А. Б. Салқынбай қазақ тіл білімі тарихы алматы, 2016



бет35/41
Дата02.04.2023
өлшемі1,06 Mb.
#78447
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   41
Байланысты:
учебник История каз языкознания(1)

ТАЛҒАТ САЙРАМБАЙҰЛЫ

Қазақ ғылымының көсегесін көгертіп, ғылым көкжиегін кеңейткен ХХ ғасыр екенінде дау болмаса керек. А. Байтұрсынұлы зерттеулерінен бастау алатын қазақ тіл білімі осы кезеңде сала-салаға бөлініп зерттеле бастады. Қазақ тілін ана тілі ретінде терең білетін (тілді білмей-ақ, сыртынан тон пішіп зерттеушілердің еңбегін де бағалап жүрміз ғой) ғалымдар шоғыры кемел тіліміздің грамматикалық құрылымына терең бойлай, тіл ғылымының жан-жақты өркендеуіне барынша өз үлестерін қосып жатты. Қазақ тіл білімін зерттеушілердің осылайша буын-буыны өсіп жетілді. ХХ ғасыр – кеңестік кезең – қазақ тіл білімінің дамуында маңызды рөл атқарды деп нық сеніммен айтуға болар еді. Бұл кезеңде, негізінен, тұлғаның формалық сипатын негізге алатын құрылымдық грамматика дамыды, лексикологияның барлық салалары бойынша іргелі ғылыми зерттеулер жазылып, қазақ тілінің басты бағыттары мен тіл дамуының негізгі заңдылықтары анықталды, жүйеленді, қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктері сараланды.


Ғылымға 60-жылдары келген үлкен бір толқынның ішінде Шымкенттің Бәйдібек топырағынан шыққан бүгінде фәнилік ғұмыры жетпістің бесеуіне шығатын Талғат Сайрамбайұлы да бар еді. Т. Сайрамбаев қазақ тіліндегі сөз тіркесінің теориялық мәселелерін алғаш рет айшықты түрде зерделеп, ұстазы М. Балақаевтың ғылыми жетекшілігімен кандидаттық және докторлық диссертациясын осы тақырып аясында жазды. Сөйлеу тілінде белсенді әрі жиі жұмсалатын күрделі сөз тіркестерінің негізгі ерекшеліктерін анықтап, оның аясын кеңейтетін негізгі факторларды көрсету арқылы тіл дамуындағы синтаксистік жолдың маңызын көрсетті.
Өркениет пен мәдениеттің жетілуіне сәйкес тіл дамуының маңызды сипаты әрі негізгі белгісі аналитикалық жол екені жалпы тіл білімінде негізделген, дәлелденген көзқарас. Сөз тіркестері сөйлемдегі ойды айқындаудың, пікір білдірудің негізгі кірпіштері деп танысақ, ойлау жүйесінің дамуына сай, олардың да тұлғалық және мағыналық тұрғыдан күрделенуінің тіл дамуы үшін ғана емес, герменевтика, психолингвистика, когнитивті тіл білімі үшін де маңыздылығы арта түспек. Ғалым зерттеп, дәлелдегендей, сөз тіркесінің аясы әрбір сөз табының күрделі түрлерінің, көмекші етістіктің, көмекші есімнің, модаль сөздердің, шылаулардың, нумеративті сөздердің, түрлі қосымшалар мен фразеологиялық тізбектердің негізінде күрделе түсті. Сөйлеу тілінің күрделенуі ойлау жүйесінің, айтылар пікірдің күрделенуі деп түсінген абзал. Демек халық тілінің кемелдене түсуі – сөз тіркестерінің күрделенуінен де анық аңғарылады. Сөз тіркестерінің сөзбен, фразеологизмдермен арақатынасын анықтаған Т.С. Сайрамбаев “Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестері” атты монографиялық зерттеуінде соңғы кезде (ХХ ғасырдың 80-жылдары) сөз тіркестері туралы еңбектерде оның зерттеу нысандары туралы теориялық таластың көбейе түскенін айта келіп, сөз бен күрделі сөз, сөз бен сөз тіркесі арасындағы арақатынасты ашып көрсетудің маңызы бар екенін тілге тиек етеді. Сөз жеке ұғымды ғана білдіретін болса, сөз тіркестерінің көлемі жағынан да, мағыналық ерекшеліктері жағынан да күрделірек қасиеті бар екені аталады. Автордың пайымдауынша, “сөз бен сөз тіркесінің бір-біріне ұқсастығы - олардың екеуі де бір сөйлемнің құрамында қолданылады, кейде сөйлемнің қызметін атқара алады. Ал кейде сөйлеу процесінен бөліп алғанда екеуі де белгілі бір ұғымды білдіргенімен, ол жайындағы көзқарасты, хабарды субъектінің ол ұғымға қатысын білдіре алмайды”.
Тілдің табиғаты тізбекті болса да, синтаксисте сөз тіркестерінің негізгі және тәуелді компоненттері арасындағы байланыс тек түйісу орнымен немесе қатар келуімен ғана анықталмайды. Оны басқа да құралдар анықтай арқылы, мәселен: мағыналық байланыс, әртүрлі орын тәртібі, интонация және т.с.с. Сөйлемнің мағынасына, мақсатына, стиліне, эмоциялық реңіне қарай сөздер мен тіркестердің орын тәртібі әртүрлі болуы мүмкін. Осы жағдаяттарды анықтай келе, профессор Т. Сайрамбаев сөйлем мүшелерінің жасалуындағы мынадай топтарды анықтайды: “негізгі сөз таптарының сөйлем мүшесі болуы, негізгі сөздер мен көмекші сөздердің түйдектелуі арқылы сөйлем мүшесі болуы, негізгі сөздер шартты райлы болып, етістікті тіркес арқылы сөйлем мүшесі болуы, тұрақты тіркесті сөйлем мүшелері, бір сөздің қайталануы арқылы сөйлем мүшесі болуы, сөйлемнің де сөйлем мүшесі болуы (кейін ғалым “Сөз­сөйлем” теориясын жасап, ізденушісіне кандидаттық диссертация қорғатты), қысқарған сөзді сөйлем мүшелері, жеке дыбысты сөйлем мүшелері”. Бұл пікірмен де қосылуға тура келеді. Өйткені сөйлеуде жұмсалатын әрбір тілдік бірліктің сөйлем жүйесінде өзіндік мағынасы, мәні, ой мазмұнын бекітуде рөлі бар. Сөйлемнің бір“элементі болып табылатын сөз де, сөз бен көмекші сөздің тіркесі және тұрақты тіркестер де сөйлемге енгенде қалай да белгілі бір заңдылықтар негізінде жүзеге асады”. Сөйлемнің құрамына енген сөздер мен сөз тіркестерінің құрылымдық өзгеру процестері саны көп және олар әртүрлі болады. Бұл мәселе де Т. Сайрамбаев еңбектерінде едәуір орын алып, өзіндік зерттеу нысаны болғаны белгілі. Ғалым зерттеулерінің бір ерекшелігі көп ғалымдар талдай қоймаған, аңғарылып, атала бермейтін тілдік деректерді ғылыми айналысқа шығарып, қалтарыста қалған көмекші бірліктердің сөйлемдегі мағынасы мен мазмұндық мәнін ерекше атап көрсету дер едік. Мәселен, сөйлем мүшесі ретінде талдана бермейтін көмекші сөздердің бағы Т. Сайрамбаев зерттеулерінде жақсы ашылады. Сөздер сөйлем мүшесі болуы үшін бір сұраққа жауап беруі қажет деген түсінікке ғылыми нақтылық беруді ұсынған ғалым, көмекші сөздердің негізгі сөздерсіз қолданыла алмайтынын ескеріп, сөйлемде олардың грамматикалық сипаты көмекшілер арқылы көрінетінін тілдік деректерді келтіре дәлелдейді. Сөйлем мүшесі болуда сөздер бір­бірімен синтаксистік қатынаста келеді, сондықтан оның грамматикалық мағынасы да осы қатынас негізінде анықталуы қажет деген тұжырым айтады.
Тіршілікте көптің көңілін табуға тырысып бағып, ешкімге кінә артпай, кінәламай, жанында отырғандарды әзіл-қалжыңымен қарық етіп, күлдіріп, арасында негізгі ғылыми мәселеден де ауытқымай отыратын ағамыз – филология ғылымдарының докторы, профессор Талғат Сайрамбайұлы Сайрамбаев еді. Студенттер арасында Талғат ағайдың беделі жоғары, мәртебесі биік болатын. Жалықтырмайтын лекцияларына, ешкімнің сағын сындырмай, синтаксистік құрылымды құлағына құйып беретін семинарларына бәріміз түгел қатысатынбыз. Ол кісінің соңынан кешігіп кіруге болмайтын. Алда­жалда кешігіп қалғандай болсаң, есікті сыртынан жабатынсың. Кей лекторлардай, сабаққа кіріп алып, өзінің басынан өткен «қиыншылықтары» мен пәленшекеңнен көрген «қорлықтарын» айтып студенттерге шағынып уақыт кетірмей, аудиторияға жеңіл басып кіріп келіп, сөз тіркесінің қыры мен сырын түгелдей түсіндіруге жанын салушы еді ағай. Ал сабақ аяқталар тұста жеңіл әзілімен аудиторияны бір желпіндіріп алып, соңында әдемі күлкі қалдырып, шығып бара жататын. Талғат ағайдың семинар сабақтарын өткізуінің өзіндік әдістемесі болатын. Студенттерді 5-6 баладан топ­топқа бөліп, жеке тапсырмалар беретін, әр топқа жақсылау оқиды деген студентті бас етіп, бір­біріне үйретуді талап ететін, қойылатын баға ортақ болады деген соң, бәріміз тапсырманы мүлтіксіз орындауға ұмтылатынбыз. Ал ағай сол топтың ішінен ең төмен оқитын студентке сұрақ қойып, соның білген дәрежесімен бағалайтын. Бұл әдіс студенттердің білім деңгейін тез көтеруіне жақсы септігін тигізгені анық. Талғат ағайдың алдынан синтаксистен дәріс алған студенттің оны білмей шығуы мүмкін емес еді. Қазір бағамдап отырсақ, әлемдік әдістеме ғылымында жаңа инновациялық тәсіл ретінде ұсынылып жүрген әдістің бірі де осы Талғат Сайрамбайұлының әдісі екен.
1986 жыл келіп, Талғат Сайрамбайұлы біраз қиыншылыққа кездесті. Профессор ҚазҰУ­дан кетіп, шет тілдер институтына ассистенттік қызметке ауысты. Ғалым іштей қиналса да, еңсесін түсірмегенін, рухын қашырмағанын қазіргі көпшілік дос­жарандары біледі...
Талғат Сайрамбайұлы әйгілі ғалым, ҚР ҰҒА корреспондент­мүшесі, профессор Мәулен Балақаевтың шәкірті еді және нақ осы кісінің шәкірті болғанын мақтан ететін. Өзінің ұстазын қадір тұтатын шәкірттер баршылық қой, дей тұрғанмен, Талғат ағаның ұстазына деген ілтипаты ұлық ғалым­ұстазға деген сүйіспеншілікке ұласқанын іштей біліп, түйсінуші едік. Өзі де көптеген шәкірттерге сүйікті ұстаз бола білген ғалымның “Мәкең осылай еді, Мәкең осылай айтар еді, Мәкең мен Секең (Ісмет Кеңесбаев) екеуі осылай әзілдесетін еді» деген қызықты әрі ұлағатты әңгімелері қазір құлағымызда. Біздер, ағаның жанында жүрген шәкірттері, Талғат Сайрамбайұлы жасаған ақылды, көп сөйлемейтін, жібек мінезді, өткір қалжыңды айта алатын әрі көтеретін, кісілігі кемел Мәулен Балақаевтың бейнесімен көбірек таныспыз десем қателеспес едік.
Ұстаз жолын жалғастырып, түркітану ғылымында күрделі сөз тіркесінің ғылыми­теориялық тұрғыдан дамуына өзіндік үлесін қосқан Т.Сайрамбаев біздің көз алдымызға профессор М. Балақаевтың кісілік келбетін қалыптастырып, нағыз ұстазды қалай ұлықтау керек екенін ұғындырып кеткендей. М. Балақаевтың 90 жылдық, 100 жылдық мерейтойын әл­Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттінде үлкен Халықаралық ғылыми конференция түрінде өткізуге тікелей мұрындық болған Т.Сайрамбаев осы жиынға Мәулен ағасының шәкірттерін жинауға, тек шәкірттеріне баяндама жасатуға талаптанды. М. Балақаевтың 100 жылдық мерейтойын өткізуге дайындық жасау барысында, бағдарлама құрастыра жүріп, мен “Негізгі баяндаманы өзіңіз жасайсыз ба, ағай” деп сұрадым. Сонда Талғат ағай: “Бірінші баяндаманы Шөкең (Шора Сарыбаев) жасайды, ол кісінің – жолы, әрі жасы үлкен” деген еді. Ағайдың үлкенді сыйлауы, құрметі, жөн­жосықты білгені болар деп іштей ұғып едік.
Талғат ағай университетте қазақ тіліне қатысты өткізілетін барлық конференцияларды жүйелеп, оны “Балақаев тағылымы” деген атпен өткізбекші де болды, маған оның ақпараттық хатын даярлатты. Мен оны дайындадым да, бірақ кафедра басшылығы тарапынан қолдау болмай қалып қалған еді. Қазіргі уақытта қазақ тіл білімінің негізін қалаушы корифейлерінің ғылыми мұраларын зерттеу, одан тағылым алып, ғылыми­теориялық тұрғыдан дамыту қазақ ғылымында жолға қойылуда. А. Байтұрсынов еңбектерінің ғылыми зерделенуі – тіл білімі институтында, С.Аманжолов тағылымы – Абай атындағы Алматы ұлттық педагогикалық университетінде т.б. жыл сайын конференция, семинар сипатында дәстүрлі түрде өтеді. ҚазМУ­дың қазақ филологиясы кафедрасының негізін салып, алғаш кафедра меңгерушісі болған, қазақ тіл білімінің негізгі теориялық мәселелерімен айналысып, синтаксис, әдеби тіл, стилистика салаларының ғылыми жүйесі мен желісін қалаған М. Балақаевтың ғылыми еңбектерін жастарға насихаттап, теориялық бастамаларын тереңдете түсу мақсатында, “М. Балақаев тағылымы“ атты ғылыми-теориялық конференцияны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарланса, нұр үстіне нұр болар еді. М.Балақаев еңбектерінің сан-салалығы тек автордың өзінің зерттеулерімен ғана емес, оның мектебі қалыптастырған үлкен ғылыми мұралармен де анықтала алады. Ғалымның ісін жалғастырушы шәкірттері – М. Томанов, Ш.Сарыбаев, Р.С. Әмір, С.Исаев, М. Серғалиев, Т. Сайрамбаев, Х. Кәрімов, Б. Хасанов т.б. сынды ғалымдардың бәрі дерлік ҚазМУ­дың түлектері, әйгілі ғалымдар. Осылайша профессор Т. Сайрамбаев армандаған М. Балақаев мектебінің ғылыми ісі ары қарай жалғасын тауып, дамып, қазақ тіл білімінің өзекті мәселелерін анықтауға, теориялық негізде жалғасын табар еді. Профессор Т. Сайрамбаев біраз уақыт университеттегі мамандандырылған диссертациялық кеңестің төрағасы қызметін атқарды. Тіршілікте кездесіп жататын әр алуан пікір қайшылықтары мен келіспеушіліктерге қарамастан, диссертациялық кеңестің шаруасын үлкен табандылықпен, «болсын» деген адами көзқараспен басқара алғанын да айту керек.

Әдебиет:



  1. Сайрамбаев Т. Сын, сан есімдердің етістікпен тіркесі. Алматы, 1966.

  2. Сайрамбаев Т. Сложные словосочетания в современном казахском языке в сопоставлении с другими тюркскими языками. –Алматы, Мектеп, 1981.

  3. Сайрамбаев Т. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері : оқу құралы / Т. Сайрамбаев. - Алматы : Қазақ университеті, 1991. - 168 с.

  4. Томанов М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі қыстырмалар. – Алматы, 1983. – 47 б.

  5. Сайрамбаев Т. Қазiргi қазақ тiлiндегi күрделi сөз тiркестерi / Сайрамбаев Т. - Алматы : Мектеп, 1981. - 198 с.

  6. Балақаев М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі : Оқулық / - 3-басылуы. - Алматы : Санат, 1997.

  7. Сайрамбаев Т. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Сөз тіркесі.Алматы, 2010. 29-бет.

  8. Сайрамбаев Т. Қазақ тіл білімінің мәселелері /; құраст.: Ғ. Әнес, К. Шаймерденова ; алғы сөз авт. Ө. Айтбайұлы. - Алматы : Абзал-Ай, 2014.

  9. Cайрамбаев Т. Сөз тіркестері мен жай сөйлем синтаксисі. 1991.

  10. Балақаев М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі: Сөз тіркесі мен жай сөйлем / - Өңд. және толықтырылып, 4-бас.,. - Алматы : Білім, 2004. - 224 с.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет