21. Бүгінгі қоғамда Еріктер көп пе? Тағандар көп пе? О.Бөкейдің «Атау-кере» ұның бойында туған жердің табиғатына жан ашу, елдің қажетін ойлау, жұрттың алға басуына немесе мемлекеттің мүддесіне қызмет ету дейтін сезім-түйсіктің нышаны да жоқ. Тіпті туған анасы мен жарына да жаны ашымайтын, түпкі мағынасын өзі де түсіне бермейтін беймәлім мақсатына ерекше тоңмойын, тасырлықпен ұмтылады. Шығармада шартты түрде біз талдап отырған үш арнаның ішінде зиянды, кері тартқан, регрестік, әділдікке емес зұлымдыққа, қайырымға емес қиянатқа, дамуға емес анархияға апаратын апатты бағыттың уәкілі. Бәлкім, бұған артында қалар ұрпағының да керек еместігі сондықтан.«Атау кере» елімізге нарық заманы енді ғана келе бастаған уақытта жазылғанын ескергенде, автордың Ерік бейнесі арқылы қоғамда «бәрін сатуға, бәрін сатып алуға болады» деген көрсоқыр, аса қатерлі, адамдыққа да жаратылысқа да қайшы көзқарастың жаппай етек алуынан алдын-ала сақтандырғаны хақ. Ал, Еріктің ақырында бүкіл тірлігі баянсыз болып, тіпті адам емес, жәндік-сонаға айналып қорлық, мазақ күйде өлуі заңдылықтай қабылданады. Иә, ол өзі таңдап алған оңай жолдың, жат, арамза тірліктің құрбаны болды. Табиғат ананың омырауын суалғанша сорып, жаратылыс тегін беретін байлықты өзгеден бұрын, өзгелерден тез тартып алу үшін Ерік қолынан келгенін аянбады, тіпті сонау мұхиттың арғы жағындағы тұқымы бөлек, өлермен, тойымсыз шетелдік еркек араларды алдырып, олардың жергілікті «жеңілтек» аналықтармен будандасуынан түрі бөтен, түсі суық қауіпті бір ұрпақ пайда болды. Бұлар қылшығы бұзылмаған, жайқалып, тұнып тұрған майшелпек, әрі бөтен аймаққа келісімен айналадағы өсімдік атаулының шырынын таусып біткенше тыным таппайды.
Өзі де «будан» тұқымға жататын ұлының қанағатсыз тірлігін жақтырмаған шешесі Нүрке кемпірдің: «жат жұрттық ешқашан жарытқан да, жерсінген де емес, бүгін балын берсе, ертең уын ұсынады...» - деген ескертулері еленбей, ақырында кемпірдің ажалы да сол шетелдік аралардан келген.Жоғарыда айтып өткеніміздей, туындыдағы тұғырлы үш арнаның бірі – сұлулық пен әдемілік, жастық шақтың қас-қағымдай жарқын сәттерінің белгісі, ізгілік пен қайырымдылық, сезім мен махаббат қуаты Айна образы арқылы бейнеленеді. Онсыз өмірдің мәні, демек шығарманың да сәулесі болмас еді. Айна Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі үлкен-кішілі ауыл, қалалардан орта мектепті аяқтай сала Алматыға аттанатын мыңдаған албырт жастардың өкілі. Ауылдың, әке-шешенің тәрбиесін көріп өскен бұйығы қыздың мінез-құлығынан мін табу қиын, ал сыртқы сұлулығы қапысыз. Тілерсегіне түскен қалың қара шашын қақ тарап, маңдайы жарқырап жүрген жас студент қыз талай жігіттің көз құртына айналып, меселін қайтарған. Тіпті, институттың мұғалімдеріне дейін, әсіресе география пәнінің оқытушысы бурыл шашты ағайының пиғылы бөтен. Ақыры, қыр соңынан қалмаған «ұстазының» қысымына шыдамаған Айна оқуын тастап АХБК-ға жұмысқа тұрады. Азиялық бет-әлпетіне көк көздері ерекше жарасатын сымбатты Ерікпен сонда жүргенде тіл табысып, кейін оған тұрмысқа шығады.Айна - құдай қосқан қосағына жан-тәнімен, ақырына дейін берілетін қазақ әйелдерінің дәстүрлі типінің жарқын өкілі, айнасы. Ол күйеуінің артынан еріп, айдаладағы тау арасына барып бірге тұрып, табиғаты қатал ортада жан бағудың барлық қиыншылықтарын қайыспай көтерісіп, сал болып қалған ауру енесін қабақ шытпай бағып-қағады. Арада жылдар жылыстап өткенде барып, жастай қосылған күйеуінің кейін ауылдан, адамдар ортасынан безініп, бұған түсініксіз болып бара жатқан күйкі тірлігі, тоңмойын мінезі, тіпті өзіне әйел ретінде қарауды қойған мейірімсіздігі, қыл аяғы жар қызығына да зар болып, жастық, қызулық ғұмырының қараң тартып бара жатқаны, Еріктің анау ауылдан итше ертіп келген, өзін бір жерден көргендей, досына деген қатыгездігіне әбден көзі жеткенде ғана көп-көп ойларға беріліп, көкірегі қарс айырылады. Иә, Айнаның Тағанды аспирант кезінде көргені рас-ты. «Студенттік өмірінің ішінде, әсіресе есінде қалғаны – үнеміo бір ой үстінде жүретін қара бура шашты, кірпіктері қолмен қондырғандай үлкен қара көзін қоршап тұрған аспирант еді. Жалғыз-ақ рет көрсе де өмір бойы есінде қалған. Кей кезде түсінде көріп, қиялында қалған аспирантты шақырып жатып оянатын мезеттері де болған».Мінеки, шығарманың шап-шағын құрамдағы кейіпкерлерінің қуатты типтері, ең алдымен олардың ішкі әлемі барынша кең ауқымды қамти тұра, қат-қабат тағдыр айдап бүгінгі тіршіліктері тар кеңістікте тоғысқандықтан да, оқиғалардың өрбу, шарықтау барысы қас-қағымда өтеді