7-8 дәріс. Қазақ мемлекетінің құрылуы. Қазақ хандығының негізін салушылар Ақ Орда билеушісі Ұрұс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек еді. Қазақстан рулары мен тайпаларының едәуір бөлігі сонау XV ғ



Дата26.11.2023
өлшемі36,96 Kb.
#128401
Байланысты:
Документ Microsoft Word


7-8 дәріс. Қазақ мемлекетінің құрылуы. Қазақ хандығының негізін салушылар Ақ Орда билеушісі Ұрұс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек еді. Қазақстан рулары мен тайпаларының едәуір бөлігі сонау XV ғ. 40-50-жылдарының өзінде Қазақстанның оңтүстігіндегі жерлерде - Қаратау баурайларында, Сырдарияның төменгі ағысында, Түркістанның солтүстік бөлігінде Керей мен Жәнібектің төңірегіне топтасқан еді. Әбілқайыр хан өз билігін нығайту жолындағы күреспен, көптеген Жошы ұрпақтарының және рулар мен тайпалардың бағынбаған басшыларының қарсыласын басумен әлек болып жүргенде, Ақ Орда хандарының мұрагерлері бұл аумақта тұрақты билігін қамтамасыз етіп алды. Тарихи әдебиетте Ұрұс хан, ал сол арқылы Барақ хан және Жәнібек пен Керей де Орда Еженнің (Жошының үлкен ұлы деп айтылады) ұрпақтары деп саналатын болған, дегенмен бұл туралы деректемелерде нақты мәліметтер жоқ Авторы белгісіз "Таварих-и гузида-йи нусрат наме" мен Махмуд бен Әмір Уәлидің "Бахр-әл асрар фи манакиб әл-ахийары" қазақ хандарының генеалогиясын Жошының 13-ұлы Тоқа-Темірге апарып тірейді: Жошы-ТоқаТемір - Үз-Темір – Қожа - Бәдік - Ұрұс хан - Қаруджақ (Құйыршық) – Барақ - Жәнібек хан, оны Бу Са"ид деп атаған. Қадырғали Жалаири де Ұрұс ханды Жошының 13-ұлы Тоқа Темірдің ұрпағы деп атайды ("Жамиғ-ат тауарих"). Ұрус хан мен оның ұрпақтарының Жошы тармағындағы Тоқа-Темірден тарайтындығының немесе олардың тегі Орда-Еженмен байланысты болуының принципті маңызы жоқ. Олардың екеуі де дәстүр бойынша Ақ Орданың дәрежесі тең билеушілері деп саналған. Тоқа Темірдің ұрпақтары XIII ғасырдың өзінде-ақ Орда-Ежен ұлысына жатады деп саналған. Бірақ ХІҮ-ХV ғасырлар шебінде Алтын Орданың ыңырауы кезеңінде олардың көбі оның Сарайдағы тағына үміткер болды. "Таварих-и ғузида-йи нұсрат намеде" берілген шежіреге сәйкес, Қазақ хандығының негізін қалаушылар Жәнібек пен Керей немере ағайын болған, яғни өте жақын туыс болмаған. Керей ханның шежіресі: Ұрұс хан – Тоқтақия – Полад - Керей хан. Жәнібек ханның шежіресі: Ұрұс хан – Кұйыршық – Барақ хан - Жәнібек хан. Осы қосарласып билік еткен қазақ хандарының XV ғасырдың 60-70-жылдарындағы іс-қимылдары туралы баяндайтын деректемелерде екі ханның қайсысы басты хан болғаны дәл түсіндірілмейді, олардың есімдері қатар жазылады және бірақ қатаң ретпен жазылмайды. Жәнібек хан өз әкесі Барақ ханның тура мұрагері және мирасқоры болатын, оның атасы Құйыршық та хан болған. Керей ханның Жәнібектен жасы үлкен болған және ол Ұрұс ханның үлкен ұлы және мирасқоры Тоқтақияның немересі еді, ал Жәнібек Ұрұс ханның төртінші ұлы Құйыршықтың немересі болатын. Демек Жәнібек сұлтан сияқты хан атағына Керей сұлтан да үміт ете алатын. 50-жылдардың аяғында Әбілқайыр қалмақтардан (ойраттардан) жеңілгеннен кейін, ол ойрандалған ұлыстарда қатаң шаралар қолданып тәртіп орнатуға кіріскен кезде, Керей мен Жәнібекке бағынған көшпелі рулар мен тайпалардың жағдайы бұрынғыдан да қысымшылыққа ұшырады, Әбілғазы Шыңғыс ұрпақтарының арасында "ханның қысымына ұшырамаған не оның садағының оғы дарымаған бірде-бір адам қалмады" деп жазады. Әбілқайырдың көрші елдердің ішкі істеріне үнемі дерлік араласып отыруы, үздіксіз жүргізген соғыстары мен шапқыпшылықтары мемлекетті құлдырауға жеткізді. Осының бәрі өзбек және қазақ тайпаларының ара жігінің ажырауына және соңғыларының ұлыстың оңтүстік-шығыс аумағына көшіп кетуіне алып келді. Моғолстан ханының Жетісу халқын ойраттардың шапқыншылығынан корғай алмауы сияқты, Әбілқайырдың іс-әрекеттері де бүкіл аймақтың соғыстар мен талас-тартыстар күйзелткен халық бұқарасының бұрынғыдан да зор наразылығын туғызды. Халық өзінің ауыр жағдайы үшін орта ғасырлардағы көшпелі қоғамға тән қарсылық түрі - Шығыс Дешті Қыпшақта да, Жетісуда да билеушілерінің қол астынан көшіп кетумен жауап қайырды. 50-жылдардың аяғында осындай көшіп кетуді Жәнібек пен Керей басқарды. XV ғасырдың 50-жылдарының соңынан бастап, 70-жылдардың басына дейін Шығыс Дешті Қыпшақтан, Сырдария бойындағы алқаптар мен Қаратау бөктерлерінен Батыс Жетісуға екі мыңға дейінгі адам, негізінен қыпшақ рулары мен тайпалары көшіп кеткен. Тұрғын халықтың жаппай көшуін Жәнібек пен Керей бастады. 1458-1459 жылдары Әбілқайыр хандығынан тысқары, Моғолстанға, Батыс Жетісу жерлеріне ертіп кетті. Көшіп кету әсіресе 1468 ж. Әбілқайыр өлген соң, мемлекет ыдыраған кезде тым күшейіп кетеді. Жәнібек пен Керей хандар бастаған қазақтардың қалың бұқарасының Оңтүстік және Орталық Қазақстаннан Жетісуға, Шу, Талас алқабына қарай ойысуы тегін емес. Бұған Ақ Орданың Моғолстанмен, ең бастысы оның Жетісудың солтүстік бөлігінің иелерімен ертеден бергі достық қатынастары; Жәнібек пен Керейге қарасты өлкенің басым бөлігін мекендейтін тұрғындарының этникалық жақындығы; ең соңында, феодалдық-бытыраңқы Моғолстанның, оның билеушісінің Жетісудағы үкімет билігін өз қолында ұстап тұра алмайтын әлсіздігі себеп болды. Жәнібек хан мен Керей ханның көшіп келуін Моғолстан ханы Есен-Бұға құрметтпен және ықыласпен қарсы алған. Моғолстан ханы көшіп келген Қазақ басшыларының көмегімен өзінің ішкі және сыртқы дұшпандарын әлсіретіп алмақ болған. Ол уақытша болса да інісі Жүніс ханның бақталастық бәсекесін тойтара алды. Есен-Бұға хан қазақтарды ойраттарға тойтарыс беру үшін де нақты әскери күш ретінде пайдалануға тырысқан. Ал өз кезегінде Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр хандығы мен Моғолстанның толық құлдырау сәтін тиімді пайдаланып, өздерінің саяси дербестігін нығайтты. Шығыс Дешті Қыпшақта Ақ Орда хандары әулетінің билігін қалпына келтіру жолында Шайбани әулетіне қарсы күресе отырып, олар халық бұқарасының наразылығын пайдалана білді. Зерттеуші-тарихшылар Қазақ хандығы тарихын есептеу үшін қабылдаған бірнеше уақыттар немесе оқиғалар бар. Хандықтың құрылуы мен Шығыс Дешті Қыпшақта Қазақ хандары билігінің таралу уақытын Мырза Мұхамед Хайдар Дұғлаттың "Та'рих-и Рашидидегі" мағлұматтарына сүйеніп, В.В. Вильяминов-Зернов әлдеқашан-ақ хижраның 870 жылы, XV ғасырдың 60-жылдарының ортасы деп есептеуді ұсынған. Осы мағлұматты толық келтірейік. "Сол уақытта Дешті Қыпшақты Әбілқайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарды көп мазалады. Жәнібек хан мен Керей хан одан Моғолстанға қашып кетті. ЕсенБұға хан оларды шын ықыласымен қарсы алып, Моғолстанның батыс шебін құрайтын Шу және Қозыбасы округын берді. Олар бұл жақта жақсы жайғасып алған кезде, Әбілқайыр өлген соң, өзбек ұлысы бұзылып сала берді: онда үлкен-үлкен шатақтар басталды. Оның қол астындағылардың үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті, сөйтіп олардың төңірегіне жиналғандардың саны екі жүз мың адамға жетті. Олар енді өзбектер-қазақтар (өзбек-қазақ) деп аталатын болды. Қазақ сұлтандарының билігі сегіз жүз жетпісінші жылдан басталады, бәрін де бір Алла біледі." Осы уақыт хижраның 870 жылы - біздің жыл санауымыздың 1465-1466 жылдар бес томдық "Қазақ ССР-ның көне заманнан бүгінге дейінгі тарихында" Қазақ хандығының құрылған уақыты ретінде алынған. Бұл оқиға Жетісудың батыс беллігіндегі аумағымен байланысты деп көрсетілген. Қазақ тайпалары мен руларының бір бөлігі Шығыс Дешті Қыпшақтан ондаған жылдар бойы тап осында ауысып келген. Моғолстанның жоғарыда аталған ханы Есен-Бұға 1462 ж. өлгеннен кейін Жетісуда Қазақ билеушілеріне қарсы тура алатын нақты күш болған жоқ. Оның інісі Жүніс хан ол кезде Ташкентте жүрген. Осындай жағдайда бұл аумақта жаңа саяси құрылым - Қазақ хандығының дербес шығуы толық жүзеге асатын құбылыс еді. Оның пайда болуы және Қазақ басшыларынын дербес шығуы үшін 1468 жылғы Әбілқайыр өліміне байланысты Дештідегі оқиғалардың барысын күтудің қажеті жоқ болатын. XV ғасырдың 60-жылдарының аяғы мен 70- жылдарының басында және одан кейінгі жылдары Қазақ хандарының билігі Қазақ хандығының құрамына енгізілген басқа жерлері мен оны мекендеген халықтары, Түркістан және Шығыс Дешті Қыпшақтағы ұлан-ғайыр жазық далаларда бірте-бірте кең тарай бастады. "Та'рих-и Рашидиден" жоғарыда келтірілген үзіндіде Әбілқайыр өлгеннен кейін "оның кол астындағылардың үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті" делінген. Хандарға дейді. Олар бұл уақытта хан болған. Бұл сөздер Әбілқайырдың өлімінен (хижраның 874 жылы-1468/69 жылдар немесе тышқан жылы - 1468 жылдың күзі) бұрын іске асқан оқиғаны білдіреді. XVI ғасырлардың 40-жылдарында Жетісуда Қазақ хандығының құрылуы туралы еңбегін жазған Мұхамед Хайдар мағлұматы жалғыз және ең ертедегі дерек деуге болмайды. Шығыс Дешті Қыпшақ пен Түркістандағы өкімет билігі жолындағы күресте қазақ хандарының қарсыласы Әбілқайырдың немересі Мұхамед Шайбани ханның құзырымен жазылып, тікелей бақылауынан өткен Шайбани әулеті ортасының деректемелері деп аталатын топтама Қазақ хандығының алғашқы кезеңі тарихына байланысты жағдайларды бағалау үшін қажетті көптеген материалдар береді. XVI ғасырлардың басындағы бұл деректемелерде де (Камал ад-дин ӘлиБинаидың "Таварих-и гузида-йи нусрат-наме", "Шайбани-наме", Шадидің "Фатх-наме", Рузбихан Исфаханидің "Михман-наме-йи Бухара", Мас'уд бен Усман Кухистанидің " Та'рихи Абу-л-Хаир-хани" және басқалары) Жәнібек пен Керей хандар аталады. ХV-ХVІ ғасырлар деректемелеріндегі меліметтер "Та'рих-и Рашидиде" кслтірілген Қазақ хандығының Шығыс Дешті Қыпшақта емес, Батыс Жетісуда (Шу мен Талас алқаптарында) іргесі қаланғаны туралы мағлұматты тікелей немесе жанама түрде растайды. Зайн ад-дин Васифи (XVI ғ) "Бадаи ал-вакай" атты шығармасында тап осы аймақты "Қазақстан" деп атауы көңіл аудартады. Қазақ билеушілерінің алдында олар мемлекет болып бөлініп шыққан бойдан-ақ жаңадан пайда болған мемлекетті нығайту, мемлекет құрамына қазақтар мекендейтін аумақтарды қосып алу мақсатымен оның шекарасын кеңейту міндеттері, сондай-ақ хандықты көрші мемлекеттердің жер жөніндегі талаптарынан қорғау міндеттері тұрды. XV ғасырдың соңғы үштен бірінде қазақ хандарының Шайбани ұрпақтарымен және Моғолстан билеушілерімен өзара қатынастарын сол міндеттер анықтады. 60-жылдардың аяғы мен 70-жылдардың басында Әбілқайыр хан өлгеннен кейін Орталық және Оңтүстік Қазақстаннан қашып келген көшпелілер есебінен Жәнібек пен Керей едәуір күшейді. Жергілікті халық қолдаған Жәнібек хан мен Керей хан Шығыс Дешті Қыпшақ халқына билік ету үшін Жошыдан тарайтын көптеген сұлтандарға қарсы күреске шығуды кешіктірмеді. Олардың басты қарсыластары Әбілқайырдың мұрагерлері - оның ұлы Шаих-Хайдар хан және немерелері шайбандық сұлтандар - Мұхамед Шайбани мен Махмұд сұлтан болатын. Оларға қарсы күресте Қазақ билеушілері Жошыдан тарайтын Тоқа-Темірдің ұрпағы, Кіші-Мұхамед ханның ұлы Ахмет ханмен, Шайбани ұрпақтары Ибақ ханмен, Бұрыж оғланмен, Маңғыт әмірлерімен тізе коса отырып қимылдады. Бірнеше шайқас болып, Қамал ад-дин Әли Бинаидің айтуынша, "екі жақтан да көп адамдар қаза тапты". Шайқастардың бірінде Шайх-Хайдар ханды Үлкен орда ханы Ахметтің әскерімен келген Ибақ хан өлтірді. Мұхамед Шайбани інісімен бірге Қажы-Тарханның (Астраханның) билеушісі, Темір-Құтлық ханның (Тоқа-Темірдің) ұрпағы Қасым ханға барып паналады. Қаланы Ахмет хан, Ибақ хан және Ноғай ұлысының билеушісі Аббас бек қоршап алып, Мұхамед Шайбани інісімен бірге Түркістан уалаятына қашты, сөйтіп онда Темір ұрпактарының әкімі Мұхамед-Мазид тарханнан қолдау тауып, Әбілқайыр ханның бұрынғы әскербасылары арасынан өзін жақтаушыларды жинауға үміттенді. 1470 жылдың қысына қарай Қазақ әміршілері Түркістанда едәуір ілгері басты. Жәнібек ханның Үлкен ұлы Махмұд сұлтан Қаратау етегінде Созақты алды. Басқа бір ұлы Еренші сұлтан Сауранды иеленді, енді Керей ханның өзі Түркістанға жақындап келді. Қазақстанның оңтүстігінде қазақтардың іс- қимылының жандануы Мұхамед Шайбанидің Мауереннахрға Темір ұрпақтарының қол астына шұғыл түрде кетуге мәжбүр етті. Шайбанилік сұлтандарға Түркістаннан кетуге кеңес беріп, Мұхамед өз иеліктеріне қазақтардың шабуыл жасау қатерінің бетін бұрмақ болды. Екі жылдан кейін Темір ұрпақтарынан әскери көмек алған Мұхамед Шайбани Түркістанға келіп, бірқатар бекіністерді басып алды. Сырдарияның сол жағалауындағы Аркөкті, соған сүйене отырып Шығыс Дешті Қыпшақ шекарасына беттеп, Сығанақты басып алды. Сол кезге қарай Ноғай ұлысының басшысы Мұса мырза Түркістанға жақындап келіп, Мұхамед Шайбанимен одақтасуға ұмтылды. Бұған Бұрындық басқарған қазақ әскерлерінің Батыс Жетісудан Түркістан шекарасына асығыс келіп жетуі кедергі жасады. Әскербасыларының бірі қазақтың болашақтағы ханы Қасым сұлтан болатын. Осы оқиғалар туралы хабарлаған деректемелерде Бұрындық хан мен Мұхамед Шайбани арасындағы шайқас Қаратау тауының Соғұнлұқ асуында өтті. Шайқаста Жәнібек ханның ұлы, Созақ әміршісі Мұхамед Сұлтан қаза тапса да, Мұхамед Шайбани жеңіліске ұшыраған. Мұхамед Шайбани Түркістаннан Маңғыстауға кетуге мәжбүр болды. Бұрындық хан Сығанақты алды. Сонымен, Жәнібек пен Керей хандар, содан соң, соңғысының ұлы Бұрындық хан басқарған Қазақ хандығы XV ғасырдың 70-жылдарында Орталық Қазақстан даласында нақты саяси күшке айналды. 80-жылдарда және 90-жылдардың басында Мұхамед Шайбани тарапынан да, қазақтар тарапынан да жасалған соғыс қимылдары барынша табандылығымен және қаталдығымен ерекшеленді, олардың қатынастарына Темір ұрпақтарына қоса, моғол хандары да араласты. Қазақтар мен олардың одақтастарына қарсы толассыз жүргізілді деуге болатын үш жылдық күрестегі жеңістер Мұхамед Шайбаниді 1486 жылдары Түркістанды тастап шығып, Хорезмде соғыс сәттілігін іздестіруге мәжбур етті. 80-жылдардың аяғы - 90-жылдардың басында Ташкент пен Сауранда билік құрған моғол ханы Сұлтан Махмұдтың (онын әкесі Жүніс хан 1487 ж. Ташкентте өлген еді) қазақ хандары мен Шайбани ұрпақтарының Сыр бойындағы қалалар үшін күресіне араласып, бірде бір жағын, бірде екінші жағын қолдай отырып, өзінің Түркістандағы ықпалын кеңейтуге тырысуы сәтсіз болған жоқ. 1488 жылы ол Темір ұрпағының әкімі Мұхамед-Мазидті Отырардан қуып шықты. Сыр өңірінде қазақтарға қарсы өзге одақтас ету үшін Отырарға Мұхамед Шайбаниді шақырды. Моғол ханынан қолдау тауып және Отырарға сүйене отырып, Мұхамед Шайбани тағы да екі үлкен бекінісқала Сауран мен Ясыны (Түркістанды) басып алды. Қазақ хандары мен Мұхамед Шайбани арасындағы соғыс қимылдары XV ғасырдың соңғы онжылдықтарында толассыз жүріп жатты және ғасыр аяғына қарай уақытша бітіммен аяқталды. Бұрындық хан өзінің екі қызын шайбанилік сұлтандарға ұзатты. Шайбани ұрпақтары Отырар, Ясы (Түркістан), Аркөк, Үзкент қалаларында өз жағдайларын табанды күреспен нығайтып, олардан Темір ұрпақтарының әкімдерін ығыстырып шығарды. Ташкент пен Сайранда моғол ханы Сұлтан Махмұд отырды. Түркістан аумағының орталығы Сығанақта, Сауранда, Қаратаудың Созақпен қоса алғандағы жапсарлас ауданы және онын теріскейі мен күнгейіндегі, Сырдарияның төменгі ағысындағы басқа да қоныстар, Арал өңірі Қазақ хандарының қолында қалды. XV ғасырдың аяғына қарай қазақ хандарының мемлекеті едәуір нығайды, оның алғашқы шекарасы кеңейе түсті. Оның құрамына Жетісудан басқа Оңтүстік Қазақстанның жоғарыда аталған қалалары мен алқаптар, төңірегіндегі далалық аумақтармен бірге, Қаратау өңірі, Сырдарияның төменгі ағыстары мен Солтүстік Арал жағалауы, Орталық Қазақстанның үлкен бөлігі енді, Жетісудағы иеліктері де кеңейді. Шайбани әулетіне қарсы ұзаққа созылған күресте олардың үкіметіне қайта қалпына келуіне кедергі жасады. Мұхамед Шайбани 1500 ж. қол астындағы көшпелі өзбектердің бір бөлігін ертіп, Мауереннахрға кетті де, Түркістанның Оңтүстік бөлігінде өзі басып алған қалалардың көмегіне сүйеніп, басқыншылық мақсатпен Темір әулеті мемлекетіне ұмтылды. XV ғасырдың екінші жартысында Моғолстанда қалыптасқан ішкі жағдай, сондай-ақ аймақтағы әскери-саяси оқиғалар моғол хандарының Оңтүстік-Шығыс Қазақстандағы ықпалының біртіндеп әлсіреуіне, ал сонан соң, XVI ғасырдың басында толық жойылуына және бұл өлкенің қазақ тайпаларының олардың билігінен шығуына негіз жасады. Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның қазақтары біртіндеп Моғолстан хандарының билігінен шығып, басқа аудандардың қазақтарымен бір мемлекетке - Қазақ хандығына бірікті. Оңтүстік-Шығыс Қазақстан халқының кейіннен бір әулет хандарының (Моғолстандағы Шағатай ұрпактарының) билігінен шығып, басқа әулет хандарының (Жошы ұрпақтарының - Ақ Орда хандары ұрпақтарының) билігіне көшуі неліктен көп шиеленіс туғызбағанын этникалық тегінің, тарихи тағдырларының ортақтығымен, достық қатынастарының дәстүрлігімен түсіндіруге болады. XVI және XVII ғасырлар қазақ халқының тарихында айырықша орын алады. Осы ғасырларда қазақ хандары бұрын әр мемлекеттің құрамында болып келген қазақ руларын біріктіре отырып, бүгінгі теуелсіз Қазақстан Республикасының территориясын қалыптастырды және қорғады. Бұрындық хан басқарған жылдары (1480-1511) стратегиялық және экономикалық маңызы бар, Сыр бойындағы Сауран, Сығанақ, Созақ, Түркістан қалалары үшін Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани басқарған өзбектер мен қазақтар арасында 30 жылға жуық күрес жүрді. Қазақтардан ығысқан Мұхаммед Шайбани 1500 жылы Мауереннахр жеріне басып кіріп, ондағы билікті Әмір Темір әулетінен тартып алады. Аз уақыттың ішінде күшейіп алғаннан кейін ол Сыр бойындағы қалаларды басып алу үшін бірнеше жорықтар жасады. 1510 жылы Көк Кесене шайқасында Қасым сұлтан басқарған қазақтар Мұхаммед Шайбани әскеріне қарсы ұрыста ірі жеңіске жетіп Сыр бойындағы қалаларға берік орнықты. XVI ғасырдың басында Моғолстан ханы Жүністің ұрпақтары арасындағы үкімет билігі не таласқан алауыздықтың салдарынан Моғолстан мемлекеті ыдырады. Моғолстанның орталық өңірі - Жетісу жерінің көбі және оны мекендеген қазақ тайпалары Қазақ хандығына қосылды. Қасым хан басқарқан жылдары (1511-1518) қазақ халқының саны 1 миллионға жетіп, қуатты мемлекетке айналды. Қазақ халқы дербес халық ретінде Батыс Еуропаға әйгілі болды. Қасым хан Мәскеу князі III Василиймен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Әмір Темірдің ұрпағы, Үндістандағы Ұлы Моғол империясының негізін салған ұлы жазушы Бабыр өзінің атақты "Бабырнама" кітабында: "Қазақ халқының бұрынғы-соңғы хан-сұлтандарының ішінде Қасым хандай құдіретті әмірші болған емес. Оның үш жүз мың әскері бар еді" деп жазған. Сонымен бірге тарихшы Мұхамед Хайдар Дұғлат "Тарихи Рашиди" деген еңбегінде: "Шыңғыстың ұлы Жошы ханнан соңғы жерде бұл жұртта Қасымнан асқан кұдіретті хан болған жоқ" деп жазды. Қасым хан алғашқы қазақ заңы "Қасқа жолды" жарыққа шығарды. Бұл заң қазақтар арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде жасалды. Бұл заңның сол кездегі мұсылман елдердегі жаппай қолданылып, жүрген ислам дінінің заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді етіп жасалды. Халық арасында бұл заң "Қасым ханның қасқа жолы" деп аталды. Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының территориясы қазіргі территориямыздың негізгі аймақтарын біріктірді. Хандықтың шекарасы батыста Жайыққа, Оңтүстік-батыста Сырдың оң жағалауы, Аралдан Маңғыстауға дейінгі жерлерді алып жатты, солтүстікте Ұлытауға дейігі жерлер, оңтүстік-шығыста Жетісудың көп бөлігі қарады. Қасым ханнан кейінгі Қазақ хандығын басқарған Мамаш (1518-1523), Тахир (1523-1533), Буйдаш (1533-151557), Тоғым (1533/34-1537/38) хандардың кезінде өзара ішкі таластың салдарынан біршама әлсіреп, өзбектермен және моғолдармен күресте, Қасым ханның кезінде ие болған жерлердің біразынан айырылып қалды. Қазақ хандығы Қасым ханның баласы Хақназар ханның басқарған жылдары бұрынғы күш-қуатына ие болды. Хақназар Қазақ хандығын 42 жыл (1538-1580) биледі. Ол дарынды қолбасшы, қажырлы қайраткер, сонымен бірге сыртқы саясатта дипломат екенін керсетті. Хақназар хан басқарған жылдары Қазақ хандығының батыстағы шекарасында ірі өзгерістер болды. Бұл кезде батыста күшейе түскен орыс мемлекеті шығысқа қарай жылжып 1552 жылы Қазақ хандығын, 1556 жылы Астрахан хандығын басып алды. Осы жағдайға байланысты, Еділ мен Жайық арасындағы ұлан-байтақ территорияны мекендеген Ноғай Ордасы ыдырай бастады. Ноғай ордасындағы қазақ тайпалары Қазақ хандығына келіп қосылды. Ноғай ордасының әлсірегенін пайдаланып Хақназар Ноғай ордасының көп бөлігін өзіне қосып алды. Соған байланысты Хакназарды "қазақтар мен ноғайлардың ханы" деп атаған. Ноғай Ордасы 1569 жылы өзінің мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатты. Сонымен бірге Хақназар Моғолстан мемлекетінің Жетісуға жасаған бірнеше жорықтарына тойтарыс берді. Орта Азиядағы күшейіп келе жатқан Бұқар ханы II Абдаллахпен өзара көмектесу жөнінде шарт жасасты. XVI ғ. 60-70 жылдары соғыс қимылдары тоқтап, бейбітшілік орнады. Қазақтардың Орта Азия халқымен сауда-саттық қарым-қатынасы, экономикалық байланысы одан әрі өрістеді. Хақназар II Абдаллахпен бірлесіп, Ташкент билеушісі Баба Сұлтанға қарсы күресті, сөйтіп, бұрын өзбектер басып алған Түркістан аймағындағы бірнеше қалаларды қайтарып алды. 1580-1582 жж. Шығай ханнан кейін Қазақ хандығын басқарған Тәуекел ханның тұсында (1582-1598) Қазақ хандығының территориясы одан әрі кеңейе түсті. Теуекел ханның тұсында қалмақтардыц біраз бөліп қазақтарға қарады. Соған байланысты Тәуекелді "Қазақ пен қалмақтың ханы" деп атады. Қазақ хандығы күшейіп алғаннан кейін 1598 жылы Тәуекелдің басшылығына Орта Азияға басып кіріп, Ташкент, Әндіжан, Самарқант қалаларын басып алды. ХҮІІ ғ. және ХҮІІ ғғ. басындағы Қазақ хандығы. Тәуекел хан 1598 жылы Бұқара қаласын коршауда жараланып, Ташкент қаласында қаза болды. Оның орнына болған Есім хан өзбектермен бітім шартын жасасты. Бұл шарт бойынша Ташкент қаласы өзінің аймағымен қоса Қазақ хандығына қарады. Қазақтар 1798 жылға дейін Ташкент қаласында билік жүргізді. Тәуекелден кейін Қазақ хандығының тағына отырған Есім хан (1598- 1628) бүкіл саналы өмірін ат үстінде өткізген, Қазақ хандығының шекарасын кеңейту, қорғау жолында халқына өлшеусіз қызмет етті. Халық оны "Еңсегей бойлы ер Есім" деп атады. Есім ханның кезінде Бұқар ханы Иманқұл, Ташкент, Түркістан аймағын қайтару үшін 1612-1620 жылдары қазақтарға бірнеше рет соғыс ашты. Бұл соғыстарда қазақтар өз жерлерін қорғап қалды. Сонымен бірге Есім ханның кезінде қазақ жеріне ойрат тайпалары да бірнеше рет шапқыншылық жасады. Бұл шапқыншылықтарға қазақтар тойтарыс беріп отырды. Есім ханнан кейін қазақ хандығының тағына оның баласы Жәңгір отырды. 1635 жылы Батыр Қонтайшы бытырап жүрген ойрат тайпаларын біріктіріп, Моңғолияның батыс аймағында Жоңғар мемлекетін құрды. Бұрынғы бытырап жүрген ойрат тайпалары біріккеннен кейін Қазақ хандығына үлкен қауіп туғызды. Осы кезден бастап жоңғарлардың Қазақ жеріне ірі шапқыншылықтары басталды. Жәңгір хан басқарған жылдары қазақтар мен жоңғарлардың арасында үш ірі соғыс болған. Біріншісі 1635 ж., екіншісі 1643 ж., үшіншісі 1652 жылы. 1643 жылғы ұрыста қазақтар екі таудын арасына ор қазып, жоңғарларға қарсы соғысты. Осы соғыста Жәңгір хан 6 мыңдай әскерімен 50 мың жоңғарларға тойтарыс берді. Осы ұрыста Жоңғар ханға Самарқан билеушісі Жалаңтөс Бахадүр 20 мың әскерімен көмекке келген. Жәңгір хан 1652 жылы кезекті қазақ-жоңғар соғысында қаза табады. XVII ғасырдағы қазақ хандығының тарихында Тәуке хан (1680-1718) да айрықша орын алады. Тәуке хан тұсында Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласы болды. Тәуке хан Қасым хан мен Есім ханның тұсында жасалған қазақтың әдетғұрып, заң жораларын бірізге түсіріп, "Жеті Жарғы" зандар жинағын жасады. Үш жүздің басын біріктіріп, олардың көшіп-қону конысын белгіледі. Әр руға таңба үлестіріп, ұранын айқындады. Жыл сайын қазақ ру басыларын жинап Күлтебеде кеңес өткізді. Тәуке хан тұсында хан кеңесі, билер кеңесі сияқты органдар жұмыс істеді. Қазақ хандығына "Қасым ханның қасқа жолы", "Есім ханның ескі жолы", Тәуке ханның "Жеті Жарғысы" деп аталатын зандар болды. Қасым ханның кезіндегі заңдар жинағы бес бөлімнен тұрды: 1. мүлік заңы (мал, мүлік, жер дауын шешу ережелері); 2. қылмыс заңы (кісі өлтіру, ел шабу, мал тонау, ұрлық) 3. әскери заң (қосын кұру, аламан міндеті, тұлпар ат, қару жарақ); 4. елшілік жоралары (шешендік, халықаралық қатынастарда сыпайылық, әдептілік) 5. жұртшылық заңы (ас, той, мереке үстіндегі ережелер) Қасым ханның қасқа жолы бір ғасырдай қолданған соң, тиісті толықтырулар енгізіліп, Есім ханның тұсында "Есім ханның ескі жолы" деп аталған. Тәуке хан тұсында "қасқа жолдың" бұрынғы бес тарауына тағы да екі тарау қосылып, "Жеті Жарғы" деп аталды. Бұл жаңадан қосылған екі тарау: жер дауы туралы заң мен құн дауы туралы заң еді. 1718 жылы Тәуке хан дүние салды да, Қазақ елі үшке бөлініп кетті. Бірбірімен алты бақан алауыз хандар бір қазақтың баласын үшке бөліп, берекебірлігін бұзды. Осындай қырқыс кезеңді Жоңғар ханы Сыбан Раптан қапы жіберген жоқ. Көрші мемлекеттерден қару-жарақ сатып алып 80 мың адамдық әскерімен Жетісу жеріне басып кірді. Болат, Сәмеке, Әбілқайыр хандардың қырсығынан береке-бірліктен, күш қуаттан айырылып қалған қазақтарды қатыгез жау қырғынға ұшыратты. 1724-1725 жылдары жоңғарлар Ташкент пен Түркістанды басып алып тонады. Осыған байланысты Ұлы жүзбен Орта жүздің көп бөлігі Самарқан мен Бұқараға барып бас сауғалаған. Кіші жүз Хиуаға қарай көшті. Ата-баба қонысынан, туған-туысқанынан, барлық байлық мал-жанынан айрылған бұл 1723 жылғы қасіретті қазақ халқы "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" деп атады. Кіші жүзде оны "Сауран айналған" дейді. Осы қазақ халқының басына төнген құдіретті жылдары 1 жарым миллиондай адам қырғынға ұшырады. Хандардың басы бірікпей алауыз болып жатқанда елін жаудан қорғау үшін Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Райымбек, Тайлақ, Саурық сияқты батырлар атқа қонды. Қазақтың ер жүрек жігіттері әр жерден жауға тұтқиылдан тиіп, кек қайтара бастады. Қазақ халқы жауға қарсы азаттық соғысына, Отан соғысына көтерілді. Үш жүздің билері, батырлары Шымкенттен 30 шақырым жердей Бадам станциясынан 5 шақырым жердегі Ордабасы аталып кеткен төбе басында күш біріктіріп, күреске шығуға тоқтамға келді. Бас қолбасшылыққа Кіші жүздің ханы Әбілқайыр сайланды, Үш жүздің біріккен күші 1728 жылы Бұланты өзенінің бойында Шұбартеңіз көлінің маңында жоңғарлар қолына соққы беріп, жеңіске жетті. Бұл жеңіс халықты рухтандырып, жауға қарсы жаңа күреске шығуға, туған жерді жоңғарлардан біржолата азат етуге бел байлатты. 1730 жылы көктемінде Балқаш көлінің төңірегінде Аңырақай деген жерде Үш жүздің қазақ әскері басқыншы жоңғарлар қолын тас-талқанын шығарып жеңді. Бірақ бұл жеңіс ұзаққа бармады. Аңырақай жеңісінен кейін-ақ өлген Болат ханның орнына бас хандыққа талас басталды. Үміткерлер үшеу еді. Біріншісі барлық қазақ әскеріне қолбасшылық жасаған және тамаша жеңістерге жеткен Кіші жүздің ханы Әбілқайыр, екіншісі - Болаттың інісі Сәмеке, үшіншісі- Болаттың жас ұлы Әбілмәмбет. Хан сайлаушылардың көпшілігі осы Әбілмәмбетке дауыс берген. Осыған ызаланған Әбілқайыр Орынборға қарай көшті. Енді ол бүкіл үш жүзге хан болу арманын Ресейге арқа сүйеу арқылы іске асырмақ болды. Қазақстанның ХІҮ ғасырмен ХҮІІІ ғ. бас кезіндегі мәдениеті. Хандар кезеңінде қазақ қоғамы бір-біріне қарама-қарсы негізгі әлеуметтік топтан – ақсүйектер мен қарсүйектерден тұрды, олардың экономикалық жағынан ғана емес, саяси және құқтық белгілері жағынан да айырмашылығы болды. Шыңғысханның әке жағынан тарайтын, хан болмаған ұрпақтарын білдіру үшін сұлтан терминімен қатар «төре» немесе «оғлан» термині қолданылған. Алайда «төре» деген сөз сұлтандарды ғана емес, неғұрлым көп адамдарды – жалпы алғанда көрнекті және атақты адамдарды да, қазы, билерді де білдіру үшін қолданған. Ұлыстарды басқару сұлтандарға ұлыс адамдарына әскери-саяси билік етуге де, іс жүзінде жайылымдарды, су көздерін және т.б. билеп-төстеуге де құқық беретін еді. Әрбір ұлыс сұлтаны ұлыс аумағының мұраға алатын құқығы бар жеке иеленуші емес, ең алдымен ұлысты басқару және ұлыс әскеріне қолбасшылық ететін құқығы бар билеушісі болды. «Сұлтанды немесе қожаны өлтірген адам, - делінген «Жеті Жарғы» қаулыларында, - өлтірілген адамның туыстарына жеті адамның құнын төлейді. Сұлтанға немесе қожаға тіл тигізіп ренжіткен 9 мал, ал қол тигізген 27 мал төлеумен жазаланады». Қоғамның басқа мүшелері алдындағы тағы бір артықшылығы – оларға дүре соғуға болмады және билер соттамады. Шыңғысханның ұрпақтарын сұлтан немесе ханның өзі соттайтын болды. Әңгімелескен кезде қарапайым адамдардың оларды атымен атауына болмайтын еді, есімінің орнына тақсыр (мырза) деген қолдануға тиіс болды. Сұлтанмен кездескен кезде кез-келген қарапайым адам атынан түсіп, онымен бір тізесін бүгіп тұрып сәлемдесуге тиіс болған. Сәлеміне жауап ретінде сұлтан оның иығына қолын салған. Сұлтанның үйі ақ киізбен жабылған. Ақсүйектердің барлық өкілдері тек қана ақ киіздің үстінде отырған. Сұлтандар (әскери міндеткерліктен басқа) ешқандайда міндеткерліктер атқармады. Қазақ ұлысы барлық сұлтандардың «Асқар» деп аталатын бір ғана ерекше ұраны болды, оны қарапайым халық – қарасүйектер қолдануына болмады. Шонжар ақсүйектер тобына қарама-қарсы хандықтың өзге халқы қарасүйек деп аталады. Қарасүйек адамдардың әр-түрлі категорияларын атау үшін бірнеше термин: қараша, қаракісі, құлқұтан, шаруа, бұқара терминдері қолданылды. Әлеуметтік қарасүйектер тобында рулар мен тайпалардың басшылары – билердің ғана ерекше құқықтары болды. Би деген сөз бұрынғы бек сөзінің кейіннен өзгерген түрі болып табылады және деректемелерде ХҮ ғасырдан ерте кездеспейді, ал түріктердің «бек» деген сөзі моңғолдардың «ноян» және арабтардың «әмір» деген сөздеріне сәйкес келеді. Көшпелі қазақтар қоғамында жеке басы еркін адамдардан басқа, бас бостандығы жоқ еркектер (құлдар) мен бас бостандығы жоқ әйелдер (күңдер) болған. ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы қазақ қоғамы игі жақсыларының тобына батырларды да жатқызуға болады. Түрік-моңғолдың «батыр», «баһадүр» сөзі бастапқыда шайқас алдында жауын жекпе-жекке шақыратын батыл, ержүрек адамды білдірген. Шыңғысхан кезінен бастап батыр – «феодалданған әскерикөшпелі шонжарлардың» өкілдеріне берілетін феодалдық иерархия атақтарының бірі, сондай-ақ шайқаста жеке басының көрсеткен ерлігі немесе соғыс қимылдарына шебер басшылық еткені үшін хан немесе сұлтандар аталатын құрметті атақ. Бұл сөз атақ ретінде адамның атына қосылып айтылған. «Ақсақал» - түрік сөзі. Деректемелердің мәліметтеріне қарағанда, саяси өмірде айтарлықтай рөл атқарған. Мәдениеті. Қазақ хандығының нығаюы, Қазақ хандығының экономикалық және мәдени өмірі Оңтүстік Қазақстанның тарихымен тығыз байланыста болды. Соңғы орта ғасырларда қала мәдениеті мен отырықшы– егіншілік мәдениет қазақтың этникалық аумағының нақ осы, бірден-бір ауданында сақталып қалды. Оңтүстік Қазақстан ХІҮ-ХҮІ ғасырдың жазба деректемелерінде Түркістан деп аталады. Бұл тарихи географиялық термин орта ғасырлар деректемелерінде Мауреннахр (Сырдария және Әмудария өзендерінің аралығы осылай аталған) мен Шығыс Дешті Қыпшақ (Қаратаудан Сырдарияның төменгі ағысы мен Аралдан солтүстікке қарай көсіліп жатқан далалық кеңістік) арасында жатқан Орта Сырдария алабына қатысты айтылады, яғни оңтүстік-шығысында – Сайрам қаласынан оңтүстікке таман (Шымкент маңайында), Шыршық және Бадам аңғарларының су айрығымен және солтүстік-шығысында – Қаратау жотасымен шектелетін Сырдарияның сол жағалауын бойлай жатқан кең өңірдің жері Түркістан деп атаған. ХҮ-ХҮІ ғасырлар шебінде, Қазақ хандығының нығаю дәуірінде ол айтқан «Түркістанның отыз бекінісінің» ең ірілері Сырдарияның оң жақ жағалауы мен оның салалары бойындағы Ясы (Түркістан), Отырар, Сайрам, Сауран, Иқан, оның сол жағалауындағы Аркөк, Үзгент, Аққорған, Қожан, Қаратаудың теріскей беткейіндегі Созақ, Құмкент қалалары болған. Сол кездің деректемелерінде қалалар мен қалашықтардың, бекіністер мен қыстақтардың жиырмадан астам атауы ауызға алынады (археологтар тапқан қала жұртының саны бұдан артық). Мәселен, Ясы қаласының төңірегіндегі Иқан, Қарнақ, Йунка, Қарашоқ, Сура қалалары мен қыстақтарын айтады. Отырар өңірінде Игілік қыстағы, Сайрамға жақын жерде Шымкент қалашығы, төменіректе Арыста-Халадж-Қараспан, Жақанкент (Иаканкент) болған. Қаратау беткейлерінде Қарақұрым қонысы мен Жылан-Қарауыл бекінісі болған. Қалаларда құрылыс ісі және соған байланысты қолөнер (кірпіш, шыны жасау) дамыды. Қала құрылысында тұрғын үйлер, мешіттер, медреселер, мазарлар, моншалар, дүкендер, жабық базарлар, керуен-сарайлар, кесенелер салынды. ХҮ ғасырдың екінші жартысы – ХҮІІ ғасырдағы халықаралық саудада Қазақстан даласы мен Түркістан қалалары арқылы Орта Азия мен Ресей сауда экономиканың дамуында маңызды факторға айналады. Ресей мен орта Азияның Қазақстан арқылы сауда және дипломатиялық қатынастары ХҮІІХҮІІІ ғасырларда жанданды. Халықаралық саудамен қатар Сырдария қалаларының көшпелі дүниемен дәстүрлі саудасы және жергілікті сауда жүргізіледі. Сырдария қалаларынан далаға астық, қала қолөнерінің өнімдері, мата апарылды. Қалалар төңіректегі егінші және көшпелі халықты қажетті товарлармен базар арқылы жабдықтап отырды. Қазақтардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болды. Қазақтар негізінен қой, жылқы және түйе өсірген; қазақтардың шаруашылығында мүйізді ірі қара болмашы орын алған, өйткені ол жыл бойы бағуға, әсіресе қыс кезінде қар астынан тебіндеп жайылуға нашар бейімделген. Деректемлердің кейбір хабарларынан қазақтардың егіншілікпен шұғылданғаны байқалады. Бірақ Қазақ хандығы аумағының түрлі аудандарында егіншіліктің дамуы мейлінше әркелкі болды, аудандардың басым көпшілігінде егін шаруашылығы төменгі дәрежеде болды, немесе болмады. Алайда, кейбір аудандарда егіншілік зор маңызға ие болды, бұл ең алдымен Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанға қатысты еді. Қазақтардың шаруашылығында әр түрлі қолөнер мен үй кәсіпшіліктері елеулі орын алды, олардың көпшілігі мал шаруашылығы өнімдерін өңдеумен байланысты еді. Қазақтар ежелден тері өңдеп, киіз басуды, оларды түрлі түске бояуды білген, олар теріге, металға және тағы басқа материалдарға батыру арқылы өрнектеуді, құрап жамау және кестелеп тігу тәсілін шебер меңгерген. Өз мемлекетінің құрылуы қазақ халқы рухани мәдениетінің одан әрі дамуында зор маңызы болды. Оның түрі тақырыбы мен мазмұны алуан түрлі болып, бұрынғы дәуірлердің мәдениетін қисынды жалғастырды. Оның құрамында аңыз хикаялар мен кейінгі фольклорлық туындылар, орта ғасырдағы қолжазба кітаби дүниелер мен қазақтың төл әдебиеті, тарихи шежірелік және құқық қатынастар мен шешендік өнері, музыкалық және халықтық-драмалық шығармашылық пен халықтық көңіл көтеретін ойындары түгел қамтылған. Дербес мемлекеттілік, оны қорғау мен нығайту қажеттілігі жағдайында бір мезгілде әрі көреген суырып салма ақын, әрі хандықтың бас идеологі, әрі хандардың серігі мен кеңесшісі, әрі тайпаның жауынгер басшысы ретінде көрінген жыраулардың рөлі едәуір арта түсті. ХҮІ-ХҮІІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясының аса ірі өкілдері – Шалкиіз (Шалгез) Тіленшіұлы (1465-1560), Доспамбет жырау (шамамен 1490-1523), Жиембет Жырау (ХҮІІ ғ.), Марғасқа жырау (ХҮІІ ғ.), Ақтамберді жырау (1675-1768), Тәтіқара ақын (ХҮІІІ ғ.), Үмбетей жырау (1693-1787). Қазақ хандығының мемлекеттік құрылысының өзіндік ерекшелігі, халық өмірінің ерекше жағдайлары мен өзіндік ерекшелігі бар қазақ қоғамы «билер сөзі», «билер айтысы», «билер дауы», «төрелік айту», «шешендік сөздер» деп аталатын көркемдік мәдениеттің бірегей түрін туғызды. ХҮІ-ХҮІІІ ғасырлардағы би-шешендер арасында мемлекеттік және қоғамдық қызметінің маңыздылығы жағынан, шешендік өнерінің күші мен поэтикалық шеберлігі жағынан Төле би Әлібекұлы (1663-1756), Қазыбек Келдібекұлы (1665-1765) және Әйтеке Байбекұлы (1687-1766) ерекше бөлек орын алады, олар Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Ресейде, Жоңғария мен Цин империясында танымал болған. Қазақ халқының рухани мәдениетінде жазбаша әдебиет те дамыды, ол негізінен алғанда сарай маңындағы ортада және көбінесе тарихи шығармалар түрінде қалыптасты. Тарихта сақталған шежірелік және наративтік деректемелер ретінде ғана емес, сонымен қатар соңғы орта ғасырдағы Орта Азия мен Қазақстанның түрік халықтары көркем әдебиетінің ескерткіштері ретінде де маңызы бар шығармалар аз емес. Олардың ішінен Захир ад-дин Бабырдың (1483-1530) «Бабыр наме», Камал ад-дин Бинаидың «Шайбани намесін», Мұхамед Хайдар Дұғлатидің (1499-1551) «Тарихи Рашидиін», Қожамқұл бек Балхидің «Тарих-и Қыпшағын», Қадырғали бектің (1555-1607) «Жами-ат-таварихын», Әбілғазы Баһадүрдің (1603-1664) «Түрік шежіресін» және басқаларын арнайы бөліп көрсетуге болады. Бұл авторлар тек оқиғаларды суреттеумен және билеушілер генеалогиясының тарихын баяндаумен ғана шектелмеген. Олар өз суреттемелеріне қоса көркем бейнелер жасап, ауыспалы мән беріп отырған, кейде шайқастардың немесе басқа оқиғалардың әдеби көріністерін беріп, өздерінің сөз саптауларын алуан түрлі айшықты топтармен әрлендіре түскен, хикаяларына өздерінің сирек кездесетін поэтикалық таланты мен кең көлемді эрудициясы бар екендігін дәлелдейтін өлең жолдарын енгізіп отырған. Қазақ халқының тұрғын-үй – материалдық мәдениеттің тамаша ескерткіші. Қазақтың киіз үйі ағаш сүйегі мен киізден тұрады. Ағаш сүйегі мынадай төрт бөліктен тұрады: 1) құрастырмалы-жиналмалы қабырғасы – қанат, олардан киіз үйдің қабырғалары (кереге) құралады; 2) күмбез сүйегі (уық); 3) дөңгелек төбесі (шаңырақ); 4) есік немесе сықырлауық. Ағаш сүйектің әрбір бөлігіне белгілі бір киіз жамылғы сәйкес келеді, оларды шебер қазақ әйелдері жасайды, олар: 1) керегелерге тұтылатын туырлық, олар бірнешеу; 2) үзік күмбезге жабылады, олар екеу; 3) түндік – шаңыраққа жабылатын шаршы киіз; 4) Киіз есік – киіз үйдің есік ойығын жауып тұратын ұзынша киіз. Қанаттың тор көзі ортасынан қиғаштап жіңішке қайыстармен (көк) біріктірілген шағын кереге ағаштарынан құралады, уықтар жиынтығы жеңіл де қатты, өңдеуге жақсы талдан жасалды. Дөңгелек шаңырақ қайыңнан иілген екі жарты шеңберден құрастырылады, ал есігі екі жаққа айқара ашылатын қос жақтаулы етіп қарағайдан жасалады. Керегелерінің санына қарай киіз үйлер: 6 қанатты, 7 қанатты, 8 қанатты және т.б. үйлер болып бөлінеді, яғни керегелерден құралатын қанаттары неғұрлым көп болса, киіз үй соғұрлым үлкен болады. Киіз үйдің сүйегі киізбен жабылып, арқанмен бекітілген. Қыста жылы болу үшін киіз үйді екі қабат киізбен қауып, керегеге әсем өрнектелген ши тұтылған. Еденге әдетте киіз, тері, кілемдер төселген. Көшпелінің киіз үйінің ортасында күз бен қыс айларындағы суықта үйді жылытып тұратын ошақ орналасқан. Егіншілік мәдениеті бар аудандарда отырықшы үйлер салынған. Киіз үй тәрізді дөңгелек жартылай жертөбелер немесе киіз үйге ұқсатып, жоспарланған жербетіне дөңгелетіп тұрғызылған құрылыстар, сондай-ақ жер бетіндегі тұрғын үйлер (бір, екі, үш бөлмелі) қолда бар табиғи материалдан: өзен аңғарларында шикі кірпіштен, тауларда тақта тастардан салынған. Қазақтың темір ұсталары негізгі еңбек құралдарын, балта, пышақ, қырықтық, шеге және басқаларын жасады. Темір ұсталары сонымен қатар басқа да шаруашылық-тұрмыс заттарын, қару жарақтар, найзалар менжебелердің темір ұштарын соққан. Қазақтардың негізгі қаруы қылыш пен садақ болатын. Жауынгерлік қарудың басқа түрлерінен айбалта, шоқпар, жалғыз сапты күзді, екі басты шоқпар, бір шоқ жылқы қылымен шашақталып, қарсыласын ерден жұлып алып үшін ілмек жасаған ұзын найза аталады

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет