Ақан Сері, Ақжігіт Қорамсаұлы Орындаған:Нурланов Диас Ақан Сері, Ақжігіт Қорамсаұлы — ақын, әнші, композитор.
Ақан сері, Ақжігіт Қорамсаұлы (1843 жылы бұрынғы Көкшетау облысы, Үлкен Қоскөлдің маңы — 1913 жылы, сонда) — ақын, әнші, композитор.
Әкесінің есімі Қорамса, шешесі — Жаңыл. Ақан сері жас кезінен өнерімен көзге түсіп, кейін ақындық, әншілік өнері кемелденген соң алты алашқа аты мәлім сері атанған. Әуелі ауылда, содан соң Қызылжардағы Уәли (Ахметуәли) молдадан оқыған. 16 — 17 жасынан өнер жолына түскен. Шоқанның қазасына көңіл айтып, оны Көкшенің биігіне, теңіздегі кемеге теңейді, “40 темірдің қылауын қосқан өнерпаз” деп бағалайды.
Ақан серінің бірінші әйелі Жұман қызы Бәтимадан туған жалғыз ұлы Ыбан (Ыбырайым). Оған Ақан сері жазу-сызу үйреткен. Бәтима өлген соң, аз күн отасқан әйелі Тінәлі қызы Ұрқияға Ақан серінің “Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия” деген өлеңің арнаған. Ақан серінің тірідей айрылған сүйген қызы — Ақтоқты. Бұл — арты аңызға айналған оқиға. Ақтоқты есімі Ақан серінің шығармаларынан кең орын алды. “Ақ көйлек”, “Аужар”, “Алтыбасар”, “Ғашық жарға”, “Тағрипың”, “Ж-ға” — Ақтоқтыға арналған махаббат толғаулары. Құлагердің мерт болуы (80 жылдардың ортасы) да егде тартқан Ақан серінің өмірі мен шығармашылығында ұмытылмас оқиға болды. Керей Сағынайдың асындағы аламан бәйгеде Құлагер кісі қолынан мерт болды. Құлагер туралы өлеңдерінде ақынның көңіл күйі, ашу-ыза, күйініш, үміт-сезімі тебірене жырланған.
Өмір соққысын көрген Ақан сері енді: “Жақсылықтан жамандық асып кетті, Бой бағып тұру артық келсе шамаң” дейді. Ел аралауды сиретіп, бойын бағуды ойлайды. Жайлауға көшпей, Ыбан екеуі қыстауда қалады. Дұшпандары оны әр саққа жүгіртіп өсек таратады. Бірақ Ақан сері өмірден де, өнерден де қол үзбейді. “Өнерді бойға біткен іркіп болмас” деп қарайды. Осы тұстағы ән-өлеңдерінің елеулісі — “Балқадиша”. Бұл — өз теңіне атастырылған әдепті, сыпайы қыздың өнерлі ағаны қадір тұтқан сүйкімді қылығына разы ағалық қарыздар көңілден туған ән.
90 жылдардағы Ақан сері шығармашылығында айтыс едәуір орын алды. Ақан серінің алғашқы айтыс-қағыс өлеңдерінің бірі — “Жүсіп төреге” (Тәкінің Жүсібіне қайтарған жауап өлеңі). Орынбай, Нүркей тағы басқа он шақты ақынмен айтыстарының үзінділері ғана сақталған. Толығырағы — Нұрқожамен айтысы. Онда Ақан сері ел-жұртты тірек тұтады (“Хақ қалаған Есенбай қарашамын, Алтын бесік халқыма жарасамын”), ақындық өнерді қадірлейді, туған жерді, халықты мақтан етеді.
Музыка және әдебиеттегі үлесі
Ол қазақтың ұлттық өнерін кәсіби биікке көтеріп, дәстүрлі өнердің классикалық үлгісін жасады. Елуге жуық музыкалық мұрасы қазақ мәдениетінің алтын қорына енді. Оның шығармаларын белгілі әншілер Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Жәнібек Кәрменов, т.б. ел игілігіне айналдырды. Қазақстан композиторларының симфониялық және опералық шығармаларына кеңінен енгізіліп, Ақан әндері екінші өмірін бастады. Серінің өмірі мен тағдыры туралы Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасын, Ғабит Мүсірепов «Ақан сері – Ақтоқты» драмасын, Сыдық Мұхамеджанов осы аттас операсын, Сәкен Жүнісов «Ақан сері» романын жазды.Әуезов«Казак халкының эпосы мен фольклоры» атты зерттеу еңбегінде Ақан серінің ақындық өнерін жоғары бағалап, оның жел жетпес жүйрігіне арнаған «Құлагер», қыран бүркітіне арнаған «Көк жендет» әндерін жоқтау өлеңіне жатқызған