан дінімен тығыз байланысты болған, ал мұндай жағдай, яғни діннің дәл осындай биік дәрежеге көтерілуі ежелгі дүниеде де болмаған еді. Ендігі жерде дін тек қана философия ғана емес, саяси доктринаға, құқықтар жүйесіне, моральдік ілімге айналды. Алғашқы кезде рұқсат етілген кейіннен император Константиннің билігі кезінде (285—337 ж.) бүкіл Рим империясының мемлекеттік діні — деп танылған христиан діні жалпы христиандық мәдениет пен өнер саласына жаңа леп, жаңа мазмұн әкелді. Христиан дінінің кеңінен таралуына астананың Римнен Византия қаласына көшірілуі де әсерін тигізбей қалған жоқ. Бірақ, империяның Шығыс және Батыс болып екіге бөлінуі христиандық мәдениеттің өзіндік сипат алуына әкеліп соқты. Біртұтас Рим империясы екіге бөлінгеннен кейін оның шығысында гүлдену басталды да, ал батысы тоқырауға ұшырады және көп ұзамай-ақ варварлар шапқыншылығына ұшырады да, өз тәуелсіздігін жоғалтты. Көшпелі бұл тайпалардың ұлттық өнері өзінің сипаты жағынан ою-өрнекті, әшекейлі болып келді. Тек 756 ж. Мыртық Пипин варварлардың қоныс аударуын тоқтата алды. Батыс Еуропада қалалардың көптеп салынуы мен онда христиан дінінің кеңінен таралуына байланысты монументальдық. сәулет өнері дамып, храмдық көркем суреттер салу етек алды, кітап шығару, миниатюралық өнер гүлдене бастады. Батыс және Шығыс Еуропаның арасында өзара қайшылықтар болғанымен бір-бірінен онша алшақтамады.
Кейіннен Византия империясы деп аталған Шығыс Рим империясында христиандық шіркеу күшті императорлық билікке тәуелді болды. (Византия империясы ұлан-ғайыр жерді алып жатты. Оған Кіші Азия, Эгей теңізінің аралдары, Сирия, Палестина, Египет, Қрит және Кипр аралдары, Мессопотамия мен Арменияның бір бөлігі, Аравияның жекелеген аудандары, Қырым жерлерінің, біраз бөлшегі кірді. Империяның этникалық құрамы әркелкі болды. V ғасырдың өзінде-ақ Византия императорлары шіркеулік діни өмірде басты рөл атқарды: олар шіркеу соборларын шақырудан бастап дін мәселесіне байланысты қабылданатын қаулыларды бекітуді де өз қолдарына алды. Ал Батыста жағдай мүлде басқаша болды, мұнда шіркеу мемлекетке дәл мұндай тәуелділікке ұшыраған жоқ, қайта қоғамда ерекше жағдайға ие болды. IV ғ. бастап өздерін папалар деп атаған Рим епископтары өздеріне ең басты деген саяси функцияларды таңып алды. Уақыт өткен сайын Шығыс пен Батыс шіркеулері арасындағы қайшылықтар бұрынғыдан да тереңдей түсті. Олардың арасында IX ғ-да «филиоква» жайындағы, яғни қасиетті Рух тек Құдай — әкеден туындай ма (бұл Шығыс шіркеуінің көзқарасы), Құдай — әке мен Құдай — баладан туыңдай ма (бұл Батыс шіркеуінің көзқарасы) деген діни мәселеге байланысты айтыс-таластар туды. Осылай басталған бұл алауыздықтың аяғы 1054 ж. бір-бірінен толық тәуелсіз шіркеулер құрылуын жариялаумен аяқталды. Кейіннен бұл алауыздықтар одан әрі тереңдеп, екі жақтың шіркеулері де өз шіркеуінің әлемдік рөліне таласа бастады. Дәл осы тұстан бастап Батыс шіркеуі өздерін римдік-католикгік, ал Шығыс шіркеуі — гректік-католиктік, яғни православиелік деп аталды.
Бастапқы Орта ғасырлар кезеңінде ересьтер қозғалысы да жандана бастады. Бұл қозғалысты жақтаушылар Иссус Христостың құдайлық мәні туралы догматты жоққа шығарып, Христос пен Қасиетті Марияның адамдардан ешбір айырмашылықтары болмаған деп пайымдады. «Монофизистік» деп аталатын бір ересьтік ағым керісінше, Христосты нағыз құдай деп танып, ондағы адамның табиғатын жоққа шығарды. Ересьтік ағымдар идеяларының таралуына жол бермеу мақсатында дін басшылары инквизицияны (іздеу, зерттеу деген мағына береді) тұрақты шіркеу соты ретінде кеңінен қолдана бастады. Ересьтермен қатар балгерлер, емшілер, көріпкелдер және т.б. қатаң жазаға тартылатын болды. Шіркеу сайтан адамдардың бойында, әсіресе әйелдердің бойына ұялап алады да, оларды жамандық істерге, жат қылықтарға бастайды деп уағыздады. Жын-сайтанға демеу жасады деген айып өлім жазасын кесуге жеткілікті болды. Христиан дінінің негізгі қағидаларына қарсы шыққан ересьтер дін бұзарлар деп айыпталып отқа өртеліп отырды. Мұндай қанды процестер Батыс Еуропа елдерінде кең етек алды. Мысалы, Испанияда 30 мың адам инквизиция оттарында өртелді.
Батыста да, Шығыста да «монахтық» жолға түсудің маңызы өте зор болды. Олар дүние-мүліктен, жанұя құрудан ерікті түрде бас тартты, «жарық дүниеден кетудің міндеттерін өз мойындарына алды. VI ғ. өзінде-ақ монастырлар әрі бай, әрі беделді діни орталықтарға айнала бастады. Ал кейбір монастырлар діни ғана емес, білім мен мәдениеттің орталығына айналды. Монахтардың арасында асқан білімдар адамдар да болды. Солардың бірі — Англияның тарихы жайындағы ең алғашқы іргелі еңбектің авторы, өз заманының білімдері саналған монах Беда Достопочтенный болды. Ол VII ғ. аяғы мен VIII г. басында Англияның Солтүстік — Шығыс монастырьларының бірінде өмір сүрген.
Доминикан орденінің (оның негізін 1215 ж. испандық монах Доминикан қалаған) мүшесі, ортағасырлар дәуірінің ең көрнекті философы Фома Аквинский (1226—1274 ж.) құдай болмысының бес қағидасын тұжырымдады. XIX ғ. аяғында католик шіркеуі Фома Аквинскийді дін, философия, тарих, саясат және құқық саласындағы мәңгілік «беделді тұлға» деп жариялады. XIII ғ. «кедей монах ордендері» де құрыла бастады. Олардың мүшелері қалалар мен селоларды кезіп, қайыр-садақа есебінен ғана өмір сүрді және өздерінің кедейліктеріне халық тарапынан аяушылық туғызған бұл монахтар халық мәдениетінің дамуына үлкен ықпал жасады.
Бұл дәуірдегі монахтар ордендерінің ішінде, әсіресе, Бургундиядағы атақты Клюни монастырынан басқарылатын ең қуатты, ең бай Бенедикт ордені (VI ғ.) ерекше роль атқарды. Өзіне екі мың монастырды бағындырған Клюни монастыры папа үкіметін күшейте отырып, Бенедикт шіркеу империясының басты орталығына айналды. Клюни монахтары құдайға құлшылық ету рәсімдерімен қатар шіркеу ғимараттарын салуға белсене араласты. Еуропада салынған ең таңғажайып ғимараттардың бірі — сегіз мұнарлы, әдемі капеллалармен қоршалған Клюнидегі Бенедикт орденінің Бас шіркеуі XI ғ. аяғында монахтар артельдерінің бұл айтарлықтай өнер туындысы монахтар күшімен салынды, бірақ бұл ескерткіш Наполеон біріншінің билігі кезінде тағылықпен қиратылды.
XII—XIII ғ. католик шіркеуі мен папа өкіметінің қоғамдық өмірге ықпалы барған сайын күшейе түсті. Бұл кезеңнің ең беделді папасы Инокентий III (1160—1216 ж.) болды. Папа дәрежесінің асқақтағаны соншалық оның қолын тек қана императорлар сүйе алатын болды, ал қалғандары аяқ киіміндегі кресті сүюмен ғана қанағаттанды. Римнің католиктік шіркеуі мемлекеттер арасындағы даулы мәселелерді шешуге араласты, экономикалық мәселелермен коммерциялық қызметпен шұғылданудың арқасында дүние жүзінің ірі қаржы орталықтарының біріне айналды. Индульгенцияларды («кешірім» деген мағынаны білдіреді), яғни жасалған кінәлардің кешірілгендігі туралы грамоталарды сату ісі де папа билігінде болды. Ал мұндай индульгенциялардың бағасы адамның жасаған қылмысының ауыр-жеңілдігіне байланысты болды.
Орта ғасырлық Еуропа қоғамы — діни қоғам болды, міне сондықтан да орта ғасырлық еуропалықтар нағыз діндар адамдар болды. С. Аверинцевтің пікірі бойынша, біздер күнделікті өмірде жаңадан шыққан газеттерді қалай үзбей оқитын болсақ, оларда Библияны (Інжілді) сондай құштарлықпен үлкен үміт-сеніммен оқитын болған. Демек, орта ғасырлық рухани мәдениетте христиан діні орасан зор рөл атқарды. Осы дәуірдегі христиан идеологиясының адамгершілік бағыты — «Сенім», «Үміт» және «Махаббат» үштігінің бірлігіне тікелей байланысты болды. Бұл «Үштіктің» ішінде «Сенімге» үлкен мән беріліп, ол құдай жолына апарар «рухтың» ерекше бір жағдайы деп қарастырылды. Ал «Үміт» болатын болса, ол құдайдың көмегімен күнәдан арылуға тікелей байланысты. Бұл жолда қасиетті шіркеудің қағидалары мүлтіксіз орындалуы және тағдырға бой ұсынушылық басты шарттар болып саналады. «Махаббат» болса, ол ең бірінші кезекте құдай тағалаға деген махаббат, бұл адам баласының құдай жолына деген талпынысы болып табылады.
Шіркеу ілімі қоғамдық ой — сананың басты ұйтқысына айналды және философия, логика, жаратылыстану сияқты ғылым салалары христиан дінінің негізгі қағидаларымен сәйкестендірілді.
Осы орайда діни білім берумен қатар, христиан шіркеуінің ежелгі заманның білім беру жүйесінен мұра болып қалған ақсүйектік мәдениеттің элементтерін кеңінен қолданғанын да ерекше атап өткен жөн сияқты, яғни «Жеті еркін өнер» — грамматика, риторика, арифметика, астрономия және музыка оқытыла бастады. Монахтық мектептерден басқа «сыртқы мектептер» деп аталатын жастарға арналған арнайы мектептер болды. IX ғ. бастап Англияда ақсүйектердің балалары үшін ариайы «бекзадалар мектептері» ашылып, онда сабақ беретін еуропалық білімпаз ұстаздар ежелгі авторлардың шығармаларын ағылшын тіліне аударуды қолға ала бастады. Бұл мектептердегі сабақ сапасы әрқилы болғандықтан олардың түлектерінің білім дәрежесі де әртүрлі болды.
XI—XII ғ. бастап Еуропада ашыла бастаған алғашқы университеттер ғылыми-зерттеу жұмыстарының орталығына айнала бастады. XI ғ. Италияда Балон құқық мектебінің негізінде Балон университеті (1038 ж.) ашылды. Жаңа оқу орнының ашылуы рим заңының жандануына, оны тереңдетіп оқуға мүмкіндік туғызды. Міне, сондықтан да болар Еуропаның түпкір-түпкірінен келген тыңдаушылар саны жыл сайын өсе бастады. XII ғ. Батыс Еуропаның басқа елдерінде де университеттер ашыла бастады.
Англияда Оксфорд университеті (1167 ж.), ал одан кейін іле-шала Кембридж университеті (1209 ж.) — ортағасырлық білім ордаларына айналды. Мұндай жоғары оқу орындарында дарынды ғалымдар, білікті мамандар еңбек етті. Солардың бірі — белгілі университет ғалымы, ағылшын Роджер Бэкон (1214—1292) болды. Ол дүниені танып-білудің әдісі — адамның ақыл-ойы мен тәжірибесі деген ғылыми қорытынды жасап, бұл мәселедегі шіркеу беделіне күмән келтірді.
Франциядағы алғашқы және ең ірі оқу орны — Париж университеті (1160 ж.). Онда жалпы білім беру, медицина, құқық және дінтану факультеттері жұмыс істеді. Батыс Еуропаның барлық елдеріндегі университеттерде сабақ латын тілінде жүрді.
Орта ғасырлық университеттік ғылымды — схоластика, яғни мектептік ғылым деп атады. Оның негізгі белгілері — шіркеуге және шіркеу қайраткерлеріне сүйену, теологиялық — догматтық алғышарттарды рациональдық принциптермен біріктіру, формальдық — логикалық мәселелерге қызығушылық және тайынның негізгі әдісі ретінде тәжірибенің рөлін бағаламау болды. Осы жағдайға байланысты шіркеудің ортағасырлық университеттердегі ықпалы өте зор болды. Ақсүйектер білім алатын қала мектебінде де діни білім беру ең басты орынға қойылды. Бірақ, университеттердің саны көбейген сайын (ХVғ. 65-ке жеткен) діни біліммен қатар медицина, өнер, құқық сиякты басқа да ғылым салалары оқытыла бастады, ал кейіннен оқу бағдарламаларына жаңа ғылым салалары енгізілді.
Орта ғасырлық Еуропаның ғылыми мәдениетінде алхимия ерекше орынға ие болды. Алхимия жәй қарапайым металды алтынға немесе күміске айналдыра алатын субстанцияны (барлық заттардың, құбылыстардың негізі) іздестірумен болды. Мұндағы басты мақсат — адам өмірін ұзарту болды. Алхимияның мақсаты және олардың қолданған әдістері күмәнді және қиялға жақын болғанымен алхимия көп жағдайларда қазіргі заман ғылымдарының, әсіресе химияның туындауына айрықша әсер етті. Бізге келіп жеткен Еуропалық алхимиктердің авторларының бірі — ағылшын монахы Роджер Бэкон мен неміс философы ұлы Алъберт болды. Бұл екі ғұламаның екеуі де жәй қарапайым металдардың алтынға айналатынына кәміл сенген және алтынды «жетілген металл», ал төменгі металдарды алтынға қарағанда әлдеқайда жетілмеген деп есептеген. Демек, алхимиктер жәй металды табиғатта болмаған «философия тасы» арқылы алтынға және күміске айналдыру жолдарын табуға әрекеттенген.
Роджер Бэкон «патша арағында» еріген алтын өмірдің шипасы деп есептеген. Ал Ұлы Альберт болса өз заманының ұлы химигі болды.
Орта ғасырлық мәдениеттің басты элементі — әдебиет болды. Бастапқы Орта ғасырлар кезеңінде ауыз әдебиеті, оның ішінде батырлық эпостар ерекше қанат жайды. Мұндай мәдени құбылыс Англия және Скандинавия елдеріне тән болды. Бұл эпостарды орындайтын музыканттар халықтың ықыласына бөленіп, ерекше құрметке ие болды. Ел арасына кең тараған ағылшын — саксондық қаһармандық эпостардың бірі — 700 ж. шамасыңда жазылған «Беовульф» поэмасы болды. Маман-ғалымдардың пікірінше, бұл дәуірдегі Батыс Еуролалық әдебиетте өзінің мазмұны мен әсерлігі жағынан Скандинавияның эпикалық халықтың поэзиясына пара-пар келетін әдеби шығармалар болмаған. Осындай бағалы туындылардың бірі — құдайлар мен батырлар жайындағы көне норвеждік және исландық мифологиялық және батырлық сипаттағы жырлардың жинағы болып саналатын — «Старшая Эдда» эпосы. Бұл баға жетпес әдеби туынды XII ғ. бұл елдерде латын жазуының пайда болуы кезеңінде жазылған.
Бұл тарихи дәуірде рыцарлық әдебиет те қанат жая бастады, Бұл жанрдағы ең атақты тамаша мәдени мұра француздардың халықтық ерлік эпосы — «Роланд туралы жыр». Мұнда Испанияға жасалған әскери жорық кезінде қаза тапқан граф Роландтың әскери ерліктері жайында баяндалады. ХІІ-ХІІІ ғ. неміс халқының баға жетпес әдеби мұрасы — «Нибелунгтар жайындағы жыр» да халықтың шексіз құрметіне бөленді. Көне германдықтардың аңыздарына негізделген бұл жырда V ғ. Бургун корольдігіне жасалған ғұндардың шапқыншылық соғыстары — уақиғаның негізгі аркауы болған.
Батыс Еуропа елдерінде рыцарьлық поэзия да дами бастады. «Куртуаздық (сарай маңындағы) поэзия» — француз елінде трубадурлардың лирикалық поэзия саласындағы тамаша жетістіктерінің бірі болды. Трубадурлар таза махаббатты және өз сүйіктісіне жан-тәнімен берілген рыцарьлардың қауіп-қатерге толы өмір жолдарын, олардың көзсіз ерлік істерін үлкен шабытпен жырға қосты. Солардың ішіндегі ең атақтылары _ Бертран де Борн (1140—1215 ж. шамасы), Джауфре Рюдель (1140—1170 ж. шамасы) және т.б. болды.
XII—XIII ғ. француз поэзиясының тағы бір тамаша көрінісі «ваганттар поэзиясы» болды. Ваганттар деп (латынша «кезбелер» деген мағына береді) кезбе ақындарды атаған. Олардың шығармашылығының басты ерекшелігі — вагант ақындардың католик шіркеуі мен дін басыларың олардың зұлымдық іс-әрекетін әділ сынның қыспағына алуы болып саналады. Олар көргенсіздіқ екіжүзділік, білімсіздік сияқты жағымсыз қасиеттерден шіркеу мүлде арылу керек деп санады. Ал өз кезегінде ваганттар тарапынан қатал сынға ұшыраған христиан шіркеуі оларды қуғын-сүргінге ұшыратып отырды. «Ваганттар ордені» деп аталатын атақты жырлар ваганттар поэзиясының аса құнды шығармаларының бірі болып саналады.
XIII ғ. ағылшын әдебиетінің мәңгілік өшпес мұраларының бірі — Робин Гуд жайындағы балладалар. Робин Гудтың күні бүгінге дейін дүниежүзілік әдебиеттің ең белгілі, ең сүйікті кейіпкерлерінің қатарынан орын алуы — ағылшын әдебиетінің бет-бейнесін айқын аңғартады.
Италия әдебиетінде итальян тілінде жазылған жырлар, балладалар, сонеттер басым болып келеді. XII ғ. ортасына қарай Италияда әйелдерге деген махаббатты дәріптейтін соны бағыт — «жаңа әдемілік стиль» пайда болды. Бұл стильдің негізін салушы — болондық ақын Гвидо Гвиницелли (1230—1276 ж. шамасы) болды. XIII ғ. аяғында итальян тіліндегі ең алғашқы құқықтық шығармалар да жарық көре бастады. Солардың тырнақалдысы — новеллалар жинақтары болды. Кейншен бұл новеллалардың сюжеттерін Боккачо атақты «Декамеронды» жазғанда кеңінен пайдаланды.
Бұл дәуірде қала әдебиеті де қалыптаса бастады. Қала әдебиетінің дамуы Батыс өркениетінің қалыптасуына айрықша әсер етті және бұл мәдени процесс қалалық мәдени өмірдің барлық салаларында ақсүйектердің мәдени белсеңділігімен ұштасты.
Францияда қала мәдениеті ХІ-ХІІ ғ. туындады. Қаланың халық көп жиналатын аландарында актерлер, акробаттар, аң үйретушілер, музыканттар және әншілер жаппай өнер көрсететін. Ал осы бір өнердің сан-саласын өз бойына жинақтаған жонглерлер творчествосы — қала мәдениетінің ең басты көріністерінің бірі болып саналды. Халық алдында үлкен ілтипатқа ие болған жонглерлар той-думандарда, үйлену тойларында, жәрмеңкелерде және діни мейрамдарда өз өнерлерін көрсетті. XII ғ. бастап театр қойылымдары латын тілінде емес, француз тілінде қойыла бастады. Ең бастысы — бұл қойылымдар бұрынғыдан шіркеулерде емес, қала алаңдарында қойылатын болды. Олардың сюжеттері қала халқының тұрмыс-тіршілігін, күнделікті өмірін жан-жақты қамтыды. Бірақ, өкінішке орай христиан шіркеуі жонглерлардің мұндай шығармашылығын еркін ойлылықтың көрінісі деп санап, олардан қатты қауіптенді.
Театр өнері Англияда да қанат жайды. Ең бастысы театр қойылымдарды ХІІІ ғ. бастап ағылшын тілінде жүргізіле бастады. Драмалық жанрдың ерекше түрі — «моралиттердің» пайда болуы да мәдени өмірдегі ерекше уақиғалардың бірі болды. Онда ізгілік пен зұлымдық сияқты бір-біріне кереғар қасиеттер кеңінен көрініс тапты. Моралиттердің басты кейіпкерлері — Махаббат, Шыдамдылық, Даналық, Жағымпаздық, Сараңдық сияқты адам бойындағы қасиеттерді шындық тұрғысынан бсйнелей білді.
Қала мәдениетінің даму процесінің тереңдей түскендігін қалаларда шіркеулік емес мектептердің ашыла бастағандығынан аңғаруға болады. Бұл әрі игілікті, әрі мәнді мәдени құбылыс болып саналады, өйткені бұл мектептер материалдық жағынан шіркеуден тәуелсіз болды. Мектеп мүғалімдері оқушылылардан түсетін қаржының есебінен жалақы алып тұрды. Ең бастысы — дәл осындай қала мектептерінің көбеюі қала халқының сауаттылығын арттыру мәселесін шешуге айтарлықтай ықпал жасады. XII ғ. шіркеуден тәуелсіз дәл осындай мектептердің негізін қалаған әрі философ, әрі діндар, әрі ақын Петр Абеляр Францияның ең беделді магистрі болып саналды. Петр Абелярдың тартымды, әрі қызықты дәрістері көпшілік көңілінен шықты, өйткені онда ғылымның атқаратын рөлі сияқты келелі мәселелер көтеріліп отырды.
Ортағасырлық Еуропаның көркем өнер мәдениеті
Ортағасырлық Еуропа мәдениетінде, шамамен 1000 ж. бастап өзіндік ерекшелігі бар көркемдік стиль қалыптаса бастады. Ол — «роман» стилі болатын «Роман стилі» деген термин («роман тілдері» деген терминге ұқсас енгізілген Рим мәдениетінен мирасқорлық деген мағына береді), азғантай уақыт шеңберінде өшпес даңққа ие болған бұл өнер стилі ХІ-ХІІІ ғ., әсіресе сәулет өнері мен мүсін өнері саласында үстемдік етті және ірі соборлар құрылысында, оларды әшекейлеуде кеңінен қолданылды. Роман стиліндегі діни құрылыстар Рим сәулет өнерінің белгілерін мұра етті. Бұл құрылыстар өзінің көрнектілігімен үлкендігімен әсерлігімен және рационалъдылығымен ерекшеленді. Лсв Любимовтың пікірінше, «Роман стилінде ою-өрнек пеи бейнелеу негіздері өзара сәйкес келді, табылған синтездің мәні — образдың мәнерлілік пен әшекейлі геометриялықтың, қарапайым мен өте шарттылықтың, ою-өрнектің нәзіктігі мен шомбал, тіпті, кейде дөрекі монументтіліктің үйлесуінде еді». (Л. Любимов. Батыс Еуропа өнері. Алматы, 1982, 23 б.)
Сәулетшілік жетекшілік өнерге айналған бұл тарихи кезеңде ғимараттар салуға ерекше мән берілді. Әсіресе христиандық наным-сенімнің салтанаты мен жан-жақтылығы, оның құдіретін паш ету мен адамзат баласын құдайға құлшылық жасау жолында біріктіру мақсатында діни шіркеулер салу ісі кең қанат жайды. Әсем шіркеулер салудың өрістегені соншалық, оларды тіпті қажет болмаса да салды. Ерекше атап өтетін бір жәйт, романдық стиль византиялық, таяу шығыстық (әсіресе, сириялық) германдық, кельттік және басқа да солтүстік тайпалардың өнер стильдерінің белгілерін өз бойына сіңіре білді. Міне, сондықтан да болар, әр елдің өнер стильдерінің өзара тоғысуы нәтижесінде қалыптасқан өнердегі бұл бағыт жалпы «романдық» деген атқа ие болды.
Роман өнерінің жасаған мәдени төңкерісі — ою-өрнек пен ғимараттарды одан әрі түрлендіруінде, яғни ою-өрнекті бейнелеу пластикасымен толықтыруында, ал бұл жағдай ою-өрнек функциясын жаңа сапада орындауға мүмікіндік берді. Ендігі жерде тастан салынған ғимараттар өте шеберлікпен жасалған адам бейнелерімен ажарлана бастады.
Готикалық дәуірде сәулетшілік өнер бұрын болып көрмеген дәрежеге көтеріліп, шоқтығы биік өнер саласына айналды, өйткені өзге өнерлердің бәрі де сәулетшілікке табынып, оның талаптарына мүлтіксіз бағынды. Осы бір тарихи кезеңде туған әрбір ақын сәулетшіге айналды. Готикалық стиль бұл тұста негізінен шіркеу мүддесіне сай дамыды. Ортағасырлық шіркеулер тасты күмбездерден тұрды, мұндай ауыр да, қомақты күмбездердің орнықты болуы үшін шіркеу қабырғалары өте қалың етіп салынды, ал тасты күмбездерді тұрғызудың өзі де оңайлыққа түспеді, өйткені бұл кезеңде көптеген құрылыс дағдылары ұмыт болған еді. Қалай болғанда да, сыналы тастардан жасалған шомбал күмбездер готикалық заманға тән жетістіктер болды.
Шіркеулер үлкен қалаларда ғана емес, қалашықтарда да салына бастады. Сонау шалғайдан көзге шалынатын бұл ғимараттар ортағасырлық өмірдің аса ірі жетістігі болды. Халық діни ғимараттарды жасампаздықтың күш-жігерінің айғағы ретінде жақсы көрді. Шіркеу қоңырауының сыңғыры мен органдық музыканың әуенінен бастап, бірігіп мінәжат ету, шіркеулік жол-жоралық діни рәсімдерге қатынасу — қарапайым адамдарды күнделікті күйбең тіршілік қамынан бір сәтке болса да сейілтіп, ерекше бір күйге түсіретін еді.
Батыс Еуропаның ортағасырлық өнер тарихында Франция мемлекеті қай кезеңде болса да жетекшілік рөл атқарғандығы мәдениет тарихынан белгілі. Сондықтан да болар, Франция романдық кезеңде сәулетшілік өнердің жетістіктері мен ізденістерінің негізгі орталықтарының біріне айналады. Осы бір қасиетті елдің сәулет өнері саласындағы тамаша да, айбынды ескерткіштерінің бірі романдық стильдің аса көрнекті үлгісі Париждегі Нотрдам (Құдай-ана соборы) болды. Шіркеу фасадының ерекше сымбаттылығы, оның геометриялық заңдылықтарға сай салынуы, мұнаралар ансамблінің тұтастығы кез келген адамды бірден баурап алары сөзсіз. Базельдегі қасиетті Магдалинаның шіркеу күмбездерінің таңғажайып жарасымды айбыны да, аркалардың ғаламат салтанаты да таң қалдырмай қоймайды.
Бұл тұста Еуропаның басқа да елдерінде ұлттық көркемдік даналықты айқын танытатын романдық өнер туындылары туындап жатты. Әр алуан сәулетшілік мектептерімен даңқы шыққан Германияда жасалған мәдени ескерткіштерде неміс халқының рухани байлығы кеңінен көрініс тапты. Рейндік, саксондық және вестфальдық мектептер сәулетшілік өнердің дамуына зор үлес қосып, сол кездегі ұлттық көркем даналықтың ұмтылыстары мен арман-қиялдарын жүзеге асыру мақсатында тамаша ғимараттар салды. Солардың бірі — өзінің асқак тұлғасымен көзге түсетін атақты Вормс соборы (1174—1234 ж.). Собор қала үстінде қалықтап тұрғандай әсер қалдырады, қайта жаңғыртып салынса да бұл ғимарат өзінің сол бір бастапқы бет-бейнесін мүлде өзгертпеген. Шындығына келсек Вормс, Шпейер, Майн сияқты қалаларда тұрғызылған атақты соборлардың басты ерекшелігіде олардың күрделі асқақтығында еді.
Кейбір мәдени ескерткіштер ел мен дәуірдің тынысын бойына сіңірсе, кейбірінің Шығыс мәдениетінің кәусәр бұлағынан сусындағаны беп-белгілі болып тұрады. Ойымыз дәлелді болу үшін XII ғ. неміс шеберінің қолынан шыққан, сүйектен жасалған орта ғасырлық ойын дойбыларына бір сәт көз салайыкшы. Бұл дойбыда ағаш басына шығып, жеміс жинап отырған адам бейнеленген, оның төменгі жағында бір ақ, бір қара тышқан ағаштың тамырларын кеміріп жатыр. Осы бір дүниедегі адамдардың өмір тіршілігін аңдар мен өсімдіктердің кескіндерімен ісмерлікпен толтырып, олардың ғажайып үйлесімділігін нақтылы көрсету арқылы, сәндік әуен жасаған осы бір неміс шеберінің табиғи дарынына қалай таң қалмаймыз? Шындығында да, бұл қолөнер туындысының мазмұны — шығыстық аңызға негізделген өйткені ағаш — өмір символы, тышқандар — күн мен күң яғни өмірді аямай қысқартушы уақыт. Осылайша, ойынның өзі де жер бетіндегі өмірдің өткінші екендігін ортағасырлық адамның есіне салған.
Қайта өрлеу дәуірінің бесігі болған, еркіндік сүйгіш Италия елінің мәдениеті де біртұтас романдық ағымда кеңінен көрініс тапты. Осы дәуірдің өзіне тән қалыптасқан тарихи процестер Италия өнерінде де барған сайын айқындала түсті. Оған дәлел — XI ғ. басында Флоренцияда салынған Сан-Миньято шіркеуі. Өте аумақты етіп салынған бұл алып ғимарат ағаштан қапталған және үш қырлы базилика өзінің жалпы құрылысымен ерте замандардағы христиандық ғимараттарды еске түсіреді. Бірақ осы бір сәулетті ескерткіштің тіп-тік болып аспанға созылған фасады болашаққа да меңзейтін сияқты. Романдық дәуірде аса ірі экономикалық және көркемдік өнер орталығы болған Пиза қаласының сыртындағы көк майсалы кең алқапқа салынған «Құлап бара жатқан мұнара» мен баптистерий (шоқындыратын жер) ансамблі де романдық құрылыстар сияқты аса айбынды, әрі орасан зор болғанына қарамастан өздерінің жеңіл де, әсем бейнесімен жаңаша көрініс тапқан. Демек, романдық өнердің мәні, оның идеялық және эстетикалық ұмтылысы сұсты айбыңдық, аскетизм, жасаңды шарттылық, құдайға соқыр сезіммен табыну сияқты ұғымдармен шектелмейтін сияқты. Олай болса, өз дәуірінің тыныс-тіршілігін айқындайтын бұл өнер саласында өткен мұра мен қазіргіні қабылдаумен қатар болашақтың өркендері де кеңінен көрініс тапқан.
Шамамен 1000 ж. бастап готикалық стиль туындағанға дейін үстемдік еткен романдық стиль — ортағасырлық Еуропаның өзіндік бет-бейнесімен өзіндік тәуелсіздігімен ерекшеленетін көркемдік стиль болып саналады және ол варварлық тайпалардың көркемдік мәдениетінің негізінде қалыптасты. Екінші мыңжылдықтың басында Еуропалық өнердің христиандық негізінен нәр алған романдық өнер мұрасында сәулетшілік өнер жетекші рөл атқарды, ал осы бір қасиетті өнер саласының римдік, дәлірек айтқанда гректік базиликалардың (патша сарайларының) идеяларын өз бойына жинақтай білуі — оны одан әрі асқақтатып асқар шыңға шығарды. XIX ғ. өмір сүрген француз сәулетшісі О. Роденнің сөзімен айтқанда «Романдық сәулет өнері адам өмірінің бірқалыптылығын, тұрақтылығын паш ететін үнсіздігімен адамның мысын басып, оны табындыра білді».
Қалалардың гүлденуі мен қоғамдық қарым-қатынастардың жетілуі нәтижесінде өнер саласында жаңа бағыт — готикалық стиль пайда болды. XII—XVI ғ. Еуропа елдерінде үстемдік еткен бұл жаңа стиль діни сарындағы сәулет, мүсін өнерімен сәндік қолданбалы өнермен тығыз байланыста қалыптасты. Сәулет өнері саласында н40 ж. шамасында Францияда пайда болған готикалық (гот тайпаларының атымен аталған) кейіннен Батыс Еуропа елдерінде кеңінен тарап, XV ғ. дейін, ал Еуропаның кейбір жерлерінде XVI ғ. дейін үстемдік етті. Романдық стильде салынған ғимараттар өзінің аумағымен салмақтылығымен ерекшеленетін болса, готикалық стильмен салынған шіркеулер өзінің алып асқақтығымен әрі әсемдігімен таң қалдырады. Бас айналдырарлықтай биік етіп салынған бұл тамаша ғимараттарының әдемі күмбездері, аса үлкен терезелері бірден көзге түсіп, көрген адамға нұрлы дүниедей әсер қалдыратын. Сондықтан да болар, олар «Сансыз күмбездер», «аса үлкен терезелер», «бітісе қайнасқан», «бірін-бірі қуалаған күмбездер» деген теңеулерге ие болды.
Үш ғасыр бойы Францияда салтанат құрған готикалық өнер үш кезеңді басынан кешірді. Бірінші кезең — алғашқы готика — XII ғ. соңғы үшінші бөлігі мен бастапқы ширегін, ал екінші кезең — кемелденген готика немесе жоғары дамыған готика XIII ғ. 20 ж. соңына дейін созылса, үшінші «нұрлы готика» немесе «жалындаған готика» деп аталған соңғы кезеңі ХІУХҮ ғ. аралығын қамтиды.
XIII ғ. аяғынан бастап еуропалықтардың қалалық өміріне берік орныққан готикалық стильдің түп тамыры ғасырлармен мыңдаған жылдардың тұңғиығында жагқан өнердің таңғажайып жетістіктерінде жатыр. Римдіктер өте шеберлікпен пайдалана білген арка, күмбез және тағы да басқа сәулетшілік өнер түрлері осы бір тарихи кезеңде орта ғасырлық құрылыс өнерінің негізіне айналды. Сұсты да, аумакты романдық стильдегі ғимараттар құрылысына қарағанда биікке қарай өсіре жүргізілген готикалық сәулетшілік өнер туындылары көз тартарлықтай әсем де, сәнді болып шықты. Романдық ғимараттардың биіктігі 18— 20 метрден аспаған болса, алғашқы готиканың ең айбынды скерткіші болып саналатын атақты Париж Құдай — ана соборының (париждіктер жай ғана НотрДам деп атаған) биіктігі 32 м. болса, одан кейін Рейнде — 32 м., ал Аменъде — 42 м. дейін созылды. Олардың көкке қарай бой түзеген күмбездерінің биіктігі 150 метрге жетті. Аталған әрбір ғимараттың әрқайсысы ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеттің куәсі, замана туындысы болып табылады. Салынғанына алты ғасыр уақыт өтсе де, Батыс Еуропалық сәулет өнері тарихының жаңа кезеңін бастаған қасиетті Париж Құдай — ана соборы француз көркем өнер кемеңгерлігінің аса үздік туындысы болып қала береді. Осы орайда Лев Любимовтың бұл жайындағы «Египеттегі пирамидалар, Афиныдағы Парфенон немесе Константинопольдегі София соборы сияқты париждік НотрДам да ғасырлар бойында өзін өмірге әкелген халықтың идеялары мен ғасырларда қалыптасқан көркем мәдениеттің куәсі болатындығымен құнды» (Л. Любимов. Батыс Еуропа өнері. Алматы, 1982, 62 б.) деген орынды пікірімен санаспасқа болмайды.
Германия Франция мен Англияға қарағанда готикалық стильге кеш көшкеніне қарамастан готикалық әсемдік идеясын тамаша жүзеге асырудың арқасында зәулім ғимараттар салуда айтарлықтай нәтижеге жетті. Бүкіл неміс халқының мақтанышына айналған, «готикалық өнердің тәжі» деп бағаланған Кельн соборы — неміс сәулетшілерінің тендесі жоқ шабытты шеберлігінің заңды нәтижесі болып саналады.
Француз бен неміс халықтарының мәдени дәстүрлер сабақтастығының куәгері болып есептелетін Страсбург соборы да неміс халқының ұлттық ерекшелігін ашумен қатар, шынайы интернационалдық мазмұнға ие болғандығын атап өтпеске болмайды. Бүкіл елді табындырған бұл сымбатты ғимараттың бас сәулетшісі неміс Эрвин Штейнбахский болды.
Дүниежүзілік мәдениетінің дамуына қомақты үлес қосқан италъян сәулетшілері де готикалық стильдегі айтулы мәдени ескерткіштерімен орынды мақтана алады. Солардың бірі, Қайта өрлеу дәуірінің алыбы Микенланджело өзімнің «қалындығым» деп мақтаныш тұтқан атақты Санта Мария Новелла шіркеуі (ХІІІ-ХІV ғ.). Италия сәулетшілері үшкір мұналары, жебе тәрізді аркалары, тор көзді терезелері бар ғимараттарды салған кезде құрылыстың көлемділігіне ерекше назар аударып, сөулетшілік үлгіні үнемі жетілдіріп отырды.
Готикалық стиль XIV ғ. Англияда кең қанат жайды. Бұл кезең — көкке өрлете салған үйлесімділігімен көз тартатын сәндік готиканың гүлденген уақыты мен «перпендикулярлық стильге» көшуге бет алған сәт болды. Өнердің дамуындағы готикалық кезеңде алып ғимараттар құрылысымен кәсіптік артельдерге біріккен қолөнершілер шұғылдаңды. Олар құрылыс жұмыстарының сұраныстарына қарай қай жерде құрылыс жүріп жатса, сол жерден табылатын. Бұл жағдай готикалық сәулет өнерінің Еуропаның барлық жерлеріне кеңінен тарауына зор ықпал етті. Неміс елінің топырағында пайда болған, ал одан кейін Франция мен Англияға тарай бастаған мұндай артельдердің мүшелері сәулет өнерінің небір құпияларын жетік меңгерді және оның сырын басқаға ашпады. Тіпті артель мүшелері өзара символикалық тілмен сөйлесіп, өз ұйымдарында қалыптасқан тәртіпті қатаң ұстаған. Демек, орта ғасыр тас қалаушылары өздерінің бұл өмірлік кәсібіне соншалықты мән берген өнерлерін бағалай білген.
Орта ғасырлар дәуірінде готикалық стильде салынған ашық галереялы қалалық салтанатты ратушалар, Руандағы атақты сот Сарайы, азаматтық құрылыстар, сән-салтанаты көз тартар жеке үйлер, сәулет өнерінің құрамдас бөлігіне айналған небір ғажайып тас мүсіндер — өнер адамдарының ұшқыр ойын, болашаққа деген жарқын көзқарасын ізгілік пен адамгершілікке ширыққан қайтпас жігерін айқындап көрсететін баға жетпес мәдени ескерткіштер болып табылады.
Готикалық өнер өкілдері адамзат баласының арман-мұңын шыңдық шеңберінде бейнелеу үшін өздері жасаған кейіпкерлерді аса әсерлі етіп көрсетуге барынша күш салды. Өмірге келген әрбір образда адамның нақты бейнесін жасауға тырысушылық байқалды. Олай болса, романдық және готикалық өнер даналықтарының үздік туындылары көркем өнердің ғасырлар бойы өшпейтін асыл қазынасы, мәңгілік туындылары болып қала береді. Өзінін рухани байлығы, шабытты күші жағынан готикалық өнер тек қана дүние жүзілік көркем өнер саласында ғана емес, сонымен қатар дүние жүзілік мәдениеттің даму барысындағы қанатын қияға сермеген зор жаңалық болды.
Алайда, XIII ғ. гүлденудің шарықтау шегіне жеткен готикалық өнер біртіндеп өзінің айқындығы мен жеткен жетістіктерінен айырыла бастады. Орта ғасырлар заманының соңғы кезеңде готикалық өнер тоқырауға ұшырады да, дін үстемдік еткен осы бір тарихи кезеңнің дәстүрлерінде тәрбиеленген дарынды шеберлердің ең соңғы дүниелері қоштасу белгісіндей болып қала берді. Мұндай эволюциялық құбылыс, готикалық өнердің отаны болған Францияда ғана емес, бүкіл Еуропалық өнерге тән заңды құбылыс болды.
Қорытынды
Қорыта келгенде айтарымыз, орта ғасырлық мәдениет — халықтық сипатта болды, халықтың ой-арманын нақты бейнелеуге тырысты. Мәдениет дамуының шарықтау шегіне жетіп отырған бүгінгі заманымызда өнерді бағалаушылардың бір кезде ұмыт қалған ортағасырлық мәдениетті жан-жақты әсемдік қалпында түсінуге ұмтылуы, өткен замандардағы өнер ұлылығын қастерлеп, табынумен қатар оған ерекше мән-мағына беруі — дәуір тынысынан туған замана талабы 707.54 Кб
ХІХ ғ. – бұл классикалық жаратылыс танудың гүлденуі, ғылымдардың біртұтас жүйесінің құрылуы. Жаратылыс танудың өндіріспен байланысы тығыз болды. Өнеркәсіпке жұмыс істейтін бірінші ғылыми зерттеу зертханалары пайда болды. Жаратылыс танудың әр түрлі салаларындағы жаңа ғылыми жаңалықтары өнеркәсіптің жетекші салаларының дамуына әсер етті: металлургия, энергетика, машина жасау, аспап жасау, көлік, химиялық өнеркәсіп.
Қарапайым практикалық тәжірибе өндірістік процестерді теориялық ұғынумен және дәл инженерлік есептеумен толықтырыла түсті. Электрдің табиғатын зерделеу нәтижелері электроэнергияны байланыс жүйелерінде, жұмыс машиналарының жетекті құрылғыларында, әр түрлі кәсіпорындардың көптеген технологиялық процестерінде, үйлер мен көшелерді жарықтандыру үшін қыздыру лампаларын жасауда қолдануды мүмкін етіп, электротехниканың дамуының теориялық негізі болды.
Паровозды, іштен жанғыш қозғалтқышты, телефонды, радионы, киноны және басқа көптеген заттарды ойлап табу ғылым мен техникада төңкеріс жасады, үлкен тарихи мәнге ие болды.
ХІХ ғ. ғылым мен техниканың дамуында болған ұлы өзгерістер Европа континентінің барлық елдері мен халықтарының әдебиеті мен өнерінің дамуына көп үлес қосты.
Капитализмнің қалыптасу дәуірі – европалық көркем мәдениеттің дамуындағы жаңа дәуір. Осы дәуірде классицизм, романтизм, сыни реализм, импрессионизм қалыптасты.
Бүкіл әлемдік әдебиет тарихындағы келесі кезең ХІІІ ғ. аяғы мен ХYІ ғ. дейінгі аралықты қамтиды. Осы кезеңде Еуропаның бір қатар елдерінде феодалдық құрылыс ыдырап, капиталистік қоғамның алғашқы белгілері пайда бола бастайды. Феодалдық қоғамның ыдырауы мен шіркеудің рухани диктатурасының құлдырауына қарамастан, әлі де буржуазиялық идеология қалыптаса қоймаған еді. Осындай қоғамдық төңкерістер жүріп жатқан кезде мәдениет пен әдебиеттің дамуына қолайлы жағдайлар туады. Мәдениет тарихындағы ең жемісті кезең Қайта өрлеу дәуірі деп аталады. Қайта өрлеу дәуірі (Ренессанс) Батыс және Орталық Еуропа елдері мәдениеті тарихындағы ортағасырлық мәдениеттен жаңа заман мәдениетіне өту дәуірі болған. Адамзат мәдениетінің тарихында ерекше орын алған бұл дәуірдегі түрлі географиялық ашылулар мен экономикалық өзгерістер Жаңа әлемге қадам басудың алғы шарты еді. Қайта өрлеу дәуірінде «адам мен әлем» төңірегінде көптеген жаңалықтар болады. Рухтың дүмпуі, мәдениеттің адамдық сипаты осы дәуірде айрықша гүлденіп, адамзат пісіп-жетілген мәдениет жемістерін өз игілігі үшін толық қолдана бастайды. Гегель Ренессанс идеясын бүкіл адамзаттың «алтын таңы», жер бетіндегі мәдениетінің жаңа дәуірі деп атаған. Осы дәуірде шіркеу диктатурасы мен түрлі феодалдық идеологиялық жүйелердің құлдырауы мәдениеттің жаңа сатыға көтерілуіне жол ашады. Осындай төңкерістер адамдардың феодалдық қоғам мен түрлі діни идеологиялардан бас тартып, адам дамуының үйлесімділігі мен оның интеллектуалды, рухани және материалдық сұраныстарының негізінде туындайды. Бұл дәуір әлем мәдениетінде ортағасырлық дәуірден жаңа заманға көшу кезеңі болады..
Достарыңызбен бөлісу: |