8-бап. Баланың денсаулық сақтауға құқығы
1. Әрбiр баланың денсаулық сақтауға бұлжымас құқығы бар.
2. Мемлекет денi сау бала тууды қамтамасыз ету үшiн ананың денсаулығын сақтау жөнiнде жағдайлар жасайды.
3. Баланың денсаулық сақтауға құқығы:
1) баланың денсаулығын сақтау саласында Қазақстан Республикасының заңдарын қабылдау;
2) балалардың салауатты өмiр салтын насихаттау және ынталандыру;
3) балалардың денсаулығын сақтау саласындағы ғылыми зерттеулердi мемлекеттiк қолдау;
4) баланың, оның ата-анасының денсаулық жағдайына бақылау жасау және балалар ауруларының алдын алу;
5) бiлiктi медициналық көмек көрсету;
6) баланың денi сау болып өсiп жетiлуiне қажеттi қолайлы қоршаған орта жасау;
7) балалар үшiн сапасы тиiстi деңгейдегі тағам өнiмдерiнің өндiрiлуiне және сатылуына бақылау жасау арқылы қамтамасыз етiледi.
4. Мемлекет Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балаларға тегiн медициналық көмектiң көлемiне кепілдiк бередi.
5. Баланың өмiрiне, денсаулығына және қалыпты өсiп-жетілуінe зиян келтiретiн кез келген ғылыми тәжiрибелер немесе өзге де эксперименттерге тыйым салынады.
16-бап. Баланың еңбек бостандығына құқығы
1. Әрбiр баланың еңбек бостандығына, қызмет және кәсiп түрлерiн еркiн таңдауға құқығы бар.
2. Балалар он төрт жастан бастап, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, имандылығына және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Бұл құқықты халықты еңбекпен қамту қызметi мен жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары қамтамасыз етедi.
3. Он сегiз жасқа толмаған балалармен еңбек шартын жасасу және оны бұзу тәртiбi және еңбек қатынастарының басқа да ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарымен белгіленедi.
4. Баланы ауыр қара жұмысқа, зиянды және (немесе) еңбек жағдайы қауiптi жұмыстарға қабылдауға немесе тартуға тыйым салынады.
Жұмыс iстеу оқу процесiн бұзбауға тиiс.
19-бап. Баланың дем алуға және бос уақытын пайдалануға
құқығы
1. Әрбiр бала өзiнiң жасына, денсаулығына және қажеттерiне қарай демалуға және бос уақытын пайдалануға құқылы.
2. Ата-анасы немесе олардың орнындағы адамдар өздерiнiң қабiлеттерi мен мүмкiндiктерiне сәйкес баланың күтiлуi мен жан-жақты дамуына қажеттi өмiрлiк жағдайларды қамтамасыз етедi.
3. Мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балалардың сауықтыру, спорт, шығармашылық және бос уақытын пайдаланатын өзге де ұйымдарын, лагерьлер мен санаторийлердi құрады және оларды қолдап отырады.
4. Мемлекет балалардың демалуға, сауығуға және бос уақытын пайдалануға құқығын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асырады.
20-бап. Баланың мiндеттерi
Әрбiр бала Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандығын, ар-ожданы мен қадiр-қасиетiн, Республиканың мемлекеттiк нышандарын құрметтеуге, еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға, тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қам-қарекет жасауға, тарих және мәдениет ескерткiштерiн сақтауға, табиғатты сақтауға және табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға мiндеттi.
Достарыңызбен бөлісу: |