Өмір құндылығы дегеніміз не? Өмірдің құндылығын түсіндіруге негізделген философиялық ілім қалыптастыруға тырысқан Г. Риккерттің өмір туралы мына бір ойлары да өмірдің баға жетпес құндылығын дәлелдей түсіп, қазіргі адам үшін мәнді өмір сүру ұстанымы бола алатын секілді: “Адам мүмкіндігінше көбірек уайымдап, өзінің өмірін барлық бағыттарда мүмкіндігінше өміршең етіп жаюы керек. Өнгісі келген тірі нәрсенің ешқайсысын да басып жаншуға және құртуға оның хақы жоқ.. Ағаш пен дала гүлі секілді адам да гүлдейді, мұны ол білуге міндетті. Өзіңнің гүлденуіңді басыңнан кешпеу, әрбір уайымыңды құшақ жайып қарсы алмау, оны бағалай білмеу өзіңді өзің өлтіргенмен бірдей. Өмір сүр! Жаңа бұлжымайтын императивтің бұйрығы осы’’.
Бұл пікірден бізге қажетті үш тұжырым туындайды: Өмір туралы көбірек ойлан.
Өмір – баға жетпес құндылық, оған жететін ештеңе жоқ, сондықтан әр күніңді бағалап өмір сүр.
Маңдайға жазылған өмірді гүлдендіруге, жандыруға, мәнді өткізуге тырыс.
Бұл іс адамның өз қолында. Өмірге мән беретін адамның өзі, оның іс әрекеті. Дүниеге екі келмек жоқ, сондықтан өмірден өз орнын тезірек тауып, мәнді өмір сүруге де адамның өзі жауапты.
Өмірдің құндылығын және оның мәнін анықтушы – өмірмен диалектикалық бірлікті құрайтын өлім. Ол өмірден тыс нәрсе емес, үнемі қатар жүріп отырады, өмір бар жерде өлім міндетті түрде бар, ол өмірдің екінші жағы. Философия ғылымында өлім мәселесі өмірдің мәні секілді “мәңгілік”, шешімі қиын мәселелер қатарында.
Ресейлік зерттеуші Н. В. Волохованың пікірінше, осындай көзқарас қазіргі заманғы мәдени санаға көбірек тән. Бұл тұжырымға ол өлімге адамзат мәдениетінде қалыптасқан қатынастың үш түрін саралай отырып келген екен:
Өлім элюзия. Бұл пікірдің экзистенциалдық базисі – субъектінің оны қоршаған орта, социум, космоспен және жалпы болмыспен толық ұласып, бірігу сезімі. Өзі өмір сүріп отырған қоғамның ажырамас бөлшегіне айналған, онымен қайғысы да, қуанышы да ортақ адам өлімнен қатты қорқа бермейді, себебі өлім алдындағы қорқынышты бірге бөлісетін ортасы бар.
Өлім – трагедия. Субъект өзінің қайталанбас, ерекше жаратылған адам екендігіне сенімді, өзін басқа дүниеден оқшау ұстайды, соның нәтижесінде өлімді жалғыз қарсы алуға мәжбүр және бұл күресте өзінің дәрменсіздігін түсінеді.
Өлімді өмірдің екінші жағы ретінде ғана, маңызы жоқ нәрсе деп қабылдау.
Қазіргі қоғамда өмір сүріп отырған адамдардың көбінің өмір мен өлімге көзқарасы осындай деген пікірмен толықтай келіссек те, бұл тұжырым бізді бей жай қалдырмасы анық.