Байланысты: 31. ?àçà? õàíäû?ûíû? XVI ?. áàñûíäà?û ?ëåóìåòò³ê-ýêîíîìèêàëû? æ?
37. «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұлама» жылдары. 1/Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама — қазақ халқының тарихындағы ащы қасірет, Отан басына күн туған аса қайғылы кезең (1723 – 27).[1]Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін Үш жүздің дербестеніп, бір-бірінен алшақтануы Қазақ хандығының әскери-саяси қуатын әлсіретті. Құба қалмақтар 18 ғасырдың басында өздерінің ішкі қайшылықтарын реттеп, әскерін жарақтады. Орыс елімен қатынасын жақсартып, көрші мемлекеттерден қару, оқ-дәріні көптеп сатып алды. 1715 ж. орыстарда тұтқында жүрген швед шебері Ренатты қолдарына түсіріп, зеңбірек құю технологиясын меңгерді.[2] 1723 жылдың көктемінде жайлауға көшуге қамданған бейқам қазақ еліне жоңғарлардың қалың қолы тұтқиылдан шабуыл жасады. Тарихшы Алексей Левшиннің жазуынша және қазақ жырауларының куәлігіне қарағанда Жоңғария қалмақтары әрқайсысы 10 мың жауынгері бар 7 қолмен қазақтарды шапқан. Олар Балқаш, Қаратау бағытымен жылжып (қолбасшысы Қалдан Серен), Алтай асып, Көктал өзені бойымен өрледі (қонтайшы Құлан Батур), Нұра өңірін қанға батырып (Әмірсана), Шелек өзені (Доржы), Есік көлі (Лама Доржы), Шу өңірін таптап (Дода Доржы), тоқтаусыз Іледен өтіп (Севан Рабдан) қарудың күшімен, найзаның ұшымен қазақ жерлерін иемденді. Екпіні қатты шапқыншылар Қазақстанның оңтүстік аудандарындағы бейбіт елді аяусыз қырғынға ұшыратып, Түркістан, Сайрам, Ташкент қалаларын басып алды. Жоңғарлардың жойқын шабуылының нәтижесінде қазақтар шайқас даласында 100 мыңға жуық жауынгерлерінен айырылды, ал қорғансыз халықтың шығыны одан әлде қайда көп болды. Абылай ханның айтуынша, сол кезде әрбір он адамның төртеуі қаза тапты. Бұл деректі Шәкәрім Құдайбердіұлы да қостайды. Қорғануға мұршасы келмеген ел әсіресе Талас, Боралдай, Арыс, Шыршық, Сырдария өзендері бойында көп қырылды. Тірі қалғандар ата мекенін тастап шықты. Тарихта бұрын болып көрмеген алапат құбылыс – қазақ халқының үдере қашқан босқыншылығы туды. Тоз-тоз болған Ұлы жүз, Орта жүздің шағын бөлігі Сырға Шыршық құятын тұстан сәл жоғары өткелден өтіп Ходжент, Самарқан иеліктеріне көшті. Кіші жүз Сауран қаласын айналып, («Сайран айналған») Бұқараға ауды. Шұбырған халықтың басым көпшілігі Сырдан өтіп, Алқакөлге жетіп құлады. Кейбір тайпа-рулар Қызылқұм, Қарақұм ішіне сіңді. Осы тұста халықтың жүрегінде мәңгі сақталған ащы зар мен ауыр мұңға толы «Елім-ай» әні дүниеге келді. Жоңғар шапқыншылығынан күйзелген қазақ жеріне Еділ қалмақтары (торғауыттар), Жайықтың казак-орысы, Орал башқұрттары, Қоқан бектері, Бұқар мен Хиуа хандары тұс-тұстан шабуыл жасады. Қазақ елі өз тарихында алғаш рет қасіретті зардабы өте зор зұлматқа тап болып, жер бетінен ұлт ретінде жоқ болу қаупіне ұшырады. Қазақтар бұл апаттың сырын түсінді, жасанған жауларына қарсылық жасап бақты, ұрпағын қырғыннан аман алып қалудың амалын іздеп қарманды.
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» шырғалаңы мен аласапыраны қазақтардың еркіндік пен ерлік рухын шыңдады. Ұлт перзенттері бардың басын қосып, халық бірікпей тірлік болмайтынын түсінді. Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Жәнібек, Малайсары, Абылай, Әбілқайыр бастаған қалың ел жоңғарларға қарсы майдан ашып, Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағасында, Аңырақай даласында ұлы жеңіске жетті. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қазақ халқының есінде ұлы қасірет болып мәңгі тарихқа хатталды.[3][4] 2/XVIII ғасырдың 20- жылдарының бас кезінде жоңғарлардың Қазақстан аумағына кезекті ірі жорық жасауына қолайлы жағдай қалыптасты. 1722 жылы жоңғарлармен ұзақ уақыт бойы соғыс жүргізіп келген Қытай императоры (боғдыханы) Канси қайтыс болды. Сөйтіп қалмақтардың Қытаймен бейбіт келісім жасасуға колы жетті. Жоңғар хандығының шығыс шекарасы ендігі жерде қауіпсіз болды. Жоңғар билеушілері Еділбойындағы қалмақтардың ханы Аюкеге елші жіберіп, қазақтарға қарсы бірлескен соғыс қимылдарын жүргізу мақсатын көздеді. Ертіс бойында жақында ғана бой көтерген әскери бекініс желісін нығайтумен әуре болып жатқан Ресей Жоңғар мемлекетіне бәлендей қауіп төндіре алмайтын еді. Оның үстіне, Ресей көрші жатқан екі көшпелі мемлекеттің өзара қарым-қатынасына байланысты бейтарап саясат ұстауға тырысты.Қазақ мемлекетінің де, Жоңғар хандығының да өзара шайқаста әбден әлсіреп, қансырағанын күтті. Өйткені оған осылай болғаны тиімді еді.
1723 жылдың көктемінде алдағы болатын жойқын соғысқа мықтап әзірленген, әрі қазақ хандықтарының алтыбақан алауыз болып ыдырап бара жатқанын пайдалана қойған Цеван-Рабтан өз әскерінің қалың қолын Қазақстанға қарай аттандырды. Жау жеті бағытта шабуылға шықты. Жоңғар шапқыншылығының алғашкы соққысына ұшыраған Жетісу мен Ертіс бойының қазақтары болды. Жоңғарлар ауылдарды өртеді. Малды айдап әкетті, бейбіт халықты қара шыбындай қырып салды. Өйткені жоңғарлардың шабуылы күтпеген жерден бірден төтенше басталған болатын. Сондықтан да амалы қалмаған Қазақтар малына да, үй-жайларына да, дүние-мүліктеріне де қарай алмай, бас сауғалап қашуға мәжбүр болды.
Жау әскерлерінің сан жағынан тым басым болғанына қарамай, қазақ жауынгерлері кескілескен ұрыс салып, қатты қарсылық көрсетті. Жау қолына ешкімнің де берілгісі келмеді. Әр қазақ өзімнің туған жерімді, туған-туыстарым мен жақындарымды жауыз дұшпаннан қорғауға міндеттімін деп ұқты. Қазақ жауынгерлері шегіне түсіп, қорғаныс соғыстарын жүргізді. Олар әйелдерді, балаларды, карттарды жаудың өкшелеп қууынан құтқару үшін қырғын соғыс салды. Ташкент қаласының тұрғындары қазақ әскери жасақтарының басшылығымен қаланы жаудан бір ай бойы дерлік қорғады. Жоңғарлар Ташкенттен кейін Сайрам, Түркістан сияқты басқа да қалаларды басып алды. Жаудың жойқын соғыс қимылдарын жүргізуі нәтижесінде Қазақстанның шөлді және таулы аймақтарынан өзге бүкіл аумағы іс жүзінде жоңғарлардың қолына қарады. Салыстырмалы түрде алғанда Қазақстанның батысындағы алыс аймақтар ғана аман қалды.
Бұл кезең (1723-1727 жылдар) қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен аталады. Оның қазақ халқына тигізген зардабы — қайғы-қасіреті, аштығы мен қайыршылық халге душар етуі өте-мөте ауыр болды. Мың-мындаған адам қырылды немесе тұтқын ретінде айдалып кетті. Жүздеген, мындаған ауыл қатты күйзеліске ұшырады, мал-мүлік талан-таражға түсті, бір кезде гүлденіп тұрған қалалар жау қолында қалып, аяусыз қиратылды. Қазақтар қырғыннан аман қалу үшін елдің батыс аймақтарына қарай жылжып, Жайық бойына дейін жетті. Қазақтардың жаппай қоныс аударуы Ресей империясын және оның қол астындағыларды - башқұрттар мен қалмақтарды едәуір мазасыздандырды. Патша үкіметі өзіне бодан болған халықтарды қорғау үшін бірқатар кешенді шаралар қабылдады: шекара күзеті күшейтілді, Орал аймағында жаңадан әскери бекіністер салу шаралары қолға алынды. Қазақтардың едәуір бөлігі Орта Азия мемлекетінің аумағына қарай ойысты. Мәселен, Сырдария өзенінен өтіп кеткен Орта жүз руларын
ың көпшілігі Самарқанд қаласының төңірегіне, ал Кіші жүз қазақтарының едәуір бөлігі Хиуа мен Бұхар хандықтарына көшіп кетті. Қазақтар басынан кешірген сол бір орасан ауыр қайғы-қасіреттің символы «Елім-ай» атты зарлы жыр болды. Оның мәтіні мен әуенін ақын, әрі жауынгер Қожаберген жырау шығарған деп те айтылады: Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді, Ел-жұртынан айрылған жаман екен, Екі көзден мөлтілдеп жас келеді. Мына заман қай заман, бағы заман, Баяғыдай болар ма тағы заман! Қарындас пен кара орман қалғаннан соң, Көздің жасын көл қылып ағызамын.
Жоңғар шабуылының өрт-жалыны өзбектерді де, қырғыздарды да, қарақалпақтарды да шарпығанымен ең ауыр соққы қазақтарға берілді.