Ключевые слова: жырау, период ханства, казахская степь, раздумье, размышление, общественное, направление, философия кочевников, поэзия, пример, уважаемая личность, предводитель рода.
U.N.Zhanbershiyeva
Candidate of philological sciences
Professor, docent
N.S.Zhanibekova
Master-course student
Speciality «kazakh language and literature»
The study of the Kazakh khanateate period literature
The subject of the investigation is the literature of the period of Kazakh khanate which begins in the 15th century when Kerei and Zhanibek khans had founded Kazakh government.
The author of the article analyses the works of scientists who had investigated the works of the zhyrau-poets.
The specific features and national peculiarity of this period’s literature are distinguished in the given work.
The article analyses the genre “Tolgau” which is the main genre of the zhyrau poesy.
This article considers the works of such zhyraus as Assan Kaigy, Kaztugan, Shalkiiz, Zhiembet and etc.
There is also mentioned the contribution to the literature study of the period of Kazakh khanate of such scientists as: Sh. Valikhanateov, M. Auezov, A. Baitursynov, A. Margulan, E. Ismailov, R.Berdibai, H.Suinshaliyev, M.Magauin and others.
The author makes conclusion that the formation and development of the Kazakh khanate literature period is connected with the Kazakh statehood.
Key words: zhyrau, the period of khanate, Kazakh steppe, thought, reflection, social direction, philosophy of nomads, poesy, example, respectable person, leader of the clan.
________________________
Қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу және дамуына өзіндік үлес қосқан ғалымдарымыз көп десек те, әрбір зерттеуші ғалымның өзіндік ізденістерін танып, оларға терең бойлап, ғылыми – танымдық тұрғыдан баға беру, талдап тарзылау бүгінгі заманның талабы екені даусыз.
Әдебиет – қоғам өмірінің айнасы десек, тарих қашан да өз перзенттерінің құнды мұраларымен қымбат. Ерлік пен еркіндікке құштар ел қорғаған батырлар мен бостандықты аңсаған халық, ел тағдырын шешетін хандар мен дана көсемдер, өмір шындығын толғап жеткізетін жыраулар мұрасы тарихтың жарқын белесі болып отыр.
ХV ғасырда Шыңғыс ханнан тараған Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек хан қазақ хандығының негізін қалаған.
Қазақ хандығына 550 жыл толып отырған бүгінгі күні қазақтар осы кезде тарих сахнасынан көрінді деуге болмайды. Алтын Орда дәуірінде қазақ рулары болғанын, одан бұрын түрік қағанаты қазақтардың ежелден мемлекеті болғанын тарихшы ғалымдар дәлелдеп отыр, яғни хандық дәуір әдебиеті де бастау бұлағын ертеден алады.
Қазақтың ұлттық әдебиетінің төл тарихы қазақтың ұлт болып қалыптасуы мен дербес мемлекет құруынан басталады, яғни ХV ғасырдан бастап қазақтың төл әдебиеті қалыптасып, дамыған. Міне, осы кезеңнің әдебиетін хандық дәуір әдебиеті деп жүрміз.
Қазақ хандық дәуіріндегі жасалған әдебиет ел бірлігі, ел мүддесі, халық арманын алдыңғы орынға қойған. Бұл кезеңдегі әдебиет ежелгі тайпалар туғызған бай рухани қазыналардан нәр алып, ежелгі әдеби дәстүрді ұстап, жаңа мазмұнда дамыған. Ерлік пен елдік, өмір, заман хақында толғаған жыраулар өмірдің өтпелілігін жырлап, ізгілік пен инабатты дәріптеген. Қоғамдық әлеуметтік мәні бар толғаулар жыраулар поэзиясының дүниетанымдық сипаты болды.
Қазақ хандық дәуір әдебиетін зерттеу ХІХ ғасырдан басталған. Шоқан Уәлиханов, Асан қайғы толғауларына тоқтала келіп, оны «көшпенділер философы», - деп бағалаған. Шоқан зерттеулерінде Асан қайғының халықтың бірлігін сақтап, елді іргелі ел етпек болған Керей мен Жәнібек хандарды қолдап, солардың ақылшысы болғанын сөз етеді. Оның «көшпенділер философы»,-деуі бүкіл жырауларға берген бағасы болса керек.
Ш.Уәлиханов: «Жыр дегеніміз – рапсодия. «Жырламақ» етістігінің белгілі бір ән-әуенмен жырлау мағынасын білдіреді. Дала жырларының бәрі де қобызда сүйемелдеу арқылы орындалады. Жырдың мазмұны ертеде өткен батырлардың өмірі мен ерлік істері туралы болып келеді. Бір жәйт: батырдың өмірі мен ерліктеріне қатысты оқиғаның бәрі қара сөзбен баяндалады, ал жыр поэма қаһарманы мен басты кейіпкерлерді сөйлету қажеттігі туған кезде ғана қолданылады», - деп жазады. [1.196]
Шоқан Уәлихановтың бұл пікірінен жырдың жалпы сипаты мен оның ертеден келе жатқанын аңғаруға болады. Қазақ жырауларындағы терең мәнді, қоғамдық ойға өзек болған пікірлердің тууы мен шығу себептері мен қалыптасуы қазақ әдебиетіндегі философиялық лирикаға негіз болғанын тұжырымдаған.
Шоқан зерттеулері қазақ әдебиетін таныту жолындағы алғашқы қадам болды. Кеңес ддәуірі тұсында қазақ әдебиеті тарихында хандық дәуір әдебиетінен бастау алған жыраулық поэзияның тақырыптық – идеялық, жанрлық, әлеуметтік сипатын әдебиет зерттеуші ғалымдар: С.Сейфуллин, С.Мұқанов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Х.Сүйіншалиев, М.Мағауин, Ж.Тілеков, Р.Бердібай, Н.Келімбетов, А.Байтұрсынов, Б.Абылқасымов, Б.Кенжебаев т.с.с. ғалымдар зерттеп, сүбелі ойларын ортаға салып, ерекшеліктерін ашып берді.
Бұл ғалымдардың еңбектерінде тұтас бір кезеңнің әдеби мұралары, поэзияның көтерген мәселесі, әдеби даму, дәстүр мен жалғастық, ойшылдық дәстүр мен философиялық сарын және оның туу себептері қарастырылған.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстан – ұлы өркениеттердің мұрагерлері, тарихтың сан – салалық құз – қияларынан өзінің ұлттық «Мен» дегізерлік қасиеттерін алып шыға алды. Жай ғана алып шығып, жай ғана сақтай білген жоқ, сонымен бірге еселеп жаңғырта білді». Қазақы төл тумалықты сақтай білу – біліктіліктің жолы және ондай жолдың тарихи тұғыры биік, - [2.24 б] деуі хандық дәуір әдебиетінің қалыптасуы мен даму белестерінде жыраулардың да және олар туралы зерттеулердің де маңыздылығына тікелей байланысты деуге болады.
Кемеңгер ғалым М.Әуезов елдің намыс оятатын қуат көздері – жері, тілі, діні екенін айта келіп, жыраулар поэзиясын дәл танып: «Жырау демек, ақын деу емес. Жыраудың ақын атаулыдан, жыршыдан бөлек өз жанры бар. Бұның сөз үлгісі – толғау. Жыраудың мақсаты, міндеті «не болса сол көңіл ашар, «әлдене» дерлік сөзді айту емес. Ол заман сыны, мезгіл, дәуір болжалын, тарихи оқиғаның мазмұнын бағасын сөз қылады. Көбінесе жырау, әрі би болады», - деп бағалаған. [3.25 б]
М.Әуезов жыраулар заманының келелі мәселесіне үн қосып, болжам жасап, тарихтың бағасын береді. Осы жәйттар толғауларында көрініс тауып жатады, яғни, заман мәселесін күн тәртібіне қояды деп ой түйген.
Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет жыраулар поэзиясымен басталғаны мәлім. Десек те, әдеби жанры жағынан жыраулардың толғау арқылы маңызды қоғамдық әлеуметтік саяси – философиялық көзқарастары анық аңғарылып жатады.
Қазақ әдебиетіндегі толғау жанрын зерттеп, оның табиғаты мен ерекшелігіне алғашқы анықтама берген А.Байтұрсынов еді. Ол хандық дәуірі әдебиетінде негізінен жанр толғау екекнін айта келе: «Толғау - қысқасын айтқанда, іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құстың сайрауы, жанның тартатын күйі», - дейді. [4.4]
Ғалым толғау жанры айтушының көңіл – күйіне байланысты әр түрлі сәтте туатынын айтып, бірнеше түрге бөліп қарастырады:
Сап толғауы
марқайыс
намыс – таныс – адамды алға жетелейтін рухани тірек
сұқтаныс
айнамалдау [4.447]
Жыраулар толғауларында көтерген мәселе бойынша шешім бірнешеу болуы мүмкін. Мысалы, сап толғауында ерлік, елдік, батырлық т.б.
Марқайыс – бір нәрсеге риза болу, марқаю, намыс толғауында – намыс үшін күресу, сұқтаныс – таңдану т.с.с. айтылатын ой ұшан теңіз. Жырау мұраларының барлығы толғау болып келетінін, бүкіл адамзаттың даналық ой – пікірі, толғамы, дүниетанымы көзқарасын жыраулар толғаулары арқылы жеткізгенін байқайсыз.
Қазақ әдебиетінің тарихы жайында алғаш пікір айтушылар академик Ә.Марғұлан мен Б.Кенжебаевтар болатын.Әдебиеттің тарихына байланысты тиянақты зерттеу жұмыстарын жазып, арнайы еңбектер жазған Х.Сүйіншәлиев кеңес дәуірінің 60- жылдарында «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» атты мақала, содан соң 1967 жылы монографиясын жариялады.
Зерттеуші ғалым Х.Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты зерттеу еңбегі оқу орындарының студенттеріне арналған оқулық ретінде ұсынылды.
Х.Сүйіншалиев: «XIV - XV ғасырда қалыптасқан қазақтың өзіндік төл әдебиетінің іргесі қаланып, әдеби тілі қалыптасады. Осы кезден бастап, әдебиет тарихында қазақ авторлары, жеке жыраулар мен ақындардың есімі белгілі болады» [5.232] деп өкілдерін ғылыми жүйеде саралайды.
1968 жылы М.Мағауиннің «XV – XVІІІ ғасырдағы қазақ ақын жыраулары» атты еңбегі жарық көрді. Аталған зерттеу еңбекте XV – XVІІІ ғасырда жасаған ақын жыраулар шығармашылығы жан – жақты қарастырылған. Ол: «Қазақ халқының құралуында шешуші маңызды болған оқиға еді. Қазақ халқының құралу дәуірі халқымыздың санасында, сонымен бірге әдбиетімізде үлкен із қалдырғанын білеміз», - деген [6.15] пікірі XV ғасырдағы қазақ хандығының құрылуы болған деп, ғылыми түйін жасайды. Демек, ғалым жыраулар шығармашылығы әлеуметтік – тарихи дамудан алшақ емес екенін ашып көрсеткен. Хандық дәуір әдебиетіндегі мәнді толғауларды тарихи оқиғалармен байланыстырып, сүбелі ойларын ортаға салып, оның мәні мен маңызын жүйелеп берген.
Белгілі ғалым Р.Бердібай: «Жыраудың философ ойшылдығы мен ғибратшылдығы дүние сырын кеңінен шолып, терең салыстырулар жасайтындығы толғаулардан айрықша көрініс береді. Мұндай жырау жеке адамдағы немесе топтарға қарап емес, биік мінбеден бүкіл халыққа арнап сөйлегендей болады», - дейді. [7.320]
Ғалымның осы пікірі жыраудың бүкіл табиғатын ашып тұрғандай. Демек, жыраулар толғаулары арқылы дүние сырына шолып, әр заманның тарихи оқиғаларына үн қосқан. Мысалы: Жәнібек ханның адами қасиеттерін халық жоғары бағалап, есіміне «әз» - араб тілінде ғазиз, ардақты, қадірлі деген мағынан білдіретінін сөзді қосып айтқан. Оның бейнесі Асан қайғы толғауларында жырланған. Жәнібек хан басқарған тұста Асан қайғы қарт болса да Жәнібек құрған мемлекеттің мұңын мұңдап, халық пен хан арасын байланыстырған. Оның «Жәнібекке айтқан» немесе «Ай, хан, мен айтпасам білмейсің» атты толғауында:
Аққу құстың төресі,
Ел жағалап көлді жүреді.
Аңдып жүрген көп дұшпан
Елге жау боп келеді, - деп Жәнібек ханға торыған көп жау бар екенін ескертіп, сақтандырады. Ұсынысын қабылдамаған ханға реніш білдіріп:
Ай, хан,
Мен айтпасам білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Шабылып жатқан халқың бар,
Аймағын көзден көрмейсің – дейді. Ел тізгінін ұстаған жыраулар, ел бірлігін сақтап, елді соңынан ерте білген. Бұл көлемді толғауында халық пен хан арасындағы қарым – қатынас, мемлекеттік, елдік мәселелер, хан басқарған елге жеке көзқарасы болған. Бұл жерден жырау тек ханға сөз арнаушы ғана емес, қоғам қайраткері ретінде де көрінген.
Әдебиет зерттеуші ғалым Е.Ысмайлов: «Жыраулар өмірдің ұсақ мәселесіне аз араласып, көбінесе заман – дәуір өткен мен келешек, адамгершілік, жақсылық пен жамандық жайында ойлар, болжаулар, қағидалы сөздер айтып отырған», - дейді. [8.42] Жыраулардың қоғамдағы рөлін аса жоғары бағалай келіп, Ә.Марғұлан:»Жырау ру басы ақсақал, халықтың көкейкесті арманының мұңшысы, жыршысы ретінде өте қажетті тұстарда ғана жыр тудырған», - деп ой түйеді. [9.73]
Ш.Уәлихановтың пікіріне сүйене отырып, Ә.Марғұлан XVІ – XV ғасырда өмір сүрген Сыпыра жырау, Тоқтамыс хан тұсында өмір сүрген десе, Б.Кенжебаев та Сыпыра тарихта болған, бірнеше хандардың тұсында өмір сүрген, деп жазады.
Асан қайғының «Жәнібек ханға айтқаны», Қазтуғанның «Мадақ жыры», Шалкиіздің «Би Темірге», Жиембеттің «Еңсегей бойлы ер Есім» т.б. жыраулардың негізгі міндеті ханды дәріптеу емес, хан мен халықтың арасында елшілік байланысын жасап, елге басшылық әділ жүрсін деп, бас алқа айту болатын. Сондықтан хандық дәуірінің жыраулары елдің ақылшысы, кемеңгері, заманның сыншысы, келешекті болжаған қырағысы болған.
Жиембет жырау:
Мен жоқ болсам Есім хан,
Ит түрткіні көресің,
Жиембет қайда дегенде,
Не деп жауап бересің?
Асан қайғы:
Хош аман бол, Жәнібек.
Енді мен көрмейсің.
Екі жырау да хан алдында бас имей, халықтың кеңдігін таныту мақсатында асқақтата сөйлеп, өткен мен бүгінді саралап, келешекті болжап қорытып отырған.
Қазақ хандық дәуірі әдебиетін зерттеуші ғалымдар зерттеулерінде жыраулар поэзиясының қоғамдық – әлеуметтік мәніне талдау мен көркемдік эстетикалық талап біте қайнасып жатады. Бұл ретте хандық дәуір әдебиетін зерттеушілердің поэзиялық тұрақтылық, мәселе нақтылығы, ой – пікір қанықтығы, тұжырым дәйектілігін танытады.
Ғалымдардардың әр жылдарда жазған зерттеу еңбектерінде XV ғасырда құрылған хандық мемлекет қазақтың ұлттық әдебиетінің қалыптасуына негіз болған деп тұжырымдаған.
Бүгінгі таңда ұлтымыздың рухани қазынасына айналыа отырған хандық дәуірдегі әдебиетті білу, тереңінен бойлап зерделеу басты назарда болатын кезек күттірмейтін іс деп білеміз.
550 жылдың тарихы бар хандық дәуір қазақ ұлтының қалыптасу, даму тарихын айқындап, әдеби даму өрлеуді ұрпақ игілігіне айналдыруда маңызды мәселе екені сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |