Жағымсыз эмоциялардың дамуы біршама дәрежеде балалардың эмоционалды сферасының тұрақсыздығымен негізделген және фрустрациямен тығыз байланысты болады.
Фрустрация – бұл саналы ұғынылған мақсатқа жетудегі кедергілерге деген эмоционалды реакция. Фрустрация кедергінің жойылуына, оны айналып өтуіне, орнын алмастыратын мақсаты табылғанына байланысты алуан түрлі шешілуі мүмкін. Фрустрациялық жағдаятты шешудің әдеттегі тәсілдері оның барысында туындайтын эмоцияларды анықтайды. Ерте балалық шақта жиі қайталанатын фрустрация күйлері және оны жеңудің стереотипті формалары бір адамда енжарлықты, бейтараптылықты, бастаманың болмауын бекітеді, ал екінші адамдарда – агрессивтілікті, қызғанышты және ашушаңдықты туындатады. Сондықтан, осындай эффектілерді болдырмау үшін, баланы тәрбиелеуде тікелей қысым көрсету арқылы өзінің талаптарын орындауға мәжбүрлеуге болмайды. Талаптардың жедел орындалуын қадағалай отырып, ересек адамдар балаға өзінің алдына қойған мақсатына өз бетімен жетуге мүмкіндік бермейді және фрустрациялық жағдайларды құрады, бұл өз кезегінде балалардың қыңырлығы мен агрессивтілігін, бастамашылдықтың болмауын бекітуге ықпал етеді. Бұл жағдайда зейіннің тұрақсыздығында көрінетін балалардың жас ерекшеліктерін қолдану қажет болады. Мұнда баланың зейінін туындаған проблемалық жағдаяттан ауыстыру жеткілікті, бала бұл жағдайда өзінің алдына қойған міндеттері өз бетімен орындай алады.
Мектеп жасына дейінгі балалардағы жағымсыз эмоциялардың пайда болу мәселелерін зерттеу, агрессивтілік сияқты эмоционалды күйді қалыптастыруда баланы жазалау, әсіресе жазалау шамасы үлкен мәнге ие болатынын көрсетті. Үйінде қатаң жазаланатын балалар қуыршақпен ойын әрекеті барысында үйінде онша қатаң жазаланбайтын балалармен салыстырғанда үлкен агрессивтілікті көрсетті. Сонымен бірге, жазалаудың мүлдем болмауы балалардың мінезінің дамуына жағымсыз әсер етеді. Қуыршаққа агрессивті қатынас білдірген жазаланған балалар, ойыннан тыс кезде, мүлдем жазаланбайтын балалармен салыстырғанда, аса агрессивті болмады.
Мектеп жасына дейінгі балалардағы позитивті және негативті эмоциялардың қалыптасуымен бірге, оларда адамгершілік сезімдер бірте-бірте қалыптасады. Адамгершілік сананың нышандары ең алғаш рет балада ересектердің тарапынан берілетін қолдау, мақтау, сонымен бірге, ескертудің әсерімен пайда болады. Алайда, балалардың «не жақсы» және «не жаман» туралы балалардың алғашқы түсініктері, баланың және басқа адамдардың жеке қызығушылықтарымен тығыз байланысты болады. Белгілі бір әрекеттің қоғамдық пайдалылық принципі, оның моральды мәнін саналы ұғынуы баланың мінез-құлқын біршама кешірек анықтайды. Егер төрт-бес жастағы балаға келесі сұрақтарды: «Жолдастарыңмен неге төбелесуге болмайды?» немесе «Рұқсатсыз басқа адамның заттарын неге алуға болмайды?» деп қоятын болса, онда көп жағдайда балалардың жауаптары өздері және басқа адамдар үшін жағымсыз салдарды есепке алады. Мысалы: «Төбелесуге болмайды, себебі көзің көгеріп қалады» немесе «Бөгде адамның затын алуға болмайды, әйтпесе милицияға апарады». Мектепке дейінгі жастың соңына қарай басқа мәндегі жауаптар пайда болады: «Жолдастарыңмен төбелесуге болмайды, себебі оларды ренжіту ұят болады», яғни балаларда мінез-құлықтың моральды принциптерін саналы ұғыну бірте-бірте пайда бола бастайды.
Адамның эмоциялары мен сезімдерін тәрбиелеу ерте балалық шақтан басталады. Жағымды эмоциялар мен сезімдерді қалыптастырудың маңызды шарты ретінде, ересектер тарапынан жасалатын қамқорлық алынады. Махаббат пен қамқорлық жетіспейтін бала салқынқанды және қайырымсыз болып өседі. Эмоционалды жауапкершілікті туындату үшін, бас адам үшін жауапты болуы, кіші інілері мен қарындастарына қамқорлық жасау, ондай болмаса, үй жануарларына қамқор болу маңызды болып саналады. Баланың біреуге қамқор болып, біреу үшін жауапты болуы қажет.
Мектеп жасына дейінгі баланың эмоциялары мен сезімдерін қалыптастырудың тағы бір шарты ретінде, олардың сезімдерінің тек субъективті толғаныстардың шекарасымен шектелмеуі, олардың нақты әрекеттермен іс-әрекетте жүзеге асырылуы алынады. Мұндай болмаған жағдайда тек сөзбен баяндауға қабілетті, өзінің сезімдерін өмірде жүзеге асыра алмайтын сентиментальды адамдарды оңай тәрбиелеуге болады.