Өміров ЕрмекҚасымұлы 1954 жылы шілде айының 28-інде Кербұлақ ауданындағы Сарыөзек ауылында дүниеге келген. 1975 жылы Чайковский атындағы музыкалық училищенің фортепьяно класын оқып бітірді. 1981 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториядағы композиция мамандығы бойынша білім алды.
1981-1986 жылдары «Отырар сазы» оркестрінде қызмет істеді. Осы оркестрдің іргетасын қалаушылардың бірі. «Отырар сазына» арнап «Ауыл табиғаты», «Шаттық елім», «Қымыз той» поэмаларын, «Боташым», «Тасбақалар жарысы», «Қаңбақ шал» күйлерін, «Мың жылқы», «Назым», «Құсни-Қорлан», «Қараторғай» ән-күйлерін өңдеп шығарды.
1986-1989 жылдары Алматы облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі болып қызмет жасады. «Адырна», «Сазген», «Алтынай» ансамбльдерінің оркестрлік шығармашылық жұмысымен айналысты. 1989-91 жылдары шығармашылық еңбек етті. Осы жылдар «Қоңыр жай», «Ақбөкен», «Толғау» т.б. домбыраға арналған 10 күй жазды. Құрманғазы атындағы оркестрге арнап «Арал» поэмасын, «Беласар», «Бурыл жорға», «Қуаныш күйі» күйлерін, симфониялық оркестрге арнап «Концерт-поэма» және 1-ші симфонияны жазды.
Е.Қ. Өміров шығармашылығында балаларға арналған музыка ерекше орын алады. 12 мультфильмге музыка жазды. Мысалы: «Қаңбақ шал», «Қауіпті жол», «Сырттан арлан», «Арыстан мен түлкі», «Нашақор мысық», «Тігінші» т.б. Музыкалық мектептердің репертуарына арнап 24 қазақтың әндері мен күйлерін өңдеп шығарды. Мысалы: «Бала уату», «Кеңес күйі», «Балқадиша», «Бипыл», «Ақсиса» т.б. Сонымен бірге, фортепьяноға арналған «Атамның әңгімесі», «Торғай», «Жаңбырлы таң», «Самал жел», «Би» сияқты 24 пъеса, 3 сонатасы жарық көрді. Балаларға арналған «Керек бізге тыныштық», «Ардақты жан анам», «Шекарашы», «Бөбектері әлемнің,» «Наурыз», «Ақша қар», «Қаздарым», «Көбелек», «Анашым» сияқты 50 шақты ән жазып шығарды. Е.Қ. Өміров – 1985 жылдан Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, 2005 жылдан ТМД және Қазақстан киноматографистер Одағының мүшесі.
Тілендиев Нұрғиса Атабайұлы 01.04.1925 ж. Бұрынғы Шіліккемер ауылында, қазіргі Алматы облысы, Іле ауданы, Нұрғиса Тілендиев ауылында дүниеге келді және туып өсті - 15.10.1998 ж. Алматы; Алматы обл. Жамбыл ауд. Жерленді. Болашақ композитордың әкесі оны домбырада ойнауды үйретті.
Ол Алматы қаласындағы №12 алғашқы қазақ мектеп-интернатында білім алып, өзінің домбырада шебер ойнауымен барлығын таңқалдырды. 1933 жылы Ахмет Жұбанов кішкентай Нұрғисаны музыкалық училищеге алып келді. Аталған оқу орнында Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі ұйымдастырылған болатын, Нұрғисаны он екі жасында осы оркестрдің концертмейстері етіп тағайындады, ал он төрт жасында оны дирижер «мәртебесіне» дейін көтерді. Нұрғиса Тілендиев өзінің алғашқы және басты ұстазы ретінде Ахмет Жұбановты санады: «Жұбанов маған барлық нәрсені үйретті: халық музыкасын және классикалық музыканы жақсы көруді және түсінуді үйретті, еңбек етуді және шығармашылық жұмыстан қуаныш сезіміне бөленуді үйретті, өмірдің барлық қырларын жақсы көруді үйретті. Мен қазіргі осы дәрежеге жеткенім үшін, сол кісіге қарыздармын». Кезінде Ахмет Жұбановтың өнер жолына алғаш қадам басқан және ең үздік оқушы ретіндегі Нұрғисаға өзінің домбырасын сыйлағаны кездейсоқтық емес шығар.
Соғыс жылдарында Тілендиев өз еркімен майданға аттанады. Әскер қатарынан босағаннан кейін, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар факультетінде білім алды, содан кейін Мәскеу консерваториясының дирижерлік факультетін бітірді (профессор Н.П.Аносовтың сыныбы бойынша), Мәскеудегі Үлкен театрда тағылымдамадан өтті.
Ол Абай атындағы Қазақтың опера және балет театрының бас дирижері болды (1953-1961), Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері болды (1961-1964); Абай атындағы Қазақтың опера және балет театрының директоры, «Қазақфильм» киностудиясының музыкалық жетекшісі, Дінмұхамед Қонаевтың кеңесімен өзі ұйымдастырған «Отырар сазы» халық аспаптар оркестрінің музыкалық жетекшісі болды (1983-1998). Еркін төгілген әсем әуен, сымбатты ырғақ, нәзік лиризм, азаматтық пафос пен динамикалық серпін – композитор шығармашылығына тән қасиет. Нұрғиса Тілендиев казақтың музыкалық мәдениетінде өшпес із қалдырды. Ол әртүрлі жанрдағы 500-ден астам музыкалық шығармалардың авторы болып табылады: әндер, күйлер, романстар, поэмалар, увертюралар, кантаталар, опера және балеттер және т.б. Ол «Алтын таулар» операсының авторы (Қ.Қожамьяровпен бірлескен авторлықта), «Достық жолымен» балетінің авторы (Л.Степановпен авторлық бірлестікте), «Ата толғауы», «Аққу» оркестрлік поэмаларының, 40-тан астам әндер мен романстардың авторы болып саналады. Ол 100-ден астам спектакльдерге, көркем, деректі және мультипликациялық фильмдерге музыка жазды.
Композитор 40-тан астам пьесаларға және 20-дан астам кинофильмдерге музыка жазды. М.Әуезовтің, Ш.Аймановтың, Т.Ахтановтың, Ә. Тәжібаевтың пьесаларындағы, сонымен бірге «Қыз-Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа» фильмдеріндегі, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» мультфильмдеріндегі Н.Тілендивтің музыкасы қазақ сахнасы мен экранындағы классика болып табылады.
Нұрғиса Тілендиев композитор, домбырашы, дирижер және орындаушы ретінде қазақ музыкасының дамуына баға жетпес үлес қосты. Оның музыкалық мұрасының жанрлық ауқымы мен кеңдігі таңқалдырады: әндер, күйлер, романстар, увертюралар, поэмалар, кантаталар, опералар, балет және т.б. Оның халық дәстүрінің бояуларымен және ешкіммен салыстыруға келмейтін өзіндік қолтаңбасымен айрықшаланған күйлері мен әндері қазақ халқының сүйікті шығармаларына айналды.
Нұрғиса Тілендиев – көрнекті композитор, дирижер, домбырада шебер ойнаудың майталманы – Қазақстанның музыкалық мәдениетіне өшпес із қалдырған тұлға. Оның жеке тұлғасы біртұтас дәуірдің көрнекті есімдерінің қатарынан орын алды. Композитор әртүрлі жанрларда жұмыс істеді, алайда композитордың шығармаларының көпшілік тобы үш негізгі бағытқа шоғырланған: әндер, киномузыка және халық аспаптар оркестріне және өзі құрған «Отырар сазы» оркестріне арналған көптеген шығармалары, аталған мен оркестр дирижердің керемет талантын қазақ музыкасының символына айналдырды. Композитордың өмірбаянының деректері нақты көрсеткендей, әртүрлі жанрдағы шығармаларының арасында, оның 400-ге жуығын композитордың әндері құрайды. Композитордың әндері халық арасына кең тарап, танымал болды және композиторды шынайы халық композиторы етті. Композитордың бет-бейнесі ХХ ғасырдың 30-40-жылдарына дейін шынайы дәстүрлі формада болған қазақ музыкасының негіздерінде қалыптасты. Дәстүрлі қоғам атмосферасында қазақтың шынайы дүниетанымы әдемілік сезімін сақтаған адамдар арасында алған тәрбие, Н.Тілендиевке ата-баба жерінде тамыры терең қазылған шығармашылықтың қайнар көздері бар шынайы ұлттық суретші ретінде қалыптасуына мүмкіндік берді.
Н.Тілендиев еуропалық музыкалық білім алды, алайда өзінің композиторлық шығармашылығында ата-бабалардың рухани тәжірибесіне адал болып қалды. Ол шынайы қазақ өнерін жаңаша мәнерлеуші ретінде болды. Дәл осы қасиеті композитордың ұлылығын, даналығын және шығармашылығының ерекше тартымдылығын көрсетеді. Н.Тілендиевтің жеке тұлғасы туған-туыстарының ата-бабалардың дәстүрлі салттары мен әдет-ғұрыптарын ерекше қастерлейтін, сонымен бірге өздері де ұрпақтан ұрпаққа берілетін шынайы дәстүр ретінде болатын отбасында қалыптасты.