Архипелаг (ит. arcіpelago) – өзара жақын орналасқан және бір атауға ие болған аралдар тобы. Мысалы, Малай Архипелагы. Кейде аралдардың негізі су астында жалғасып жатады, шығу тегі мен құрылысы да ұқсас келеді.
Атмосфералық қысым – атмосфералық ауаның барлық денелер мен жер бетіне түсіретін қысымы. Ауаның температурасы 00 кезде мұхит деңгейіндегі атмосфералық қысым биіктігі 760 мм сынап бағанасының салмағына тең. Бұл қалыпты қысым деп аталады. Биіктеген сайын атмосфералық қысым азаяды, оны барометрмен өлшейді.
Атмосфералық жауын-шашын – бұлттардағы су буының конденсациялануы нәтижесінде, жер бетіне жаңбыр, бұршақ, қырау, қар түрінде түсетін ылғал. Атмосфералық жауын-шашын мөлшері, белгілі уақыт ішінде түскен ылғалдың мөлшеріне қарай, миллиметрмен өлшенеді. Мысалы, Жер бетіне түсетін жауын-шашынның жылдық мөлшері орта есеппен 1000 мм болса, қайсыбір шөлдерде-100 мм, ал ең көп жерде-12 000 мм-ге жетеді.
Ақ түн – кешкі шапақтан таң сәрісіне ұласатын шілде айының басындағы ашық түн. Ақ түн толығымен іңірге ұқсайды. Екі жарты шарда да, 600-тан жоғары ендіктерде байқалады.
Атырау–ірі өзендердің көлге немесе теңізге құяр сағасындағы өзен шөгінділерінен пайда болып, тарамдар мен тармақтарға тілімденген ойпат.
Ауған желі – Әмударияның бастауында оңтүстік-батыстан соғатын жергілікті жел. Термез қаласы маңында жылына 40-70 тәулік соғады. Жел соққан кезде айналаны шаңға көміп, ауаның ылғалдылығын кемітеді, өсімдіктерді құрғатады.
Барометр (гр. baros-ауырлық, metron-өлшем) – атмосфералық қысымды өлшеуге арналған аспап.
Барометрлік саты – атмосфералық қысым жер бетінен жоғарлаған сайын 1 мм-ге кеміп, төмен қарай өсіп отыратын биіктік.
Батиаль (гр. bathys-терең) –мұхиттар мен теңіздердің 200-3000 м тереңдікте жатқан зонасы.
Бедуин (араб. бадауин-шөл тұрғындары) – Алдыңғы Азия мен Солтүстік Африкадағы шөлді жерлерді қоныстанған көшпелі араб.
Бора (гр. boreas-солтүстік жел) –ең жақын жатқан тау жотасының беткейінен төмен қарай соғатын және қыста суытып жіберетін қатты жел. Қыста Қара теңіз жағалауында Новороссийск маңында, Югославияның Адриат теңізі жағалауында байқалады.
Бофорт шкаласы – жел күшін баллмен өлшейтін шартты шкала: 0-тымық; 4-баяу жел; 6-күшті жел; 12-дауыл. Шкала ағылшынның әскери гидрографы әрі картографы Ф. Бофорттың есімімен қабылданған.
Бриз (фр. brіse-жел) – теңіз, көл жағасында соғатын жергілікті жел. Атмосфералық қысымның өзгеруінен күндіз теңізден құрлыққа, түнде-құрлықтан теңізге қарай соғады.
Бұршақ – жер бетіне әр түрлі пішіндегі мұз кесектері түрінде түсетін атмосфералық жауын-шашынның бір түрі. Әдетте, жылдың жылы мезгілінде түседі.
Вади, уәди, құрғақ аңғар (араб тілінен шыққан) –Аравия мен Солтүстік Африканың шөлдерінде кездесетін, беткейлері тік, құрғақ аңғарлар. Нөсер жаңбырдан кейде суға толады да, кейін құрғап қалады.
Геосинклиналь – жер қыртысының ұзынынан созылып жатқан тектоникалық қозғалмалы ойпаң учаскесі. Геосинклиналь көбіне теңіз алабы түбінде пайда болады. Мұнда сейсмикалық процестер күшті байқалады.
Гейзер – гейзер, ыстық бұлақ (ислан. geyser – құйып кету) – жер бетіне оқтын-оқтын ыстық су мен бу бұрқақтанып атқылап тұратын ыстық бұлақ. Биіктігі 20-40 м-ге, буының биіктігі 150 м-ге дейін жетеді. Негізінен сөнбеген немесе таяуда сөнген жанартаулы аймақтарда кездеседі. Гейзердің ыстық суы үйлерді, жылыжайды жылытуы, электр энергиясын алу үшін пайдаланылады. ТМД-да – Камчаткада, шетелдерде – Исландия, Жаңа Зеландия, Солтүстік Америкада байқалады.
Гидрология (гр. hydor-су және logos-ілім) –гидросферадағы табиғи суды, онда жүріп жататын құбылыстар мен процестерді, олардың даму заңдылықтарын зерттейтін географиялық ғылым.