27 бап. Жұмыс берушінің бастамасымен жеке еңбек шартын
бұзу мүмкіндігін шектеу
1. 26 баптың 1) жəне 2) тармақшаларында көзделген негіздер
бойынша жұмыс беруші жеке еңбек шартының алдағы уақытта
бұзылатыны туралы оның бұзылуынан кемінде бір ай бұрын
жазбаша түрде ескертуге міндетті.
2. Осы Заңның 26 баптың 1) жəне 2) тармақшаларында жəне 30
бабының 1) тармақшасында көзделген негіздер бойынша жеке
еңбек шарты бұзылған жағдайда жұмыс беруші қызметкерге
орташа айлық жалақысы мөлшерінде өтемақы төлейді.
3. Жеке еңбек, ұжымдық шарттарда өтемақылық төлемдердің
басқа да жағдайлары мен мөлшері белгіленуі мүмкін.
28 бап. Жеке еңбек шартын қызметкердің бастамасы
бойынша бұзудың негіздері
1. Қызметкер жеке еңбек шартын жұмыс берушіге бұл туралы
бір ай бұрын жазбаша түрде ескертіп тоқтатуға құқылы.
2. Тараптардың келісімі бойынша жеке еңбек шарты ескерту
мерзімі біткенге дейін тоқтатылуы мүмкін.
3. Жұмысты жалғастыруды жоққа шығаратын немесе едəуір
қиындататын мəн-жайлар (денсаулық жағдайы, зейнеткерлік жас,
басқа жерге көшу, жалақыны мерзімінде төлемеу жəне өзге де жағдайлар)
болған кезде жеке еңбек шартын бұзу қызметкердің өтінішінде
көрсетілген мерзімде жүргізіледі.
29 бап. Жұмысқа қайта алу
Жеке еңбек шарты заңсыз негізде бұзылған не басқа жұмысқа
заңсыз ауыстырылған жағдайда еңбек дауын қарайтын орган
қызметкерді бұрынғы жұмысына алғызуға тиіс.
Жеке еңбек шартының заңсыз бұзылуына байланысты бұрынғы
жұмысына қайта алынған қызметкерге амалсыздан жұмыссыз
жүрген барлық уақыты, бірақ үш айдан аспайтын уақыт үшін
орташа табысы төленеді.
30 бап. Жеке еңбек шартын тараптардың еркіне
байланысты емес мəн-жайлар бойынша тоқтату
Жеке еңбек шарты тараптардың еркіне байланысты емес
мынадай мəн-жайлар бойынша:
1) қызметкерді əскери қызметке шақырған кезде құжатын
көрсеткенде үш күн мерзімде;
2) қызметкер жазаға тартылған сот əкімі заңды күшіне енген
жағдайда бұрынғы жұмысты жалғастыру мүмкіндігі болмағанда;
3) қызметкер қайтыс болған жағдайда, сондай-ақ сот
қызметкерді қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кетті деп
таныған жағдайда;
4) сот қызметкерді əрекетке қабілетсіз немесе əрекет қабілеті
шектеулі, соның салдарынан қызметкердің бұрынғы жұмысын
жалғастыруға мүмкіндігі жоқ деп таныған жағдайда тоқтатылуға
тиіс.
Соттың үкімі, шешімі заңды күшіне енген күн немесе қайтыс болған күн
осы баптың 2)-4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша
еңбек шартының бұзылған күні болып табылады.
31 бап. Жұмыстан шеттету
1. Нормативтік құқықтық актілерде көзделген жағдайларда
уəкілетті мемлекеттік органдардың талап етуі бойынша жұмыс
беруші қызметкерді өз құзыреті шегінде сол органдар жасаған
қаулылар мен шешімдер негізінде жұмыстан шеттетуге міндетті.
2. Жұмыс беруші заң актілерінде көзделген жағдайларды
қоспағанда:
1) алкогольдік, нашақорлық масаңдық немесе өзге де түрдегі
улану жағдайында жұмысқа келген;
2) еңбек қорғау ережелері бойынша емтихандар тапсырмаған;
3) жеке басын қорғаудың жұмыс беруші берген керекті
құралдарын пайдаланбаған;
4) егер ол заңдарға сəйкес міндетті болса, медициналық
тексеруден өтпеген қызметкерді жұмыстан шеттетуге міндетті.
3. Жұмыстан шеттету кезеңінде жалақы сақталмайды.
4. Қызметкерді жұмыстан шеттету оған негіз болған себептер
анықталғанға дейінгі мерзімге жүзеге асырылуы мүмкін.
3 Т А Р А У
ҰЖЫМДЫҚ ШАРТ
32 бап. Ұжымдық шарт жасасу туралы шешім қабылдау
құқығы
1. Бір немесе бірнеше жұмыс берушілер (олардың өкілдері)
жəне бір немесе бірнеше кəсіптік одақтар не кəсіптік одақтардың
мүшесі емес, өз ұйымын құрған қызметкерлер ұжымдық шарттар
жасасу мақсатымен келіссөздер жүргізе алады.
2. Жұмыс беруші ұжымдық шарттар жасасатын тараптардың
барлық өкілдерімен келіссөздер жүргізеді.
3. Ұжымдық шарттың күші ұжымдық шартқа атынан қол қойылған
қызметкерлерге қолданылады.
4. Келіссөздер жүргізілетін уақытқа келіссөздер жөнінде екі
жақты комиссия құрылады, оған екі жақтан да тең мөлшерде
өкілдер енеді.
33 бап. Ұжымдық шарттың мазмұны жəне міндеттері
1. Ұжымдық шарттың мазмұнын келіссөздер жөніндегі екі
жақты комиссияда тараптар белгілейді.
2. Ұжымдық шарт:
оның қолданылу мерзімі туралы;
орындалуын бақылау тəртібі туралы;
шарт талаптарының орындалмағаны үшін жауапкершілік
туралы;
өзгерістер мен толықтырулар енгізу тəртібі туралы ережелерді
қамтиды.
3. Ұжымдық шарттардың ережелері қызметкерлердің құқығын
шектемеуі, еңбек жағдайларын нашарлатпауы жəне заңдарға
белгіленген кепілдіктерді бұзбауы керек.
34 бап. Ұжымдық шартты əзірлеу жəне жасасу тəртібі
1. Ұжымдық шарттың жобасын дайындау мен оны комиссияның
қарауына енгізуге тараптардың кез келгені бастамашы болуы
мүмкін.
Жобаны ұйымның қызметкерлері міндетті түрде талқылауға
тиіс. Жобаны талқылау нысанын қызметкерлердің өздері
анықтайды.
Жобаны комиссия келіп түскен ескертпелер мен ұсыныстарды
ескере отырып пысықтайды.
2. Тараптардың келісіміне қол жеткізілген жағдайда ұжымдық
шарт кемінде екі дана етіп жасалады жəне оларға тараптардың
өкілдері қол қояды.
35 бап. Ұжымдық шарттың қолданылу мерзімдері мен аясы
1. Ұжымдық шарт тараптар белгілейтін мерзімге жасалады.
2. Егер ұжымдық шарттың ережелерінде өзгеше көзделмесе, ол
қол қойылған кезден бастап күшіне енеді жəне тараптардың
орындауы үшін міндетті болады.
3. Ұжымдық шарт ұйымды басқару органының құрылымы,
құрамы өзгерген жағдайда күшінде қалады жəне қолданыла береді.
4. Ұжымдық шарт ұйымды қайта ұйымдастыру (біріктіру, қосу,
бөлу, бөліп шығару, қайта құру) кезеңінде өз күшін сақтап қалады.
Кейіннен ұжымдық шарт тараптарының бірінің бастамасы
бойынша қайта қаралуы мүмкін.
5. Ұйымның меншік иесі ауысқан жағдайда ұжымдық шарттың
қолданылуы үш ай бойы сақталады. Осы кезеңде тараптар жаңа
ұжымдық шарт жасасу немесе қолданылып жүрген шарттың
сақталуы, өзгертілуі жəне толықтырылуы туралы келіссөздер
бастауға құқылы.
6. Ұйым тарапынан жəне ол банкрот деп жарияланған жағдайда
тарату немесе банкроттық туралы тиісті шешім қабылданған кезден
бастап ұжымдық шарттың қолданылуы тоқтатылады.
7. Ұжымдық шарттың қолданылу мерзімі ішінде оған өзгерістер
мен толықтырулар тараптардың өзара келісуі бойынша ұжымдық шартта
белгіленген тəртіппен ғана жүргізіледі.
8. Тараптардың өкілдері қызметкерлерді ұжымдық шартпен
таныстырып, оларға орындау барысы туралы хабарлап отыруға
міндетті.
4 Т А Р А У
ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ЖЕКЕЛЕГЕН
САНАТТАРЫНЫҢ ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫН РЕТТЕУ
36 бап. Маусымдық қызметкерлер
1. Табиғи жəне климат жағдайларына байланысты бүкіл
күнтізбелік жылда емес, алты айдан аспайтын белгілі бір кезең
(маусым) ішінде жұмыс атқаратын қызметкерлер маусымдық
қызметкерлер болып табылады.
2. Маусымдық қызметкерлерге осы Заңның күші олардың жеке
еңбек шарттарымен реттелмейтін жəне маусымдық жұмыс
сипатына қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
37 бап. Маусымдық қызметкерлермен жеке еңбек шартын
жасасу
Маусымдық қызметкерлерді жұмысқа қабылдау кезінде
қызметкердің оған тапсырылатын жұмысқа сəйкестігін тексеру
мақсатымен сынақ белгіленбейді.
38 бап. Маусымдық жұмысқа жасалған жеке еңбек шартын
бұзудың негіздері
1. Маусымдық жұмыстармен айналысатын тараптың екінші
тарапты бұл туралы бір апта бұрын ескертіп, жеке еңбек шартын өз
қалауы бойынша мерзімінен бұрын бұзуға құқығы бар.
2. Маусымдық қызметкерлермен жеке еңбек шарты жұмыс
берушінің бастамасымен (осы Заңда көзделген басқа негіздерді
қоспағанда), сондай-ақ:
1) жұмыс берушідегі жұмысты өндірістік сипаттағы себептер
бойынша екі аптадан астам мерзімге тоқтатқан;
2) дəлелді себепсіз бір жұмыс күні ішінде жұмыс орында
болмаған жəне еңбекке уақытша жарамсыздығы себепті бір ай
бойы жұмыста үздіксіз болмаған жағдайларда да бұзылуы мүмкін.
39 бап. Үй қызметкерлері
1. Жұмыс беруші – жеке тұлғаларда үй шаруашылығында
жұмыс істеуге (қызмет көрсетуге) жеке еңбек шартын жасасқан
қызметкерлер үй қызметкерлері деп танылады.
2. Жұмыс беруші – жеке тұлғалар мен осы жұмыс берушілерді
үй шаруашылығында жұмыс істейтін қызметкерлер арасында
жұмысты (көрсетілген қызметтерді) орындауға байланысты
туындайтын өзара қатынастар жеке еңбек шартымен ресімделеді.
3. Үйде істейтін қызметкерлермен жасалған жеке еңбек шарты
тараптардың бірінің бастамасымен кез келген уақытта бұзылуы
мүмкін.
4. Үй қызметкерлеріне осы Заңның күші олардың жеке еңбек
шарт-тарымен реттелмейтін жəне үй қызметкерлері еңбегінің
сипатына қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
40 бап. Үйде жұмыс істейтін қызметкерлер
1. Жұмыс берушімен өзінің материалдарымен жəне өзіндегі
немесе жұмыс беруші бөлетін не жұмыс берушінің қаражаты
есебінен сатып алынатын жабдықтарды, құрал-саймандар мен
тетіктерін пайдалана отырып, жұмысты үйінде өз еңбегімен
орындау туралы жеке еңбек шартын жасасқан адамдар үйде жұмыс
істейтін қызметкерлер деп саналады.
2. Үйде жұмыс істейтін қызметкерлерге осы Заңның күші
олардың жеке еңбек шарттарымен реттелмейтін жəне үйде істейтін
қызметкерлер еңбегінің сипатына қайшы келмейтін бөлігінде
қолданылады.
41 бап. Вахталық əдіспен жұмыс істейтін адамдардың еңбегі
Вахталық əдіс қызметкерлердің тұрақты тұрғылықты жеріне күн
сайын оралуын қамтамасыз ету мүмкін болмайтын, олардың
тұрақты тұратын жерінен тыс жерде еңбек процесін жүзеге
асыруының айрықша нысаны болып табылады.
Жұмыс беруші вахталық əдіспен жұмыс істеуге тартылатын
қызметкерлерді жұмыс жүргізу объектісінде болған кезеңінде
олардың тіршілігін қамтамасыз етуге арналған тұрғын үймен,
жұмыс орнына апару мен қайтаруды қамтамасыз етеді, сондай-ақ
жұмыстарды орындау мен ауысым арасында демалу үшін
жағдайлар жасайды.
42 бап. Вахтаның ұзақтығы
Объектідегі жұмысты орындау мен вахталық поселкедегі
ауысым арасындағы демалыс кезеңі күнтізбелік он бес күннен
аспауы керек.
Жұмыс беруші жекелеген объектілерде вахтаның ұзақтығын
ерекше жағдайларда ұйым қызметкерлерінің өкілдерімен келісім
бойынша отыз күнтізбелік күнге дейін белгілей алады.
43 бап. Вахталық əдіспен жұмыс кезіндегі жұмыс
уақытының есебі
Жұмыстың вахталық əдісі кезінде ай, тоқсан немесе өзге де
неғұрлым ұзақ, бірақ бір жылдан аспайтын кезең ішіндегі жұмыс
уақытының жиынтық есебі белгіленеді.
Есептік кезең бүкіл жұмыс уақытын, ұйымның орналасқан
жерінен немесе жиналатын жерден жұмыс істейтін жерге дейінгі
жолдағы жəне кері қайту жолындағы уақытты, сондай-ақ белгілі
бір күнтізбелік уақыт бөлігіне тиесілі демалыс уақытын қамтиды.
Бұл орайда есептік кезеңі ішіндегі жұмыс уақытының жалпы
ұзақтығы осы Заңда белгіленген нормадан аспауға тиіс.
44 бап. Қызметкерлердің өзге де санаттары
Қызметкерлердің өзге санаттарының еңбек қатынастарын реттеу
осы Заңға жəне қызметкерлердің жекелеген санаттарының еңбек
қатынастарын айқындайтын өзге де заң актілеріне сəйкес жүзеге
асырылады.
5 Т А Р А У
ЖҰМЫС УАҚЫТЫ
45 бап. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы
1. Қызметкер жеке еңбек шартының талаптарына сəйкес еңбек
міндеттерін орындауға міндетті уақыт жұмыс уақыты болып
есептеледі.
2. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан
аспауға тиіс.
3. Жеке еңбек шарттарында тараптардың келісімі бойынша
жұмыс уақытының ұзақтығы азырақ көзделуі мүмкін.
46 бап. Қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс
уақытының қысқартылған ұзақтығы
1. Қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс
уақытының қысқартылған ұзақтығы:
1) он төрт жастан он алты жасқа дейінгі қызметкерлер үшін –
аптасына 24 сағаттан; он алты жастан он сегіз жасқа дейін –
аптасына 36 сағаттан аспайтын;
2) ауыр дене жұмыстарында жəне еңбек жағдайлары зиянды
жұмыстарды істейтін қызметкерлер үшін – аптасына 36 сағаттан
аспайтын болып белгіленеді.
2. Жұмыс істеу жұмыс уақытының ұзақтығын қысқартуға құқық
беретін өндірістердің, цехтардың, кəсіптер мен қызметтердің
тізімін, сондай-ақ еңбек жағдайлары зиянды (өте зиянды) жəне
(немесе) ауыр (өте ауыр), қауіпті (өте қауіпті) жұмыстардың
тізбесін еңбек жөніндегі уəкілетті мемлекеттік орган белгілейді.
47 бап. Бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы жəне
күнтізбелікті жұмыстың ұзақтығы
Қызметкерлер үшін екі демалыс күні бар бес күндік жұмыс
аптасы белгіленеді. Бес күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті
жұмыстың (аусымның) ұзақтығы жұмыс берушінің актісімен
немесе жұмыстың ерекшелігін, еңбек ұжымының пікірін ескеріп
жəне жұмыс аптасының белгіленген ұзақтығын сақтай отырып,
жұмыс беруші бекіткен ауысым кестесімен белгіленеді.
Өндірістің сипаты мен жұмыс жағдайлары бойынша бес күндік
жұмыс аптасын енгізу орынсыз ұйымдарда бір күндік демалысы
бар алты күндік жұмыс аптасы белгіленеді. Алты күндік жұмыс
аптасы кезінде күнделікті жұмыстың ұзақтығы апталық норма 40
сағат болғанда – 7 сағаттан аспауға, апталық норма 36 сағат
болғанда – 6 сағаттан жəне апталық норма 24 сағат болғанда – 4
сағаттан аспауы тиіс.
Бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасын еңбек немесе
ұжымдық шарттардың талаптарымен жұмыс беруші белгілейді.
48 бап. Түнгі уақыттағы жұмыс
1. 22 сағаттан бастап таңғы сағат 6-ға дейінгі уақыт түнгі уақыт
болып есептеледі.
2. Жүкті əйелдерді түнгі уақытта жұмыс істеуге тартуға
олардың келісімімен ғана жол беріледі.
3. Түнгі уақытта жұмыс істеуге он сегіз жасқа толмаған адамдар
мен түнгі уақытта жұмыс істеуге тыйым салатын медициналық
қорытындысы болған жағдайда өзге де адамдар жіберілмейді.
49 бап. Мерзімнен тыс жұмыстарды шектеу
1. Осы Заңның 45-бабында белгіленген жұмыс уақытының
ұзақтығынан тыс жұмыстар мерзімінен тыс жұмыстар деп
есептеледі.
2. Мерзімнен тыс жұмыстарға тартуға, осы Заңның 51 бабында
көзделген жағдайларды қоcпағанда, қызметкерлердің келісімімен
ғана жол беріледі.
3. Мерзімнен тыс жұмыстарға он сегіз жасқа толмаған
қызметкерлер жіберілмейді.
50 бап. Мерзімнен тыс жұмыстардың шекті мөлшері
Əрбір қызметкер үшін мерзімнен тыс жұмыстар бір күнтізбелік
күн ішінде екі сағаттан (ауыр дене жұмыстарында жəне еңбек
жағдайлары зиянды жəне (немесе) қауіпті жұмыстарда – бір
сағаттан) аспауға тиіс.
Еңбек жағдайлары өте зиянды жəне өте қауіпті кезде мерзімнен
тыс жұмыстарға тыйым салынады.
51 бап. Қызметкерлердің келісімінсіз мерзімнен тыс
жұмыстарға жол берілетін ерекше жағдайлар
Қызметкердің келсімінсіз мерзімнен тыс жұмыстарға ерекше
жағдайларда ғана:
1) елдің қорғанысы үшін, сондай-ақ төтенше жағдайларды
немесе дүлей апттарды, өндірістік аварияларды болғызбау немесе
олардың зардаптарын дереу жою үшін қажетті жұмыстарды
жүргізу кезінде;
2) сумен жабдықтау, газбен жабдықтау, жылыту, жарық беру,
канализация, көлік, байланыс жөніндегі қоғамдық қажетті
жұмыстарды жүргізу кезінде – олардың дұрыс жұмыс істеуін
бұзатын кездейсоқ немесе көтпеген жағдайларды жою үшін;
3) егер жұмыс үзілісті көтермейтін болса, ауыстырушы
қызметкер келмей қалған кезде осы Заңның 50-бабында көзделген
сағаттар санынан аспайтын уақытқа жұмысты жалғастыру үшін
жол беріледі.
52 бап. Жұмыс уақытының есебі
1. Жұмыс беруші қызметкердің сол жұмыс берушінің нақты
жұмыс істеген жұмыс уақытының есебін жүзеге асыруға тиіс.
2. Өндіріс (жұмыс) жағдайлары бойынша қызметкерлерді
белгілі бір санаты үшін белгіленген апта сайынғы жұмыс
уақытының сақталуы мүмкін емес, үздіксіз жұмыс істейтін
ұйымдарда, жекелеген өндірістерде, цехтарда, учаскелерде,
бөлімшелерде жəне кейбір жұмыс түрлерінде есепті кезең ішінде
жұмыс уақытының ұзақтығы аптасына осы Заңда белгіленген
қалыпты жұмыс сағаттары мерзімінен аспауға тиіс жағдайда
жұмыс уақытының жиынтық есебін жүргізуге жол беріледі.
3. Жиынтық есеп жағдайында жұмыс уақытының күн сайынғы
немесе апта сайынғы ұзақтығы жұмыс күні немесе жұмыс аптасы
сағаттарының нормасынан артық немесе кем болуы мүмкін.
4. Есепті кезең ішіндегі жұмыс уақыты сағаттарының
жиынтығы осы кезеңдегі сағаттардың нормасына тең болмауы
мүмкін.
5. Жұмыс уақытының жиынтық есебін жасаған кезде
қызметкерлердің осы санаты үшін белгіленген орташа жұмыс күні
мен жұмыс аптасының ұзақтығы сақталуға тиіс шектегі кезең
есепті кезең болып танылады.
6. Жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдану тəртібі жұмыс
берушінің актілерімен айқындалады жəне ұжымдық шартпен
белігленеді.
6 Т А Р А У
ДЕМАЛЫС УАҚЫТЫ
53 бап. Демалуға жəне тамақтануға арналған үзіліс
1. Күнделікті жұмыс (ауысым) ішінде қызметкерге демалу жəне
тамақтану үшін жинақтап алғанда ұзақтығы бір сағаттан кем
болмайтын үзіліс берілуге тиіс. Бұл үзіліс жұмыс уақытына
енгізілмейді жəне қызметкер оны өз қалауы бойынша пайдаланады.
2. Үзіліс беру уақыты мен оның ұзақтығы жұмыс берушінің
актілерінде, жеке еңбек, ұжымдық шарттарда белгіленеді.
3. Өндіріс жағдайлары бойынша үзіліс беру мүмкін емес
жұмыстарда жұмыс беруші қызметкерге жұмыс уақытында демалу
мен тамақтану мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті. Мұндай
жұмыстардың тізбесі, демалу жəне тамақтану тəртібі мен орны
жұмыс берушінің актілерінде белгіленеді.
54 бап. Арнаулы үзілістер
Жылдың суық мезгілінде ашық далада, жылу берілмейтін жабық
үй-жайларда жұмыс істейтін, жүк тиеу-түсіру жұмыстарымен
айналысатын қызметкерлерге жылыну жəне демалу үшін арнаулы
үзілістер беріледі. Арнаулы үзілістер жұмыс уақытында қосылады.
55 бап. Күн сайынғы демалыстың ұзақтығы
Жұмыстың бітуі мен оның келесі күнде (ауысымда) басталуы
арасындағы қызметкердің күн сайынғы демалысының ұзақтығы 12
сағаттан кем болмауға тиіс.
56 бап. Демалыс күндері
1. Қызметкерлерге демалыс күндері (апта сайынғы үзіліссіз
демалыс уақыты) беріледі.
2. Бес күндік жұмыс аптасы жағдайында қызметкерлерге
аптасына – екі, ал алты күндік жұмыс аптасында бір демалыс күні
беріледі.
3. Жалпы демалыс күні жексенбі болып есептеледі. Бес күндік
жұмыс аптасы кезінде екінші демалыс күні жұмыс берушінің
актісімен немесе жұмыс кестесімен белгіленеді. Екі демалыс күні
де, əдетте қатарынан беріледі.
4. Мерекелік күндер жұмыс күндеріне сəйкес келген жағдайда
жəне жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында Қазақстан
Республикасының үкіметі демалыс күндерін басқа жұмыс
күндеріне ауыстыруға құқылы.
5. Осы Заңның 59 бабында көздеген жағдайларды қоспағанда,
қызметкерді демалыс күндерінде жұмысқа тартуға оның
келісімімен ғана жол беріледі.
57 бап. Үзіліссіз жұмыс істейтін ұйымдардағы демалыс
күндері
Өндірістік-техникалық жағдайлары бойынша немесе халыққа
үнемі үзіліссіз тұрақты қызмет көрсету қажет болуы себепті
демалыс күндері жұмысты тоқтату мүмкін болмайтын ұйымдарда,
сондай-ақ үзіліссіз өндіріс жүргізілетін ұйымдарда жұмыс
берушінің актісімен бекітілген ауысым кестесіне сəйкес,
қызметкерлердің əрбір тобына демалыс күндері аптаның əртүрлі
күндерінде кезекпен беріліп отырды.
Достарыңызбен бөлісу: |