«Абай- хәкім айтқан екен...» эссе
Мен Абай атамыздың мұрасымен бала күнімнен таныспын. Нағашы әжем: «Абай- хәкім айтқан екен...»-, деп талай әңгіме айтушы еді.
«Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық,
Қартаймастай көрмелік, ойланалық» -дегендей сен осылай ойнап жүргенде заманың өтіп кетеді оданда Абайды оқы, болмаса менің айтқанымды тыңдап, есіңе сақтап жүр дейтұғын . Әжемнің шексіз әңгімесін сусындай отырып, Абай атамыздың мол мұрасының арқасында мен қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі атандым. Ең бірінші мұғалім болып мектеп қабырғасын аттаған кезде Абайдың 150 жылдық мерейтойы тойланып, ашық сабақ, тәрбие сабақтарын өткізіп мұғалімдік жолымды бастаған болатынмын.
Абай өлеңдері мен қара сөздері мазмұны жағынан біріне-бірі сай.
«Адамның білімі, өнері – адамшылықтың таразысы» деп санаған Абай білімді барлық атақ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Ақын адамның ең қымбат кезі – жастық шақты оқуға, ғылымға, жұмсауды еске салады. Ойын-сауықты кейін қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек ет, ізден, білімдіден үйрен, үлгі ал, солардай болуға тырыс дей келе:
«Дүние де өзі, мал да өзі
Ғылымға көңіл бөлсеңіз...», - деген тұжырым ұсынады.
Осы тұжырымды он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар , мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де- ақымақтық, деген жолдарынан біз мынаны түсінеміз: қандай топтан шықсаң да, ақылың жоғары, жүрегіңде иман болса, сонда ғана өзіңді қоршаған адамдар арасында сыйлы болуға лайықтысың. Адамның өміріне мәңгілік азық, таусылмас байлық ол –білім.
Абай өз заманының сипатын, халқының сол кездегі жағдайы мен психологиясын, жеке адам бойындағы жақсы мен жаман ниеттерді, өзінің дүниетанымын көрсеткен. Абай «түзетпек едім заманды, өзімді тым-ақ зор тұтып»деуінде үлкен мән бар. Абай атамыз тәлімгер ұстаз болған еді.Ақын тәрбиеге көнетін жалпы халық емес, жеке адам, оның дара ерекшеліктері. Жеке адамға ақыл, мінез, іс, адамшылдықты сақтайтын ұят-намыс керек дегенді айтады. Ал осындай адамшылықты жүрекпен байланыстырады. Жүрек-адамның ішкі сезімі деген ұғымды қолданған. Жүрегіміз әрқашан таза болсын!