Абайдың қара сөздері бірінші сөЗ



бет6/18
Дата26.12.2023
өлшемі123,9 Kb.
#144274
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18
Байланысты:
Абайдың қара сөздері

СЕГІЗІНШІ СӨЗ
Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды?
Біреу - болыс, біреу - би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді. Олар өздері де үздік кісіміз, өздеріміз біреуге үлгі беріп, ақыл айтарлықпыз деп сайланды. Өздері түзеліп жеткен, енді елді түзерлігі-ақ қалған. Ол не қылып тыңдасын және тыңдайын десе де, қолы тие ме? Басында өзіндік жұмысы бар: ұлығымызға жазалы болып қаламыз ба, елдегі бұзақыларымызды бүлдіріп аламыз ба, немесе халқымызды бүлдіріп аламыз ба, яки өзіміз шығымдап, шығынымызды толтыра алмай қаламыз ба? - деген ебіне қарай біреуді жетілтейін деп, біреуді құтылтайын деген бейнетінің бәрі басында, қолы тимейді.
Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малыменен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білім - ешнәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, құдай тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні, құдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны - бәрі мал. Сөзді қайтіп ұқсын, ұғайын десе де, қолы тие ме? Ол малды суармақ, тойғызбақ; саудасын жиғызбақ, күзеттірмек, бақтырмақ, ұры-бөрі, қыс, суық-сұғанақ - солардан сақтанбақ, солардан сақтарлық кісі таппақ. Оның бәрін жайғастырып, аяғын алып келіп мақтанға орналастырғанша қашан? Қолы тимейді.
Енді ұры-залым, сұм-сұрқия өздері де тыңдамайды.
Онша-мұнша қой жүнді қоңыршалар күнін де көре алмай жүр. Аналар анадай болып тұрғанда, білім, ғылым, ақылды не қылсын? Және де білім, ғылым кедейге керегі жоқтай-ақ: «Бізді не қыласың, ана сөзді ұғарлықтарға айт!» дейді. Оның өзгеменен ісі жоқ, ана алдындағы үшеуіндей болған жанның ойында ешбір қайғысы, мұңы болмаса керек.
1891
ТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗ
Осы мен өзім - қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уә әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ. Бұлардың бірі де жоқ. Бұл қалай? Бұл айтқанның бірін тұтпай болмас еді.
Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? - еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі. Қайратты күнімде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Қашан әбден біліп, үмітімді үзген кезде, өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйір боларлық кайрат, жалын сөніп те қалған екен. Сол себептен бір жүрген қуыс кеудемін. Тегінде ойлаймын: бұ да жақсы, өлер кезде «әттегене-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге.
1892


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет