A. Б. Абдуллина мифтік фольклор оқу құралы Ақтөбе, 2014 Пікір жазғандар



бет39/45
Дата14.05.2023
өлшемі1,03 Mb.
#93081
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   45
Байланысты:
A. Б. Абдуллина мифтік фольклор о у ралы А т бе, 2014 Пікір жа

4.3 Маусымдық ғұрып фольклоры. Қазақтың ғұрыптық фольклорының келесі бір ерекше түрі – маусымдық ғұрыптар фольклоры. Ғалым Бейсембай Кенжебаев «Қазақ әдебиетінің тарихы» [20] атты академиялық еңбектегі «Салт өлеңдері» атты тараушада ғұрыптық фольклорды төрт топқа бөліп, маусымдық фольклорлық үлгілерге мыналарды жатқызады:

  1. Наурыз.

  2. Бақсы сарыны

  3. Бәдік, арбау, жалбарыну.

  4. Жарамазан және жарамазанның батасы. Яғни ғалым маусымдық фольклордың негізіне діни сарынды жатқызады. Ғұрыптық фольклордың жаңа бір сала ретінде қалыптасуына ғылыми негіз жасаған ғалым Б.Абылқасымовтың пікіріне жүгінсек, оның екі негізгі түрі бар: 1. Наурыз, Ұлыс күніне қатысты бата сөздер; 2. Жарапазан өлеңдері. Маусымдық фольклор дегеніміз де – аты айтып тұрғандай, уақыттың жылжымалылығына сәйкес алмасып отыратын жүйелі мезетке бағынышты сенімге байланысты туған жырлар. «Маусымдық құстар» деген тіркес бар. Яғни жыл сайын, белгілі бір белгіленген межелі уақытта келетін құстарды айтады. Сол сияқты маусымдық фольклорлық жырлар да – жыл сайын айналып келетін белгілі бір салт-дәстүрге сай қалыптасқан жүйелі жырлар. Наурыз – түркі халықтарының жаңа жылы болғандықтан, ол жыл сайын тойланады. Ал жарапазан жырлары - айт мезгілінде айтылатын тұрақты жыр.

Әр халықтың, ұлттың, ұлыстың қалыптасқан әдет-салты, тұрмыс-тіршілігіне қатысты нышандары бар. Түркі халықтарына ортақ мереке – Наурыз тойы. Өйткені көктемнің келісімен жаңа күн туып, дүние жасарып, жаңарып, диалектикалық сипаттағы құбылыстардың бір-бірімен «шайқасы» бітіп, жақсылықтың, молшылықтың артатын мезеті келеді деп есептеген. Түннің қысқарып, күннің ұзаруын халық жарықтықтың мол болып (Күн – жарық), аспанның ашық болуымен байланыстырған. Алғашында түркі халықтары Ұлыс деп, ал ирандықтар Наурыз деп атаған. М.Исқақовтың піріне сүйенсек: «Наурыз мейрамы өте ерте заманнан келе жатыр, ол көктем мейрамы есебінде халықтардың көпшілігінде бар. Екіншіден, бұл пікірді нау сөзі де сипаттайды. Әр түрлі өзгерістерге ұшырай отырып, ол бірталай тілдерде сақталып келеді: орысша – нов(ый), немісше – нойк, латынша – нео т.с.с. сонда нау үндіевропалық халықтар дараланудан бұрынғы сөз болып шығады. Оған кемінде 5000 жыл болды. Парсы календарында наурыз ай емес, жыл басындағы жеке бір күн ғана. Ал, Соғда, Хорезм, қазақ календарында ол жаңа мағынаға ие болып, ай атына айналған. Бұл ай чуваш календарында да бар. Чуваштар наурыз айын «нораз ойахе» дейді. Наурыз қазақ, өзбек, қарақалпақ т.б. халықтарда көктем мейрамы болған. Наурыз атауы қазақ тіліне Соғда мен Хорезм арқылы ежелгі парсы тілінен келген. Бұл айды соғдалықтар наусарыз, хорезмдіктер наусарджи деген. Парсы аңызы бойынша, адам бұдан сегіз мыңдай жыл бұрын, фервердин айының бірі күні (хұрмыз күні) жаралған. Ол уақытта күн жазғытұрғы күн мен түннің теңелу нүктесінде болған. Осы аңыз бойынша, ежелгі парсылар бірінші фервердинді жыл басы деп есептеп, оны жаңа жыл – наурыз (нау – жаңа, руз – күн деген сөз) деп атаған. Сондықтан Иранда бірінші айдың бірінші күні наурыз деп аталады да, қалған 11 айдың бірінші күндері хұрмұз болады», - деп жазады [23, 245-246 бб.]. Сондықтан Наурыз халықтың тұрмыс-тіршіліген, таза шынайы өмірінен туындаған. Өйткені адамзат табиғатпен етене жақын болып, табиғаттың төл перзентімін деп есептегендіктен, жаратылыс көкжиегінде қыс пен көктемнің тоғысып, табиғаттың жанданатынын білген. Осы уақытта «самарқанның көк тасы еріп, қылышын сүйреген қыстың кетіп, елге «жаңа күн» туатынына» сеніп, сол меркені асыға күткен. Сонда Наурыз – халықтың рухани байлығының молайып, дархан табиғаттағы тепе–теңдік формуласының өрістеп, қалыпты өмір кешетін күйі. Наурыз күні наурыз-бата беріледі. Мұндағы бата арқылы магиялық үлкен пафоспен болашақтан «жақсылықты», «жарқынды» аңсап, тілек тілейді. Жалпы алғанда, Наурыз тойының барлық идеялық мұраты мына жырда көрініс табады:
Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алсаң,
Сонда олжалы жол болар...
Ұлыстың ұлы күнінде,
Бай шығады балбырап,
Қасында жас жеткіншек
Тұлымшағы салбырап.
Бәйбіше шығар болпиып,
Күндігі баста қайқиып.
Келіншек шығар керіліп,
Сәукелесі саудырап.
Қыз шығады қылмиып,
Екі көзі жаудырап,
Ақ бөкендей сырқырап,
Құл құтылар құрықтан,
Күң құтылар сырықтан,
Кетік ыдыс шөміштің
Буы кетер бұрқырап [21, 76-б.], - деген жолдарда әр адамға тән мінез, қимыл, әрекетті көреміз. Наурыз келісімен дүниенің жасарып, өзгеріп, адамдардың «анадан жаңа туғандай» кейіпке еніп, жаңаратынын байқаймыз. Немесе:
...Амансыз ба, ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Қайда барсаң жол болсын!...
«Ұлыс бақты болсын!
Төрт түлік ақты болсын...»
«Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!» [21, 76-б.], - деген жолдарда бір-біріне жақсы тілек, жағымды бата бере отырып, сөздің құдіреті арқылы жаңа жылда «жаңа өмір», береке-бірлік, ырыс-ырызық сұрайды. Немесе мына өлеңнің:
Ұлыс күні кәрі-жас,
Құшақтасып көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып өріскен.
Шалдар бата беріскен:
«Сақтай көр» - деп терістен.
«Кел таза, бақ, кел!» десіп,
«Ием, тілек бер!» десіп,
«Көш қайраған, көш!» десіп,
«Көз көрместей, өш!» десіп... [21, 76-б.], - деген жолдарынан да тәңірге сыйынып, жақсының мол, жамандықтың жұтаң болуын тілеген сөздерін көреміз. «Көш» формасында келетін бәдік сипатты жолдарда «қайраған» деген сөз бар. Сонда «қайраған» - зұлымдықтың, жамандықтың бейнесі. Яғни ислам дәуірі келмес бұрын адамзат санасында қалыптасқан жаманшылықтың иесі. Наурыз – сонымен бірге, достықтың, бірлік пен ынтымақтың берекесі. Наурыз күнінде ренжіскен адамдар татуласады, қыз бен жігіт достасады. Соның бір айғақ мысалы мынадай:
Есік алды қара су бойлағаным,
Жалғанның қызығына тоймағаным,
Көмілсем де кетер ем көкейімнен,
Қалқаммен ұлыс күні ойнағаным [21, 77-б.], - деген жолдарда барлық қуаныш, мәз-мейрам мереке, шаттықтың күні ұлыстың ұлы меркесінде деп біліп, соны аңсаудан, сағынудан туған ішкі сезімі білінеді. Наурыз мерекесінің «қолдаушысы» - Қыдыр (Қызыр) ата. Халық танымы бойынша 21 наурыз күні Қызыр ата елді аралайды екен, сол түнді «Қызыр түні» деп атау содан шыққан деген сенім бар. Қызыр адамдарға дәулет, ырыс, бақ дарытады екен де, ақсақал кейпінде әрқашан жүреді екен. Сонда Қызыр ата – мифологияда жасампаз қаһарман қызметін атқарады (Қызыр – жақсылық, нұр, бақ-береке әкелуші, «тасушы»). Сайып келгенде, Наурыз жырларында көбіне түркілік мифологиялық сарын басым. Наурыз – жалпытүркілік мереке болғандықтан, оның астарында тәңірлік діннің нышандары да кездеседі. Наурыз – тек түркілік салт емес, оның параллель нұсқалары басқа елдерде де кездеседі. Мәселен қытай халқында көктемгі күн мен түннің теңелу мезеті 21 наурыз (григориан күнтізбесі бойынша) да, оның атауы – «чунь фэнь» [22, 32-б.]. Ал корей халқының маусымдық күнтізбесіне көз салсақ, олардың көктемгі «мерекесі» - алаңдағы, жердегі өнім, дақылдардың бітік шығып, жақсы нәтижесі беруіне орайластырылған таным-түсінікке байланысты. Мәселен:
На поле и в сады пришла весна –
И сразу набралось так много дела:
Я сети рыболовные чиню,
Сын собирается идти на пашню,
И на холме восточном нам пора
Уже копать леккарственные травы [22, 123-б.], - деген жолдардан халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсарып, жанданған өмірге еніп, кәсіпке, белгілі бір іске мейірлене кірісуге деген құлшынысты, биік мұратты серік еткенін көреміз. Яғни адам мен табиғаттың бір-біріне лайықтала икемделіп жарасуының, бір бүтін болып қалыптасуының «мерекесі» саналған. Корейлердің салтында да «наурыз көже» секілді әр үйде мерекелік «тәтті тток» атты күріш қосылған тағам жасалынып, әр адамның тағамнан татуы міндет болып саналған. Олардың көктемгі күн мен түн теңелу сәті 21 наурыз, атауы – чхунбун [22, 121-б.]. Ал жапондықтарда көктемгі күн мен түннің теңелу мерекесінің атауы – сюмбун [22, 174-б.]. Сюмбун – 24 мезгілдің атауының бірі. Көктемгі күн мен түн теңелу мерекесі 1 апта өткізіледі. Осы уақыт ішінде олар әр түрлі әрекеттер істейді: туған-туысқан, аруақтарды сыйлап, қадірлеу мақсатында арғы аталарының бейіттерінің басына барған, бейіттерді қалпына келтіріп, жөндеп, гүл шоқтарын қойып, дұға қылған. Сонымен бірге достар мен көршілерге дәм татқызған. Хиган «апталығында» етті «таза» тамақ деп есептегендіктен жемеген. Негізгі тағамдары күріш қосылған тамақтар: о-хаги, ботамоти, гомокудзуси.
Ал моңғол халқының күнтізбелік салтына қарар болсақ, оларда жыл басы, яки жаңа жыл – көктемнің алғашқы айы (Цагаан сар). Түркі халықтары мен моңғол тектес халықтардың рухани ғана емес, генетикалық байланыс бары белгілі. Сол себепті моңғол халқының дәстүрі көбіне түркі халықтарының салтына өте ұқсас келеді. Цагаан сар мерекесі де мал шаруашылығының, көшпелі өмірдің, үй шаруасының, төлдерді бағып-қағудың, жазғы жайлауға көшудің жандануымен ұштасады. Жазғы желек, жер аяғы кеңіп, «жаңа өмірге» аяқ басу, көктемнің жазға ұласқан Цагаан сардың жалғасымды мерекесі Надом деп аталады [22,237-б.]. Сонда жоғарыда айтқан Наурыз ұғымының «нау», «нов», «нео», «нойк» түбірлі негіздері моңғолдың Надом сөзіндегі «на» түбірімен бірлікте болуы әбден мүмкін. Надом кезінде де халық ойын-күлкіге, күрес-тартысқа қанығып, бір-біріне жақсы тілек айтумен әрекеттеніп, жамандықпен қоштасып, тек жақсылықпен дос болуға шақырады. Цагаан сардың басталу, енді-енді туу уақыты битуун деп аталады. Бұл кезде халық ағаш үйлерін ретке келтіріп, артық киімдер мен қажетсіз заттарды лақтырып, дастархан жаяды.
Сонда, түркі халықтарының жыл басы наурыз болып саналып, ол дүниенің жаңаруымен, әлемнің жасаруымен, адам мен табиғаттың қатар марқайып, жақсылықты көксеуімен байланысты болып келеді. Адам – табиғаттың төл перзенті десек, табиғат та – жаны бар тірі дүние. Сол себепті адам мен табиғат ажырамас бүтіндікке ие болды. Осындай дүниетанымдық шеңберден жалпыхалықтық ой бір арнадан өрбіді. Қай халықтың болса да жаны табиғатпен бірге соғады. Жоғарыда аталған ұлттардың жақсылықты, молшылық, береке, мерекені аңсауы – табиғаттың жаңаруымен, қайта түлеуімен тығыз байланысты.
Маусымдық фольклорлық жырлардың келесі түрі - жарапазан өлеңдері. Жарапазан өлеңдері өз құрылымына мақтау-мадақтау, әзіл-қалжың, ниеттестік секілді ұғымдарды түйістіреді. Жарапазан өлеңдері қазақ арасына ислам дінінің енуімен байланысты. Жырдың өн бойында жеңіл ырғақтар, қалжыңдар, көркем де кестелі сөздер ықшам түрде келеді. Оны бір немесе екі адам домбырамен айтып, үй-үйді аралайды. Мәселен:
...Жарапазан жарықтық,
Жақсы дейді есіткен.
Үйің-үйің үй екен,
Үйдің іші ши екен.
...Шаңырағы осы үйдің шап-шақ қана,
Осы үйдегі жеңешем аппақ қана.
Сақылығын көрген соң ырза болып,
Жеңешемді жүремін мақтап қана!
Жарапазан айта келдім есігіңе,
Қошқардай қос ұл берсін бесігіңе,
Қошқардай қос ұл берсе бесігіңе,
Жауға шауып батыр болсын несібіңе [7,53-б.], - деген жолдарда үй иесін мақтау айтылып, тілектер арналады. Ал жарапазан батасы көбіне қасиетті рамазан айында беріледі. Яғни ораза айында жарапазанмен қоса немесе жеке де айтылады. Жарапазаншылар кешқұрым, яғни ораза ұстаушылардың аузының ашылып, әлденіп, қуаттанып, елдің күйбең тіршіліктен қолы босаған кезде өз «қызметтерін» бастайды. Үй иесі соған орай ас-дәмнен ауыз тигізіп, түрлі сый-сияпаттар жасаған, тіпті мал да атаған. Жарапазанның құрылысын былай көрсетуге болады:
Мақтау – әзіл-қалжыңмен көңілін көтеру – тілек білдіру – баяндау – алғыс білдіру – бата беру. Сол жарапазан батасының үлгісіндегі:
...Ботақанның атасы,
Бура бассын үйіңді!
Күңгір-күңгір кісінескен,
Бірін-бірі иіскескен,
Құлыншақтың атасы,
Айғыр бассын үйіңді!
...Қошақанның атасы,
Қошқар бассын үйіңді!
Қасқыр көрсе пысқырған,
Құйрығын бұтына қыстырған,
Лақтың атасы –
Теке бассын үйіңді!.. [7,53-54 бб.], - деген жолдарда халықтың күн-көріс тіршілігі малмен тығыз байланысты болғандықтан, арналатын бата-тілектің мазмұн реті де соған сәйкес болып тұрғандығын көреміз. Уақыт өте келе мұндай бата-тілек жарапазан өлеңдері ислам дінін насихаттаумен байланысты үгіт өлеңдеріне өзгерді. Сонда жарапазан – шамандық (тәңірлік наным) таным мен ислам дінінің тоғысында пайда болған аралық форма. Жарапазан – жарамазан – рамазан түріндегі тіркесті басшылыққа алатын болсақ, жарапазан – рамазан айымен тікелей байланысты діни сипаттағы өлең. Ал академик Ісмет Кеңесбаев бұл сөздің этимологиясын былай ашады: «Жарамазан сөзін қазіргі кезде бүтін сөз ретінде ұғамыз. Ал түп тегіне қарасақ, екі түрлі сөзден құралған екен. Бұл сөз жалпы түркілік жар (жариялау, жар салу т.б.) сөзіне рамазанның (жылдың мұсылманша тоғызыншы айы) тіркесуі арқылы жасалып, дыбыстық өзгеріске ұшыраған» [24, 58-б.]. Сонда жарамазан атауы жұртшылыққа рамазан айын, ислам дінін насихаттау, жариялау есебіндегі үндеу, бүгінгіше айтсақ «жолдау» түріндегі мәнмен сәйкес келеді.
Сайып келгенде, жарамазан – тәңірлік дін мен ислам дінінің аралық жігінде пайда болған ерекше жанр. Оның өн бойынан көретін қасиеттер – алла, тәңір, жаратушыға құлшылық етіп, жақсы ниет тілеу, дінді насихаттау, исламның барлық қағида-нышандарын тарату (ораза, намаз т.б.), бата беру, алдағы күннен шарапат тілеу.
Қорыта келе, маусымдық-ғұрыптық фольклор – халықтың салт-дәстүр, наным-сенім (ескілік таным), жөн-жоралғыларының және уақыт өте келе кіріккен ислами түсініктің салдарынан дүниеге келген халықтық өлең-жырлар.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет