№6 Практикалық жұмыс Алаш зиялыларының ғылыми ой – пікірлері, аудармаларының көркемдік жүйесі Алаш зиялыларының еңбектері, соның ішінде аудармалары қазақ әдебиетінен ерекше орынға ие. ХХ ғ. бас кезінде аудармада, әсіресе орыстың классикалық әдебиеті үлгілерін қазақ тіліне аудару ісінде едәуір тәжірибе жинақталған еді. Сонау Абай мен Ыбырай тәжірибелерінен басталған бұл игі дәстүр Ақылбай мен Мағауия Құнанбаевтар, Шәкәрім Құдайбердиев, М.Сералин, Б.Өтетілеуов, Ғ.Қарашев аудармаларының, газет-журналдардағы тәржімалармен толыға түскен. Енді бір топ ақын-жазушылар – А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Дулатов Шығыс пен Батыс елдерінің әдебиеттер үлгілерін, орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға көп қызмет етті..
Алдымен, ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының аудармалары оқу-ағарту ісін алға жылжуына мол үлесін тигізген тәлім-тәрбиемен ұйыған асыл мұра. А.Байтұрсынов алғаш рет аударма жинақ бастыру ісін бастаушы болды. Ахметтің ақын ретінде ең әуелі аударма арқылы танылды. Ол орыстың классикалық жазушысы И.А.Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен Санк-Петербург 1909 жылы императорлық ғылыми академиясының баспаханасында жеке кітап етіп шығарды. Бұл И.А.Крылов шығармаларының қазақ тілінде, тіпті Орта Азияда десе де артық емес, тұңғыш жеке кітап болып бастырылуы еді.
А.Байтұрсынов «Қырық мысал» жинағына жазған «Замандастарыма» деген кіріспесінде аударманың мән-мақсаты, дәуір дүбіріне ілесу ниеті, қиындық жағдайларда орындағаны туралы айта келіп, былай дейді:
Орыстың тәржіме еттім мысалдарын,
Әзірге қолдан келген осы барым
Қанағат азға деген, жоққа сабыр,
Қомсанып қоңырайма, құрбыларым!
Бабы жоқ жұмыстағы мен бір арық,
Күй қайда үздік шығар топты жарып.
Ат тұрмас аяғында желі болса,
Дүсірлеп шапса біреу қиқу салып.
Бар болса сондай жүйрік қоуар деймін,
Естілсе құлағында дүбір барып.
Әйтпесе арық шауып оңдырар ма,
Жүргенде қамыт басып, қажып-талып. [1.340]
«Қырық мысалды» Мұхтар Әуезов «қалың қазақ жұртының алғашқы естіген төңкеріс рухындағы сөзі» деп бағалаған еді.