Көптен асыға күткен сәт Уахи әкелуші періште – Жебірейіл тас түнек қараңғылықты жарып, сымбатты жігіт бейнесінде айналасын нұрға бөлеген қалпында Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) көрінді. Тәтті әрі қатты даусымен:
“Оқы!”, – деп бұйырды.
Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) бойын үрей биледі. Жүрегі кеудесін жарып шығардай қатты соғып кетті. Сонан соң бойын жинап:
“Мен оқи алмаймын ! Оқу білмеймін!”, – деді.
Жебірейіл Хазіреті Мұхаммедті (с.а.у.) қатты құшағына қысты да, қайтадан:
“Оқы!”, – деп дауыстады.
Екі дүниенің сәруары – Мұхаммед (с.а.у.) алдыңғы жауабын тағы да қайталады.
“Мен оқи алмаймын! Жебірейіл Оны (с.а.у.) қатты құшақтап, сосын қоя берді де:
”Оқы!”, – деді гүр даусымен.
Бұл жолы Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.):
“Мен оқу білмеймін”, – деді де сәл кідіріп:
”Айта бер, нені оқиын?”, – деп сұрады.
Періште Аллаh тарапынан жолданған, Расулына қолма-қол табыстауға әкелген Алақ сүресінің алғашқы аяттарын басынан аяғына дейін оқып шықты:
“Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен! Ол адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы, сенің Раббың қаламмен жазуды үйрететін, адамға білмегендерін үйрететін асқан жомарттылық иесі” (Алақ сүресі, 1-5 аят).
Толқу мен қорқудан арылған Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) өзі сөйлейтін тілде түсірілген аяттарды сөзбе сөз қайталап шықты. Ә дегеннен-ақ айтылған аяттарға Аллаhтың Расулының тілі төселіп, жүрегінің төрінен орын алды.
Міндетін орындаған Жебірейіл періште сол сәтте-ақ көзден ғайып болды.
“Менің үстімді жабыңдар!” Иләһи уахидың әсерінен айыға алмай, толқып, дірілдеп қалтыраған күйі Аллаhтың Расулы үңгірден шығып, Меккеге келді.
Жолшыбай Ол небір қызықтың куәсі болды. Алға қадам аттаған сайын тау мен тас, ағаштар мен өсімдіктер:
“Әссаламу а’лайка иа, Расулаллаһ!” деп бас иіп сәлем беріп, онымен де қоймай жаңа жүктелген ұлы міндетімен құттықтап жатты.
Үйіне жеткенде үрей мен таңданысын жеңе алмаған ол сөйлеуге шамасы келмеді.
Не болғанын түсінбей аңтарыла қараған әйеліне:
“Менің үстімді жап, жамылғы бер” деумен ғана шектелді.
Хазіреті Хадиша күйеуінің халінен бір нәрсе болғанын сезсе де, бір ауыз сөзге келместен айтқанын орындады. Апыл-ғұпыл төсегін салып, жатқызды да, үстін қымтай жапты. Мұхаммед (с.а.у.) санасын шырмаған ойларымен арпалысып жатып көзі ілініп кетті.
Көп ұйықтамағанмен, оянған сәтте аз да болса өзіне келгендей еді. Жан жары Хадишаға басынан өткергендерін әңгімелеп болып ең соңында:
“Ей, Хадиша! Сенен несін жасырайын, қорыққаным рас. Бірдеңеге ұрынам ба деп қорқамын”, – деді.
Аллаh Расулының бұл сөздері өзіне сеніп тапсырылған мәңгілік құрметті міндетке лайық бола алам ба деген ішкі қанағатсыздығынан туындаған еді.
Алайда, пайғамбарға, оның ішінде де соңғы пайғамбарға жар болуға лайық деп таңдалған асқан көрегенділікке ие парасатты Хадиша бұл сәтте де жұбайына жұбаныш бола білді.
“Қорқатын, үрейленетін ештеңе жоқ. Уайымдама, еш тайсалма. Жігерің мұқалмасын. Жаратушының сен тәрізді құлын ешқашан ұятқа қалдырмайтындығына кәміл сенемін.
Сенің тек шындықты айтатындығыңа сенімім мол. Аманатты иесіне табыстағанша жаның жай таппайтындығын да білемін. Туған-туыстарыңмен де ара-қатынасың жақсы. Көрші-көлемге ерекше көңіл бөліп, мейірімділік танытасың. Жарлы-жақыбайдың досы да сенсің. Шарасыз қалғандарға үйіңнің төрінен орын беріп, күтесің. Қиын-қыстау жағдайларда халқыңа қол ұшын беретін де – Сен.
Ей, бауырым, шыдап бақ. Уаллаһи мен сені осы үмметтің пайғамбары болар деп үміттенемін”,- деді.