71. Қазақ тіліндегі алғашқы басылымдар Бірінші болып 1870-1882 жылдар аралығында Ташкентте басылып тұрған «Түркістан уалаятының газеті» дүниеге келді. Басылым жабылған соң, 1888 жылы Дала генерал-губернаторының Омбыдағы кеңсесі жанынан «Дала уалаятының газеті» деген атаумен екінші басылым жарық көре бастады. Мерзімді қазақ баспасөзінің ресми тарихнамасы бойынша, аталған екі басылым мерзімді қазақ баспасөзінің басы деп саналады. Көп ұзамай өзге басылымдар шыға бастады. 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс төңкерісі тұсында шығып, қазақтың қоғамдық-саяси өміріне онша ықпал ете алмай ғайып болған «Серке» және «Қазақ газеті» солардың қатарында. 1911 жылы шыға бастаған өзге екі басылым – «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналы әлдеқайда салмақты көрінді және дәуірі ұзағырақ болды. Газетті кадет корпусының түлегі, белгілі ақын әрі ағартушы Шәңгерей Бөкейұлы ашты, ал журналды шығаруға белгілі қоғам қайраткері, публицист әрі педагог Мұхаметжан Сералин мұрындық болды әрі өзі редаторлық етті. «Айқап» журналының алдыңғы басылымдардан ерекшелігі – журналда қазақтың 20-ғасыр басындағы әдеби-мәдени қозғалысы мен қоғамдық пікірінің дамуы айтарлықтай көрініп тұрды. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілі бойынша тұңғыш зерттеулерін осы «Айқап» журналында жариялағанын айта кеткен дұрыс.
«Қазақ» гезеті. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жанұзақ Жәнібекұлы, Райымжан Мәрсекұлы және басқалар бастаған алдыңғы қатарлы қазақ оқығандары жалпыхалықтық газет ашумен 1905 жылдан айналыса бастады. Алдымен олар «18 ақпан жарлығы» шығысымен өздерінің саяси талаптарын әйгілі «Қарқаралы петициясына» тізіп жазып, осы жарлыққа қол қойған орыс патшасының атына поштамен жөнелтеді. Тарихи деректерге қарағанда, «Қазақ» деген атаумен қазақ газетін Орынборда басып шығаруға ресми рұқсат басылымның меншікті иесі ретінде Мұстафа Оразайұлына және бас редакторы есебінде Ахмет Байтұрсынұлына 1905 жылғы желтоқсанның 9-ы күні берілген. Газет қолдан қолға, ауылдан ауылға өтіп, тозып жетіп жыртылғанша оқылды. Оны сол заманда Дала және Түркістан уалаяттарына немесе 9 облыс пен 1 губернеге бөлінген Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жұрт жаздырып алды. Аз уақыт ішінде «Қазақ» 5 миллионға жуық көшпенді халықтың көпшілігі білетін жалпыұлттық мерзімді басылымға айналды. Алғаш жарық көрген күнінен бастап «Қазақ» газеті қазақ даласының қоғамдық-саяси және мәдени өміріне 6 жылдан ұзақ жападан-жалғыз қызмет етті. Егер «Серке» мен «Қазақ газеті» немесе «Айқап» журналы оқыған және қалталы қазақтардың арасынан шыққан бір азаматтың немесе санаулы халықшыл азаматтың кездейсоқ және жеке бастамасымен пайда болса, «Қазақ» газеті тиянақты мақсат-мүддені көздеп, тұрақты қаржыландыру көзіне сүйенген ұжым еді. «Қазақ» газеті мен оның құрылтайшыларының көздеген түпкілікті мақсаты – қазақтың ұлттық мемлекеттігін қайта көтеру. Алдына міне осындай мақсат-мүдделерді қойған «Қазақ» газеті мен оның құрылтайшылары мақсаттарына монархиялық билік дәуірінде қантөгіссіз күрес жолымен жетуге ұмтылды. Алайда, отаршыл империя заманынан аман шыға білген «Қазақ» газеті совет өкіметінің Қазақстанға билік орнатуға тырысқан алғашқы күндерінде-ақ – 1918 жылдың наурызында біржола жабылды. Көп ұзамай оның құрылтайшылары мен авторларының басым көпшілігі саяси қуғын-сүргін кезінде атылып кетті.
72.Мәшһүр – Жүсіп Көпеев және оның қазақ фольклоры мен шежіресін жинақтауға қосқан үлесі.