Тiл бiлiмi негiзi алғашқы қазығы есебiнде тiлдiк элементтер мен единицаларды зерттеуден бастайды. Себебi ең бiрiншi тiлдiң құрылымдық бөлшектерiн және олардың ерекшелiктерi мен қағидаларын нақтылы зерттеп бiлмейiнше, ғылымды танып бiлу мүмкiншiлiгi жоқ. Бұл – тiл- тiлдiң қайсысына болмасын қатысты ортақ заңдылық. Бiздiң қарастыратын мәселемiз осы тiлдiк бiрлiк, яғни 5-8 ғасыр аралығындағы руникалық жазбаларда жалғаулық шылау сөздерiнiң бар – жоғына қатысты болып отыр. Көне түркi тiлдерiнде жалғаулықтардың бар – жоғын анықтау үшiн оның ең бiрiншi ғылыми – теориялық негiзiн бiлуiмiз шарт. Келесi бiр шарты – оны дәлелдейтiн деректер, тiлдiк материалдар болу керек. Осы екi негiзде Орхон – Енисей және Талас жазбаларындағы шылау сөздердiң мағыналық түрлерiнiң бiрi жалғаулықтар туралы сөз болмақ. Жалғаулықтар – сөз бен сөздi, сөйлем мен сөйлемдi байланыстыратын, бiр сөздiң аясында қалмай екi сөзге, екi сөйлемге бiрдей мағына қосатын шылау сөздер. Тiл ғылымында олар аналитикалық форманттар есебiнде қарастырылады. Жалпы олардың да қалыптасуы өзге грамматикаланған сөздердей грамматикалық жағынан дерексiзденуi, лексикалық дербес ұғымнан жалпы категориялық дәрежеге жетуi өте баяу және бiрте – бiрте даму жолымен болатындығы анық.Тiл бiлiмiнде бұндай номинациялық процестердiң болуын түбегейлi шешiп беру оңайға соқпайды. Ғылым үшiн тiлдiң табиғаты - өте күрделi құбылыс. Тiлдiң табиғи құбылысы тұрақты болғанмен, грамматикалық құрылысы тұрақсыз үнемi даму үстiнде болады. Сондықтан да тiл ғылымында әр түрлi көзқарастардың туындауының өзi – заңды нәрсе.