Абай өлеңдеріндегі табиғат суреттері (350 сөз) Абайдың табиғат лирикасын ес білгеннен жаттап өстік. Бастауыш сыныптарда «Қыс», «Күз», «Жазғытұрым»



Pdf көрінісі
Дата06.01.2022
өлшемі28,23 Kb.
#12324
Байланысты:
abay lederindegi tabiat suretteri 350 sz 2987



Абай өлеңдеріндегі табиғат суреттері (350 сөз)

Абайдың табиғат лирикасын ес білгеннен жаттап өстік. Бастауыш сыныптарда «Қыс», «Күз»,

«Жазғытұрым», «Желсіз түнде жарық ай» және басқа өлеңдерінің шағын шумақтарын жатқа

оқыдық.  Абай  деген  ұлы  адамның,  атақты  ақынның  өлеңдерін  жатқа  білу  –  мерейлі  міндет.

Бірақ  оның  өлеңдерінің  мазмұнын,  мағынасын  талдап,  талқылау  қадамдарын  меңгергенде

ғана, ол өлеңдердің тыңдаған жанға неге ұнайтынын зерделей бастадық. Абай өлеңдеріндегі

табиғат  суреттерінің  қайталанбас  өрнектерін  тани  бастадық.  Міне,  енді  оған  өзіндік  баға

беріп,    сыни  пікір  айтар  кез  де  келіп  жетті.  Үлкен  жауапкершілікті  сезіне  отырып,  Абай

өлеңдеріндегі  табиғат  суреттерін  шебер  суретшінің  ғажайып  туындылары  деп  қана  қоймай,

жанды суреттерге толы көркемөнер галереясы деп бағалар едім.

Галерея  –  көлденеңінен  ұзындығы  басым,  көркемөнер  туындыларын  тамашалауға  болатын

ғимаратқа қатысты түсінік. Осы түсініктің маған жақын болған себебі бар. Ақын өлеңдеріндегі

суреттердің  даланың  жартастары  мен  қыраттарында,  көк  аспан  мен  қара  жер  аралығында

ілулі тұрғанын көз алдыма елестеттім. Жыр дәлізінің әр бұрылысынан күтпеген жерден шыға

келетін жанды суреттер көрмесі. Абайдың суреттеу шеберлігі ғажайып құбылысты тап басып,

қайталанбас  туындылар  сыйлайтынында  болып  тұр.  Өлеңдерінің  қанық  бояулы  болуының

себебі көркемдегіш құралдар мен қайталанбас өрнектерді талғаммен таңдай алуында.

Жанды  суреттерді  тудырған  ақын  лирикасына  ғалым  З.  Қабдолов  «Абайдың  лирикасы  –  кең

көлемді мол қазына, биігі бітпес, тереңі таусылмас сырлы мұра» деп баға берген. Олай болса

суреттер  ерекшелігіне  тоқталайық.  «Желсіз  түнде  жарық  ай»  өлеңіндегі  сурет  талғаммен

өрілген  эпитеттер  бояуын  кеңістіктегі  қозғалыс,  дыбыс  толқындарымен  толтырған.  Қаһарлы

қыс-құданың  бейнесін  суреткер  таңдаған  эпитеттер  толықтырса,  «Күз»  өлеңі  эпитет,

поэтикалық  метафора  және  теңеумен  айшықты.  Теңдесі  жоқ  ғажайып  сурет  –  «Қансонарда

шығады  бүркітші  аңға».  Бұл  –  табиғат  құбыластарымен  диалог,  метафора,  шендестіре

көркемдеу  бояулары  араласқан,  өмір  үшін  болған  ұлы  күрес  бейнеленген  панно.

«Жазғытұрым»  –  сипаты  бөлек  дүние.  Ол  –  ақ  пен  қараның,  күшті  мен  әлсіздің,  сыз  бен

шуақтың  жепе-жегін  салыстыра  бейнелейтін  ғажайып  картина.  Осыдан  түйіндер  тұжырым

мынадай  болмақ,  Абайдың  табиғат  лирикасы      өз  ортасы,  өз  кезеңі,  өз  мерзімінің  төгіліп

түскен суреттері және мәңгіліктің мөрі басылған ғажап туындылар.

Ойымды  С.  Әшімбаевтың  «Абайды  оқи  алмаған,  тоқи  алмаған  адамның  өмір  бойы  бір  бүйірі

олқы тұрады» деген сөздерімен қорытқым келеді. Себебі Абай поэзиясы – рухани қазына. Ол –

өмір  мен  өмір  сүру  философиясы.  Олай  болса,  «қазақ  сөзінің  шын  зергері,  ұстасының»  (Т.

Жароков)  табиғат  суреттемелері  –  қазақ  әдебиетінің  інжу-маржаны  ғана  емес,  әлем

әдебиетіне қосылған жауһар мұра. Болмысы бөлек қазақы құбылыс!



(350)


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет