34.ХХ ғ. 20-30 жж. Қазақстандағы мәдени құрылыстың негізгі бағыттары. Мәскеудегі Қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігі – ұлт рухы өміршеңдігінің айқын көрінісі (1936 ж.) Ересектер арасында сауатсыздықты жою Шаруашылықты дамытып, жақсы өмір сүру үшін ең алдымен халықтар арасында сауатсыздықты жою және ағарту ісін дамыту міндеті тұрды.1924 жылы Қазақстанда «Сауатсыздық жойылсын» қоғамы ұйымдастырылды. 1921–1927 жылдар аралығында Қазақстанда 200 мыңға жуық адам әр түрлі жерде оқыды. 1928 жылы Қазақстанда барлық халықтың 28%-ы сауатты болды. Ал қазақтар арасындағы бұл көрсеткіш 10% болды. 1931 жылы Қазақстанда 15–20 жас аралығындағы барлық адамдардың сауатын ашу, яғни оларға міндетті білім беру жүйесі енгізілді. Сауатсыздықты жою мақсатында республикада ағарту ісіне жұмсалатын қаржының мөлшері көбейді.Сауатсыздық жою ісі жөнінде Қазақстан одақ құрамындағы басқа мемлекеттерден артта қалды. Мұның себебі – әміршіл-әкімшіл жүйенің бюрократтық саясаты. Сауатсыздықты жою ісінде ең алдымен комсомол ұйымы белсенділік танытты. Тек қана 1930 жылы бұл іске комсомол құрамындағы 5000-ға жуық жастар қатысты.1936 жылы жер-жерден ашылған сауатсыздықты жою мекемелерінде 500000-нан астам адам оқыды.Республикада ересектер арасында сауатсыздықты жою ісіне сол кездегі «Ауыл мұғалімі» журналы мен «Төте жол» газеті әдістемелік құрал ретіндегі көмегін тигізді.1939 жылы Қазақстандағы сауатты адамдардың үлесі 65% болды, қазақ халқының арасында бұл көрсеткіш 40%-ға жетті. Республикадағы ірі қалалар, негізінен, сауатты қалаларға айналды (Алматы, Шымкент, Қарағанды, Лениногорск, Тараз, Орал т. б.)
Әдебиет пен өнер онкүндігі (Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндіктері), мәдени-көркем шара. Қазақ әдебиеті мен өнерінің 1-онкүндігі 1936 ж. 17-27 мамыр аралығында Мәскеу қаласында өтті. Онкүндік қазақ әдебиеті мен енерін әлемдік деңгейге көтерген және барлық рухани қуаты мен болмысын танытқан тарихи оқиға болды. Мәскеу сахнасында «Қыз Жібек» пен «Жалбыр» опералары қойылды. ҚазЦИК атындағы (1944 жыдцан бастап Құрманғазы атындағы) ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен халық әндері мен билері, күйлер орындалды. Қазақ жазушыларының әңгіме, өлеңдері, пьесалары орыс тіліне аударылды. Әуезовтің «Татьянаның қырдағы әні» әңгімесі ықшамдалып, «Я, казахскую песню пою» деген атпен «Известия» газетінің 1936 жылғы 23 мамыр күнгі санында Вс. Ивановтың аударуымен жарияланды. Онкүндікке Ж. Жабаев, К. Әзірбаев, Ғ. Қалмағанбетүлы, С. Сейфуллин, I. Жансүгіров, Б. Майлин, М. Әуезов, С. Мүқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Тоғжанов, Т. Жароков, А. Тоқмағамбетов, Ә. Тәжібаев қатысты.