38. «Өмір бойы білім беру» тұжырымдамасына сәйкес білім беруді цифрландырудың артықшылықтарын сипаттаңыз. Тұжырымдаманың мақсаттарына және өмір бойы оқытуды дамытудың негізгі міндеттеріне қол жеткізу мынадай негізгі үрдістерді іске асыру арқылы қамтамасыз етілетін болады.
Бірінші үрдіс формалды және формалды емес оқыту нәтижелерін тану тетіктерін қоса алғанда, үздіксіз білім беру жүйесін дамытуға бағытталған.
Еңбек нарығында мамандардың сұранысқа ие болуына қол жеткізу мақсатында даярлаудың білім беру бағдарламалары оқыту нәтижелеріне бағдарланатын болады және біліктіліктер берудің және сәйкестікті танудың кешенді жүйесін іске асыру үшін тиісті кәсіптік стандарттар болған жағдайда талаптарды ескеретін болады.
Бұл бұрынғы білім беру деңгейінің дағдылары мен құзыреттерін ескеруге, оқытудың ұқсас нәтижелері жетістіктерінің кейінгі деңгейлерде қайталануын жоққа шығаруға мүмкіндік береді.
Формалды емес білім берудің әртүрлі нысандары, оның ішінде жаппай ашық онлайн курстар арқылы алынған білімді, дағдыларды және құзыреттерді тану тетіктері дамиды.
Осы мақсатта ересек адамдарды өмір бойы оқыту моделі жасалатын болады, ол бұрыннан бар құзыреттерге жаңа кәсіби құзыреттерді қосуды көздейтін, сондай-ақ формалды емес білім беру арқылы дағдыларды меңгеруді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін кредиттік (жинақтаушы) оқыту жүйесінің тәжірибесіне негізделеді.
Модель ұлттық біліктілік шеңберінің деңгейлерімен үйлестіріледі және әртүрлі салаларда ересектердің функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған оқытудың білім беру траекторияларын еркін таңдауды көздейді.
Модель шеңберінде жаңа цифрлық шешімдерді пайдалану есебінен оқыту жетістіктерін тану және растау үшін кредиттік және кредиттік емес оқытудың жинақтау жүйесі және халыққа сертификаттау курстарын ыңғайлы қарқынмен өтуге мүмкіндік беретін «Stackable degree» (кеңейтілетін дәрежелер) енгізіледі.
Барлық деңгейлер мен сатыларда микробіліктілік алу және нано-оқыту нәтижелерін («Nanodegree»/«Нанодеңгей») есепке алу мүмкіндігі іске асырылады, бұл қысқа мерзімде қажетті кәсіби дағдыларды меңгеруге, оқытудың жеке траекториясын құруға және білімдегі, оның ішінде инклюзивті білім беру шеңберіндегі олқылықтарды жоюға мүмкіндік береді. Микробіліктілік және нано-оқыту Ұлттық біліктілік шеңберінің тиісті деңгейіне жетуге бағытталған.
Жоғары оқу орындары нақты сектор компанияларымен әріптестікте ұсынатын, ұлттық біліктілік жүйесінде, оның ішінде әлемдік практикада қабылданған, әсіресе, ІТ-секторда танылатын сертификаттау курстарының спектрі кеңейтілетін болады.
Үздіксіз білім беруді тігінен іске асыру кез келген білім деңгейі базасында кәсіби қызметтің кез келген кезеңінде біліктілікті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл қажет болған жағдайда білім беруді жалғастыруға ғана емес, сонымен қатар кадрларды қайта даярлау жүйесінің, оның ішінде формалды емес білім беру нысанындағы қызметтерді пайдалана отырып, оның бейінін өзгертуге мүмкіндік береді.
Корпоративтік университеттер мен кәсіпорындардың оқу-курстық комбинаттары сияқты индустриялық компаниялардың біліктілікті арттыру корпоративтік құрылымдары дамиды, олардың артықшылығы нысаналы топтың құзыреттілігін қалыптастырудағы жеделдік пен жоғары мобильділік болып табылады.
Нәтижесінде PIAAC көрсеткіші бойынша оқу және математикалық сауаттылық дағдыларын дамытудың екінші деңгейіне сәйкес келетін халықтың үлесі артады.
Екінші үрдіс сертификаттау жүйесін дамытуды және біліктілік пен дағдыларды тануды көздейді.
Тәжірибе, білім және көрсетілетін білім мен дағдылар негізінде біліктілік пен дағдыларды тану тәртібін регламенттейтін орнықты және транспарентті ұлттық модель қалыптастырылады.
Біліктілік пен дағдыларды танудың қолданылатын тәсілі реттелетін және реттелмейтін кәсіптер үшін әртүрлі болады. Мемлекеттің атынан салалық мемлекеттік органдар реттелетін кәсіптер бойынша сапа мен біліктілікке сәйкестіктің негізгі кепілі болады, ал реттелмейтін кәсіптер бойынша негізіне саланың жұмыс берушілері тарапынан сенім артылатын нарықтық тетік қолданылатын болады.
Сертификаттау орталықтарының жұмыс тәртібі, оның ішінде еңбек нарығының өзекті талаптарына сәйкестігі, біліктілік пен дағдыларды тану кезінде ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету регламенттелетін болады.
Кәсіптік стандарттарды, салалық біліктілік шеңберлерін және ұлттық біліктілік шеңберін қолдану ұлттық біліктілік жүйесінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін біліктілік пен дағдыларды растау тетіктерімен интеграцияланатын болады.
Нәтижесінде мамандардың біліктілік деңгейінің еңбек нарығындағы жұмыс берушілердің қазіргі заманғы талаптарына сәйкестігін анықтауға, қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жүйе құрылады.
Үшінші үрдіс халықты формалды емес біліммен қамтамасыз етуге бағытталған.
Елдің бәсекеге қабілеттілігін, жеке бәсекеге қабілеттілікті және еңбек нарығында сұранысқа ие болуды қамтамасыз ету мақсатында халықтың үздіксіз білім алу қажеттілігін түсінуін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіледі.
Осы мақсатта халықтың дағдылар мен құзыреттер алуы үшін, әсіресе, NEET жастар санаты үшін микробіліктілік пен нано-оқытудың артықшылықтары туралы хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған тәсілдер енгізілетін болады.
Халықтың, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтардың, оның ішінде жастардың, әйелдердің, мүгедектер мен қарт адамдардың формалды емес білім алуына ынтасын арттыруға бағытталған тетіктер әзірленеді.
Сондай-ақ оқуға және жұмысқа орналасуға мұқтаж адамдар санаттарының, әсіресе, жұмыссыздардың, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың және біліктілігі төмен жалдамалы қызметкерлердің дағдылары мен құзыреттерін арттыру бойынша шаралар қабылданады.
Өңірлерде формалды емес білім беретін ұйымдар, оның ішінде әлеуметтік жағынан осал санаттар, ауыл жастары және NEET жастар санаттары үшін ұйымдар желісін кеңейту жөнінде шаралар қабылданады.
Баршаны кедергісіз оқытатын орта құруға, жұмыс берушілерді өз қызметкерлерін оқыту процесіне ынталандыруға және тартуға, әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарды, оның ішінде жастарды, әйелдерді, мүгедектер мен қарт адамдарды оқытуды қолдауға ерекше назар аударылады.
Сондай-ақ жоғары оқу орындары базасында «күміс университеттердің» жұмыс істеу тетіктері пысықталатын болады.
Төртінші үрдіс азаматтардың цифрлық құзыреттіліктерін арттыруды көздейді.
Азаматтардың цифрлық құзыреттіліктерін арттыру кадрларды даярлау, қайта даярлау және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында микробіліктілік алу жүйесі арқылы жалғасатын болады.
Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы шеңберінде IT компаниялармен бірлесіп дуальді оқыту жүйесі енгізілетін болады. Цифрлық білім беретін ұйымдар желісін дамыту тетіктері пысықталды.
Бесінші үрдіс өмір бойы білім алуды институционалдандыруды қамтиды.
Тұжырымдаманы ұлттық деңгейде енгізу жөніндегі кешенді іс-шараларды іске асыру үшін институционалдық орта құрылады, ол формалды және формалды емес білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының жанынан үздіксіз білім беру институттарының желісін құруды көздейді.
Тұжырымдаманы іске асыру бірнеше кезеңнен тұратын болады:
Бірінші кезең (2021 – 2022 жылдар) – өмір бойы оқытуды іске асырудың нормативтік және құқықтық базасын қалыптастыру, сондай-ақ ересек адамдарды өмір бойы оқыту моделін құру. Кадрларды даярлаудың білім беру бағдарламаларын өзектілендіру және қайта қарау бойынша жұмыс жүргізілетін болады.
Екінші кезең (2023 – 2024 жылдар) – оқыту жетістіктерін тану және растау үшін кредиттердің және формалды емес нәтижелердің жинақтаушы жүйесін (банкін) құру. Біліктілікті тану және кәсіби дағдылар мен құзыреттерді сертификаттау тәртібін регламенттейтін модель құру бойынша жұмыс қатар ұйымдастырылатын болады.
Үшінші кезең (2025 жыл) – үздіксіз білім беру институттарын дамытуды аяқтауды көздейтін үздіксіз білім беру жүйесін институттандыру.
Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар 2-қосымшада көрсетілген Өмір бойы оқу (үздіксіз білім беру) тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Қарқынды дамып келе жатқан цифрлық технологиялар білім беру процесі үшін дəстүрлі құралдарды тиімді түрде толықтыратын жаңа құралдарды ұсынады, оларды көптеген педагогтер өздерінің əдістемелік жүйесіне тезірек енгізіп, қарқынды жұмыс істеуде.
◈ Цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану оқу процесінің тиімділігін арттыру үшін түбегейлі жаңа мүмкіндіктер береді. Цифрлық білім беру ресурстары — оқудағы көрнекіліктің жедел құралы, педагогтердің практикалық дағдыларын пысықтаудағы көмекші, сондай-ақ үй тапсырмаларын бақылау жəне бағалау, сызбалармен, кестелермен, графиктермен, шартты белгілермен жəне жұмыста, мəтіндерді жазуда, шығармашылық жұмыстарындағы қателерді түзетуде орны зор.
◈ Цифрландырудағы негізгі мақсат – бәсекеге қабілеттілікті арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, оқу-тәрбие процесін жеделдету және жеңілдету, балаларға,ұстаздарға ата-аналарға жүктемені азайту. Ең бастысы – білім беру сапасын арттыру. Біздің балаларымыз халықаралық деңгейде әртүрлісалаларда, оның ішінде жасанды интеллект және ауқымды деректер жасау саласында бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, елді цифрландыр мақсат емес, бұл – Қазақстанның абсолюттік артықшылыққа қол жеткізу құралы. Бүкіл процесс жүйелілікті, реттілікті және кешенді тәсілді талап етеді.
◈ Білім сферасындағы цифрландырудың ең басты міндеті – білім беру сапасын арттыру, яғни халықаралық дейгейде әртүрлі салаларда, оның ішінде «жасанды интеллект» және «ауқымды деректер» жасау саласында бәсекеге қабілетті Ел жастарын дайындау.
Білім беру ұйымдарын жаппай цифрландырудың маңызы болашақ ұрпақтың кез келген салада ақпараттық сауаттылығын арттырып, шеберліктерін шыңдап,жан-жақты іскерлігін дамытып, бәсекеге қабілетті етіп, білім кеңістігінде өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Сонымен қатар, бұл – білім сапасын арттыру, оқыту үдерісін , мұғалімдердің, оқушылардың, ата-аналардың байланыстарын жеңілдету тұрғысынан да өзекті. Адамзат қауымы жыл санап емес, ай санап, тіпті апта мен күн санап цифрландыру заманының сиқырлы әлеміне еніп барады. Цифрландыру технологиялары дегеніміз – бұл бұрын-сонды адамзат бастан кешпеген ғажайып әлемнің жаңа құралдары. Қазіргі күні бұл технологиялар жасақталу үстінде. Олар қазірдің өзінде біз тамсанып айта беретін ақпараттық технологиялардың өзін жолда қалдыра бастады.
◈ Бүгінгі таңда қарыштап дамып келе жатқан болашағы зор сала ақпараттық технологиялар саласы екенін бүкіл әлем мойындап отыр. Бұл саланың берері мол екеніне көздері жеткен көптеген дамушы елдер қаржысын да, ресурсын да аяп жатқан жоқ.
Осы елдердің арасында Қазақстан да бар. Жалпы, сандық технологиялардың біздің қоғамға берер артықшылықтары көп:
■ Біріншіден, сандық технологияларды мемлекеттік органдардың қызметіне енгізсек, ол мемлекеттік органға тиімді болатыны және қызмет көрсету деңгейі жоғарлайтыны сөзсіз.
■ Екіншіден, қарапайым тұрғындардың сандық технологияларды меңгеруі дамыған сайын қажетті ақпаратқа қол жеткізу және үкіметпен байланыс орнату барысында елеулі ілгерілеушілік пайда болады.
■ Үшіншіден, ақпаратты алмасу мен сақтауда алға басарымызға да күмән жоқ.
Ақпараттық технологиялар немесе қысқаша айтқанда ІТ (ағылшын тілінде - Information technology) саласы мен цифрлы технологияларды дамыту қажеттігін Елбасы өзінің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа арнаған жолдауында баяндаған болатын.
Жолдауға сәйкес елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылуы белгіленді. Ақпараттық технологиялар жедел дамып бара жатқан мына заманда IT саласын дамытпасақ, дамыған 30 елдің қатарынан көріну қиын болады. Себебі, өркениетті елдердің барлығы осы цифрлы жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуын және халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді.
Жалпы, заман талабына сай, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін білім беру жүйесін цифрландыру өте өзекті деген тұжырым жасауға болады. Сол себепті әлемнің көптеген елдері арнайы бағдарламалар қабылдап, заманауи технологиялардың білім саласында қолданылуын кеңейтуге ұмтылып отыр. Қазақстан да бұл салада жағымды өзгерістердің жүргізіліп жатқандығы, мемлекеттік қолдау мен инвестицияның жоғарылығы, еліміздің осы бағытта әлемнің кез келген елімен бөлісе аларлық тәжірибесі барлығы анықталды. Бұдан отандық білім жүйесі заманауи технологияларды меңгерген, сапалы кадрлар даярлауға қабілетті деген ой түйіндеуге болады.