Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың ұлттық ғылымының көшбасшысы



Дата16.04.2023
өлшемі31,41 Kb.
#83253

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың ұлттық ғылымының көшбасшысы
Оқу-ағарту идеясы – А.Байтұрсынұлының қоғамдық қызметінің арқауы, азаматтық борышының негізі, идеологиялық платформасының тіреуі болды. Бұл платформаны мықтап ұстауға алып келген – оның өз халқының тағдырын ойлаған қам-қарекеті. А.Байтұрсынұлы – ұлттық рухымыздың ұлы тіні. Ұлттық рух дегеніміз – ұлттық намыс, қазақ екенін сезіну. Соны бастап берген, сары маса болып ызыңдап, бүкіл халықты «қазақпын» деп көтерілуге шақырған – Ахмет Байтұрсынұлы.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың ұлттық ғылымының көшбасшысы, ұлттық ғылымының арқауы. Неге? Басқа ұлттың ғалымдары (орыс ғалымдары): «Қалайша мектеп оқулықтарын ғылымның басы дейсіз?» – деп таңғалады. Əрине, бұрыннан оқу-жазуы бар, ғылымы бар, университеттері үш жүз, төрт жүз жыл бұрын ашылған халықтар үшін ғылымның негізін мектептен бастау оғаш көрінетін шығар. Шындығында, қазақтың нағыз ұлттық ғылымы – қазақ тілі туралы ғылым, қазақтың əдебиеті, қазақтың тарихы туралы ғылым.
Бұл пікірді бүгін ғана айтып отырған жоқпын. 60-жылдары Душанбеде конференция болды. Онда одақ бойынша түрлі ғалымдар бас қосып, коммунизм кезіндегі тілдер туралы сөз етті. Сонда сөйлеген сөзімде осы ойды айттым. А.Байтұрсынұлын атай алмадым, бірақ: «Қазақ тіл білімі – қазақ ғылымының басы болды. Қазақ лингвистикасы бастауыш мектептің оқулықтарынан басталды», – дедім. Кейін Ермахан Бекмахановтың жұбайы – Халима Адамовнамен кездескенімде: «Ерекең сіздің сол тұжырымыңызға қатты риза болып қайтты: «Рəбиға Сыздықова ғажап нəрсе айтты, жаңа, ешкім айтпаған, тың пікір айтты: «Қазақтың ұлттық ғылымы мектеп оқулықтарынан басталады», – деді. Ғаламат пікір, дұрыс пікір!» – деп сүйсінгенін жеткізгенде көтеріліп қалдым.
Осы тұста тағы бір пікір таласына тоқталуға тура келеді: мектеп оқулықтары жай ғана білім бе əлде ғылым ба, дəлірек айтсақ, белгілі бір тілдің құрылымын таныстырған алғашқы мағлұматтар сол тіл туралы ғылым саласының бастапқы көрінісі бола ма, жоқ па? Əрине, тіл туралы ғылымның мазмұны мен сипаты барлық кезеңде бірдей болмақ емес, оның тіл таныту мақсаты, зерттеу ұстанымдары, əдістері тұрғысынан қарағанда, алғашқы кезеңі мен қазіргі кезеңінде, тіпті орта тұсында айтарлықтай өзгешеліктердің болуы заңды əрі даусыз. Қазіргі кезде нағыз лингвистикалық талдауларды ғылым деп танысақ, сол талдаулардың көзі, бастауы болу керек қой. Осы орайда біз «тіл туралы ілім тілдің жалпы жəне тұрақты белгілерін баяндаудан қалыптасады» деген тұжырымды ұстанамыз, яғни,«мектеп грамматикаларында ғылыми сипат жоқ» деген пікірді қостамаймыз.
«Ғылым» деген сөздің негізгі мағынасы – «наука» емес. Ұлы Абайда бірнеше рет кездесетін «ғылым» сөзі «оқу-ағарту, білім» мағынасында қолданылған,«наука» мағынасында емес. «Ғылым таппай мақтанба» дегенде ол: «Ғылыммен айналысып, Эйнштейн сияқты ғалым бол!» – деп тұрған жоқ қазаққа, «оқып алмай, сауаттанып алмай, хат танымай тұрып, мақтанба!» деген ой айтады. Сол ғылымды бастаған, білімді ғылым түрінде бастаған – Ахмет Байтұрсынұлы болды.
А.Байтұрсынұлының қазақ тілі туралы білім-ғылымның негізін салуына ағартушылық идеясысебеп болды. Ол ағартушылықты өзінің азаматтық міндеті, дүниетанымының кредосы(негізі) деп санаған. Бұл ұлттық сананы көтерудің, өз сөзімен айтсақ, қазақты «өзге жұрттар өрге қадам басқанда қатарынан қалыспайтын»халық етіп ілгері бастырудыңалғашқы арнасы – оқу-ағарту деп білді. Қазақтың қалың бұқарасының сауатсыз қараңғылығы рухани-мəдени дамуының бірден-бір кедергісі екенін бейнелі тілмен қазақтың намысына тигізе: «надандық, өнерсіздік ата жолдасымыз болған соң олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бəрі надандық кесапаты», – деп ашып айтты. Ағартушылықты үгіттеген өзге қайраткерлерден Ахаңның үлкен айырмасы – ол өнер-білімге шақырумен қатар осы жолда нақты іске көшті: оқулықтар жазды, оқыту əдістерін көрсетті, 1913-1929 жылдары газет-журнал беттерінде, мəслихат-жиындарда қазақ даласындағы оқу-ағарту жайын кеңінен сөз етті, ұсыныстар жасады, 13-14 жыл бойы (1895-1909 жылдары) бала оқытты. Міне, бұл – ағартушы Байтұрсынұлының бейнесін танытатын нақты іс-əрекеттер.
А.Байтұрсынұлы қазақ балаларының сауатын ашуда бұрынғы ескі сүрлеу,тар соқпақпен жүрудің ендігі жерде XX ғасырдың басындағы қазаққоғамына қол еместігін көреді. Қазақ баласы енді сауатын бөгде тілде емес, яғни, араб, татар, орыс тілдерінде емес, ана тілінде ашуы керек, білім-ғылыммен қазақ тілінде сусындауы тиіс деп табады. Қазақ мектептерінің болуы, бүкіл оқу-тəрбие жұмысы қазақ тіліне жүруі қажет екенін ашып айтып, күн тəртібіне қояды, өзі де қазақ мектептерінің болуы, ана тілінде оқытылуы үшін күреседі. А.Байтұрсынұлының бұл тұжырымдарын қазіргі кезде де жадымызда ұстауымыз керек. А.Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған халықтың өзі де жоғалады», – дейді. Тіл – алты-жеті қамалдың ішіндегі ең соңғы құлайтын қамал. Тіл құласа, ол тіл қызмет еткен, сол тілмен бірге аталып келген халық та құриды. Адамдар болғанмен, олар қазақ болмайды. Сол халықтың аты жойылады. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», – дейді. Шынында, қазақ халқының сақталуы тілінің сақталуына байланысты. Қазақ тілін сақталуы қазақ мектептерінің сақталуына байланысты. Мектеп табалдырығын аттаған баланың сөйлеген тілі – ана тілі болады. Баланың ең алғашқы көбірек сөйлейтіні, үй ішінде сөйлейтіні, ойлайтыны, түс көретіні бір тілде болуы керек, үш тілде емес. Сол – ана тілі болуы керек.
Мектепте ең болмағанда бастауышта орыс тілінде де емес, ағылшын тілінде де емес, тек қана ана тілінде оқыту керек!Балаға ана тілін бастауыш мектептен меңгертіп, кейін басқа тілді қосу керек. Айналасын ана тілінде танып, əр заттың қазақша атауын білген соң ғана оның орысшасын, ағылшыншасын үйренуі оңай болады.Ана тілі болмаған адамнан ешқандай ақын да, жазушы да, суретші де шықпайды. Ғалым шығар, маман шығар, тіпті атақты адам да шығар. Бірақ онда ешқандай мəдени азық болмайды. Ағылшын тілінде тамаша жазсын, орыс тілінде өлең шығарсын, бірақ ол – ана тілі емес. Сондықтан үкімет, басшылар, оқу-ағарту саласындағылар қазақ мектебін қолға алып, қамқорлық көрсетуі керек. Қазақ мектебіне немқұрайдылықпен қарайтын болсақ, үш ұрпақтан кейін ол тіл құриды...
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ мектептерін ашып, оқуды қазақ тілінде жүргізу үшін, ең алдымен, ұлттық жазуы (ғылым тілімен айтсақ, графикасы, сол кездегі терминмен айтсақ, əліпбиі) болуы қажет деп біледі. ХХ ғасырдың 10-жылдарына дейін қазақтың өз жазуы болмаған еді. Бұл кезге дейін өзге көршілес түркі халықтары сияқты, қазақтар да араб таңбаларын қолданып келді, бірақ ол – қазақ жазуы емес, араб жазуы-тын. Халқымыздың əрі қарайғы мəдени-рухани дүниесінде жат жұрттық жазуды қолдана берудің өмір талабына сай еместігін, яғни, араб алфавиті сол күйінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сай келмейтінін, бұл таңбалармен қазақ сөздерін дұрыс, сауатты жазуға мүмкіндіктің аздығын, оқыту ісінде келтіретін қиындығын анық байқаған қазақ зиялылары ана тіліміздің өз жазуын жасау керектігін сөз ете бастайды. Бұл əңгіме əсіресе ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында күшейе түседі. Əлеуметтік пікірге «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті де үн қосып, мақалалар жариялайды.
Əрине, ешбір құбылыс, оның ішінде ұлттық жазу сияқты ауқымды əрекет бірер жылда жүзеге аса қоймайтыны белгілі. Ұлттық əліпбиді жасау қолдан келгенмен, бұған ғалымның (түзушінің) білім- танымы жеткенмен, оның қажеттігін, жөн-жосығын, дұрыстық, түзулігін дəлелдеу, өзгелерге түсіндіру сияқты қыруар шаруа жасау керек. Сондықтан Ахаң 1912 жылдан бастап ғалым, зерттеуші ретінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен таңбалайтын əріптер жайындағы пікірлерін білдіре бастайды. «Айқаптың» 1912 жылғы 9-10-нөмірлерінде «Шаһзаман мырзаға» атты үлкен мақала жазып, онда қазақ дыбыстарын білдірмейтін кейбір араб таңбаларын қазақ алфавитіне енгізбеу керектігін, сөздің тұтас жіңішкелігін білдіру үшін алдына «дəйекше» дейтін таңба қою қажеттігін дəлелдейді. Осы мақалада «дыбыс», «əріп», «дəйекше», «жуан дыбыс», «жіңішке дыбыс», «қағида» т.с.с. қазақша лингвистикалық терминдерді тұңғыш рет кездестіреміз. Ахаңның үлкен жаңалығы – əліпбиге дəйекше енгізгені. Сөздің оң жақ шекесіне қойылатын дəйекше белгісі сол сөздің тұтас жіңішке оқылатынын көрсетеді, ал бұл – алфавитті қазақ тілінің ерекшелігі болып саналатын үндестік заңы – сингармонизмге икемдеу амалы екенін көреміз. Мұндай икемдестіру өте қажет, өйткені қазақтың төл сөздері тұтасымен не жуан, не жіңішке дауысты дыбыстармен келетіндігін осы дəйекше арқылы көрсетуге болады. Дəйекше тұрса, сөз ішіндегі дауыстылар жіңішке болғаны. Бұл ретте Ахаң əр тілдің ұлттық ерекшелігі болатынын жақсы білген нағыз фонолог ғалым ретінде көрінеді, қазақ тіліндегі 43 түрлі дыбысты 25 əріппен таңбалауға болатынын дəлелдейді.
«Қазақ» газетінің 1913 жылғы 34-інші жəне əрі қарайғы сандарында «Жазу мəселесі» деген көлемді мақала жариялап, кейбір дауысты дыбыстарды таңбалауға байланысты өз пікірін айтады. Сөйтіп, əрі қарайғы ізденістерінде араб графикасын пайдаланған қазақ жазуы үшін мынадай ұсыныстарын айтады: 1) қазақ жазуы үшін араб алфавитіндегі жуан т, с, з, д, ғ, xдыбыстарының таңбаларын алмау,2) қазақ тіліндегі ы, і, и, ұ, ү, у дыбыстарының əрқайсысына таңба белгілеу, 3) к, г дыбыстарынан басқа дауыссыз дыбыстармен келген сөздердің жіңішкелігін (яғни, қазіргі ə, i, ү дыбыстарымен айтылатынын) білдіру үшін сөздің алдынандəйекше таңба қою. Бұлайша түзілген алфавит сауат ашудың дыбыс жүйесіне сай келетіндігі байқалады. Ғалым өзгелермен айтысып, өз жобасын ұсынады, оны түсіндіреді. Кезінде мұны өзге түркі халықтарының, орыстың білімпаздары мен қазақ қауымы «Байтұрсынұлы жазуы» деп атаған еді, ал Ахаңның өзі оған «қазақ жазуы» деген айдар тақты. «Қазақ жазуы» деуінің орны бар еді. Бұл əліпбидің негізі араб таңбалары болғанымен, ол «араб жазуы» деп атала алмайды, өйткені қазақтың жазба дүниесіне арналған бұл алфавит қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сəйкестендіріліп, жаңаша түзілген, яғни, қазақ тілінде жоқ дыбыстардың таңбалары шығарылып тасталған, араб алфавитінде жоқ кейбір таңбалар қосылған, мүлде жаңа əліпби болды, қазақ əліпбиі (алфавиті) болып шықты. Демек, көрсетілген екі атаудың екеуі де дұрыс еді: «Байтұрсынұлы жазуы» деп аталуы ғалымның осы əліпбиді түзуде, қазақ тіліне икемдеуде, оның дұрыстығын дəлелдеуде сіңірген қыруар еңбегін, «маңдай терін» бағалау болса, «қазақ жазуы» деп аталуынан оның ұлттық мəдениеттің көрсеткіші екендігі танылады. «Байтұрсынұлы жазуы» 1912 жылдардан бастап қолданыла бастады.
А.Байтұрсынұлы түзген əліпбиді оның алғашқы ұсынылған кезінен бастап қазақ жұртшылығы, əсіресе сол кезеңдегі мұғалімдер қауымы еш талассыз, бірден қабылдады, оны іс жүзінде қолдана бастады. Мысалы, 1915 жылдың бір өзінде бұл жазумен (жəне емле тəртібімен) 15-тей кітап басылып шығыпты. Сондай-ақ Ахаң ұсынған «жаңа емле» (жаңа қазақ əліпбиін кезінде осылайша да атаған) 1913 жылдардан бастап мұсылман медреселерінде де, қазақ-орыс мектептерінде де қолданыла бастайды. Бұған оңды ықпал еткен жайттардың бірі – А.Байтұрсынов 1910 жылдары жазу таңбаларын түсіндіретін «Баяншы» атты құрал мен кейінірек «Əліпби астары» атты əдістемелік еңбектерді жарыққа шығаруы жəне 1914-1915 жылдардан бастап қазақ мектептері үшін «Оқу құралы» (қазіргі «Əліппе»), «Тіл – құрал» (қазіргі грамматика оқулықтары) атты құралдарды қоса ұсынуы болды.
Ахмет Байтұрсынұлы өзі түзген əліпбиін əрі қарай да қырнап, түзетеді, оның полиграфиялық жағынан қолайлы-қолайсыз жерлерін, оқытубарысындағы тиімді-тиімсіз тұстарын салмақтайды. Сөйтіп, араб таңбалары негізінде түзіліп, қазақ тіліне лайықталған жазу 1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде талқыланып, ресми түрде қабылданады.
А.Байтұрсынұлының бұл тəжірибесін өзге түркі халықтары сол кезде үлгі тұтып, олар да өз жазуларына өзгерістер жасай бастайды. 1929 жылы «жаңа дəуірдің», «советтік мəдениеттің», қысқасы, коммунистік саясаттың тепкінімен латын жазуына алмастырылған қазақ əліпбиінің тарихы қалың жұртшылыққа аян. Ол əліпби (графика) араб таңбаларын пайдаланған, бірақ араб жазуы емес, ұлттық қазақ жазуы болатын.
Ресейдің қол астындағы түркі халықтары жаппай латынға көшкенде оны қабылдау барысындағы жиын-жиналыстарда А.Байтұрсынұлы, М.Дулатовтардың араб таңбалы қазақтың ұлттық жазуын сақтап қалуға күш салғанын, айтыстарда дəлелдеп шыққандарын білеміз, бірақ саясат тоқпағы күшті болып, ұлттық дербестік, ұлттық мəдениет сияқты киіз қазықтар жерге кіргенін де ұмытқанымыз жоқ.
Түркі халықтардың жазуын латындандыру сияқты «қызыл» саясатқа сүйенген күрестің салдарынан қазақтың араб таңбалы тұңғыш ұлттық жазуы тарих төрінен кетті. КСРО-ны мекендеген аз ұлттардың сан ғасырлардан бері қолданып келген жазуларын тастап, латынға көшу керек деген мəселе 1926 жылдан бұрынырақ басталған-ды. Мерзімді баспасөз беттерінде, жиын-жиналыстарда алдын ала пікір айту, пікір таластар жүргізілді. Ақырында 1926 жылы Баку қаласында Бүкілодақтық бірінші түркологиялық съезд өткізіліп, түркі халықтарының жазуы, орфографияның негізгі принциптері, терминология мəселелері, түркі халықтарының тарихы, типографиясы, ана тілін оқыту əдістемесі т.б. көптеген мəселелер күн тəртібіне қойылды. Солардың ішінде талас-тартысы көбірек болғаны – түркі халықтарының тегіс латын алфавитіне көшуі жайындағы мəселе болды. Съезге Қазақстаннан Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омаров, Əзиз Байсейітов, Білəл Сүлеев, Нəзір Төреқұловтар қатысты. Қазақстаннан съезд президиумына А.Байтұрсынұлы сайланды, ол съезде жұмыс істеген бірнеше комиссияның құрамына енді. Съезде түркі халықтарының бұрыннан қолданып отырған алфавиттерін тастап, латынға көшу жөніндегі пікір таласында екі топ бөлініп шықты. Бірі – «бұрыннан пайдаланып келген əрі нақтылы ұлт тіліне лайықталып реформаланған, ресми қабылданған араб не орыс графикасын (мысалы, сол кезде якуттар қолданып отырған) латыншаға ауыстырудың ешқандай не саяси-идеологиялық, неэкономикалық тиімділігі жоқ, сауат аштыру, оқыту ісінде де лайықталған араб графикасы мен қабылданбақшы латын жазуының бір- бірінен артық-кемдігі шамалы, керісінше, жазу таңбасын өзгерту сан ғасырлық жазба дүниеден,жазба дəстүрден қол үзу қаупін тудырады» дегенді айтты. Екінші тобы – «араб жазуы түркі тілдерінің фонетикалық жүйесіне сай келмейді, латын алфавиті түркі тілдерін Еуропа мəдениетіне жақындастыра түседі» дегендерді дəлел етті. Алғашқы пікірдегілердің бірі А.Байтұрсынұлы болды. Бұл жерде Байтұрсынұлының концепциясынан ұлтшылдық, пантюркистік немесе советке қарсылық іздеу мүлде қисынсыз: ол араб жазуы арқылы ислам дінін уағыздауды көздеген жоқ, өйткені Байтұрсынұлы реформалаған қазақ жазуы «Құран» жазуынан мүлде алшақ екені айдан анық. «Пантюркистік пиғылда болды» деу де орынсыз, керісінше, А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің дербестігін қолдаған; үшіншіден, бұл жердегі ғалым əрекетінен антисоветизм іздеу де нанымсыз, себебі жазу таңбасының түрі идеологияның мазмұны мен бағытын өзгерте алмайтынын Байтұрсынұлы да, өзгелер де, біз де жақсы білеміз. Бірдей графика халықтар мəдениетін жақындастыратындығы сөзсіз, бірақ латынға көшкен түркі халықтары ол күнде отандас орыс халқының емес, капиталистік қоғамда өмір кешіп отырған Еуропа жұрттарының мəдениетіне жақындай түскен болар еді. Демек, ғалымның араб жазуын жақтаудағы мақсаты – 12-13 жыл бойы қолданылып, орнығып қалған қазақ тілінің дыбыстық табиғатына лайықталып өзгертілген, ресми түрде қабылданған алфавиттің қазақ мұқтаждығын толық өтеп отырғандығы, оның дыбыс əдісімен оқыту ісінде айтарлықтай қолайлы болып шыққандығы, полиграфиялық мүмкіншіліктер жағынан да, экономикалық мүмкіндіктер тұрғысынан да бұрынғы алфавитті сақтау пайдалырақ екендігі. Əрине, қазіргі тұрғыдан келгенде, оның үстіне совет үкіметі тұсында қолға алған шараларымыздың бəрі дұрыс, бəрі прогрессивтік болды деп сан жылдар өзімізді өзіміз шатастырып келген дəстүрімізге бассақ, мүмкін, сол кезде латынға қарсы шыққандардың пікірін дұрыс емес деуге де болар, бірақ «айналасы 14-15 жылдың ішінде қазақ, өзбек, татар т.б. сияқты көне мəдениетті ірі халықтардың үш түрлі графиканың бірінен соң біріне көшірудің қаншалық қажеті болды, əсіресе бас-аяғы 13-14 жыл ғана қолданылған латын жазуы қаншалықты ұтымды болды?» деген сауал туады.
А.Байтұрсынұлы түзген «Қазақ жазуы» Қазақстанда 17-18 жылдай жақсы қолданылып, енді тұрақтай бастағанда, күшпен тарих сахнасынан түскенмен, мүлде құрдымға кеткен жоқ: ұлттық араб жазулы мол мұра қалды, қолданылған кезеңінде қазақ халқының сауатын кеңірек ашуға қызмет етті, бірнеше жүздеген кітап, өзге де жазба дүниелер жарыққа шықты, қазақ баспасөзін дамытты, қысқасы, бұл жазумен қалдырылған мол жазба дүние қазіргі мəдениетімізге де орасан зор қызмет етіп отыр. 1930 жылдарға дейін хат танығандардың күнделікті қолданысында орын алып келді. Мысалы, Мұхтар Əуезов, Сəбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов т.с.с. ілгергі буын ақын-жазушылары қолжазбаларын ең соңғы күндеріне дейін осы жазумен жазып қалдырды.
Қытай Халық Республикасындағы, Иран мен Ауғанстандағы қандастарымыздың күні бүгінге дейін «Байтұрсынұлы жазуын» қолданып отыр. Шыңжандағы бауырларымыз да саясаттын салқыны тиіп, он шақты жылдай латынға көшіп, араб таңбаларынан арылмақ болғанмен, тиімді-тиімсізді салмақтай білген өмір талабы қазақ халқының маңдайына біткен бірден-бір ұлттық жазуы – «Байтұрсынұлы жазуына» алып келді. Бұл күнде Шыңжандағы қазақ туыстарымыз бүкіл оқу-ағарту ісін, баспа дүниесін осы графикамен жүзеге асырып отыр. Ахаң түзген əліпби мен ол жасаған емле тəртібі мұнда өте жақсы қызмет етіп отыр. Қытайдағы қандастарымыздың еңбегімен жарық көріп жатқан қаншама дүние бүгінгі қазақтың тұтас жұртшылығының, яғни, қазақстандық, монғолиялық, ресейлік, түркиялық, өзбекстандық қазақтардың да баға жетпес байлығы, жоғалмас қазынасы, алдағы рухани-мəдени азығының мол қоры болып табылмақ. Осындай қазынаның иелерін бір-бірімен таныстырып, жалғастырып отырған құралдың бірі – Ахаңның тер төккен еңбегі – араб таңбалы «қазақ жазуы», ұлттық жазу. Бұл графиканың ғылым үшін де маңызы зор: алфавитті тілдің табиғатына сай етіп түзудің дұрыс үлгісін бергендігімен құнды. Бүгінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесін ғылыми негізде əрі техникалық аппараттармен зерттеуші Ə.Жүнісбек, М.Жүсіпов, Н.Уəли сияқты ғалымдар А.Байтұрсынұлының бұл табысын өте жоғары бағалап отыр. Олар Ахаңды бұрынды-соңды қазақ тілінің дыбыс жүйесін зерттеушілердің ішіндегі тіл табиғатын дұрыс сезген күшті ғалым, ана тіліміздің дыбыс заңдылықтарын дұрыс танып, жазуын сол заңдылықтарға бағындырып жасаған зерттеуші деп біледі.
А.Байтұрсынұлы өзіне жүйелі бағдарлама қойғанға ұқсайды: ол əуелі қазақтың ұлттық жазуын (графикасын) жасауды мақсат еткен, бұл үшін араб алфавиті негізіндегі қазақ жазуын («Байтұрсынұлы жазуын») түзген, екінші, сол жазумен сауат аштыруды ойлаған, бұл үшін «Оқу құралы» атты оқулығын жазған. Одан соң қазақ тілінің грамматикалық құрылысын ана тілінде талдап беру мақсатын қойған, мұны орындау үшін «Тіл – құралды» жазған, төртінші, тілді дұрыс қолдана білу тəртібін көрсетуді көздеген, бұл үшін «Тіл жұмсарды» ұсынған, бесінші, сауат аштыру, қазақ тілін оқыту əдістемесін жасауды міндетіне алған, бұл үшін «Баяншы» мен «Əліп-би астарын» жазған. Міне, бұлар – Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілін зерттеудегі жəне оқу-ағарту майданындағы істеген істері мен жасаған еңбектері, осы салалардағы орнын көрсететін үлесі, Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың ұлттық білім-ғылымының көшбастары дегізетін тарихи мұра.
А.Байтұрсынұлы мектепте ана тілінде оқыту қажеттігіне ерекше ден қойған. Мектепте ана тілінде оқыту үшін алдымен қазақша жазу таңбаларын, яғни, алфавитін жасап шыққан. Содан соң балаларға осы таңбаларды танытып, сауатын ашатын əліппеден бастап, сол тілді пəн ретінде үйрететін грамматика оқулықтарын жазу керек болды. 1912 жылы мектеп балаларын қазақша сауаттандыратын «Оқу құралын» жазғаннан кейін көп ұзамай мектепте қазақ тілін пəн ретінде үйрететін оқулық жазуға кіріседі. Бұл оқулықтың фонетикаға арналған 1-бөлімі «Тіл – құрал» деген атпен алғаш рет 1914 жылы жарық көреді. Олəрі қарай бірнеше рет басылған, 1927 жылғы Қызылордағы басылымы 7-нші деп көрсетілген. «Тіл – құралдың» қазақ тілінің морфологиясына арналған II бөлімі бұдан да бір жыл бұрын 1914 жылы баспадан шыққан, оның1927 жылғы басылымы 6-ншы деп көрсетілген. Синтаксиске арналған III бөлімі де бірнеше басылым көрген. Оның 6-басылымы 1928 жылы Қызылорда-Ташкенттегі «Казгосиздаттан» шыққан. «Тіл – құрал» – қазақ мəдениетінде бұрын болмаған соны құбылыс. Оның қазақ жұртшылығы үшін мүлде тың дүние екендігін автордың өзі де ескертеді. Оқулықтың «Сөз басы» деп аталатын алғы сөзінде: «Тіл – құрал» деген аты қандай жат көрінсе, ішкі мазмұны да əуелгі кезде осындай жат көрінер, өйткені бұл – қазақта бұрын-соңды болмаған жаңа зат. Халықта бұрын болмаған нəрсе жат көрініп, бірте-бірте бойы үйренген соң қалатын», –деп жазады.
«Тіл – құрал» тек мектеп оқулықтарының басы емес, қазақ тілін ана тілімізде танудың басы болды, «Қазіргі қазақ тілі» атты ғылым саласының іргетасы болып қаланды. Қазақ тілін зерттеп, танып білу тарихымызда А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл – құралдарының» орны айрықша. Кезінде қазақ қауымы Байтұрсынұлы десе, «Тіл – құралды», «Тіл – құрал» десе, Байтұрсынұлын – Ахметті – Ахаңды танитын болған. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ фонетикасы мен грамматикасы жайындағы оқулықтары осы ғылым саласының бастамасы, іргетасы деп батыл айта аламыз.
Ғалым қазақ тілінің құрылымын жүйелеуде, біздің байқауымызша, орыстың лингвистикалық ілімін негізге алған. Бірақ оның қағидалары мен жіктеулерін дəлме-дəл көшірмеген. Бұл жерде А.Байтұрсынұлының ғалым ретінде шығармашылыққа барғанын баса айтамыз. Оның ғылыми концепциясы – əр тілді өз табиғатынан шығарып сипаттау. Атап айтқанда, қазақтілінің фонетикалық жүйесін айыруда ол орыс тілінің схемасына бармады, түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің өзіне тəн ерекшеліктерін ескерді. Ғалым етістіктің етіс түрлерін қазіргі салт, сабақты, ортақ, өздік, өзгелік, ырықсыз дегендерден басқа (бұл терминдер де Байтұрсыновтікі), дүркінді, беделді, өсіңкі етістер деп тарамдауы да орыс тілінде етістіктер қалай жіктелсе, қазақ тілінде де солай жіктеуден аулақ болғанын көрсетеді. Міне, осы сияқты мысалдар жалпы лингвистикалық мектептің негізі бір болғанмен, көптеген таным-принциптерінде Ахаң қазақ тіл білімінің өзгешеленетін тұстарын дұрыс көрсетті. Сөйтіп, Ахмет Байтұрсынұлын, бейнелі сөзбен айтсақ, қазақ тіл білімі деп аталатын үлкен ғимараттың іргетасын өруші, қабырғасын қалаушы, көп ретте есік-терезесін шығарып, төбесін жабушы деп білеміз.
Орыс тіл білімінде ХХ ғасырдың соңғы он жылында айта бастаған дүниелерді А.Байтұрсынұлы ХХ ғасырдың басында айтып кеткен. Айтып қана емес, біліп, танып кеткен. Қазіргі кезде рай төртеу, етіс төртеу деп жүрміз. Ал А.Байтұрсынұлы райдың 15 түрін, етістің 10 түрін атайды. А.Байтұрсынұлы когнитивті грамматика, коммуникативті грамматика, функционалды грамматиканың қазіргі кездегі терминдерін қолданған жоқ. Бірақ ғалымдық интуициясымен, ғалымдық сезінуі, ғалымдық талантымен жаңа бағыттарды бастап берген. Етісті, райды қазақтың ұлттық тілін негізге ала отырып талдаған.
Қазақ тіл білімінің басталар тұсындағы ізденістері мен табыстарын, жетістіктері мен кемшіндерін дұрыс тауып, мұқият зерттеу – алда тұрған міндеттеріміздің бірі. Əзірге көзіміз əбден жеткен бір ақиқат: ана тіліміздегі ғылым саласы ХХ ғасырдың 10-жылдарынан басталғандығы жəне оның іргетасын қалаған – Ахмет Байтұрсынұлы екендігі. Н.И. Ильминскийдің 1861 жылы Қазанда басылған «Материалы к изучению киргизского наречия» деген кітабы қазақ тілінің грамматикалық жүйесін танытқан тұңғыш еңбек болды. Бұл «Материалдар» орыс тілінде жазылды, онда қазақша лингвистикалық терминдер жасалған жоқ. Бұл жұмыс – атынан-ақ көрініп тұрғандай, оқулық та емес, жүйелі түрі де баяндалған грамматика құралы да емес, – шығыс тілдерін, оның ішінде өзге түркі тілдерін зерттеушілерге арналған еңбек болатын. Оның өзінде де бұл «Материалдар» қазақ тілінің өзге түркі тілдерінен (автордың жазуынша, татар тілінен) ерекшеленетін тұлғаларын көрсету мақсатымен жазылғанды.
П.М.Мелиоранскийдің «Краткая грамматика казак-киргизского языка» деген атпен I бөлімі (фонетика жəне этимология) 1894 жылы, II бөлімі (синтаксис) 1897 жылы шыққан құнды еңбегі – қазақ тілінің грамматикалық құрылымын ғылыми негізде жүйелі түрде баяндаған тұңғыш зерттеу екендігі мəлім. Бірақ бұл да – түркі тілдерін зерттеушілерге арналған, орыс тілінде жазылған ғылыми сипатты еңбек болды. Сондықтан мұнда да қазақ тіл білімінің ұлттық терминологиясы жасалмады. Бұл ғылыми жұмыс та ана тіліндегі қазақ лингвистикасының басы болып таныла алмайды.
Осы орайда «А.Байтұрсынұлы нені зерттеді, қалай зерттеді, мақсаты қандай болды?» деген мəселелерді тереңірек зерделеуіміз керек. Оқулық жазудағы, графика жазудағы мақсаты қандай болды? Совершенный, несовершенный вид т.б. дүниелердің қазақ тілінде жоқ екенін дəлелдеу үшін А.Байтұрсынұлы кімнің еңбектеріне сүйенді, қалай пайдаланды? т.с.с. мəселелерді жан-жақты зерттеу керек. Қазақша айтқанда, қазақ ғылымының, тіл білімінің көгенбасын, ең басты, ең негізгі танымын көрсетіп кеткен А.Байтұрсынұлының ғалымдық тұлғасын əлі түгел айтып болған жоқпыз.
1920 жылдардың басында А.Байтұрсынұлы ағартушылық, ғалымдық қызметтерімен қоса, мемлекеттің басқару-ұйымдастыру жұмыстарын атқарды: 1922-1925 жылдары Қазақстан Халық Ағарту Комиссариаты жанындагы Ғылыми-əдеби комиссияның председателі, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының құрметті председателі болды. Советтердің Бүкілресейлік 7-съезі мен 8-съезіне дейін ВЦИК мүшесі жəне Советтердің Бүкілқазақстандық І съезіне дейін Кирвоенкомның мүшесі болып қызмет етті. Советтердің Бүкіл қазақстандық 1-съезінен 2-съезіне дейінгі аралықта Қазақ АССР Оқу- ағартунаркомы жəне ҚазЦИК мүшесі, сонымен қатар Өлкелік Халық Комиссариаты жанындағы Академиялық Орталықтың председателі болды. Кісілік тұлғасы ретінде үлгі алатын ерекшелігі – қай нəрсені қолға алса да, бəріне жауапкершілікпен қараған. Халық комиссары болған кезде оқулықтар жазған: М.Жұмабаевқа педагогика, М.Дулатовқа есеп құралын, Х.Досмұхамедұлына сингармонизм жазуды тапсырады. А.Байтұрсынұлының осы қырлары түбегейлі зерттелуі керек.
А.Байтұрсынұлының ғылыми мұрасын зерттеуде, танытуда жаңа белеске көтерілу қажет. Ғалым еңбек еткен, ғылыммен айналысқан тұстағы саяси, тарихи ахуалды негізге ала отырып, А.Байтұрсынұлының ғалым, қайраткер, ғылымды ұйымдастырушы т.с.с. ретіндегі ғылыми бейнесі жан-жақты зерттелуі керек.

Ел тəуелсіздігі үшін күрескен ұлт қайраткері, қазақ руханиятының көсемі – А. Байтұрсынұлының есімі қазақ əліппесі мен грамматикасының, терминологиясының жəне əдебиет теориясының негізін қалаушы ғалым, ақын, жаңашыл педагог-реформатор, саясаткер, аудармашы, фольклорист, журналист, публицист, сондай-ақ композитор ретінде елімен қайта қауышқан сəтте ұлт зиялылары: «Ахмет Байтұрсыновтың ел үшін еткен еңбегі Үндістандағы Махатма Ганди, Қытайдағы Сун-Ятсен сынды ұлт-азаттық қозғалыс көсемдерінің қызметінен бір де кем емес», – деп баға бере бастады [1]. Біздіңше, əділетті баға. Гандидің де, Сун-Ятсеннің де елі үшін еткен еңбегі мен қайраткерлік қызметін жарыса жазған, ұлықтаған, əлемдік деңгейде атын асқақтатқан – алдымен, шетелдіктер емес, өз отандастары, тарихшылар мен зерттеушілер, журналистер мен зиялы қауым. Олай болса, ел тəуелсіздігі мен ұлт болашағы үшін өмірін қиған алаш зиялыларының еңбегін əлемдік деңгейде насихаттау – бүгінгі зерттеушілер еншісіндегі абыройлы іс болмақ. Əрине, алаш зиялыларының мұрасын зерттеуде біраз іс атқарылды, қыруар архивтер ақтарылып, талай шындықтың беті ашылды, қоғамдық-саяси қызметіне баға беріліп, кітаптары қайтадан жарияланды, есімдері оқулықтарға енгізіліп, кездесулер мен басқосулар, түрлі конференциялар ұйымдастырылуда. Бірақ соның бəрі тек ел ішінде, ары кеткенде ТМД көлемінде ғана. Тəуелсіз мемлекетіміздің абырой-беделі артып, əлем жұртшылығының назары «Қазақстан» деген асқақ абыройға ұмтылған елге ауып тұрған қазіргі кезеңде «ұлт қайраткерлерінің еңбегін, мұрасын зерттеу ісі жаңа биікке көтерілуі тиіс» деп санаймыз.


Қазақ лингвистика ғылымының көшбасшысы – Ахмет Байтұрсынұлының артында қалдырған мол мұрасының ішінде синтаксис ғылымына қосқан үлесі қандай? Алдымен, қазіргі нормативті жəне академиялық грамматикаларда қолданылып жүрген синтаксис терминдерінің 90 пайызы – Ахаң енгізген төлтума атаулар (сөйлем, сөйлем мүшелері, бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш, қыстырма сөздер, қаратпа сөз, жалаң сөйлем мен жайылма сөйлем, толымды, толымсыз, болымды, болымсыз, сұраулы, лепті сөйлемдер, құрмалас сөйлемдер мен оралымды сөйлемдер т.т.). Академик Р. Сыздықтың сөзімен айтсақ: «Бұлардың барлығы дерлік – қазақ сөзінің не байырғы мағынасын жаңғырту (өзгерту), не жаңа тұлғадағы сөз жасау арқылы дүниеге келген атаулар, көбі жасанды сөздер. Сонылығына, жасандылығына қарамастан, əрқайсысы сол атап тұрған тілдік категорияны дəл білдіретін термин («пəн сөзі») болып шыққан. Бұлардың өте сəтті жасалғандығын күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқан өміршеңдігі дəлелдейді [2, 21] Екіншіден, олардың грамматикалық сыр-сипаты мен түрленіміне қатысты айтқан пікірлері де қазіргі грамматикадағы талдаулардан да алшақтап кете қойған жоқ. Үшіншіден, ғұлама дарынның айтқан пікірлері кемеліне келген қазақ тіл білімінің қазіргі шағындағы жаңа бағыттағы зерттеулер аясында негізгі қайнаркөз ретінде танылуы да кездейсоқтық емес.
Тəуелсіздік алғаннан кейін қазақ тіл білімінің грамматика саласы құрылымдық аспект аясынан шығып, бастауында еуропалық ғалымдар тұратын жаңа бағыттарға – антропоцентристік парадигма аясындағы функционалды грамматика мен коммуникативті грамматикаға, онымен астарлас прагматика мен дискурстық зерттеулерге ден қоя бастады. Мұндай зерттеулердің алдыңғы легінде формалды грамматиканы функционалды-коммуникативті грамматикаға ұластыра зерттеген Прага лингвистикалық мектебінің тұрғаны жасырын емес. Құрамында В. Матезиус. Б. Трнка, Б. Гавранек, Й. Вахек, Я. Мукаржовский, кейінірек В. Скаличка, Й. М. Коржинек, П. Трост жəне Мəскеу университетінің тəлімгерлері – Н. С. Трубецкой, Р. О. Якобсон, Женева мектебінің өкілдері кірген бұл мектептің лингвистика тарихында алатын орны ерекше. Аталған мектептің құнды идеяларының бірі сөйлемді функционалды-коммуникативті грамматика ұстыны негізінде талдаудан туған сөйлемнің актуалды мүшелену теориясын енгізуі. Басты қағида – сөйлемнін грамматикалык құрылымының функционалды мүмкіндігі тұрғысынан «т е м а» жəне «р е м а ғ а» мүшелеу [3]. В. Матезиустың анықтамасы бойынша, тема – «это исходная точка [или основа] высказывания», дəлірек айтсақ, сөйленістің бастапқы бөлігі, Ахаңша айтсақ, бастауышы. Ал рема – «то есть то, что говорящий сообщает об исходной точке высказывания» немесе бастапқы бөлімде айтылған жайт туралы сөйлеушінің хабарлауы, А. Байтұрсынұлы терминімен айтсақ, баяндауышы. Тіл табиғатын терең түсінген сұңғыла ғалым сөйлемнің бастауышы мен баяндауышын анықтауда оның формальді белгілерін гөрі сөйлеу ағымындағы маңызына, қазіргі лингвистикалық түсінік бойынша, «сөйлемнің актуалды мүшеленуіне сүйенген» деп айтуға толық негіз бар. Əрине, Ахаң «Тіл – құрал» еңбегінде: «Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері екеу: 1) бас мүше, 2) баяншы мүше. Бас мүше дейміз – сөйлем ішіндегі сөздер байланатын қазық сөзін, сөйлем иесін. Жеңілдік үшін бас мүше – бастауыш деп, баяншы – баяндауыш деп аталады», – дейді. Бірақ бастауыштың үнемі сөйлемді бастап тұратын мүше емес екендігін Ахаң жақсы білген. Оны 1925 жылы Қызылорда қаласында басылып шыққан «Тіл– құрал. Сөйлем жүйесі мен түрлері» еңбегінде өзі келтірген төмендегі мысалдары да дəйектейді: Берерменге бесте көп, аларманға алты да аз [4, 269]. Ас қадірін ашыққан білер, ат қадірін асыққан білер [4, 287]. Қаратаудың басынан көш келеді [4, 290]т.т. Ахаң келтірген мысалдардағы бес, алты, асыққан, ашыққан, көш бастауыштарының бірі де сөйлемді бастап тұрған жоқ. Өзі бас мүшеге анықтама беруде қолданған, сондай-ақ өзге түркі тілдерінде бастауышқа терминдік атау ретінде телінген ие сөзі де алынбады. Салыстыру үшін өзге тілдердегі осы ұғымның терминдік аталымына назар аударайық:
Өзге түркі тілдеріне бастауышқа терминдік аталымға негіз ретінде ие лексемасының алынуы сөйлемнің логикалық табиғатын танудан туса, орыс тіліндегі подлежащее атауы таза құрылымдық аспектіден баяндауыштың сөйлемдегі негізгі құрылымдық орталық екендігін, ал бастауыштың оған бағынышты мүше екендігін көрсетуден туындаған. Ал баяндауышқа атау беруде барлық тілде жақындық байқалады, бұл – оның коммуникациядағы негізгі ақпарат беру табиғатын танудан болса керек. Олай болса, Ахаң сөйлеу ағыны арқылы берілетін сөйлемде ақпараттың екі бөлігі – бастапқы бөлікте белгілі жайт пен жаңа ақпарат – баяндауышта шоғырланатынын байқаған. Сондықтан да А. Байтұрсыновтың сөйлемнің бас мүшелеріне атау беруде сөйлемді актуалды мүшелеу теориясының ұстанымдарын негізге алуы ғалымның лингвистикалық түйсігінің еуропалық ғалымдармен деңгейлес болғандығын көрсетсе керек.
Француз лингвисі Э.Бенвенист енгізген «тілдегі субъектілік» теориясының мəні «сөйлеуші «мен» арқылы тілді өзіне түгелдей меншіктейді» деген тұжырымға саяды [5]. А.Байтұрсыновта айтылған «басым жақ» идеясының төркіні де осы тұжырымға алып келеді. Дискурс теориясына апарар алтын қақпа секілді бұл тұжырымдарды Э.Бенвенист өткен ғасырдың 60-жылдарынан кейін жазғанын ескерсек, А.Байтұрсынұлы идеяларының одан қаншама жыл бұрын туындағанын атап өтпеуге болмайды.
А.Байтұрсынұлы «Тіл – құрал. Сөйлем жүйесі мен түрлері» атты еңбегінде сөйлем түрлеріне қатысты түсінік береді: «Сөйлемдер арасында екі түрлі жақындық болады. Бірі – ішкі, бірі – тысқы. Ішкі жақындық – мағына жүзіндегі жақындық. Мағына жақындығынан басқа жақындық жоқ сөйлемдер «іргелес «деліп, мағына жақындығынан басқа қисын жақындығы бар сөйлемдер «құрмалас» деп аталады» [4, 280-291]. Автор іргелес сөйлемдерге: 1) Күн ашық. Торғайлар шат. Ың- жың орман. 2) Күн кеш болды. Ат болдырды, ел көрінбеді. Батыр сасайын деді сияқты мысалдарды келтіре отырып, мұндай сөйлемдердің алғашқы тобында арасында жақсы күннің жайын сөйлеген ой іргесінің; ал екінші мысалға алынған сөйлемдер аралығында кеш уақытта болған уақиға жайын сөйлеген ой іргесінің ғана біркелкілігі бар екенін ескертеді. Байқап қарасаңыз, Ахаң жай сөйлем табиғатын тануда нүктеден нүктеге дейінгі аралықты алып тұрған жоқ. Орыс лингвистикасына М.А. Пешковский, Ф.И. Буслаев т.т. ғалымдар арқылы енген «сөйлем табиғатын тануда одан да ірі бірліктер арқылы зерттеу» идеясынан туындаған күрделі синтаксистік тұтастық пен мəтін теориясына апарар идея жоғарыдағы жолдардан айқын көрініп тұр.
Автордың құрмалас сөйлемді тану принципі мүлде басқаша. Тіл біліміндегі қалыптасқан үстем теория «құрмалас сөйлемдер – жай сөйлемдер эволюциясының нəтижесінде қалыптасқан дербес бірлік» деген қағидаға мүлдем үйлеспейді. Автордың сөйлемдер деп отырғаны – дербес сөйлем емес, контекстегі, мəтіндегі сөйлемдер. Ұзақ жылдар бойы құрмалас сөйлем теориясындағы көптеген түйткілді проблеманың өзі оны мəтіннен, контекст аясынан бөліп қараудан туындағанын А.Байтұрсынов еңбектерін қайта парақтау арқылы түсінуге болады.
Қысқасы, А. Байтұрсынов мұрасы – аршыған сайын олжаға кенеле беретін қазынасы мол көмбе іспетті. Ал бұл олжаның мұрагерлерінің бірі – қазақ лингвистері. Қазіргі қоғам назарын қазақ əдебиеттану ғылымының алыбы, академик З. Қабдоловтың Ахмет Байтұрсынұлының таным тереңдегіне бойлай айтқан мына сөзіне аударғым келіп тұр: «Ахаң көзінің тірісінде өзге халықтардың бірде-бірінің тіліне таңғалған жоқ; қазақ тілінің байлығын, сұлулығын, икемі мен мүмкіндігін қазақ еместердің бірде-бірінің тілінен артық болмаса, кем көрген жоқ; өзге тілдердің қай-қайсысында қандай қиын сөз болмасын, қазақ тілінде оның баламы болмауы мүмкін емес деп білді жəне өзінің осы ұғымын іс жүзінде дəлелдеп кетті» [7, 67-68].
Əдебиет:
1. Сағадиев К. 25.11. 2010. http://www.inform.kz/kaz/article/2325838
2. Сыздықова Р. Ахмет Байтұрсынов (өмірі мен қызметі туралы) // Тіл тағылымы. - Алматы: Ана тілі, 1992.
3. Матезиус В. О так называемом актуальном членении предложения
// Пражский лингвистический кружок: Cборник статей. - М.: Прогресс, 1967. - С. 239-245
4. Байтұрсынов А. Тілтағылымы. - Алматы: Ана тілі, 1992.
5. Бенвенист Э. Общая лингвистика. - М., 1974.
6. Гаджиева Н.З. Типология придаточных предложений в современном азербайджанском языке
//Исследования по сравнительной грамматике тюркских языков. Синтаксис. - Москва: Изд-во АН СССР, 1953. Баскаков А.Н. Предложения в современном турецком языке. - Москва: Наука, 1984. Убрятова Е.И. Исследования по синтаксису якутского языка. Сложное предложение. - Новосибирск: Наука. Сибирское отделение, 1976. Покровская Л.А. Синтаксис гагаузского языка в сравнительном освещении. – Москва: Наука, 1978.
7. Қабдолов З. Көзқарас. – Алматы: Рауан, 1996.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет