ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ
МИНИСТРЛІГІ
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
Университеті .Филология институты
Академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті
кафедрасы
Практикалық тапсырма
«Қазақ тілінен функционалды сауаттылықты қалыптастыру әдістемесі» пәні
6В017 - "Қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығы 2-курс,206-топ
Орындаған: Қуанышбаева Р.
Қабылдаған: Қоқанова Ж.
Алматы, 2023
Абай Құнанбаевтың бірінші қара сөзі Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын.
Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын! Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын. Балалар өздеріне керегінше өздері бағар. Енді қартайғанда қызығын өзің түгел көре алмайтұғын, ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беремін деп, қалған аз ғана өмірімді қор қылар жайым жоқ.
Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар?Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі – бір тез қартайтатұғын күйік.
Сопылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елге, осы жерде не қылған сопылық?
Балаларды бағу? Жоқ , баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харекетке қосайын? Балаларымның өзіне ілгері өмірінің, білімінің пайдасын тыныштықпенен керерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам? Оны да ермек қыла алмадым.
Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, егер кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.
1-тапсырма.Мәтінді түсініп оқып, мәтін құрылымын (кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды) анықта.
2-тапсырма. Мәтіннің негізгі идеясын анықтап, мәтін бойынша тезистік жоспар құрыңдар.
3-тапсырма. Мәтіндегі қарамен берілген сөйлемдерге синтаксистік талдау жасап, сөйлемнің қай түріне жататынын анықтаңдар.
4-тапсырма. Алыстық, қоршылық, тыныштықпенен, тілемсектер сөздеріне морфологиялық талдау жасаңдар. 5-тапсырма. Қара сөзде көтерілген мәселелерге өз көзқарасыңды аргументті эссе түрінде жаз.