«Ахметов Т. К.» деген жазуы бар есік сықырсыз жабылды. «Енді Ержановқа телефон соғу керек»,- деп ойлады Сəрсенов



Pdf көрінісі
Дата18.11.2023
өлшемі111,77 Kb.
#124348


КЕРЕК АДАМ
«Ахметов Т. К.» деген жазуы бар есік сықырсыз жабылды. 
«Енді Ержановқа телефон соғу керек»,— деп ойлады Сəрсенов. 
Шыға беріс кең фойеде автомат-телефонның алтау-жетеуі сап түзей
қалыпты. Қалтасына қол салып еді, осындайда таптырмайтын екі
тиындықтың үш-төртеуі қосарлана іліккені.
Ержанов үйінде екен.
— Оу, қайдан жүрсің? Мəссаған! Білдей бас инженер болсаң да,
қасталығың қалмайды-ау. Шығарда хабарласпадың ба? Жə-жə, ақталма.
Аманшылық қой, əйтеуір. Бопты-бопты. Шара бүгіндері неше тонна
тартады? Торайларың қалай? Өсіп жатыр ма? Өй, шошқа... Ал, енді неғып
тұрсың? Вокзалдамысың? Не дейді? Министрлік! Ау, мынауың енді...
Сенен шығар-ау бəрі. Қонақ үйге орналасып қойғаны несі? Кісі деген бес
жылдан бері көрмеген досына соғып, тойына түспеген замандасына
көрімдік, үйіне байғазы дегендей, жол-жоралғысын жасап, сосын кіріспей
ме іске? Министрлік көшіп кетеді ғой дедің бе? Ахметовке... барып та
қойдың ба? Қап... бүлдіргенін-ай! Ол сорлы солай енді. Жə, əлі де кеш
емес. Тек тезірек жет. Таксиге отыр. Көп болса, тиын-тебенін келгесін өзім
төлермін. Ешқайда бұрылма. Тура үйге кел. Даусымды естіді ғой, сол да
жарар деп, тағы бір жаққа тайып кетіп жүрме, сен сығыр! 
Сол баяғы Ержанов! Елпілдей сөйлеп, лекілдей күледі. Бүгін құлағының
құрышын қандыратын шығар əбден. Жер-жиһанның хабарын естиді.
Президент Фордтың үйінде дəл қазір кімдердің қонақта отырғанын білмесе
білмес, қалғанының бəрінен хабардар. Араласпайтыны жоқ. Абитуриенттен
бастап, министрге дейінгі жұртпен түгел əмпейі. Сөйтіп жүріп, көрпесін
тұйықтамайды, төңірегіне қайырымды. 
Анада Қияндыға командировкаға келгенде, Сəрсеновтың үйінің
табалдырығынан аттай бере, қарқылдап тұрып күлесін-ай кеп.


— Оу, шошқа-ау, мынауың не, үйіңді дəруіштің құжырасындай құлазытып
қойғаның! Мына бір германи кебежелерің модадан шыққалы қашан!
«Бирюса» дегендеріңді бүгінде студенттер сатып алып, сыра салып
салқындатып ішеді. Əйтеуір баяғыда бүкіл курс боп, стипендияның
шетінен жырып əперген солқылдақ темір кереуеттің көзін аударыпсың.
Оныңа да шүкір. Ал, орыстарыңның бастығы кім? Айттым ғой, атымен
хабарсыз. Баяғыда экзамен алатын машиналар ойлап табылғанын естіп,
саныңды шапалақтап қуанғаның жаман еді. Кəсіпшіліктерің
автоматтандырылған шығар. Бəсе, кісіге үйірімі жоқ, бұл неме қайтып
озаттар қатарына ілігіп жүр деп едім-ау. Шіркін, саған пионер жасын
тоқсанға дейін созса қандай жақсы болар еді. 
Командировкада жүріп-ақ Шараға соңғы сəндегі шет ел гарнитурын,
жаңа тоңазытқыш пен парсы кілемін тауып беріп кетті.
Жүріп бара жатып:
— Сəрсеновтың жаңа əдісі, Сəрсеновтың жаңа ұсынысы деп газет-
журналдың бетін бермегенде жақсысың. Қияндының Архимеді боп жүре
бермей, ғылымға да аралас. Жиған-тергеніңді қолтықта да құдайдын көп
командировкасының біреуін иемденіп, астанаға соғып кет. Айдалада
адасып жүрген таутайлақтай сен немені осы заманғы ғылымның бір
шаңырақ артқан қара нарына айналдырып жіберейін,— деді.
Сол-ақ екен, Шара оң бүйірінен шаншудай қадалып алсын.
—Құрдастың анадағы айтқанын қашан істейсің?
—Тоқта, осы тоқсанның жоспарынан аман-есен құтылып алайық.
Бұл да біраз сөзбұйдаға салып көріп еді, шаршайтын Шара ма:
—Əй, дөйқара, тоқсандық жоспар, жылдық жоспар деп жүргенде өміріңнің
қалай өтіп кеткенін білмей де қаласың. Командировка сұрап жүруді
ыңғайсыз көрсең, заңды демалысыңның тұсында барып қайт.
Кисловодскінің суы сен бір жыл бармағаннан тартылып қалмас,— деп
кейуаналық айтты.
Ғалымдар қауымының алдын көруден бұ да тап онша кет əрі емес еді. Өз
салалары бойынша ғылми-техникалық журналдарда шыққан оншақты


мақаласы мен жатқан-тұрған қолжазбаларын алып келген беті осы.
Анада облыс орталығында болған бір мəслихатта министрліктен барған
Ахметов те əлгіндей ыңғай танытқан-ды. Жаңа алдымен соған кірді.
Ахметов айдала кабинетінде жалғыз отыр екен:
Сұйық қасын керенау қағып:
— Ə, келіп те қалдың ба?— деді.
Бұл да көп күлбілтелеп жатпай шаруасын айтты.
Ахметов шаршап жүрген кісі сияқты. Қой көзін шыр айналдыра əжім
торлап алыпты. «Қашан айтып боласың»,— дегендей қалжырап отырып
тыңдады. Бұл сөзін аяқтай бергенде оның оң шынтағындағы жылтырақ
столда көгендеулі тұрған көп телефонның біреуі баж ете түсті.
Ахметов самарқау қалпы шырылдап жатқан көк телефонның мойнынан
қылғындыра ұстады. Ар жағындағы гүжілдек дауыс əуелі сəлем-мезірет
жасады. Ахметов те амандасты. Енді əлгі гүжбан дауыс сампылдай
жөнелді. Ахметовтың сұлқ жатқан керме қасының əуелі ұшы жыбыр етті.
Сосын ортасы бір бүлк етті. Біраздан соң сұп-сұр маңдайынан əлде бір
қара бүркіт қанатын қағып-қағып қалғандй болды. Бірақ кең маңдайда шарт
түнеріп тұрған сол бір бұрқақ дауыл əлі көздің маңына жайыла қойған жоқ.
Шаралы қой көзін көдегейлеп тұрған ұзын кірпіктері сұлқ қалпы.
Трубкадағы гүжілдек дауыс біраз балпылдап-балпылдап алды да, «ал енді
не айтасың»,— дегендей бір сəт кідіріп қалды.
— Бізде енді бұдан басқа мүмкіндік болмай жатыр,— деді Ахметов
сабырын шашпай.
Мына бір ауыз сөзден соң көкшіл телефон тіптен көгереңдеп кетті.
Аржағындағы гүрілдеген еркектің түкірігі трубкадан сыртқа шашырап бара
жатқандай. Ахметов оны алақанымен басып алды да, тыңдай берді, тыңдай
берді... Бір уақыттарда барып гүрілдек дауыс «қош» дегендей болды,
— Хош болыңыз,— деді Ахметов. Аржақтағы телефон тұғырына барып
сарт етті. Ахметовтың қолындағы көкшіл трубка өз орнына сырғып түсті.


— Мұндай шаруаны алдын-ала хабарласып, ақылдасып алмас болмас па?—
деді Ахметов енді бұған қарап. —Табан астында мен сізге не айта аламын.
Ертең он бірде.— Жоқ, жоқ... он бірде қолым бос емес екен, — деді ол
календардың бетін ақтарып жатып. — Түс қайта сағат үште келіңіз.
Ойласып көрейік.
—Хош болыңыз.
—Хош болыңыз.
Есіктен шыға беріп артына қарап еді. Ахметов табалдырықтың астынан
тасбақа шығып келе жатқандай тесіле қалыпты. 
«Енді Ержановқа телефон соққан дұрыс болар»— деп түйген ішінен
сонда Сəрсенов. Сау болғыр, такси де оңынан орала қойды. 
Сыптығырдай қара мұрт жігітке баратын жерін айтып еді, отырыңыз
дегендей иек қақты.
Бір кезде оқыған Алматысы тез өзгеріп кеткен. Əр жер-əр жерден ғана
көзіне шоқтай басылып таныс үйлер ұшырасады. Жердің астына шұбырып
кіріп бара жатқан бір жұрт, жердің астынан шұбырып шығып жатқан бір
жұрт... Көше-көшені шет елдік туристер қаптап кеткен бе қалай? Машина
бір бұрышта светофорға кідіріп еді, қапталда тротуарда айғыр топ боп жүп
жазбай кетіп бара жатқан дударбастардың аузынан «Қайрат» деген сезді
естіп қап, қайран қап, құлағын тосты. Қақ ортасындағы нарталақтай ұзын
біреуі:
— Сол қызыңды ұрайынның аяғы қисық білем, тепкен добы қақпаға
кірудің орнына қапталдан шығады,— деп футболшылардың біреуін
кəдуілгі айналайын ана тілімізде батпандай қып сыбап салғаны.
Сəрсеновтің неге екені белгісіз, іші жылып қоя берді.
— Шетелдіктер екен десем, өзіміздің қара домалақтар ғой,— деп ішінен
міңгірлей беріп еді: «Иə, оныңыз рас»,— дегендей əлгі нартайлық жігіттің
мықынын сабап бара жатқан мөлт қара транзистор:
Жусаны мен, жуасы


Жұпар атқан ауылым,—
деп əндетіп қоя берді. Көкшіл «Волга» қайқаң етіп, бір көшеге бұрылды.
Қапталдан теңіз төріндегі кемедей ұзын-шұбақ ақ шаңқан үй жарқ етті.
Көш құлаш лоджиялар. Көлдей терезелер. Қиыннан қиыстырған ою-өрнек.
Соның бəріне аузын ашып қалған Сəрсенов машинаның тоқтағанын да
аңғармапты. Қолына алдымен іліккен сарқұлақты шоферге ұстата сап,
шығумен болды. Ержановтың үйінің емен есігіне тұмсық тірей бере қызыл
шоқ кнопкаға бармағын батырып еді, əлдебір əдемі тоты құстың
шықылықтағанына салып қоңырау сыңғырлады. Сол-ақ екен Ержановтың
əрдайым асып-төгіліп жататын лақылдақ күлкісі естілді. 
— Мə, сабазың...
Əуелі қолдасып тұрып, жұлқыласып алды. Сосын бірін-бірі қапсыра
құшақтап сілкіп-сілкіп қойысты. Енді біреуінің кеудесін бірі төмпештеп
жұдырықтасқалы жатқанда үстіне лимон түстес ойық жаға көйлек киіп,
алдына алжапқыш байлаған қызыл шырайлы келіншек қастарына кеп,
бұған жұп-жұмыр тамағын тосты. Сəрсенов қапелімде ыңғайсызданып
қалды. Келіншектің ақ сүйрік саусағына ернін апара беріп еді, əйелінің
сылқылдақ күлкісіне Ержановтың лекілдек күлкісі қосылды. Ақ борықтай
ақ жарқын келіншектің тамағынан сүюге тура келді. Сылқылдақ келіншек
сыңғырай күліп мəз болды. Тілінің ұшымен ғана тəттілеп сөйлеп:
— Е, бəсе,—деді.
Үшеуі балабақшадағы бөбектердей қол ұстасып оң жақ қолдағы бөлмеге
беттеді. Кең бөлменің терезеден басқа жері кітаптан көрінбейді. Ортадағы
айлатпа жазу столының алдындағы қос креслоға бұл екеуін жайғастырып:
—Мен кухняға барайын, — деп келіншек шығып кетті. Шығып бара жатып
əлденеге күйеуінің желкесінен нұқып кетті. Оған Ержанов қаладай ірі ақ
тістерін ақситып бір күліп қойды. Сосын бұның бетіне тесіле қарап алды
да, тағы да үнсіз тісін ақситты. Бұ да амалсыз күлімсіреген болды.
—Сен мақтап жүреді екенсің,— деді Ержанов. — Осы қазір бізге Дəулетов
келетін еді.
—Ау, ол қайдан жүр?— деп Сəрсенов те елең етті.


—Жоқ, жоқ, ол емес. Бізбен бірге оқыған Дəулетов Қызылқұмның бір
жерінде су іздеп жүр деп есіттім. Ана жылы барғанда соға алмай кеттім.
Бұл кəдімгі атақты Дəулетов. Газеттерден көрмедің бе, биыл академиктікке
ұсынылып отыр ғой.
—Апырай, онда ретсіз болды-ау... Мана неге айтпадың? Ержанов тағы да
екі тізесін сарт еткізіп, отыз екі тісін түгел ақситып, үн шығармай, селк-
селк күлді.
—Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан деген... Қайта мұнан артық
не реті керек!
Сол-ақ екен, есіктегі қоңырау əндетіп қоя берді. Ержанов астындағы сəнді
креслоны лық кейін серпіп орны нан атып тұрды. Коридордан
қауқылдасқан дауыстар естілді. Кухня жақтан сылаңдап Ержановтың
келіншегі көрінді. Бөлмеде бұғып жалғыз отырып қалудың ретін таба
алмай, Сəрсеновте коридорға шықты. 
Ол Ержанов пен əйелі елбек қаққан екі еркектің қайсысы Дəулетов екенін
ажырата алмады. Орта бойлы қою қасты дөңес мұрын адам толықтығына
қарамастан елпілдек. Ержановтың əйелінің бұғағынан сүйіп, мəз-мейрам.
Ұзын бойлы, кең маңдайлы, қыр мұрынды, алтын көзілдірікті кісі
арықтығына қарамастан паң. Алдында сылқ-сылқ күліп тұрған əдемі
келіншектің сүйір саусағын қолының ұшымен ғана сипай көтеріп, ерніне
əзер тигізді. Екеуіне еріп келген қара торы əйел жымия күліп тұр. Ержанов
дедектеп үш қонақтың киімдерін киім ілгішке тасып жүр. Ақ борық
келіншек алға түсіп қонақтарды кабинетке бастады. 
— Танысып қойыңыз — Ораз. Мараттың бірге оқыған жолдасы.
Үшеуі де мұнымен елпілдей амандасты. Алтын көзілдірікті мен
қараторы əйел кабинетке кірді. Орта бойлы Ержановтың келіншегінің
білегінен мытып ұстап:
—Бір əдемі иіс мұрын жарып барады, барып көзіммен көргенше тағат таба
алар емеспін,— деп кухняға беттеді.
—Иə, біздің Əлекең қазан үстінен бірдеңе ауыз тимесе, көңілі көншімейді,
— деп алтын көзілдірікті бір жымиып қойды. Бір уақытта орта бойлы еркек
ұрты бұлтылдап кабинетке қайта оралды. Сосын кітап толы қабырғаларды


ала көзімеы бір сүзіп шықты да:
— Қарашы, біздің Мəкеңдердің де таппайтыны жоқ-ау,— деп шалқалай
күлді.— Баяғыда ата-бабамыз жақсы көретін қонағыңның бұйымтайын
келген бойда сұра деген. Мəке, біз екеуміздің бір-бірімізге көңіліміз қалған
жері жоқ қой. Ендеше, мен бұйымымды осы күннен айтып қояйын. Соңыра
анау Штеменкоңды ұмыттырма. 
Ержанов бұл жолы тістерін ақситқанмен даусын шығарып лекілдей
күлді. Алтын көзілдірікті тағы да езу тартты.
Ақ борық келіншек кеп дастарқанға шақырды. Жұрт қақ төрдегі абажа
қонақжайға беттеді.
— Апыр-ай біздің Алмашканың дастарқаны кішігірім қалаға бір жыл азық
болғандай екен,— деді етжеңді еркек, табалдырықтан аттай бере таң-
тамаша қап. Қасындағы алтын көзілдірікті үнсіз бір жымиып қойды. 
Столдың төр жақ басындағы жалғыз орындыққа əлгі орта бойлы дөң
мұрын еркек қоярда қоймай жүріп алтын көзілдіріктіні отырғызды. Оның
төр жақ қапталына қараторы əйел жайғасты, ал есік жақ қапталы «алыстан
келген қонақ» Сəрсеновке тиді. Бұдан төмен столдың екінші басындағы ақ
борық келіншекпен екі ортаны, əрине, Ержанов иемденді. Ал столдың
басындағы алты орындықты əркімге рет-ретімен — «жіліктеп» беріп
жүрген елпектеген етжеңді еркек ақ борық келіншек пен қараша əйелдің
арасында, Ержановтың дəл қарсысында бос тұрған орындыққа барып
отырды. 
— Апырау, шыққыр көзім не көріп тұр-ай! Бұл кезде ресторандардан да
іздеп таппайтын мынау жарықтық қара уылдырық пен қызыл балықты тек
осы үйден ғана кезіктіресің. Шамасы, мына Қияндыдан келген қонақтың
қоржынынан шықты-ау бұл!— деді ол бекіренің бір кескенін қараша
əйелдің тарелкасына салып жатып.
Сəрсенов қипақтай бастап еді, Ержанов санынан басып қойды.
—Иə, құдайға шүкір, Қияндыда достарымыздың бары рас,— деді ақ борық
келіншек, тілінің ұшынан тəттілеп сөйлеп, ақсия жымиып.
—Ал, Алмашка, Мəкең қарсы болмаса, мен осы дастарқанның билігін өз


қолыма алсам деп отырмын. Кім мақұл көрсе, қолдарын көтерсін,— деді
əлгі Əлекең дейтін етжеңді еркек. Қараша əйелден басқасы жапатармағай
қолдарын көтерді.
—Ал, кім қарсы?
Ешкім қолдарын көтерген жоқ. 
— Кім қалыс қалды? 
Қараша əйел қолын көтерді. 
— Жəмила ханымның қалыс қалатынын өзім де білгем. Ендеше, «кəпір тоқ
болса, мұсылман тыныш болады» деген, сөзді сол қалыс қалған Жəмила
ханымның өзіне берем. 
Жұрт ду күлді. Сəрсенов те күлді. 
Жəмила ханым орнынан тұрды. Үстіндегі жылтыр шатыра көйлегінің
омырауын түзеп қойды. Қолымен дударланып тұрған еркек жал «шала
бурыл» шашын бір сипап алды. Сосын баданадай ірі ақшыл тістерін бір
жарқ еткізіп күліп жіберді. Қолындағы оймақтай хрусталь рюмкадағы
күрең коньякты лағылдай жарқыратып төбедегі люстраның астына апарып
тосты. 
— Мен, конечно, Əлекеңдей оратор емеспін. Менің айтатыным — бұл
үйдің шамы бұдан да жарық болсын!
—Браво, браво!— деді Əлекең.
—Жақсы айттыңыз!— деді алтын көзілдірік.
—Рахмет!— деді ақ борық келіншек.
— Жəмила ханым сөйлесе осылай сөйлейді ғой,— деді Ержанов астындағы
орындықты сықырлата бір изелтіп қойып. 
Сəрсенов жұртпен бірге орнынан тұрып рюмка қағыстырды. Содан
кейін-ақ орта бойлы етженді еркек дастарқанның билігін ұршықтай үйірді.
Стол басындағылардың əрқайсысының денсаулығына жеке-жеке тост


көтерді. Ешкімді құр тастаған жоқ, қарық қылды. Майын тамызып
майдалай жөнелгенде көктегі жалғыз тəңірінің өзінен əрі болмасам, бері
емес екем деп қалатындайсың. Бірінші рет көріп отырса да, Сəрсеновты да
біраз жерге апарып тастады. Туғалы естімеген тəтті сөздердің талайын
естіді. Бəріне қошамет айтып, шеттерінен көкіректерін аяққаптай қып,
көңілдерін көтеріп шыққан соң жұрттың өзіне сөз бере бастады. Алдымен
əлгі Жəкең деген алтын көзілдірікті орнынан көтерілді. Əлекеңнің даусы
қолдан істелген қара домбырадай күмпіп шығатын еді, мынау сырбаз
қонақтың даусы дүкеннің домбырасындай шіңкілдектеу екен. Əр сөзін
таразыға тартып тұрғандай асықпай сейлейді. Тамададай елпілдете
жөнелмей, əңгімені ту қияннан бастады. Адам ата мен Хауа ананың алғаш
рет күнаға бататын сəтінен сəл беріден басталған əңгіме дүниенің төрт
бұрышын түгел шиырлап жүріп біздің тұсымызға да жетті. Мамырдың
кешіндей тыныш та жайлы, жайсаң дəуірімізге толығынан тоқталып өтті.
Дастарқан басындағы кішкене шоғырдың құлағын бір-бір елеңдетіп,
мемлекетіміздің басшыларының, республикамыздың басшыларының,
облыс пен қала басшыларының есімдерін атап кетті. Сосын алыстан ат
арытып келе жатқан жолсоқты əңгіме ақыр аяғында Əлекеңнің тамадалық
тамаша өнеріне, Алма қарындастың ежелден мəшһүр аспаздық қасиетіне,
Мəкеңнің (Ержановтың) жақсы азаматтығына, еңбекқорлығына,
жолдастықтың үрдісін жетік білетіндігіне кеп бір бас тіреп: «Ауыз бірлік
үшін, татулық үшін ішелік!»— деп аяқтады. 
Жұрт алтын көзілдіріктің ұзын-сонар əңгімесінің ақыры бір біткеніне
қуанды ма, жоқ əлі айтқандары жандарына жағып кетті ме, орындарынан
атып-атып тұрды. Манадан бері стол үстінде мөлтеңдеп тыныш тұрған
рюмкалар аяқ астынан күлімдеп қоя берді. Ішіндегі баданадай-баданадай
күрең лағылдар отырғандардың көмейіне бір-бір сүңгіп жоғалды.
Алтын көзілдіріктінің сөзі түрткі болды ма, əлде ақ борық келіншек
əзірлеген көп тарелкалардағы əр алуан тағамдардан бір-бір ауыз тиіп жүріп,
іштеріне ел қондырып алды ма, жұрт əңгімеге кірісті. 
Сəрсеновтер Қияндыда жүргенде мұндай отырыстарда бір-бірінен
тоқсандық жоспардың орындалу барысын, не тың облыстардағы ауа райын
сұрастырар еді, уақыт қалып жатса, Синай түбегі ауданындағы саяси
ахуалға аз-мұз аялдап, əңгіме соңында ойын кестесінің кеуде тұсынан аяқ
жаққа бір-ақ сырғыған «қасиетсіз Қайраттың» сыбағасын бір беріп, карта
жеткендері тəпелтек журнал столының төңірегіне жайғасып, карта жетпей


қалған «джентельмендеу» жағы кітап шкафынан «Қазақ əндерінің» үш
кітабын тауып ап, пианино тұрған жаққа қарай көшіп-қонған «ханымдар»
қауымына барып қосылар еді. Олар ендігі не «Арыстың бойында танысып»
не «Баянның май гүліндей» əсем қыздарымен күлімдесіп, не «бармағалы
көп болған» Ақ Жайыққа қарай көшіп бара жатар еді. 
Ал мына дастарқанның басындағылар əлі еру əңгімемен отыр. Əлекең
кеше шаруасы шығып бір үлкен мекемеге барғанда сондағы емен есіктерді
жағалап жүрген бір «сұмпайыны» кергенін айтты. Мұны көзі шалып қап,
теріс айналып кетіпті. Бұл оның күдірейген желкесін көріп-ақ əлгінде ғана
мекеме басшысына не айтып шыққанын аңғара қойыпты. Басшы да бұл
барғанда бір жымиып қойды дейді, шамасы əлгі «сұмпайының» сөздері
есіне түссе керек. «Апырай-ай, бұ қазақ осынысын қашан қояды!»— деп
қыстырылды Ержанов, құдды бір өзі Өзбекстанда отырғандай. «Əй,
қайдам... Шамалыда қояр дейсің бе. Құдай да қызық-ау, басқалардың басы
мен қолын жарылқағанда, біздің қазақтың көзі мен сөзін жарылғапты ғой»,
— деді Əлекең майы туырылған семіз қазының бір кескенін өз тарелкасына
қарай секіртіп жатып. 
Манадан бері жымиып отырған алтын көзілдірік əңгімеге енді араласты:
«Оған қазақ кінəлі емес, тарих кінəлі»,— деді ол. Сосын жақында тойы
еткізілген Əл-Фарабиді, Отырардың Александрия кітапханасынан кейінгі
ең үлкен кітапханасын, сұлтан Бейбарысты, Шоқан Уəлиханов Петербургте
жүргенде таныс болды-мыс ақ сүйек əйелдерді əңгімелеп кетті. Бұрын
Сəрсеновтың құлағына шалына қоймаған көптеген араби, фарси, французи,
орыси, скифи, уни, турки, маңғұли, қазақи фамилияларды көзінен тізіп
шықты. 
Алтын көзілдіріктің əңгімесінің созылыңқырап бара жатқанын
байқағандай, манадан бері тып-тыныш астыңғы үй дүбірлетіп қоя берді. 
Əн салайық, би билейік, би билейік, 
Шарықтасын шаттық үндер, шаттық үндер! Хи-ах, хи-ақ, хи-ах!.. 
—Астымызда институтта істейтін жігіт тұрушы еді. Олар да қонақ
шақырған ғой,— деді Ержанов. 
Дүңкілдеген дігірлеген дыбыстардан тарс оянғандай Əлекең:


— Ал, мына рюмкалар қаңтарылып қалыпты. Сөзді енді қонақ жігітке
берейік!— деді. 
Сəрсеновтың үйреншікті екі тосты болатын, оның бірі: «Ал, осы үйдің
балаларының амандығына алып қоялық!»— тұғын да, екіншісі: «Осы
дастарқанның басында отырған əйел жолдастардың денсаулығы үшін ішіп
қоялық!»— еді. Бүгін аузына екіншісі түсті. Өйткені бұл үйге келгелі бала
даусын естімеген.
—Міне, джентельмен!— деді қараша əйел.
—Біз Сəрсенов екеуміз Жəмила ханымның жақын арада академиктің
жұбайы болуы үшін ішеміз!— деді Ержанов бұның əрі-сəрі тостының əрін
келтіріңкіреп.
Астыңғы үйде дүңкілдеген əнге дүсірлеген аяқ дыбысы қосылды. 
— Ал, енді темекі тартатынымыз темекі шегіп дегендей, аз-маз үзіліс
жасасақ қайтеді,— деді Əлекең.
Жұрт орындарынан көтерілді. Ержанов алға түсіп, кабинеттің шамын
жақты. Қос қабырғаға сіресіп тұрған көп кітапты көзімен сүзіп тұр. «Қазақ
энциклопедиясының» түбі жалтыраған қалың томын алып, ар жағынан бір
қорап карта суырды.
Əлекең сусылдақ карта қағаздарын алақанына жайып, тағы да таңдай
қақты.
—Қойсайшы, бұл Мəкеңнің таппайтыны жоқ.
А—нада бір артист жолдасымыз Парижден əкелді.
—Бəсе, бəсе!
Ержанов қасына Алтын көзілдірік пен қараша əйелді алып, картаға отырды.
—Ау, қонақ жігіттің қолын көрмейміз бе,— деді қараша əйел қолындағы
сигаретінің күлі мен көзіне түсе берген дудар шашын бірдей сілкіп қойып.
—Мен білетін Сəрсенов геологиялық карта мен саяси картадан басқа карта


білмейді. Қарға тап десең, қолына мылтығын алып, сыртқа жүгіреді,— деді
Ержанов.
Алтын көзілдірік пен қараша əйел тістерін ақситып үнсіз күліп қойды. 
— Ендеше біз Орекең екеуміз жағдай сұраса отырайық,— деді Əлекең оны
диванға қарай жетелеп.
Əлекең жұмсақ диванға шалқалай құлап, Сəрсеновтың жағдайын
сұрастыра бастады. Сəрсенов сəл дағдарып қалды да, артынша қысқалау
қайырып келген шаруасын айтты.
—Дұрыс, дұрыс... Бұл ойыңызды бұрын-соңды біреуге айтып па едіңіз...
—Өткен жылы Ахметов жолдас біздің облысқа келгенде өзі айтып еді...
—Мында келген соң соқтыңыз ба оған. Сəрсенов мана күндіз Ахметовтың
қабылдауында болғанын баяндады. Əлекеңнің не оны, не Ахметовты
мүсіркеп отырғаны белгісіз, езуіне бір күмілжі күлкі оралды. Сосын ол
бұдан болашақ жұмысының ұзын-ырғасын сұрастыра бастады. Сəрсенов
əлі қағазға түспесе де, көптен көңілінде жүрген пайымдауларын барынша
тұжырымды баяндай жөнелді. Əлекең əлсін-əлсін басын изеп қояды.
Сəрсенов одан сайын бажайлай түседі. Тіпті қазір кейбір лауазымды
мамандардың айтып жүрген қорытындыларына келісе алмайтын жерлерін
де ақтарып салды. Əлекең мүлгіп қалған. Тізесін құшақтап ап үнсіз тыңдап
отыр.
Сəрсенов əңгімесін əрі қарай жалғай түсті.
—Қап, баяғыдан-ақ осылай істеуің керек еді ғой,— деді кенет Əлекең.
—Меніңше, əлі де кеш емес сияқты,— деді Сəрсенов Əлекеңнің бетіне
қарап. Əлекеңнің назары карта ойнап отырғандарда. Сəрсеновтың мына
сөзін ести сала, жүзін енді оған бұрды.
—Жоқ, сіз дұрыс айтасыз.
Сəрсенов мүдіріп қалды. Əлекең сəл күлімсіреген қалпы орнынан
көтерілді. 


— Сіздің жұмысыңыздан менің аңғаруымша іс шығаруға болатын сияқты. 
Қалтасынан сигарет алып, есікке беттеді. Сəрсенов оған ере
тұрудың, əлде осылай отыра берудің ретін таба алмай, кітап шкафының
үстінде тұрған альбомды ұстап, диванға қайта жайғасты. Алғашқы бетті
ашып қалып еді — басына ақ бантик байлаған дөңгелек жүзді кішкене қыз
тесірейе қарады. Екінші бетте сол дөңгелек жүз кішкене қыз күлімсіреп
тұр. Əр бет аударылып түскен сайын дөңгелек жүз қыз бойжете берді.
Мына бір суретте бір топ баланың ортасында тұр. Кластастары болса
керек. Содан былай дөңгелек жүз қыз көзі жайнаңдаған сұлу бикешке
айналды. Енді оның бір өзі түскен суреттен гөрі біреулермен түскен суреті
көбейіп барады. Мына бір алтын көзілдірікті əйел — шешесіне
келіңкірейді. Аққұба, қыр мұрынды. Шамасы, мына карта ойнап отырған
алтын көзілдірік осы апайдың інісі сияқты. Ойлағанындай келесі беттегі
суретте бойжеткен əлгі алтын көзілдірікті апай мен алтын көзілдірікті
жігіттің ортасында тұр. Ендігі суреттердің көпшілігінде — бойжеткеннің
қасында бір өңкей, өзі қатар жігіттер көбейе түсті. Шалқасынан қайырған,
бір шекесіне қайырған, жылмитып тараған жылтыр шаштылар, уда-дуда
бұйра шаштылар бірте-бірте делиме қалпақтыларға, құндыз бөрік, елтірі
бөріктілерге алмасты. Дөңгелек жүзді бойжеткен біресе шаңғы теуіп жүрсе,
біресе гүл жарған алма ағаш бұтақтарының арасынан сығалап тұрады.
Суреттен суретке көшкен сайын қасындағы жігіттер өзгеріп кетеді. Міне,
бір жерден сып етіп Ержанов та шыға келді. Кең маңдай, дөң мұрын, қара
мұрт, қалқан құлақ қара жігіттің көзінде бір ішіңдегіні ішпей-жемей біліп
тұрған қуақы ұшқын ойнайды. Иығына басын сүйеп үзіле қалған дөңгелек
жүзді бойжеткеннің иə сөзінен, иə мінезінен ерсі бірдеңе аңғарып
қалғандай міней күлімсірейді. Осы бір сынай қарайтын сырбаз адамдарға
тəн жымысқы күлкі оның жүзінен көпке дейін арылмапты. Сөйтіп
жүргенде дөңгелек жүзді бойжеткен өне бойы жұп-жұмыр сұлу келіншекке
айналыпты. Сұлу келіншектің күлкісі баяғы дөңгелек жүзді бойжеткеннің
күлкісінен гөрі өзгерек. Оның шарасы мол нəркес көзінде лып еткен
қуаныш ұшқынының орнын төңірегіне сынай қарайтын сырбаз нұр
жайлапты. Бірте-бірте əлгі қалқан құлақ жігіттің көзіндегі қуақы жылт
келіншектің көзіне көшіп қонғандай. Ал, бір кездегі қалақтай қараша
жігіттің бет сүйегіндегі барша ояң етке толып, қалқан құлағы кішірейіп
кеткен. Жылдан-жылға көшкен құмақтай жайыла түскен ержігіттің көзін де
бірте-бірте көме түсіпті. Сол біржолата көміліп қалуға айналған сығырық
көздерден бір кездегі міней қарайтын жымысқы күлкі мүлдем жоғалыпты.
Оның орнын əуелі мəз-мейрам күлкі иемденіпті, енді о да өшіп,


төңірегімен де, кең дүниемен де шаруасы жоқ бір марғау күлкі орнығыпты. 
Сəрсенов басын көтеріп Ержанов жаққа көз қиығын тастап еді, шарадай
беті манаурай балбырап, қолындағы карта қағаздарына салынған суреттерді
қызықтап отырғандай, шалқақ креслода шалжиып жатыр.
Оның бет əлпетіндегі осы бір өзгерісті аңғарып қойғандай қасындағы
дөңгелек жүзді ақ борық келіншек жымиып күліп тұр.
Суреттегі сұлу келіншек былайғы дүниемен шаруасы жоқ, қасындағы
өз-өзінен қомпия қалған далаңбай еркекті іштей табалап тұрғандай.
Сəрсенов келесі бетті ашты. Енді бұл альбомға іліккен адамдардың аяқ-
қолы ауырлай түскендей. Алдыңғы жақтағы ақсия күлетін жас жігіттер мен
қыз-келіншектердің орнын салихалы ағайлар мен жеңгейлер иемденіпті.
Олардың кейбіреуі бір-ақ көрініп, ілезде жоғалып жатса, кейбіреулері
қайта-қайта ұшырасып, біржола орын теуіпті. Солардың бірі — жаңағы
Əлекең екен. Əуелі — Əлекеңнің үйі болса керек, бір суретте өңшең бір
инабатты адамдар самсай қалыпты. Солардың ту сыртында, артқы қатарда
өздерінен гөрі жасырақ жігіт-желең арасында, Ержанов пен ақ борық
келіншек жылтыңдайды. Біразға дейін олар сол артқы қатардың арасында
жүріпті. Ендігі суреттерде əлгі ығы-жығы адам бірте-бірте азая бастапты.
Адам азайған сайын бұлар алдыңғы қатарға жылжи бастапты. Ең алдыңғы
қатарға ең алдымен ақ борық келіншек ілігіпті. Ол əуелі Əлекеңнің оң
жағындағы Жəмила ханымның оң қапталын именшектей иемденіпті де, көп
ұзамай Əлекеңнің сол қапталынан бір-ақ шығыпты. Ал, Ержанов болса
ылғи екінші қатарда ақсия күліп тұратын Алтын көзілдіріктің қасынан
біржола орын тепкен түрі бар. Мына бір суретке тек бесеуі ғана түсіпті.
Шамасы, аң аулай барса керек, үстерінде сыптима ыңғайлы киім. Жақпар
тастан атқылай құлаған тау бұлағына таласа ұмтылған Жəмила ханым,
Əлекең, ақ борық келіншекке анадайда Алтын көзілдірік пен Ержанов мəз
боп тұр. Бəрі бір нəрсеге күліп тұрғанмен бесеуінің күлкісі бес ыңғай.
Алтын көзілдірік қашан көрсең де ақшыл тістерін ақситып аузын ашып
тұрғаны. Əлекең мен ақ борық келіншектің жүздеріне бір жылт-жылт еткен
ойнақы ұшқын ұялапты. Ал, еркек жал қараша əйел Жəмила ханым мен кең
маңдай, дөң мұрын, қара мұрт Ержанов мынау мəз-мейрам дархан
тіршіліктің буына елтігендей бейқам күлімдейді. Жиегіне алтын шайған
əдемі альбом осы араға кеп таусылды. 


Карташылардың сол баяғы орталарындағы алақандай ақ қағаздың
бетінде бірте-бірте молая түскен қоянның жымындай быжынаған цифрға
үңілген қалыптары.
Сəрсеновтың тамағы құрғап кетті. Су ішейін деп, қонақжайға беттей
берді де, ішінде ешкім жоқ болғасын, жалғыз өзі дастарқан төңірегінде
түртіншектеп жүруге ыңғайсызданып, кухняға бұрылды. 
Бас сұғып қалып еді, шамын күңгірт жаққан тар бөлменің ішінде
дөңкиіп қарауытып тұрған əлдене бір қапталға қарай ыршып кеткендей
болды, аржағынан бірдеңе бозараңдады. Ақ борық келіншек сусып түсіп
кеткен самай шашын түзей бастады. 
Сəрсенов есікті тықырсыз жауып, кабинетке ұмтылды.
Көп ұзамай Əлекеңнің өзі көрінді. Қаракүреңітіп алған екен. Сəрсенов
жаққа жүзін бұрмай, карташылардың қасына барды. Қараша əйелдің
қағаздарына үңіліп үнсіз тұр. 
Біраздан соң ақ борық келіншек бас сұғып, жұртты дастарқанға
шақырды. 
Бұл жолы манағыдай əңгіме-дүкен болған жоқ. Тамада да қайта-қайта
тұра бермей, отырып басқарды. Оның қабағына ойда жоқта жүгірген тосын
кірбіңді ең алдымен Ержанов байқаса керек. Алдыңғы отырыста
тапжылмап еді, бұл жолы Əлекеңнің қасына қайта-қайта барғыштай берді.
Тосты да Əлекеңнің денсаулығына деп көтерді. Ал, ақ борықтай Алма
келіншек Сəрсенов жаққа көз салмауға тырысып, Жəмила ханымның
құрметіне тост алды. 
Зайыбының қабағына кірбің кіріп, жұрт елпегі көбейген сайын қараша
əйел маңғаздана түсті. Тек Алтын көзілдірік қана сол баяғы ақсия
күлімсіреген қалпы.
Үй иесі келіншек бар өнерін салып əзірлеген тəтті шай алас-қапас
ішілді. Əлекең қайта-қайта орнынан тұрып, кабинетке барып, біреулерге
телефон соқты. 
Кей-кейде даусы қатты шығып кетеді.


— Жə, болды енді!
Сəрсенов Əлекеңнің əлгі бір даусын бұрын да бір жерде естіген сияқты.
Бірақ есіне анық түсіре алмады. 
Ержановтардың есігінен түтеп шыққан Əлекең əр саты төмендеген
сайын сабасына түсіп, аяғын нығыздай басты. Ол нығыздана түскен сайын
Ержанов байғұстың етжеңді денесі ұршықтай үйіріліп, аяқ-қолы жеңілейіп
сала берді. Біресе алға түсіп, біресе артқа қалып құрақ ұшып жүр. Бұлар
сыртқа шыға бергенде, подъезд аузында темекі тартып тұрған бес-алты
жігіт ұшырасты. Бұларды көріп жым бола қалды. Манағы даулдасып
жатқан астыңғы үйдің қонақтары болса керек, ығысып жол берді. Бұлар
өтіп кеткен соң біреуі: 
— Мынау Дəулетов қой!— деді.
Сол-ақ екен, Ержанов алда кетіп бара жатқан Əлекеңді қуып жетіп
қатарласты. Ауладан шыққанша маңғазданып қатар бара жатты да,
бұрыштан айналған соң, қайтадан мəймеңдеп алға түсті. Көшеде күтіп
тұрған сала құлаш қара машинаның артқы есігін ашып, Жəмила ханым мен
Əлекеңді жайғастырды.
— Ал, Мəке, көп-көп рахмет!— деді ерлі-зайыпты Дəулетовтер жарыса
сөйлеп. 
Есікті жаба беріп Əлекең:
— Қонақ жігіт, сіз де сау тұрыңыз. Кеткенше хабарласарсыз, ақылдасып
көрейік,— деді Сəрсеновке.
Алтын көзілдірік ақсия күлген қалпы бұл екеуінің қолын қайта-қайта
қысып, шофердің қасына барып отырды.
— Ал, хош... Кеттік! — деді Əлекең шоферге нығыздай бұйырып. 
Сəрсенов енді аңғарды — күндіз Ахметовтың кеңсесінде трубкадан
естіген даусы Дəулетовтың даусына қатты ұқсайды екен. 
Қара машина сырғанай жөнелді. Қаудырлақ сарғыш жапырақ
қалбалақтай ұшып жатқан құж-құж терек түбінде курстас екі дос ол көзден


ұзағанша үнсіз тұрып қалды. Машина барып-барып бір жақ қызыл шамын
жарқ еткізіп көше айналып кетті. 
Ержанов енді бұған қарады. 
— Əлгі Əлекеңе абайсыз бірдеңе айтып қойған жоқсың ба, қабағы бірден
түсіп кетті ғой,— деді.
—Жоқ, аузымнан ондай ештеңе шықпаған сияқты.
—Ендеше жолым болды дей бер. Дəулетовтың «көрермізі» басқалардың
«боладысынан» артық. Əлгі академияның сайлауы жүйкесіне тиіп жүрген
шығар. Əйтпесе, бұрын бұндайы жоқ еді,— деп Ержанов өз сөзіне өзі
иланбай тұрғандай кібіртіктей сөйледі.— Өте бір керек адам. Мұндай
кісілердің жүзін тани жүргеннен көретін зияның жоқ.
Сосын ырсиып мұның бетіне бір қарап қойды. Сəрсеновке ол баяғы қалқан
құлақ студент кезіндегідей боп көрініп кетті. Жоқ-жітіктеу өсіп, əскерден
қайтқан бетінде оқуға түскен арық қара жігіт театрға бір киіп баруға бет-
жүздік киіміңді сұрай келгенде дəл осылай елпілдей қалушы еді. Вахтердан
бастап ректорға дейінгі жұрттың бəріне де оңқай асықтай үйіріліп тұратын
Ержановты күллі институт жақсы көретін. Ылғи старосталыққа сол
сайланатын. Ол курстастарының ешқайсысын стипендиясыз, жатақханасыз
қалдырмауға жан салып бағушы еді. 
Дəл сол баяғысындай үйірсек, дəл сол баяғысындай қайырымды
Ержановты енді, міне, Сəрсенов бүгін, неге екені белгісіз бір түрлі аяп
келеді. 
Сəл лүп еткен желден сар жапырақ саулап түсіп жатыр. Ержанов аузын
əр ашқан сайын досының бетіне бір қарап қояды. Екеуі аулаға кірді.
Подъезд аузындағы темекіші жігіттер əлі тұр екен, бұларды көріп, қайтадан
жым болысты. Əлгінде ғана құрақ ұшып келе жатқан Ержанов кенет аяғына
қорғасын байлап қойғандай, салмақты бола қалды. Темекіші жігіттерге
тұстарынан өтіп бара жатып, көзінің қиығын ғана тастап, паңдана қарап
қойды. Бұлар подъезге кіріп кеткен бойда, сыртта қалғандар пыш-пыштай
бастады. 
Екінші қабатқа көтерілгенде барып, Ержановтың жүзіне қайтадан
жайдары күлкі жүгірді. Артта келе жатқан Сəрсенов оған əуелі аң-таң


болды. Сосын оның жүзіне де манағы бір суреттегі ақ борық келіншектің
езуіндегі мүсіркегені де, əжуалағаны да түсініксіз жымысқы күлкі жүгірді.
«Қазір портфелімді алып мейманханаға қайтайын, ертең сағат үште
Ахметовке баруым керек қой»,— деп ойлады ол, аяқ астынан жарқылдай
қалған досының мəз-мейрам жүзіне тіктеле қарап. 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет