32.Жыраулар поэзиясындағы Абылай хан бейнесі
18 ғасырдағы қазақ жыраулары Тәтіғара, Үмбетей, Бұқар жырларында Абылай тұлғасы, оның батырлары жайында тарихи шындық іздері көрініс береді.
Оның ержүрек батылдығы, қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсарлығы, ақылды даналығы, сергек те сезімтал көрегендігіне байланысты ел арасында ғажайып аңыз - әңгімелер, шытырман хикаялар, тамаша жыр дастандар туды. Жазба дәстүрдегі әдебиетімізде де қаншама авторлар өз шығармаларының желісін Абылайханның өнегелі де ерлік істеріне құрды.
«...Өзге ел өкілдеріне қазақ хандары ішінен неғұрлым әйгілісі де, халық әдебиетінде көркем бейнесі жарқын мадақталғаны да Абылай екені кәміл. Қазақ қауымының сан буыны қысылғанда медет көріп, намыс кегі қайралғанда ұран етіп, шақыратыны да Абылай есімі болуы тегін емес. Ол жөніндегі көне сөздердің көптігі соншалық Абылайнама деп атарлық мол туындылар шоғыры жасалған. Орыс халқының тарихында былина-жырлардың ең көбі ертедегі «күн дидарлы князь» Владимир дәуіріне арналған десек, қазақтың тарихи-этикалық өлең-жырларының аса көрнекті бөлігі де Абылай және оның айналасындағы батырларға, билерге, шешендерге бағышталған...», - деп, жазады белгілі әдебиет зерттеушісі, профессор Рахманқұл Бердібаев (Абылайхан. Алматы. «Жазушы» 1993, 4-бет)
Абылай бейнесінің көркем әдебиетімізде осыншама жарқын бейнелеуінің өзіндік сыр, себептері бар. Оның тарихи негіздерін қозғай берсек өз алдына үлкен бір әңгіменің тақырыбы болар еді.
Жалпы алғанда Абылайхан – XVIII ғасырдағы қазақ тарихында алыс-жақындағы дұшпандарды айбынынан ығып, есептесуге мәжбүр болған қаһарман тұлға. Академик В.В.Бартольд Абылайхан туралы: «XVIII ғасырдағы Орта жүздің ең күшті ханы Абылай болды», - деп, жазады. (В.В.Бартольд. История турецко - монгольских народов. М., 1968, 5 т)
Жыраулар поэзиясында Абылайдың жарқын тұлғасы, өшпес бейнесі сомдалған. Абылай араласқан оқиғалардың тарихи іздері, шындық болмысы жыраулар сөздерінде жақсы сақталған.
XVIII ғасырдың тарихи оқиғалары әйгілі жырау Тәтіғараның «Қамыстың басы майда, түбі сайда», «Кебеже қарын, кең құрсақ» толғауларында жақсы суреттелген. «Қамыстың басы майда, түбі сайда» жырындағы:
Қамыстың басы майда, түбі сайда,
Жәнібек Шақшақұлы болат найза.
Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,
Ер жігіттің ерлігі осындайда,
- деп, келетін жыр жолындағы Жәнібек Шақшақұлы Арғын ішіндегі Шақшақтан шыққан батыр, Абылайханға асқан ержүректілігімен, қара қылды қақ жарып кесіп айтатын әділдігімен, ұсақ-түйекке мән бермейтін тәкәппар мінезімен ұнаған. Ш.Уәлиханов батырға байланысты бір оқиғаны былайша суреттейді: «Үнсіз темекі тартып отырған батырға жас жігіт батыл жақындап келіп:
- Жәнібек батыр, темекіңізден мархабат етіңіз, - дейді. Жәнібек жас батырды елемеген кейіппен темекісін өзінің қалтасына салып қояды. Аздан соң қайтадан ұрыс басталып кетеді. Сарбаздар бірі садақпен, бірі айбалтамен, бірі шоқпармен ханның төңірегіне жинала бастайды. «Алғы шепке шығатын кім бар?», - деп Жәнібек батыр жар салады. Сонда өзінен темекі сұраған жас жігіт Байғозы бірінші болып саптан алға шығады. Он мың сарбазы бар қалмақтар жан қояр емес, түтіп жеп жылжып келеді. Ақыры қазақтар тым-тырақай қаша жөнеледі. Қалмақ басқыншыларының алдында еңгезердей ірі қалмақ бірнеше қазақты аттарынан аударып тастап, жайпап келе жатады. Сонда Жәнібек ақырып: «Біздің қазақтардан мына бір есерсоқтың басын шауып түсіретін бір еркек кіндікті тумаған ба?», - дейді. Бұл сөзді естіген соң қатты намыстанған Байғозы жаңағы атан түйедей қалмақты садағымен ат үстінен қалпақтай ұшырып түсіреді. Қазақтар бұл уақиғаға қатты рухтанып кетіп, кері соғады да, жеңіске жетеді. Байғозының ерлігіне сүйінген Жәнібек оған шақшасын ұсынады. Байғозы Жәнібек батырға жақын келіп: «Батыр, темекіні тартатын кез енді келді», - дейді. Осыдан бастап Тарақты Байғозының атын жұрттың бәрі біледі» (Валиханов.Ч.Ч. Собр. соч. Т. 1 С. 222.)
Жырдағы Жәнібек тек батыр ғана емес, адамгершілік биік қасиеттерімен белгілі тұлға. Тәтіғара толғауында біз Жәнібектен басқа да қазақ батырларының ерлік сипаты, қаһармандық тұлғасы ашылған.
Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы,
Деріпсәлі, Маңдайды айт Қыпшақтағы.
Өзге батыр қайтса да, бір қайтпайтын
Сары мен Баянды айт Уақтағы.
Абылай ханның бірде «Өз батырларыңыздың ішінде қайсысы сіздің жүрегіңізге жақын?», - деп сұрағанда, ол: «Ілгеріде өткен азаматтардың ішінен нағыз таңдануға тұрарлығы екеу-ақ. Қалданның қолынан тоқсан тұтқынын қайтарып алған қаракесек Қазыбек пен тұтқындарға үйде отырып бостандық алып берген уақ Деріпсәлі. Алғашқысы Қалданға өзі барып сұрап қайтарып алған болса, кейінгісі өз аулында отырып жаудың зәресін алды. Менің батырларымның ішінен байлығы, ерлігі және мінезі жағынан бәсентиін Малайсары, ал ақылы мен ерлігі жағынан уақ Баян бәрінен жоғары тұр», - дей келіп, тағы бірнеше қырағы батырларын қосатынын ескерткен. (Валиханов.Ч.Ч. Собр. соч. Т.1 С. 222.)
Баянды кейде Сары, Баян деп қосарлап атайды, оның себебі, қалмақпен бір қатты ұрыста Баян батыр өзінің бауыры Сарымен бірге қаза болады.
Бөгембай батырдың да ерлік болмысы осы жырда айқын байқалады.
Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт,
Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгембайды айт.
Найзасының ұшына жау мінгізген,
Еменәлі Керейде Ер Жабайды айт.
Бөгембай батыр – ірі тарихи тұлға. Ол бар өмірін елінің азаттығы үшін сарып еткен жаужүрек қаһарман, XVIII ғасырдың 20-30 жылдарындағы ойрат-қазақ соғысында қазақ сарбаздарын басқарған қолбасшы.
Бұл жырдың шығуына себеп болған оқиғаға келсек, Абылай ханның бірде жортуылда жолы болмаған екен. Өкшелеген жаудан шегініп келе жатқанда, алдынан өткел бермес тасыған өзен кездеседі. Жауынгерлер абыржып, ұйлығып қалады. Барлығына да опат болу қаупі төнгенде, Тәтіғара суырылып шығып, осы жырды айтып қоя беріпті. Жырдағы аты аталған батырлар жыраудың соңынан тасып жатқан өзенге түсе бастаған. Осылайша бұлардың артынан қалың қол да еріп, судан аман-есен өтіпті.
Тәтіғара жыраудың «Кебеже қарын, кең құрсақ» деп басталатын жырында Цинь империясы мен Абылай жасақтары арасында болған шабуыл сипатталады.
Кебеже қарын, кең құрсақ
Артық туған Абылай
Көтере көр бұл істі:
Көп қытайдың жылқысы,
Тұрымтайдай құнысты,
Жау жағадан алғанда,
Ит етектен алғанда,
Ер Абылай қорыққан жоқ,
Әшейін еңкейе бере жылысты.
Бәсентиін Сырымбет,
Оны да мен ер көрдім,
Оқ жіберіп ұрысты.
Абылай бастаған қазақ әскерлері сан жағынан күші басым қытай-мәнжүр әскерлерімен табан тіреп ұрыс сала алмай, шегіне соғысады. Сарбаздардың еңсесі түскенін көрген Тәтіғара жырау олардың жауынгерлік рухын көтеріп, намысын қайрау үшін, осы жырды табан астында суырып салып, жырлаған.
Үмбетей жырау шығармалары Бөгембай батыр есімімен байланысты. Жыраудың атын шығарған да осы шығармалары. Үмбетейдің Бөгембайға қатысты екі ұзақ жыры сақталған. Мұның біріншісі – Бөгембайды жоқтау да, екіншісі – Бөгембай өлімін Абылай ханға естірту. Жоқтау жырында:
Қолтығы ала бұғының
Пәйкесіндей Бөгембай,
Жалаң қия жерлерден
Жазбай түсіп түлкі алған,
Білегі жуан бүркіттің
Тегеуріндей Бөгембай, -
деп, батырды азалайды, көзінің жасын көл қылады, батырдың халқына жасаған жақсылықтарын айтып, мадақтайды.
Екінші жыр естірту түрінде келеді. Үмбетей алдымен Абылай өмірін, халық басындағы ауыр жайларды толғап, одан соң қуанышты күндер, жеңісті жорықтар, батырлардың көрсеткен ерліктерін мадақтайды. Абылайдың өз басының ерліктері санамаланады.
Жиырма жасың толғанда,
Қалмақпен соғыс болғанда
Алғашқы бақты тапқанда
Шарыштың басын қаққанда,
Қанжығаңа бас байлап,
«Жау қашты» деп айғайлап,
«Абылайлап» шапқанда...
Үмбетей шығармасы жырау кеңінен толғаған себепті әдепкі салт өлеңнің көлемінен шығып кеткен. Жырдан сол кезде болған тарихи оқиғалардың біразының елесін көреміз. Жырдың бас жағында Абылайдың жайы, оның «Сарыарқаны жерім деп, қалың қазақ елім деп» Үргеніштен келгендігі, алғашында Төле бидің түйесін бағып жүргендігі, ер жетіп бұғанасы қатқан соң, ойраттармен күрес дәуірінде көзге түскендігі айтылады.
Сол сияқты Абылайдың Ташкентте қалмақ тұтқынында болуының жайы сөз етіледі. Қазақтардың сырт жауларға қарсы жасалған сәтті жорықтарының кейбірі еске алынады. Сол замандағы дұшпанды мұқатқан Қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгембай, Сары, Баян, Сағымбай сияқты батырлардың ерлігі мадақталады. Мұның бәрі бізге ел жадында сақталған тарихи әңгімелер мен поэмалардан да белгілі.
«Осыларға қарағанда, Үмбетейдің Абылай және XVIII ғасыр батырлары жайындағы жырларды туғызушылардың бірі болғандығы көрінеді» (Мағауин Мұхтар. Ғасырлар бедері. А., 1991, 79-80 б.б)
Бұл жырды Бөгембай атынан гөрі Абылай аты көп аталады. Жырау Абылайды идеализациялайды, қаһарман деп таниды, басына көтере мадақтайды.
Үмбетейдің Бөгембай батыр есіміне байланысты жырлары XVIII ғасырдың 70-жылдарының орта тұсында туған деп топшылаймыз.
Үмбетейдің Абылайға Бөгембай өлімін естіртетін тұста оның қырғыздармен арада өткен соғысты еске алатын жерлерін XVIII ғасырдың нақты тарихи фактісі деп қарауға болады.
Анау бір жылы аттанған,
Әскерді қырғыз қырғанда.
Басынан оба қылғанда,
Ол хабарды ел біліп,
Көп батырмен сен жүріп,
Көзіңнің жасын көл қылып,
Қырылған әскер басының
Қасына барып тұрғанда
Ақбоз атты шалғанда,
Мойнына кісе салғанда
Баба түкті шашты Әзиз
Сауап бата алғанда
Тілеуің қабыл болғанын,
Басына қыдыр қонғанын
Ұмыттың ба соны Абылай?!
Бұл сөздердің астарында біраз тарихи нақты оқиғалардың сыры бар. Тарихта 1757 жылы алғаш рет (Валиханов.Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Т. 1 Алма-Ата, 1961. С. 207), 1760 жылы екінші рет (Левшин.А. Описание киргиз-кайсацких или киргиз-казачьих орд и степей. Ч. II. СПб, 1832. С. 230-231.), Абылай қолының қырғыздарды шабатыны мәлім. 1760-жылдардың аяғында Орта жүз бен Ұлы жүздің батыс бөлігінің Абылайдың қол астына қарауына орай оның ықпалы бұрынғыдан да гөрі арта түседі. Мұнан кейін ол 1770 жылы қалың қол жиып Талас пен Шу бойының қырғыздарын тәуелді етеді. Аманатқа адамдарын алады. Бірақ, қазақ ханы қырғыздардың қайта күшейіп кетуінен қауіптеніп, олардың бірсыпырасын Орта жүз қоныстанған Қазақстанның Солтүстігіне апарып қоныстандырады. (История Киргизской ССР. Т. 1. Фрунзе: Қырғызстан, 1968. С. 250-251). Ол қырғыздарды А.Левшин яны (джаны) қырғыз деген атпен соңғы мекендерінде әліге дейін тұрады деп жазса (Левшин.А. Описание киргиз-кайсацких или киргиз-казачьих орд и степей. Ч II. СПб, 1832. С. 268-269), Ш.Уәлиханов олардың XIX ғасырдың орта тұсында екі болыс ел болғанын хабарлай кеп, қырғыздардың бұл бетке қоныс тебуі 1770 жылғы «Жайыл қырғыны» оқиғасы (Валиханов.Ч.Ч. Записки ИРГО. Т. XXIX, СПб, 1904. С. 5.) мен оның алдындағы екі ел арасындағы шапқыншылықтармен сабақтастығын еске алады. (Валиханов.Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Алма-Ата. 1961. С. 374).
Ш.Уәлиханов солардың ішіндегі ең шешушісі 1770 жылғы қырғыздарға қазақтар үстемдігін орнататын «Жайыл қырғыны» атанатын айқас екендігін айта кеп, оның найман сұлтаны Көкжал Барақтың жеңілісінің есесін қайтару үшін болған шапқыншылық екендігіне тоқталады.
«Қазақ арасында айрықша ерлігі үшін жалды Барақ немесе Көкжал Барақ атанған тәуекелі шексіз сұлтан бір жолы қырғыздарды оп-оңай шауып алады. Соған мейманасы тасқан ол қырғыздардың әулиесі – Қошқартаның мазарын мазақ етеді. Бұған өшіккен қырғыздар құпия келісіп алып түн ішінде оның қолына шабуылдайды. Қаймығуды білмейтін Барақ бұл жолы алды-артына қарамай қашады. Қырғыздар мұны өздеріне әруақтың көмектескені деп жориды. (Валиханов.Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Т. 1. Алма-Ата, 1961. С. 374-375)
Бұл шынында да екі елдің де есінде біразға дейін жүруге лайықты үлкен оқиғалар екені күмәнсіз. Өйткені, 1770 жылғы айқастан кейін қырғыздарды көп уақыт бойы қазақтар тәуелді еткен. Сол соғыста екі жақтан да шығын мол болған. Әсіресе, қырғыздар жусай қираған. Солты руының көсемі Жайыл екі баласымен осы жолы опат болып, оны артында қалған қызы, Әтеке батырдың әйелі Бикемжан өлеңмен жоқтаған. Бәрінен бұрын бұл айқас Көкжал Барақтың кегін қайтару үшін өткендегімен өзгеше.
Тегінде Үмбетейдің де «Анау бір жылы аттанған әскерді қырғыз қырғанда», - деп қол бастаған батырдың атын атамай жартылай жұмбақтай сөйлеуіне қарағанда оның да осы жағдайды айтып отырғаны күдік келтірмейді. Себебі, кек алу жорығына жырау қазақтар жағынан Қабанбай, Бөгембай, Сары, Баян, Сағымбай сынды негізгі батырлар қатынасқандығын айтып, Абылайдың құдай мен әулиеге сыйынып, ат шалып, мойнына кісе салып «көзінің жасын көл» қылуын ежіктеуі тегін емес.
Үмбетей жырлауындағы қырғыздар мен қазақтар арасындағы екі айқас – Барақ қолының жеңілісі мен Абылай жасақтаған көп әскердің 1770 жылғы жеңісі жайлы екендігі күдік келтірмейді. Ал, жалпы сол кезең оқиғасы ауыз әдебиетінде біраз із қалдырған. (Валиханов.Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Т. 1. Алма-Ата, 1961. С. 172-180; Казахский фольклор в собрании Г.Н.Потанина. Алма-Ата: Наука, 1972. С. 263-264)
Абылай хан бейнесін өз туындыларына өзек еткен көптеген ақын, жыршы, жыраулардың бастауында тұрған Бұқар жыраудың жыр-толғауларының орны ерекше екендігін айтқымыз келеді. Абылай ханға арналған Бұқар жырау жырларының тамаша да әсерлі көркемдік құндылықтарын әңгіме етпеген күннің өзінде өз дәуірінің, заманының тарихи шындығының тамырына бойлаған реалистік қуатты терең бояулар Бұқар жырау жырларының құжаттық мәнін айрықша көтеріп тұр. Көп жағдайларда біздің тарихшы зерттеушілеріміз XVIII ғ. тарихына қатысты зерттеулерде өзге ел саяхатшы, зерттеушілерінің жазба деректеріне сүйеніп келгені шындық. Соңғы он жылдықтың көлемінде ғана тарихшы мамандарымыз Бұқар жыр, дастандарының тарихи негіздеріне көңіл аудара бастады.
«Үнді тарихын ағылшындардың көзімен емес, үнділердің көзімен қайта жазу керек», - деген Джавахарлал Нерудің ұлғатты сөздерін еске алсақ, бізге де өз төл тарихымызды, сол тарихтың куәгері боларлық, қайнар бастаулардан, сол дәуірдің тірі айғақтары ақын-жыраулар мұраларына ғылыми зердемен көз жүгіртетін, саралап-өлшейтін мезгіл жеткен сияқты. Осы тұрғыдан келгенде Абылайханның жарқын тұлғасын бар қайшылықты болмысын, ол өмір сүрген заманның алмағайып тынысын жан-жақты көркем бедерлей алған Бұқар жырау мұраларының тарихилық сипаты ғылыми тұрғыдан келгенде бүгінгі күндері өлшеусіз өсе түсетіні даусыз.
Әсіресе бір орталыққа бағынатын күшті қазақ хандығын құру идеясы жолында табанды мемлекет қайраткері бола білген Абылайханның шынайы тарихи болмысын, оның адами ішкі жан дүниесін, пендешілік осал жақтары мен туған халқының болашағы үшін қайтпайтын қайсар рухын диалектикалық тұрғыда таразылауда Бұқар сөздерінің мәні ерекше.
Бұқар жыр-дастандарына ең алғаш ғылыми мән берген Шоқан Уәлиханов болатын. Бертін кездегі ғылыми еңбектерде мұндай жағдай мүлде аз не болмаса кездеспейді. Абылай тұлғасына кезең - кезеңімен ғылыми сипаттама берген академик Р.Сүлейменов пен В.А.Моисеевтің "Из истории Казахстана XVIII века" (1988) деген монографиясында бірыңғай тарихи құжаттар мен мұрағаттық деректерге ғана сүйеніп аталмыш жағдай яғни жыраулардың әдеби мұрасына да көңіл бөліп отыру қағыс қалады.
Көп жағдайда Бұқар жырау мұраларының тарихи қатпарларына қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші әдебиетші ғалымдар ғана көңіл бөліп келді. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, академик Манаш Қозыбаев бастаған бірқыдыру тарихшы ғалымдар да Бұқар жырау жырларындағы тарихи шындық қатпарларына ғылыми зердемен үңіле бастады. Бұл үрдіс болашақта да жалғаса беруге тиіс.
Бұқар жырларында алмағайып заманның барлық шындығы шырқы бұзылмай, бар шырайымен көз алдымыздан көлбеңдейді. Абылайдың оның заманның барлық қайшылықты болмысы жасырылып, жабылмай тарихи нақтылықпен беріледі. Артық қоспа, жамап-жасқау жоқ. Бұқар жырларының тарихи шындықты көркем бейнелеудегі объективтік қуаты да осында деп білеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |