4
отырып: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш
уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына
да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі
де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол
жұрттың тілін аздыруға тырысады» - деп жазды. Ахаңның тіл туралы
терең тағылымдары бүгінгі заманымызбен үндесіп, ұрпақтың айта жүрер
қанатты сөздеріне айналды.
Ахаңның қазақ тіл білімін қалыптастырудағы ұлы еңбегін атай
отырып, біз оның және бір үлгісін ұмытпауымыз керек. Ол Ахаңның
ғылым тілін, публицистикалық стилді қалыптастырудағы үлкен рөлі. Ол
тілдің теориясын жасаушы ғана емес, сонымен бірге ғылыми, саяси,
қоғамдық ойды берудің үздік үлгілерін көрсетіп берген қаламгер,
көсемсөзші. Ол қолданған сөздер, оның сөйлемдері қазақ тілінің төл
табиғатынан шығып, ұлттық ойлаудың деңгейін танытты. Асылы, Ахаң
жалпы ұлт ісінің қай саласына болмасын білек сыбанып кіріссе де – қазақ
баласының өзгемен тең болуын, білім өріне, мәдениет биігіне жетуін
аңсады. Қазақ қоғамы үшін күрделі де қайшылықты болған
жиырмасыншы ғасырдың бірінші ширегі қазақ мәдениеті, әдебиеті үшін
ізденісті де, жемісті де жылдар болғаны белгілі. Осы кезеңде
руханиятымыздың барлық саласына араласқан Ахаң тұтас буынның
ұстазы болды. 1923 жылы қазақ тарихында тұңғыш рет мерейтой аталып
өтілді. Ол Ахаңның елу жылдық мерейтойы болатын. Осы мерейтойда
Ахаңды тұтас буынның ұстазы ретінде бағалаған Мұхтар Әуезов: «Ахаң
ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі
елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916
жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат
жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер
болатын» деп ұлы ұстаздың көзі тірісінде үлкен тарихи бағасын берді.
Ахаң туған халқының халін, рухани мұқтаждықтарын терең біле отырып,
саралай келе, бүкіл саналы ғұмырын соларға арнады. Қазақтың рухани-
мәдени дамуындағы ұлт тілінің айрықша маңызын терең сезіне келе,
Алаш сөзінің табиғатын ашуға, қасиетін сездіруге қызмет жасады.
Сондықтан Ахаң ойынан шыққан сөз, қаламынан туған еңбек қазақ
баласының бүгініне де, ертеңіне де рухани жолбасшы болар деген берік
сеніммен осы жинақты көпшілік қауымға ұсынуды жөн көрдік.
Достарыңызбен бөлісу: