Абайдың отыз төртінші сөзі өмір мен өлім философиясы хақында. Жұрт өлімнің хақ екендігін, оның əманда адам əбден қалжырап қартайғанында ғана емес, кенеттен де кездесетінін жəне Алла жанын бір алған пенденің о жақтан қайтып келмейтіндігін біледі, соған нанады. Ал бірақ ақылына салып, ой елегінен өткізіп барып нанбайды, амалсыздықтан, шарасыздықтан көнеді. Абай осы сұраққа жауап іздеген.
Адамның болмысы баршаға ортақ, көрер қызығы, қайғысы осы екі дүние аралығында. Өмір мен өлім бəрімізге бір. Олай болса, адамға керегі мұсылмандық, имандылық. Бірақ оған адам қалай жетпек? Бұл сұраққа жауап жоқ. Себебі, нағыз мұсылман дүние қуанышын, дүние қайғысын ақырет қуанышынан, ақырет қайғысынан артық қоя алмайды. Олай болғанда ол мұсылман емес. Адам енді не істемек? Адамға керегі — дүниеге қонақ екенін сезіну, өзінің мəңгілік еместігін ұғыну, сондықтан «бес күндік» ғұмыр үшін бір-бірімен қырқыспайтын істер жасауға дағдылану. Міне, Абай ұсынған жол. Бірақ Абай бұл жолға түскендерді таба алмай, дүние қызығын тозаққа айналдырғандарды көріп, «оның несі адам?» деп күйінеді. Сөйтіп, адамның рухани болмысы, өмір философиясы туралы Абай тереңнен сыр қозғаған. Бұл əлемдік философияның мəңгілік тақырыптары, олардың шешімі аса күрделі, əзірше бұл мəселелерге айқын жауаптар жоқ. Бұлар адамның рухын қозғайтын, жетілдіретін мəңгілік философиялық мəселелер.
Ақын отыз алтыншы сөзде иман, ұят деген ұғымдардың бірлігін, ар-ұятсыз иман-инабатының жоқтығын айтып, «ұят» деген ұғымға тоқталады: «Ұят деген адамның өз бойындағы, адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көзіңнің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, ешнəрсені көрмейді. Мұндай қылыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар кісі кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар».
Абай: «Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да» — деп қынжылады.
Отыз сегізінші сөздің негізгі идеясы туралы Абай: «Ғұмыр өзі — хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кəмəлат жоқ» — дейді. Нақтылы ой. Бар мəселенің кілті — ғұмыр. Тек ғұмыр болған соң ғана, өзге нəрселер туралы мазмұнды əңгіме жасауға болады.
Абай қай өлеңінде немесе қай қара сөзінде болсын қулықты, зұлымдықты, арамдықты дəріптемеген. Керісінше, сондай жаман қасиеттерден жұртты жирендіріп, адалдыққа, имандылыққа тəрбиелеген. Ол отыз сегізінші сөзінде былай дейді: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нəрсе бар. Сонан қашпақ керек: Əуелі — надандық, екінші – еріншектік, үшінші — залымдық деп білесің.
Надандық — білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнəрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады.
Еріншектік — күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік бəрі осыдан шығады.
Залымдық — адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады».
Хакім Абай ақиқат хақында айтқанда: «Хақтың бір аты — Алла, ғылым — Алланың бір сипаты» дегенді баса көрсетеді. Иман ісін алға шығарады. Оның пайым түсінігі бойынша, оқыған жастардың өз Отанына пайдасы тиюі үшін, олардың бойында басты адамгершілік сапа имандылық болуы шарт. Бұл шығармасында ақын: «Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, əр нəрсенің түбін, хикметін білмекке ынтық бірлəн табылады. Ол — Алланың ғылымы емес, һəмманы біле-тұғын ғылымға ынтықтық, өзі де адамдық өзіндік ғылым береді. Анық үшін ол Алланың өзіне ғашықтық. Ғылым — Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һəм адамдық дүр.
Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-құрмет таппақ секілді нəрселердің махаббаты бірлəн ғылым-білімнің ақиқаты табылмайды. Мал, мақтан ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һəм көрік болады. Егер де адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады», — деген тұжырымға келеді. Осы отыз сегізінші сөзінде біршама ғылым салаларын жүйелеу желісі де ұшырасады.
Достарыңызбен бөлісу: |