№ 3 тақырып ҚР Конституциялық құқық негіздері Мақсаты: ҚР Конституциялық құқығы басқа құқық салаларына бастау болатын құқық саласы екенін анықтау және Конституцияның маңыздылығын түсіндіру
Жоспары: 1 Конституциялық құқық ұғымы, жүйесі, қайнар көздері.
2 Конституция. Оның түрлері.
3 ҚР Конституциясының құрылымы
4 ҚР адам және азаматтың жағдайының конституциялық негіздері
5 ҚР конституциялық құрылысы
6 ҚР сайлау жүйесі
1 Конституциялық құқық ұғымы, жүйесі, қайнар көздері ҚР Конституциялық құқығы – ҚР құқық жүйесі салаларының бірі. Ол өзінің ішкі тұтастығымен сипатталатын құқықтық нормалар жүйесін білдіреді және басқа құқық жүйесінің нормаларынан ерекшеленеді. Конституциялық құқық нормаларымен реттелетін қоғамдық қатынастар мемлекет және қоғам құрылымының негізін құрайды және мемлекеттік биліктің жүзеге асуымен тікелей байланысты жүргізіледі.
Қайнар көздері:
ҚР Конституциясы;
ҚР Конституциялық заңдары;
ҚР жай заңдары;
Президенттің нормативтік жарлықтары мен қаулылары;
ҚР Үкіметінің қаулылары;
ҚР жергілікті өкілетті органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының шығаратын актілері.
Жүйесі:
ҚР КҚ – құқық және заң ғылымының саласы;
Конституциялық – құқықтық нормалар, институттар мен принциптер;
ҚР Конституциясының жалпы сипаттамасы;
Адам және азамат жағдайының ҚР-ндағы конституциялық негіздері;
ҚР Президенті;
ҚР Парламенті;
ҚР Үкіметі және т.б.
Конституциялық құқық – Қазақстан Республикасы құқық жүйесi салаларының бірі. Ол өзiнiң ішкі тұтастығымен сипатталатын құқықтық нормалар жүйесін білдіреді және басқа құқық жүйесiнiң нормаларынан ерекшеленеді. Ішкі тұтастық конституциялық нормалардағы қоғамдық қатынастардың ерекшеліктерімен белгіленетін, солар арқылы реттелетін жалпы белгілердің болатындығын білдіреді. Конституциялық құқық нормаларымен реттелетін қоғамдық қатынастар оның мәнiн құрайды.
Конституциялық құқық тұтас алғанда құқықтық реттеу әдістері деп аталатын белгілі бір тәсілдер мен әдістердің көмегімен мемлекеттік және қоғамдық қатынастарды реттейді. Конституциялық-құқықтық қатынастарды реттеу үшін төмендегідей: 1) міндеттеу әдісі; 2) тыйым салу әдісі; 3) рұқсат ету әдісі; 4) тану әдісі қолданылады.
Міндеттеу әдісі мемлекеттік органға сияқты, жеке тұлғаларға да қатысты, олардың барлық қызмет саласында қолданылады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабында: "Мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті" деп жазылған.
Конституциялық құқықта тыйым салу әдісі де кең қолданылады. Бұл әдіс көбіне мемлекеттік органдарға, қоғамдық құрылымдарға қатысты қолданылады. Тыйым салу әдісі азаматтарға қатысты шектеулі жағдайларда ғана қолданылады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 39-бабының 3-тармағында былай делінген: «Саяси себептер бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қандай да бір түрде шектеуге жол берілмейді».
Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы демократияның шынайы көрінісі болып табылатын рұқсат ету әдісін де кең қолданады.
Мұндай әдіс көп жағдайда адамның және азаматтың мәртебесін белгілеу үшін қолданылады. Мысал ретінде әркімнің заңмен белгіленгеннен басқа ретте, Қазақстан аумағында еркін жүріп-тұруын және тұратын орнын еркін таңдауын айтуға болады. Рұқсат ету әдісінің өзіндік ерекшелігі мынада. Конституция белгілі бір ауқым, шекке дейін еркін әрекет ету мүмкіндігін бере отырып, субъектінің әрекетін айтарлықтай шектей алады.
Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы тану (танымау) әдісін де қолданады. Мемлекет адамдардың табиғи құқығына рұқсат етiп қана қоймайды, дәлірек айтқанда таниды. Қазақстан Республикасының Конституциясының 12-бабының 2-тармағында былай деп жазылған: "Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады".