Абайтану мәселесіне қатысты әр алуан көзқарастар, әлеуметтік-саяси идеялар
Кеңестік идеологияның салдарынан абайтану ғылымында еріксіз назардан тыс қалып, тіпті күшпен басылып, еркін зерттелу мүмкіндігінен айырылған сала Абайдың ортасы десек, «социалистік» қоғамда ақынды өз ортасынан, әдеби айналасынан ажыратып алу мақсатты түрде іске асырылды. Алдымен Абайдың өзі «шынжыр балақ, шұбар төс» Құнанбай баласы болғаны үшін ғана кеңестік жүйге құрылған әдебиетке жақпады. Абай поэзиясының қуатына солақай сынның қауқары келмегендіктен, ендігі кезекте ақынның өз басы емес, оның айналасы, әдеби ортасы сын тезіне алынды. Ақынның өмір сүрген ортасы – «ескішіл», әкесі – бай-шонжар, маңайындағы ақын-жыраулар мұрасы «социалистік талаптардан ада» болған себепті, Абай мақсатты түрде әдеби ортасынан жырақталып, оқшаулана берді. Ақынның әдеби мұрасы «әдебиеттің таптығы» деген қалыпқа ыңғайланып, «кедейшіл», керек десеңіз «большевик» Абай өз ортасына қарсы қойыла зерттелді. Абайға ерекше ықпал еткен шығыс әдебиеті туралы аса аз айтылып, ақынның «шығысым батыс боп кетті» деген сөзі желеу етіліп, «Абайды поэзия шыңына көтерген орыстың зиялылары» деген түсінік санамызға сіңірілді. Орыс зиялылары, оның ішінде Е.Михаэлис, Н.Долгополов сияқты замандастарының Абайға, оның орыс әдебиетін меңгеруге тигізген қолғабысын жоққа шығаруға болмайды. Сол сияқты орыс әдебиетінің, оның көрнекті өкілдерінің де Абайға бергені өте мол. Әйтсе де, Абайға әсер еткен қорды санамалағанда төл әдебиет, оның ішінде ақынмен тікелей қарым-қатынаста болып, жанаса әсер еткен ортаның рөлін екінші қатарға ысыра беруге келмес. Абайдың заманынан асып туған кемелдігі ең алдымен, әкенің қаны, ананың сүтімен бойға дарыған құт, туған топырақтың қасиетінен. Екінші, тал бесіктен әженің әлдиімен, атаның әлқиссасымен жадыға жатталған қазақтың асыл сөзі, домбыраның күйі, қобыздың үнімен жүрекке тұнған төл өнер «қазақта қара сөзге дес бермеген» Абайды ақын етіп қалыптастырды. Кезінде М.Әуезов атап көрсететін Абайдың алған қорының ішіндегі ең молы – қазақтың халық әдебиеті екендігін ескерсек, осы бір сала заманның қақпақылына түсіп, абайтанудың ең бір осал тартып жатқан тұсы боп қалды.
Абайдың алдындағы әдебиет өкілдерімен қатар ақынның маңайына үйірілген әдеби қауымға да кеңестік жылы қарамады. Әлем әдебиетінде жалпы ағым-бағыттың аясында қолданылатын «мектеп» ұғымының бір ғана адамға қатысты айтылуы кеңестік қазақ әдебиеттануында үлкен дау туғызды. Нәтижесінде, маңайына ақын, әнші, музыкант, ертегіші сияқты алуан өнерді үйренуге құлшыныс білдірген жастарды жиып, баулыған ұстаз Абайдың тағлымдық, тәрбиелік қарекеті тұмшаланып, ақын шәкірттері шетінен «кертартпа», «ескішіл» деп танылып әдебиеттен аластатылды, көзі тірілері «халық жауы» болып қуғындалды.
Көп уақыт қапаста жатқан шәкірттер тәуелсіздіктің алдында ғана ақталып, шаңырағы шайқалған Абай мектебі енді ғана еңсесін түзей бастады. Абайдың айналасын құраған әдебиет өкілдері туралы біраз зерттеулер жазылды, ақын шәкірттердің шығармалары жинақ болып шықты десек, ендігі міндет – сол мұралардан әдеби орта тақырыбының өзегін іздеу. Мәселен, Құнанбайды ақтап алу аз, енді оның Абайға ықпалын, әке мен бала арасындағы рухани байланыстардың көзін аршу міндеті тұр. Сол сияқты Абайдың алдындағы аға буын ақындардың байланысы, қарым-қатынасы, жас Абайға көрсеткен өнегесі турасында толайым пікір айту да – бүгінгі зерттеулердің міндеті. Бұл арада Абай тәрбиесі өз ауылынан, өңірінен аспаған ба?- деген сауалдың көлденеңдейтіні заңды.
Абайдан кейін қазақ әдебиетінде оның дәстүрі қалыптасты десек, сол дәстүр ұғымының аясында ұлан-ғайыр дүние қылаң береді. Абайтанушы ғалым Ж.Ысмағұловтың сөзімен айтсақ: «Абай дәстүрі деген ұғымның сан салалы, өте күрделі екені мәлім... Өзгені былай қоя тұрып, Абайдың реалистік дәстүрін ғана ауызға алсақ та, оның әр жағында том-том зерттеу еңбектерінің сұлбасы көзге елестеп тұрар еді» [6, 32-б.]. Абай дәстүрі деген зор арнаның мәнді саласы – Абай мектебін сөз еткенде, ұстаз бен оның шәкірттері арасындағы байланысты тек олардың поэзиядағы сабақтастығымен шектеп қою аз. Бұл мәселеде тұрмыстық қатынастардан бастап, өлең үйрену қағидалары, тақырып таңдау, өмірге келген шығармаларды әдеби ортада сыннан өткізу сияқты қарекеттермен жалғасып, одан туындайтын ұжымдық әдеби процесс сияқты құбылыстардың сырына үңілгенде ғана әдеби мектептің мәні айқындала түспек. Ақындық мектеп дегенде, ең алдымен, сол мектепті қалыптастырушы Абайдың рөлін, ұстаздық қарекетін айқындап көрсету шарт. Оның әдебиеттегі жолын жалғастырушы ақын шәкірттердің әдеби мұрасына үңіле отырып, әр қырынан танып, олардың Абай дәстүрін жалғастырушы ғана емес, сол дәстүрді өздерінше дамыта білген даралық сипаттарын саралағанда барып Абай мектебінің қазақ әдебиетіндегі орны айқындала түспек.
«АБАЙ» - қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан 1935 ж. жарық көрген зерттеу еңбек. Авторы – Ғаббас Тоғжанов. Кітап Қазандағы «Кәмил Жақып» баспаханасынан латын алфавитімен жарық көрген. Автор өз зерттеуін шағын 10 тақырыпқа және қорытынды бөлімге бөліп, Абайдың ақындық жолына, ол өскен уақыт пен ортаға, ақынның жекелеген көзқарастарына, оған шығыс және орыс әдебиетінің ықпалы тақырыптарына шолу жасауды ниет еткен. Автор Абай шығармалары туралы кезінде келелі пікір айтқан А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, I. Жансүгіров, Т. Рысқұлов тұжырымдарын теріске шығаруға күш салып, әділ төрелік тізгінін әміршілдік-әкімшілік нұсқауларға ұстатып, елеулі қателіктерге ұрынған.
Абайды байшыл-феодалшыл ақын ретінде көрсетіп, оның әйел теңдігіне, кедейлерге көзқарасы керітартпа діншілдік талаптардан аса алмады, ұлт ақыны емес, ұлтшылдық пиғылы басым болды деп айыптайды. Абай ақындығының қалыптасу жолындағы Шығыс классиктері шығармаларының маңызын теріске шығарып, оның шыншылдық сара жолын белгілеп берген орыс әдебиеті ғана деген сыңаржақ тұжырымға ұрынады. Күнбе-күнгі тұрмыстық көріністерді ғана сынап, үлкен әлеуметтік мәселелерді, жалпыхалықтық тақырыптарды көтере алмады, көп өлеңі қысқа үгіт, өсиет түріндегі нәрселер ғана деген қате тұжырымдар жасайды. Дегенмен кітап соңында «Абай – самородок, қарадан оқымай шыққан талант» деп мойындауға мәжбүр болады, оның шыншылдық, қазақ поэзиясындағы жаңашылдық қызметін, аудармашылық шеберлігін жақсы жағынан атап өтеді.
Кітап соңында қосымша ретінде автордың «Ескі әдебиет мұраларын пайдалану жайында» деген мақаласы берілген. Кітап көлемі 10,5 б. т., 8000 дана болып басылған.
Достарыңызбен бөлісу: |