40-60 ЖЫЛДАРДАҒЫ ЖАҢА ЖАЗУ, ЖАҢА САЯСАТ
ФОРМАЛЬДЫ БАҒЫТТА ЖАЗЫЛҒАН ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІ
Қазақ зиялылары толықтай репрессияға ұшырап, айдалып, атылып, кеткен қиыншылық жылдары рухани мәдениеттің бастауы саналатын қазақтың жазуына өзгерістер енгізілді. 1938-1939 жылдары латын графикасына қатысты қызу тартыстар ұйымдастырылды да, ақыры 1939 жылы 10 тамызда алғашқы әліпби жобасы жарияланды. Сөйтіп, 1940 жылы кириллицаға негізделген орыс жазуының ықпалында жазылған қазақ жазуы қабылданды. Орыс жазуын қабылдауға қазақ ғалымдары белсене қатысып, бірнеше ғылыми жобалар ұсынылады.
С. Аманжолов орыс әліпбиіне көшу жұмысына араласады, осы мәселеге қатысты бірнеше мақала жазады, 1939 жылы Қазақстан Орталық партия комитеті ұйымдастырған мәжілісте С. Аманжолов ұсынған жоба қолдау табады. Жаңа әліпбидің құрамына 41 әріп енгізілді, орыс әріптері толықтай сақталып, қазақ тіліне тән сегіз (8) әріп қосылды. Сөйтіп қазақтың төл сөйлеу тіліндегі 29 дыбысқа орыс тіліндегі атауларды өзгеріссіз жазып, айту мақсатында тағы бірнеше дыбыстар мен олардың таңбасын анықтайтын әріптер (в, ё, ф, х, ц, ч, щ, э, ю, я, ъ, ь ) енгізілді.
Әрине 1938 жылдың сойқанынан соңғы жылдары қазақ әліпбиінің өзгеруінің астарында үлкен саяси мән бар екені белгілі еді.
Екінші дүние жүзілік соғыс аяқталған соң да, тіл ғылымындағы жымысқы соғыс жалғасын тауып жатты. Бұл жылдары тіл мәселесімен, оның басты даму бағытын белгілеумен И.В. Сталиннің өзі айналысты. 1950 жылы маусым-шілде айларында «Правда» газетінің бетінде Сталиннің бірнеше мақаласы жарық көріп, кейін кітапша боп басылып шығады. «Я не языковед и, конечно, не могу полностью удовлетворить товарищей. Что касается марксизма в языкознании, как и в других общественных науках, то к этому делу я имею прямое отношение», -деп жазады.
Сөйтіп, 1950 жылдары Кеңес мемлекетінің тілдік саясатының қалай болуы қажеттігі туралы мәселе күн тәртібіне ашық шығарылады да, лингвистикалық пікірталас басталады. Осы кезеңдегі қазақ газеттерінің беттерінде бірін-бірі қаралаған тліші ғалымдардың мақалаларын оқудың өзі қиын. Атақты түркітанушы Э.В. Севортянның «Об ошибках казахских языковедов» деген мақаласының Мәскеулік «Вопросы языкознания» журналында басылуының аяғы қазақ ғалымдардың еңбектерінің қудалануына әкелді [1953, №2].
И.В. Сталиннің «Марксизм және тіл білімі мәселелері» деген мақаласы кеңестік кеңістікке енген барлық Республикалар үшін маңызды бағыт саналды. Осы кезеңде, яғни, 1954 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы баспасынан профессор М. Балақаев пен доцент А. Исқақовтың (кітапта осылай берілген) жауапты редакторлығымен «Қазіргі қазақ тілі» еңбегі жарыққа шығады. Кітап авторлары М. Балақаев (сан есім, шылау сөздер, көмекші есімдер, жай сөйлем синтаксисі) А. Исқақов (морфологияның жалпы бөлімі, зат есім, сын есім, есімдік, үстеу, одағай, еліктеуіш сөздер, көмекші есімдер), Ғ. Мұсабаев (лексика), Н.Т. Сауранбаев (етістіктер мен құрмалас сөйлем синтаксисі) болады.
Кітаптың алғысөзінде кітаптың басты бағыты былайша белгіленеді: «Сталиннің бұл еңбектері совет тіл ғылымын нағыз марксистік жолға түсірді, оның зерттейтін объектісі мен методын, мақсаты мен міндетін айқындап, саралап, көрсетіп берді» [ҚҚТ, Алматы, 1954. 5-бет]. Осыған дейінгі қазақ тілінде жазылған ғылыми зерттеулерге кітаптың алғы сөзінде мынадай баға беріледі: «Қазақ тілін зерттеуге арналған едәуір еңбектерде бір жағынан грамматика, семасиология, лексикология мәселелері шексіз мыйластырылса, екінші жағынан тілдің грамматикасынан гөрі семасиологиясын асыра бағалауға көңіл бөлініп, морфологиядан гөрі синтаксиске айрықша мән берілді. ... Ал ол жұмыстарды мазмұн жағынан алсақ, сол асыра дәріптелген синтаксистің өзіне грамматикалық тұрғыдан сипаттама беруден гөрі, семасиологиялық, логикалық тұрғыдан сипаттама беру әдеті әлдеқайда күшті болды. Қазақ тілінің синтаксистік құрылысында белгілі бір қалыптасқан орнықты сөз тіркестерінің, сөйлем құрылыстарының заңдары болмаған сияқты көрсетілді де, әрбір сөз тіркесінің түрі, әрбір сөйлемнің тұрпаты семантиканың талабына сай құбылып,, өзгеріп отыратын көріністер ретінде суреттелді.. » [6-бет]. С. Аманжоловтың «Диалектология и история казахского языка» атты зерттеуі «... Қазақ тілінің, оның грамматикалық құрылысы мен негізгі сөздік қорының бүкіл қазақ халқына ортақ бірыңғай жалпы халықтық қасиеттерін мойындамай, оны «қырық ұрудан құралған «құранды» тіл етіп көрсетуге тырысқан «еңбектер» де болды» деп сыналды [7-бет]. Сөйтіп, 1950 жылғы дискуссиядан кейін яғни, Сталиннің тіл мәселелері жөніндегі еңбектері жарияланғаннан кейін осындай саяси кемшіліктерді түзеу мақсатында 1954 жылғы оқу құралы жазылды. Авторлар «қазақ тілі лексикасының, фонетикасының, грамматикасының өзіне тән ерекшеліктерін, қалыптасқан ішкі заңдарын маркстік тіл білімі тұрғысынан талдап түсіндіруді негізгі міндет санады» [8-бет].
560 беттен тұратын «Қазіргі қазақ тілі» оқу құралы өз кезеңінің негізгі ғылыми және әдістемелік бағытын айқындады. Лексика, фонетика, грамматика (морфология, синтаксис) бөлімдері формальдық бағытта зерттеліп, лениндік-сталиндік материалистік көзқарас бойынша сараланды. Тіл туралы маркстік ілім барлық тіл білімі салалары бойынша «арқа сүйер негіз, басты тірек» [95-бет] болды. Оқу құралында негізінен Ахмет Байтұрсынұлы жасаған терім сөздер сілтемесіз пайдаланылды. Авторлар барынша сөз мағынасы, грамматикалық тұлғаның мағынасы туралы жақ ашпауға тырысты.
Саясаттың ықпалымен жазылса да, бұл еңбектің қазақ тіл білімінің дамуына тигізген ықпалы ерекше болды. Ең бастысы, қазақ тіл білімінің барлық салалары жинақталып, сараланып, бір жүйеге түсірілді. Осыған дейін түркітануда жазылған ғылыми зерттеулерге байыпты да тиянақты сараптама жүргізіліп, қазақ тілінің тілдік деректерін тұлғалық жағынан зерттеді. Бұдан кейін жазылған ғылыми зерттеулер өз бастауын осы еңбектерден алды, теориялық қағидаларын тереңдетті, формальдық бағыт ‑ басты бағыт ретінде сақталды.
Оқу құралын байыптап зерделегенде, әр тарауға қатысты жазылған ғылыми пікірлердің бүгінгі тілдік құрылымды зерттеген ғалымдар еңбектерінен елеулі айырмашылықтары бар екенін де аңғару қиын емес. Бұл - тіл ғылымының дамуында болатын табиғи үдеріс ретінде қарастыруға болатын құбылыс. Мәселен, лексиканың тараулары ретінде «семасиология, лексикология (фразеологиямен бірге), этимология және грамматика» көрсетіледі де, әр тарауға қысқаша түсінік беріледі [12-бет]. Лексиканың әр тарауын жазу барысында ғалым қаламы «семантика мәселесін шешкенде және оның мәліметтерін пайдаланғанда, семантиканың ешуақытта асыра бағалауға болмайды, әсіресе оны теріс қолдануға болмайды» деп үйреткен В. Сталин идеясын еріксіз алға ұстайды [И.В. Сталин. Марксизм және тіл блімі мәселелері. Алматы, қазақша аудармасы. 1951, 32-бет.].
«Грамматиканың негізгі базасы - сөз, өйткені грамматика сөздердің өзгеруін, оның түрленуін, сөз тізбегі болып, сөйлемге құрасуын тексереді. Сондықтан лексика мен грамматика байланысты болады» делінеді [14].
Оқу құралында қазақ тілінде тоғыз жалаң дауысты, екі қосынды дауысты (и,у), 25 дауыссыз дыбыс бар (б, г, д, ж, з, й, к, л, м, н, п, р, с, т, (у), ш, қ, ң, ғ, һ, в, ф, х, ц, ч) деп көрсетіледі. Ф, х, ц, ч дыбыстары кеңес кезінде енген дыбыстар ретінде көрсетіледі [137-бет].
Фонетика бөліміндегі басты ерекшелік ретінде негізгі ережелер мен емлелердің күні бүгінге дейін айтарлықтай өзгеріске түспегенін атап өтуге болады.
Грамматика бөлімі И.В. Сталиннің «Грамматика (морфология, синтаксис) сөздердің өзгеруі және сөздердің сөйлемде тіркесуі туралы ережелердің жыйнағы болып табылады» деген анықтамасымен басталып [И.В. Сталин. Марксизм және тіл блімі мәселелері. Алматы, қазақша аудармасы. 1951, 20-бет.], сөздің лексикалық және грамматикалық мағыналары талданып, сөздердің тұлғасөз таптары талданады.
Оқу құралында жай сөйлемге 6-7 бет қара берілген [498-504 бб.]. Демек, жай сөйлем синтакиссі осы кезеңде толық зерттеле қоймағанын көрсетеді. Бұл саланы М. Балақаев шәкірті Р. Әмір толықтырғанын, жеке оқулық жазғанын білеміз.
Құрмалас сөйлем бөлімін Н.Т. Сауранбаев жазған. Мұнда құрмалас сөйлемнің басты теориялық қағидалары мен басты тұжырымдары талданған. Сөйлем семантикасынан барынша шегіне отырып, ғалым құрмалас сөйлемнің даму жолдарын, құрмаласу тәсілдерін, түрлерін тұлғалық жағынан талдап, формальдық бағытта талдайды. Салалас құрмаластың 4 түрі (ыңғайлас (мезгілдес), қарсылықты, себеп-салдар, талғамалы), сабақтас құрмаластың 7 түрі (мезгіл пысықтаыш бағыныңқы, себеп пысықтауыш бағыныңқы, амал пысықтауыш бағыныңқы, мақсат пысықтауыш бағыныңқы, шарт бағыныңқылы сабақтас, қарсылықты сабақтас құрмалас, салыстырмалы сабақтас) талданады. Барлық талдаулар сөйлемнің мағыналық құрылымын талдауға емес, тұлғалық ерекшеліктерін талдауға арналады.
Авторлардың оқу құралына енген зерттеулері кейін жеке ғылыми еңбектерінің негізін құрағаны, жеке оқулық ретінде белгіленген сталиндік көзқарастан айықпаған күйінде жарық көргені белгілі.
Достарыңызбен бөлісу: |