38. Айгүл Кемелбаеваның «Шашты» әңгімесінің идеясын ұлттық мүдде тұрғысынан талдап жазыңыз.
Айгүл Кемелбаеваның «Шашты» әңгімесі өткен жылдың құйрықты жұлдызындай жарқ етіп, сөзге көңіл суарған көпшіліктің айызын бір қандырып, қапысыз бабамұратты бағзы заманның шежіресіне қанық еткен-ді. Әңгіме өрісі кең, кей тұста этнографиялық, кей тұста тарихи мағлұматтарға жүгінсе, кей тұста атбегілік әуселесі әулиелікке ұласқан қазақтың дегдарлығын паш етеді, кей тұста ел мен жердің аңысын аңдығандай географиялық әу-жайға қанықтырып қояды. Жазушының жұрнақ пен жалғауға шолақ, қайыруы тез, ұғынуы күрделі сөз байламдары кібіртіктетіп, екі үш қайтара оқуға байлап қоятыны бар. Әйтсе де, Айгүл идеяның тінін қиялдан өрмейді, тарихи негізі бар оқиға желісін кейінгіге шынайы ұқтырмақ болғандай. Ұлттық құндылықтар мен өшпес мұраттар, дін мен ділді, адамшылық пен азбандықты ту еткен шығармасының кең ауқымына, терең иіріміне қарап эпикалық әңгіме деп тануға болады.
Құлдық қамытына байланған иісі қазақ, руы қыпшақ Кенжебекті түркпеннің құлақ-кесті құл-атбегісі «қаңбақша ауып, тамырсыз дедектеген» Тасқұл-қаңлы «Ай-Күн жарықсыз болмас» деп жұбатады. Жылқышы ата түркпен мен қазақ руларының аталас, дағды қалпын айырып, екі елдің жаугершілік мінезінен сыр шертеді. «Қазақылық заманнан үш жүз бір ту астына біріксе, ер түрікпеннен бөлек, Өр Алтайдан Еділге өтіп, қырғидай тиген құба қалмақтан, Ысық көлдің арғы жағынан жөңкіліп тиісетін жауынгер тайпа қырғыздан. Ормандай кәпір орыстан, сірә да жеңілмес еді». Алты бақан алауыз болғанымен, «кертағыдай бұл қазақ бүлікшіл, өлермен халық екенін көрсет!» деп баланы түрікпен ат бәйгесінде қаракөк тұқым, аузымен құс тістеген хас жүйрікпен қашырмақ болады. «Жылқы әулие, әулиеге тапсырдым!». Көз алдыңызға көкірек кенересін даналық кемсерген, әулие-абыз қарияның зор пішіні келе қалады. Ғазиз, абыройлы өлімнің алдында құлқамыт өмірдің түк мәні жоқ. «Өмір мен өлім деген не тәйірі!». Құлдықтан қашу зор үрей, алдын тосып құмдақ шөл, сусыз шөлейт, алаөкпедей көбік құсқан ағынды дария тұр, бірақ, ата балаға қанат береді, құлдықтың түбі тексіздік, тамырсыздық деп көрсетеді. Тексіздік үлкен таңба, қала берді жұтылу. Жазушы қазақтық санадағы тексіздікті бүгінгі құлдыққа да саяды, санаң құлдықтан азат болсын деп үгіт етеді.
Қазақ пен қазанатты айыру – ұлттың ар-қасиетіне сына қағу. Жылқыны сүю – Тәңірді әспеттеумен тең бе дерсің қазаққа. Жылқыға құмарлықтың өзі рухтың, ойдың да Жаратқанымен табысуға аңсары емес пе екен? «Қазақ атқа мінбесін, қазақ атқа мінсе, бір дене, бір жанға айналып кетеді». Жазушының көркем шығармаларында, эсселік әдеби толғаныстарында жылқы жануары туралы тәтті тамсаныс, ерен көзсіз махаббат жырдай есіледі. Бұл тақырыпқа қалам тербеуінің өзі – қазақтың ежелгі өмірлік құндылықтарын қайтарып алып, бүгінгі санасы тұтас тамұқтай ұрпаққа уыздай ұсынбақ болғандай.
« – Бұрынғы көнекөз жұрт көкірегі ерен көркем еді, толған ай көрсе шашты, жазғы сәуле құйылса түкті деп жатушы еді». Жазушы құдайға қараған қазақтың жұпар аңқыған сәуле санасын аңсармен сағынып, беттескендей, бөрілі қазақты құшақ басқандай жазуы ненің сипаты? «Ойсыз, доссыз, бақытсыз» қорқытты ма екен?
«Түрікпен Қорқытқа көр қазба дейді. Мен айтамын, Қорқытқа көр қазылсын, уақыты келсе даяр тұрады!». Шығармада «бастары қосылмайтын ақырзаман жастарының» ойсыз, бақакөзденген ұландардың бөрігін алып түсіп, төсінен басып, ұйқылы ояу ұлттың намысына тиер бұзаутіс қамшының ащы шықпыртындай сөздер көп-ақ. Түрікпен «аш құлақ та тиыш құлақ» дер, бірақ «мен» – мен қазақпын – «Тұрлаусыз өскен құландай қыпшақ қаныңды сатпа!» дейді. Жазушының ішкі дүниесі ышқынып, ызалы қолы уақытынан кеш сермегендей, адуынды мінезбен Кенжебектей ұландарын қайрап, түйреп өтеді.
Шығарма сәтті аяқталған. Пессимизм біздің буынға түскен буынқұрт, жазушы осыны жақсы ұғады. Ата сертке, қазақтың жомарт жүрегінің дұғалы лебізіне иланады. Батасыз ердің көгермейтінін біледі.
Жазушының стиліндегі төкпелі жырдай алақұйын сөйлем легі, асқақтап шапшитын елірме пафос ерен рух қанатын байлайды, жайдақ аттай сылбырлықпен ел мен жердің аңысын шертіп, қазақтық кемел дүниетанымға бөктіреді. В.Шукшин: «Мен «телеграфтық стиль» дегенді білмеймін, тартпайтын әңгімені ғана білемін» депті. А.Кемелбаеваны оқу – қарысып қатқан қолтығыңды сөгу, қамау теріңді алу, зиялы зердені талап етеді. Әуелгі туындыларынан-ақ, шұбалаңқылау, энциклопедиялық ірі біліммен танылған шығармагердің бар міні сол – ұлан-ғайыр төгілген тіркестерге бар білімін сарқып жұмсау шығар. Бірақ әдебиеттің негізі көркем тіл, көмбеленген астарлы тіл деп ұқсақ, Айгүлде бұл олқылық қайта өз бағын асырып отыр. Жұлдызын жарқыратып тұр. Тіпті, диалогтарындағы ежелгі сөйлеу мәнерінде ақпараттық нығыздық бар. А.Кемелбаева эпостық емеуріннен таза стиль қалыптастыра алған өз жолы бар қаламгер.