Ақын өмірі мен шығармашылығы лайықты тарихи бағасын алды, Орал қаласында ақын ескерткіші тұр, жерлестерінің, халықтың ақынға деген махаббаты мен сүйіспеншілігінің белгісі



Дата01.04.2023
өлшемі19,9 Kb.
#78253
түріПоэма

Жұбан Молдағалиев - ХХ ғасырдың екінші жартсындағы қазақ совет әдебиетінің, қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі, қазақ әдебиетінің дамуына қомақты үлесін қосқан әдебиет ісінің ұйымдастырушысы, мемлекеттік қайраткер. Биыл ақынның туғанына - 100 жыл.
Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы сарқылмайтын өміршең туынды, Жұбан Молдағалиевтің сөзіне және Ілия Жақановтың әніне жазылған, бүгінде дарынды дәстүрлі әнші Айгүл Қосанованың орындауындағы "Еділ мен Жайық" әні халықтың сүйікті әніне айналды, әсем ән сазының астарында ақынның туған еліне, жеріне шексіз махаббаты сезіледі. Ақынның азаматтық ұстанымдары публицистикалық сипатта келіп, адамға қажет ой толғаныстарға, қасиет құндылықтарға толы.
Ақын өмірі мен шығармашылығы лайықты тарихи бағасын алды, Орал қаласында ақын ескерткіші тұр, жерлестерінің, халықтың ақынға деген махаббаты мен сүйіспеншілігінің белгісі.

Жұбан Молдағалиев 1970 жылы жазған «Өзім туралы, өлең туралы» өмірбаяндық беташарында: «Жыланды – менің ата-бабамның қонысы, өзімнің кіндік қаным тамған жер. Осы жерде дүниеге келгенмен, балалық шағым Сайқұдық елді мекенінде өтті. Ата-бабамыз су тапшылығы болғандықтан, мына жыландай иретіліп жатқан сайды қолдарымен қазып тереңдетіп, алты шақырым жерге арна қазып, Өлеңті өзені тасығанда су құйып алып, су қайтқанда сағаны бөгеп, жаз бойы келесі жылға дейін сол нәрді пайдаланады екен. Небір қиыншылық заманды бастан өткеріп, осы жерді мекендепті.

Менің 5- 6 жасымда шешем «ликбезге» қатысып, сауатын ашты. Анамның жанынан қалмай жүріп, жәдитше хат танып кеттім. Алғаш қолыма ұстағаным – «Әйел теңдігі» журналы болды. Ал ресми мектеп есігін тек 1930 жылы ғана аштым. Ол Қызылжар шаруа жастар мектебі деп аталатын. Өлең шығаруға да ерте талпындым. Мектеп қабырға газеттерінде 13-14 жасында көріне бастадым. Газет бетінде жоғарыда айттым, 1939 жылдан бері жазып жүрмін» -деп баяндайды.

Жұбан Молдағалиев ғасыр қасыретін: ашаршылық, жоқшылық пен жетімдік көрген, дүниежүзілік сұрапыл соғысты басынан кешірген майдангер – қаламгер, советтік тоталитарлық жүйенің езгісінде өмір сүріп адамшылық қасиетін, кісілік тұлғасын сақтап қалған азамат ақын, оның бұл қасиеттері өлеңдеріндегі ой толғаныстары мен көзғарастарында, өмірлік ұстанымдарында айқын, ақын өмір тауқыметін тартқанын көресің:

«Көрінген сонау жердің қиығы екен,
Жалғыздық, әкесіздік қиын екен...!»
Жасырдым бұл сырымды анамнан да,
Кеудеме өлең нұрын құйып өткен - деген ақын Жұбан Молдағалиев өмірін әдебиет өнеріне, поэзияға арнады.

Поэзия ұлттық әдебиетімізде көшбасшы жанр, сонау ауыз әдебиетінен, Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Бұқар жыраулардан,


зарлы Дулат, Шортанбай, Мұрат, Нарманбеттерден, асыл дана Абай мен дана ойшыл Шәкәрімнен бері қазақ поэзиясының басты дәстүрі саналатын, ар –ұяты, ожданы десе де болатын - елді, туған жерді, қазақты, халық тарихы мен оның өмірін, тағдырын жырлау болып табылады.
Жұбан Молдағалиевте елін, жерін, қазақты жырлап өткен жырау ақын: «Мен қазақпын», «Жесір тағдыры», «Кісен ашқан», «Қиял қанаты» «Жыр туралы жыр», «Қыран дала», «Сел», «Байқоңыр баспалдақтары» және тағы басқа поэмалары ақынның эпикалық – поэтикалық деңгейінің, философиялық тереңдігінің көрінісі.

Жұбан Молдағалиев: «Нағыз ақынды, тірі ақынды бетпе бет көргенім де сол жылы (1939 жыл). Мен онда Оралдың ауылшаруашылық техникумы студенті едім. Орал мен Гурьев жас әдебиетшілерінің біріккен слетін өткізуге Алматыдан Қасым Аманжолов келді. Сол сәтте Гурьевтен келген Хамит Ерғалиев пен Жәрдем Тілековті де көрдім. Бұлар мендей емес, сол кездің өзінде қабырғасы қатып бұғанасы бекіп қалған дарындар еді. Тұңғыш рет мінбеге шығып оқыған «Кел жолдастар, жырлайық» деген өлеңім солардың өр дауыстарының екпіні астында қалып қойған сияқты болды» - еске алады.


Жұбан Молдағалиев іштей де, сыртынан да Қасым поэзиясы үлгі дәстүріндегі ақын, Қасым ізбасары, айналасына от жалын, жарқын шашқан Қасым поэзиясы ықпалының болмауы мүмкін емес, өйткені Жұбанның ақындық шығармашылығындағы «Өзім туралы, Өлең туралы» өмірлік толғаныстары немесе «Анкетама қосымша» өлеңі, Жұбан ақынның солдат өлеңдері, табиғат пен сағыныш туралы толғаныстары Қасым ақынмен үндес, өмір түсініктері мен толғаныстары, шындықтары, олардың баяндалуы да ұқсас, екеуі де зұлмат ғасырдың түлектері, үндес, ұқсас болмауы мүмкін емес, мысалы, өлең туралы Жұбан ақын ойы да аумайды:
Бір шумақтың ұйқасын мың құраймын,
Тұрғызам деп бір жырды мың құлаймын.
Ақын сорлы болса егер, мен сорлымын,
Ақын құдай болса, тек мен құдаймын.
Жұбан Молдағалиевтің өлең туралы түсінігі де ұқсас, «Салт пен мода» өлеңінде Жұбан: «Поэзия ол - асыл ойдың биігі, Жан -жүректің қуанышы, күйігі», - деп өзіне анықтайды.

Академик Зейнолла Қабдолов кезінде: «Жұбан өлеңдерінің идеялық дәрежесі, көркемдік деңгейі әуелден жоғары» деп бағалағаны белгілі, ақынның идеялық мұраты ізденістерге итермелесе керек: ол азаматтық, табиғат, көңіл күй, махаббат лирикаларында кезінде молынан көрінді, олар халықтың талғамына құйылды, танымал өлең жолдарға айналды:

Өмірде ащы қандай, тәтті қандай –
Кім қалай біледі өзі татып алмай?
Адамды тіріде тек бағалайық,
Ардақтап апалайық, ағалайық
Бас дейік, батыр дейік, биік дейік
Жоқ болса ожданына татар айып.

Ашыққанға нан арман,


Адасқанға таң арман,
Ауырғанға жан арман,
Арман, арман, сан арман,

Мен қазақ әйеліне қайран қалам,


Жайнаған, жалындаған, жайраңдаған.
«Қатынның шашы ұзын, ақылы қысқа»
Дегенді айттың екен қайдан, бабам?

Қыз сыры - ішінде,


Естілмес өзінен,
Қыз сыры –ішінде
Көре біл көзінен,
Сазынан,
Назынан.
Армысың –ау, армысың,
Айналайын жеңешем?
Бармысың ау, бармысың,
Айналайын жеңешем?
Жарқ еттің –ау біріндей
Қос ырғайдың, жеңешем!
Құшақ жая жүгірмей,
Тосырқайсың неге сен?-
Теңіздей тебіреніп тыншымайсың,
Қумасаң - көлеңкесіз күнсің, айсың,
Қамықсаң - қамаудағы қара күшік,
Кеудеңді тырналайсың, қыңсылайсың, -

Жұбан Молдағалиев 1941 жылы 22 маусымда таңғы төртте советтер елінің батыс шекарасында 28 танк дивизиясының 28 гаубицалық артилерия полкінің батарея комисарының орынбасары қызметінде соғыспен бетпе бет жүздесті, содан әскерден 1947 жылы ғана босайды, зеңбірекші, артиллерия батареясының комиссары, 2 –інші Беларус майданында қазақ тілінде шыққан «Майдан шындығы» газетінің тілшісі. Майдан жылдары белгілі орыс ақын - жазушылары: Александр Исбах, Михаил Матусовский, Борис Бялик және майдандық редакцияларды басқарған: Сергей Михалков, Михаил Светлов, Степан Щипачевтермен, бертін келе ақын Римма Казакова, башқұрт ақыны Мұстай Кәрім, атақты Расұл Ғамзатовпен танысады, олардың ортасында көп жылдарға созылған қарым –қатынастар орнайды.

Соғыстан кейінгі жылдары Жұбан Молдағалиевтің қаламгер ретіндегі әдеби ұйымдастырушылық қабылеті кеңінен ашылады: 1948-1952 жылдары «Лениншіл жас» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, бас редактордың орынбасары, 1952 -1954 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының кеңесшісі, 1957-1963 жылдары – «Жұлдыз» журналының бас редакторы, 1963- 1971 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ал 1973 жылдан -1984 жылға дейін Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы қазметтерін, осы кезде (1973 -1984 ж.ж ) СССР Жазушылар одағының хатшысы қызметін де қоса атқарады.

ХХ ғасырдың екінші жартсындағы 60 жылдардан бергі 90 жылдарға дейінгі қазақ әдебиеті, жалпы қазақ рухани - мәдени тарихындағы «алтын ғасыр» еді, «тірі классиктер» мен «ұлы ақындар» заманы еді. Әдебиеттің барлық жанрлары: оның ұлттық поэзиясы, прозасы, драматургиясы, әдеби көркем сыны мен аударма өнері, әдебиеттану ғылымы кәсіби деңгейге жеткен, әдебиеттің көркемдік және сөз шеберлігі биік шыңға көтерілген уақыт еді. Бірінен соң бірі тарихи деректерге толы кең ауқымды тарихи романдар, адам жаны мен тағдырына, адамшылыққа сюжеті құрылған повестер мен поэмалар, ақындық ерекше стилдермен, көркем шынайылықпен, әсем ырғақ, ұшқыр теңеулермен жазылған сансыз лирикалық өлеңдер туды, әлем әдебиеті классикалық туындылары молынан аударылды, қазақ әдебиеті де әлемнің отызға жуық тілдеріне тәржімаланып, қазақ әдеби сыны мен әдебиеттану ғылымы да кәсіби дәрежеге көтерілген жылдар еді. Жұбан Молдағалиевте бұл жылдары бұрқыраған әдеби ортада әдеби майдан жауынгеріндей шығармаларымен үлес қосты, әдеби процестерге басшылық етті, жазушы әріптестеріне қол ұшын созып, қорғап, сақтап жүрді.

Ақын Қайрат Жұмағалиев «Үш ерлік» мақаласында: «Бір қарағанда Жұбағаң сұсты, салқын адам сияқты көрінетіні рас. Алайда сөйлесе келе, сырласа келе оның жаны жарқырап, ашыла түсетін. Және достыққа адал, берік адам еді. Әлі есімде, сол кезде Жоғарғы Кеңестегі жұмысынан босап қалған, қазақ детективінің атасы Кемел Тоқаевты, сондай-ақ көрнекті прозаик Бердібек Соқпақбаевты Жазушылар одағына қызметке тартып, қамқорлық жасаған ақын ағаның асыл қасиеті деп білемін» деп жазады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Баққожа Мұқай былай еске алады: «Жұбақаң сырт қарағанда өте қатал адам болып көрінеді. Бірақ, жаны жұмсақ. қиналған адамдарға қамқорлық жасауға дайын тұратын еді. Кейде біреуге жасаған жақсылығы өзіне таяқ болып тиіп жататын.

Біздің міндетіміз - жазушыларға қамқорлық жасау. Үйді жазушылардың балаларына берсек, бұл - олардың әкелерінің жағдайын ойлағанымыз. Арыз жазылар, сыртымыздан кінәлар, сөгер. Уақыт біздің ісіміздің әділдігін сан рет дәлелдейді, - деді бір жиында ол кісі.

Жұбан Молдағалиев маған әрқашан аса үлкен мәселелермен айналысып жүргендей болып көрінетін. Шынында да, солай еді. Ол ірілігін, үлкен тұлға екендігін жер басып жүрген жылдарында сан мәрте дәлелдеді. Соның бірі - 1986 жылдың 31 желтоқсанында Жазушылар одағында болған жиында жасаған ерлігі. Қазақстанның жаңа басшысы Г.Колбин сол күні бүкіл нөкерлерін ертіп, Жазушылар одағына келген. Сол жолы «мың өліп, мың тірілген» ұлтының намысын жыртып, ешкім айта алмаған сөзді Жұбан Молдағалиев айтты. Ол сондай еді. Сондай болып туған тұлға еді».


Қадыр Мырза Әлі: «Колбиннің алдында қыршынынан қиылғандарды қорғап сөз айтқан бір ғана ақын болды. Ол – Жұбан Молдағалиев. Ол Жазушылар одағында өткен жиналыста Колбиннің алдында өз ойын ашық айтты. Осының бәрін немен тынарын сезіп тұрып, біліп тұрып, солай істеді. Батыр болуға тиісті азамат еді. Батырлық істеді. Жылдар бойы жүрегін қысып келген запыранын құсып тынды. Ондай батылдықтан кейін оның тірі жүруі ақылға сыймас еді» - деп, сүйіспеншілікпен өзінің кітабында жазады.

1985 жылдың көкек айында Михаил Горбачев бастаған қайта құру, жариялылық, бетбұрыс Жұбан ақынның өмірлік сенімін, көзғарастары мен түсініктерін түбегейлі шайқалтып жібереді, «Біз - совет ақындарымыз, біз буржуазиялық идеологияға қарсы бітіспес күрес майданындағы ақындармыз» деп ақынның өзі зор дауыспен, зор мақтанышпен айтып келген социализм идеяларының көкке ұшқанын, социалистік қоғамның тұйыққа тірелгенін түсінеді. Жұбан Молдағалиев «Ерікті тақырыптарға толғаныс» деген соңғы мақаласында: «Біз жұмсаған күш –жігердің, ынта ықыластың бәрі бірдей салтанат, бәрі бірдей самғау бола берген жоқ. Ірі – ірі сәтсіздіктерге ұшырадық, қателіктерге ұрындық. Айтайын дегеніңді айта алмай, көлеңкеңнен үркіп, қателесуден қорыққан жерде – демократия да жоқ. Кешегі күндердің қатал сабақтары осыны сипаттайды» деп жазды. Жетпіс жыл салтанат құрып, әлемде ұлы империяға айналып үлгерген Советтер одағы күйреп, қазақ елінің мемлекеттік тәуелсіздігін көру Жұбан ақынның тағдырына жазылмады, ақын 1988 жылғы 6 қазанда Алматы қаласы ауруханасында қайтыс болады.

1990 жылдың қыркүйегінде Өлеңті ауылында Жұбан Молдағалиевтің 70 жасқа толу мерейлі мерекесінде Жұбанның ауылдасы, өмірлік досы, белгігі ақын Сағынғали Сейітов:
Кешір мені, кешіре гөр Жыланды,
Мен қаншама болсам-дағы шыдамды.
Топырағыңа тиген шақта табаным,
Көзім мөлт-мөлт, моншақ шықпен шыланды.
Шыланбады, ағыл-тегіл бұланды,
Серпе алмадым жанарымнан тұманды.
Кешір мені, келе алмадым ертіп мен.
Дара дарын, дана ұлың Жұбанды.- деген жан тебірентер жолдарды оқығанда өлеңтіліктер, келген қонақтар толқып, көздеріне жас алды.

Жұбан ақын туралы жақсы көп айтылды, әлі де айтылады, оның нар тұлғасы, қазақы кеңдігі, адамшылығы мен кісілік келбеті және адал, асыл қасиеттері туралы ғылыми зерттеулерде, оның өмірі мен өлеңдері туралы еңбектерде талай әлі жазылады, біреулер күйе жағам десе де адалға қара жұқпайды, ол маңызды да емес. Маңыздысы Жұбан ақын қазір биіктен ескертіп, қуатты жалын шашып:


Мен — казақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске –
Айта бергім келеді, айта бергім..... деп шыңда тұрғандай көрінеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет