«Қайдан келдік? Кімбіз? Қайда барамыз?» әйгілі француз суретшісі Поль Гогеннің Бостон қаласындағы Нәзік өнер мұра­жайынан орын алған ерекше әрі құнды картинасы



Дата22.10.2023
өлшемі23,46 Kb.
#120554
Байланысты:
ЭССЕ


«Қайдан келдік? Кімбіз? Қайда барамыз?» – әйгілі француз суретшісі Поль Гогеннің Бостон қаласындағы Нәзік өнер мұра­жайынан орын алған ерекше әрі құнды картинасы. Постим­прессионизмнің ірі өкілдерінің бірінен саналатын оның бұл туын­дысы символдарға толы. Көлемді кенепке салынған суретте бұтақ­тары арбиған жалаңаш ағаштар артқы кеңістіктен қарауыта ер­биеді. Ағып жатқан су. Көрші арал­­дағы күлгін түсті тау. Көгілдір аспан. Қиял-ғажайып әлеміндей болып көрінетін жабайы һәм сұлу табиғат аясындағы адамдар. Жа­нуарлар. Мүсіндер… Сұңғыла кө­рермен үшін бұлардың әрқай­сысы терең философиялық ойға ие. Картинаның нендей сыр бүккенін қапысыз ұққыңыз келсе, қыл­қалам шеберінің өзі айтып кеткен­дей, оны «солдан оңға қарай дұрыс «оқуыңыз» керек.
Ығы-жығы бейнелерден көз сүрінетін полотноның әр жерінен баяу аққан су көрінеді. Қай тұстан басталып, қай тұста тоқтағанын білуіңіз қиын. Бейнебір, адам баласының қайдан келіп, қайда баратынынан бейхабарлығы сынды. Кей өнертанушылар: «Су (бұлақ) – тіршіліктің құпия бастауы» – деген де пікір айтады.
Картинаның бірінші бөлігінде бәрінен хабарсыз, тәтті ұйқы құ­ша­ғындағы сәби бейнеленген. Француз импрессионистері оны бұл дүниеге әлі келмеген адам жа­нының белгісі санайды. Зерттеуші Марина Проко­фьеваның ай­туынша: «Гоген мистик болатын. Ол теософиямен шұғылданған. «Адам жаны материалдық әлемге келгенге дейін көкте бейкүнә, рақат күйде болады деп есептеген».
Сәбидің жанында үш жас әйел табиғат сыйынан дәм татып отыр. Олар өмір мәні жайында әлі де ой­лана қоймаған. Шәкәрімше жыр­ласақ, нағыз «…қайғысыз, қам­сыз күндерім, сайран-сауықты рақат түндерім». Кей өнертану­шылар: «Бұл – адам жанының тәнге енгеннен кейінгі алғашқы кезеңінің көрінісі», – дейді.
Сәл арырақ, адамдарды сырт­тай бақылап қап-қара ит жатыр. Гоген бұл орайда адам баласына бейқам болмауды, кез келген жер­де, кез келген сәтте қауіп-қатер күтіп тұрғанын ескерте­тіндей.
Туындының дәл ортасынан орын алған, қолын жоғары көтер­ген ер адам ағаштан әлдебір қызыл жемісті, мейірімділік пен зұлым­дық жемісін үзіп алмақшы. Бұл – адам санасының кенеттен «қалың ұйқыдан» оянуының белгісі. Ол жаратылыс сырын білуге ұмтыла бастайды. Суретшінің өзі теософ ретінде: «Жаратылыс сырын білу­ге деген қызығушылық адам бала­сы­ның бойында о бастан бар. Ол бі­реу­лерде дүр сілкініп оянады, енді біреулерде мүлгіген қалпында қа­лады» – деп жазған.
Дүние жаралғалы бері барша саналы адам баласын толғантып келе жатқан «Қайдан келдік? Кім­біз? Қайда барамыз?» сынды мәң­гілік сұрақтар – жауабы та­был­маған һәм табылмайтын сұ­рақ­тар. Немесе Шәкәрімнің білім­діге бес сауалы­ның алғашқы үше­уі­не сү­йене айқындасақ, «Алла­ның адам­ды жаратқандағы мақсұды не? Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін? Адам­ға өлген соң, мейлі, не жөн­мен болсын рақат-бейнет (сауап-азап) бар ма?». Адам жара­ты­лыс құпия­сының тұңғиығына сүң­гіген сайын тереңдей беретінін, түбіне жеткізбес түпсіз екенін, өзін ынтықтырған әлемнің есігі өзі үшін о бастан жабық екенін біл­генде, ешқайда қашып құтыла ал­мас, еш өзгерте алмас және ақыл-ойынан шығарып тастай ал­мас мәңгілік ақиқатты бар сана-сезімімен түйсінгенде, әлі талай мазасын алатын шерге ба­тады. Гоген осынау күйді теріс қарап тұр­ған қапалы адам бейнесі арқы­лы берген.
Келіп қайдан, барам қайда,
Не қылғаным болар пайда?
Қаламын ба мола боп сайда? –
Деген ой тырнаған көңіл!
(Шә­кәрім).

Ал қызыл киім киген екі адам – адам жанының дамуының екін­ші кезеңінің хабаршысы. Ол то­лысқан, байсалданған. Оны сурет­тегі екі адамның – екі ғұламаның бір-бірімен пікірлесу арқылы, жүрек тіліне һәм ақыл сөзіне сү­йене отырып, түйткілді сұрақтар­дың түйінін бірге шешпек әре­кеттерінен байқаймыз.


Жаратылыс мәнін филосо­фия­лық көзқарас тұрғысынан та­нудың үшінші кезеңіне аяқ бас­қан, өлім сағаты жақындаған адам баласы «Қайда барамыз?» деген сұ­рақты жиірек есіне ала бастайды. Соған сәйкес, картинаның үшінші бөлігінде, яғни, оң жағында бір­неше символдық бейне салынған. Олар – екі қолын жоғары көтеріп тұрған Киелі мүсін, құдық және ақ құс. Мүсін – бұл дүниеде дәм-тұзың таусылғанмен, о дүниеде мәң­гілік өмір күтіп тұрғанына де­ген үміттің нышаны. Тәннен азат болған жанның Көкте қайта тірілетініне сенімі. Құдық – түп­сіздіктің, шексіздіктің немесе мәң­гіліктің белгісі. Ал ақ құс – ақи­қатты тану жолына түскен­дердің кейпі.
Сондай-ақ, байқампаз көрер­мен осы бөліктен төрт түрлі адам бейнесін назарға алады. Біріншісі – ер бала. Ол кей адамның ата сақалы аузына түскенше ойсыз тірлік кешетінін сабақ етеді. Ол үшін «рух», «жан» деген сөздердің еш мәні жоқ. «Нәпсі дер рухсыз жандарды». Баланың жанындағы ешкі, марғау және күшік те – қам­сыздықтың белгісі. Екіншісі – жалаңаш әйел – ләззатқұмар, се­зімнің жетегінде жүретін адам­­­­дар­дың да барын еске салады. Үшіншісі – қара киімді әйел. Ол «триптихтің» артқы бөлігіндегі құдықтың жанында ойланып тұр. Мұңлы болғанымен сабырлы. Ол – дамудың жоғарғы кезеңіне жеткен, өзінің бұл өмірге не үшін келгенін ұғынған жан. Бейнебір «адам жаны міндетті түрде азап шегу арқылы шыңдалуы керек» деп тұрғандай. Өйткені, мына дү­ниеде қиналыс көргенімен, ру­ха­ни жолды таңдағандарды о дүние­лік сый – мәңгілік қуаныш пен бұзыл­мас тыныштық күтіп тұр.
Бүгін тауып тілегенді,
Хақиқатқа көңіл сенді.
Қуанып, түрленіп енді,
Бозторғай жырлаған көңіл!
(Шәкәрім).

Суреттің төменгі жағындағы аппақ қудай басын ұстап отырған кемпір – өлімнің біз ойлағаннан да жақын тұрғанын сездіреді. Кесірткені тырнақтарымен бүріп ұстаған құс – Гогеннің сөзінше, өлімнен қашып құтыла алмай­ты­ныңның белгісі.


Жан-жануар жабығып,
Жердің түсі өңсіз сұр.
Қабағы түсіп, қамығып,
Бәрі өлімді күтіп тұр.
(Шәкәрім).

Гоген жазбаларында: «Мен оған (аталған картинасына – ав­тор) өлмес бұрын бүкіл қуатымды, жан төзгісіз қиын жағдайлар да бәсең­дете алмаған құштарлы­ғым­ды сар­қып бердім және көзқарас­тарымды еш өзгертпестен жеткіз­дім» – деген жолдар бар. Зерт­­­теуші­­лердің па­йым­дауынша, суретші бұл карти­насын бір дем­мен салып шыққан. Ол алдын-ала эскиздерін сызбаған, соңынан түзе­ту­лер енгізбеген. Туынды бейне­­бір оның өз-өзімен сырласуы секілді. Өзіне мәңгілік үш сұрақты қойып, оған жауап бере алмаса да, толғаныс-тебіреністерін, ой-сезім­дерін қаз-қалпында қағаз бетіне түсіре берген. Адам бала­сының тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірін еш боямасыз бейне­леген. Гогеннің өзі бұл туындысын кейінгілерге мәңгілік сұрақтарды ұмыт қалдыр­мауды ескертетін «рухани өсие­тіндей» көріпті. Ал өнертанушылар, бұдан бөлек, оны «кескіндеме поэмасы» деп те атайды.

***

…Бала күнімде ешкім де қанды шең­гелінен қашып құтыла ал­май­тын «өлім» дегеннің бар екенін алғаш білгенде, жан дүнием ауыр бір соққы алғандай, көпке дейін ес жия алмас, алай-дүлей, аласа­пыран күй кешкені есімде. Кеше ғана тірі жүрген адамның бүгін, әп-сәтте өмірі кілт үзіліп, туған-туыс­тарын зар жылатып, қайда екенін, қандай екенін ешкім біл­мейтін беймәлім әлемге, ең қор­қы­ныштысы – кел­меске кете бара­тыны еш ақы­лыма сыймай­тын. «Құдай адам­дарды не­ге ажалсыз етіп жаратпады екен?» деп қамығатынмын…


Бүгінде… «Туған жан – өлмек, бәріне көнбек» деп сабырмен бой­ұсынған, тіпті, өлімнің барын құп көрген көңілге, жалпының ішін­де күн кешкен жалқы өміріңе Шә­кә­рімнің ұстазы, хакім Абай­дың мына бір өсиет сөзі адастыр­мас жөн сілтейді:
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!
Расымен, не қызық бар өмірде онан басқа…

ӨРКЕНИЕТТЕН ҚАШУ НЕМЕСЕ ӨЗІН-ӨЗІ ІЗДЕУ



Эжен Анри Поль Гоген 1848 жылы Парижде дүниеге келген. Әкесі журналист болған. Ал анасы испандық-перулік ақсүйектер от­басынан еді. Бір жасында әке­сінен айырылған Поль жеті жасына дейін Перуде, нағашы атасының қолында тәрбиеленеді. Оның экзотикалық табиғатқа, тыныш өмірге, адамдық қарым-қатынас­тар­дың қарапайым­ды­лығына құ­мар­туы осы кезде пайда болады. Қы­зуқанды, саяхатқұмар, қоғам­дық пікірлерге көз жұма қарайтын, болмысы еркін әжесі де көп ықпал еткен. Тамылжыған табиғат ая­сын­да емін-еркін өскен Гоген 1855 жылы анасымен «төрт қабырғалы» Парижге оралғаннан кейін, «тар кеңістікте» өзін жайлы сезіне ал­майды. Үнемі алыс жақтарды, сая­хатты армандайтын. Соның әсе­рімен ол ержеткенде теңізші жо­лын таңдап, талай жерді шар­лайды. Алайда, 1871 жылы дүние салған анасының өсиеті бойынша Парижге келіп, биржа маклері қыз­метіне кіріседі. Үш жылдан соң, оның бірқалыпты өміріне өзге­ріс енеді. Ол кәсібімен айна­лыса жүріп бейнелеу өнеріне ден қояды. 1879-1886 жылдары сурет­шілермен тығыз араласып, көрме­лерге қатысады. 1884 жылы әйелі­нің туып-өскен жері – Копенгагенге қоныс аударып, мұнда да маклер­лігін жалғастыра береді. Ал арада бір жыл өткенде, әжептәуір табыс әкеліп тұрған қызметін, әйелі мен бес баласын тастап, өзін біржола өнерге арнау үшін Парижді бетке алады. Оның бұл тосын шешімі, әрине, айналасындағылардың таңғалысы мен жақындарының наразылығын тудырады. Енді екі жылдан кейін Гогеннің жер шарын шарлау – жерұйықты, киелі жерді, жер бетіндегі жұмақты іздеу са­пары басталады. Жайлы тұрмыс­тан бас тартып, өз еркімен жалғыз­дыққа, жоқшылыққа бойұсынған жаңа өмірі басталады. Оның күн­де­лігіндегі «Ұмытпа, менің бо­йым­да екі адам бар: үндіс және тым сезімтал адам. Қазір екіншісі жоғалған. Бұл үндіске алға қарай нық қадам басуға мүмкіндік береді» деген жазба осыған дейін ішкі қарама-қайшылықпен өмір сүргенін аңғартып тұрғандай.
Өркениетті «дерт» деп білген ол алғашқы адамдар ретінде таби­ғатпен етене жақын болуға шешім қабылдап, әуелі Панамаға, одан Мартиника аралына кетеді. Бірақ, денсаулығы күрт нашарлап, Фран­цияға қайтуға мәжбүр болады. Біраз уақыт Парижде, Бретаниде және екі айдай атақты суретші Ван Гогпен бірге Арльде тұрады. Ал 1891 жылы Таитиден бір-ақ шыға­ды. Ол аралдың тұмса табиғаты мен «жабайы» тұрғындары шабы­тына қанат бітірген екі жылда бі­раз картиналарын дүниеге әкеледі. «Ноа Ноа» атты өмірбаяндық но­велласын жазады. Онда жаңа өмір бастауға бекінген кезін былайша еске алған: «Ақыры шешім қабыл­дадым. Мен көп ұзамай Таитиге, ақшасыз өмір сүруге болатын ша­ғын аралға кетемін. Мен өзімнің бейшара өткенімді біржола естен шығаруға бекіндім. Атақ-даңқ жайында ойланбастан, қалаға­ным­ша еркін сурет салғым келеді. Мені бәрі есінен шығарған, ұмыт қалдырған Еуропадан тыс өңірде дүниеден өткім келеді. Мен іш пыстырарлық еуропалық өмірден қол үзуді армандаймын. Кіл ақы­мақтар, ашкөздер және қарынды алаяқтар. Аһ, қалағаныңша еркін­дікпен тыныстау, теңізге сүйсіне қарау, оңашалықты сезіну қандай тамаша болар еді!».
Гоген асып-тасқан көңілмен 1893 жылы Францияға келіп, көр­месін өткізеді. Туындылары тал­ғам­паз қауымның қызығушы­лы­ғын тудырғанымен, көп ақша таба қоймайды. Сағы сынып, жігері құм болған суретші мұнда екі жы­лын өткізіп, сүйікті Таитиімен қай­та қауышады. Әйтсе де, жаңа әкімшілікпен тіл табыса алмай, жұмыссыздықтан, жоқшылықтан әбден қиналады. Соған қарамас­тан, тынымсыз сурет салып, да­йын болғандарын сатуға Франция­ға жіберіп тұрады. Бұл жолы оның жұмыстарына ешкім де мән бер­мейді. Суретші белшесінен қарыз­ға батады. Ол сол кездері Фран­ция­дағы досы Даниель Мофредке мынадай хат жазыпты: «Менің, тіпті, әл беретін үзім наным да жоқ. Тек су ішіп қана күнелтіп жүр­мін. Кейде пісіп үлгерген гуава және манго жемістерімен қорек­тене­мін. Сосын шаяндар бар». Неше күн­деп аш жүргендіктен, денсаулығы да нашарлайды. Экзема, конъюнк­тивит, аяқта­ры­ның ісіп кетуі, жү­рек ауруы, ұста­ма­лы сәттерде қан құ­суы, бас ай­налу… Бұлардың қата­рына енді жан күйзелісі қосы­лады. 1897 жылы Франциядан 19 жастағы қызы Алинаның көз жұм­ғаны туралы қаралы хабар жеткен­де, ол өз-өзіне қол жұмсауды ұй­ғарады. Бірақ, өлмес бұрын, руха­ни ама­наты сынды болатын, алдыңғы жұмыстарының бәрін сан орап алатын «Қайдан келдік? Кімбіз? Қайда барамыз?» дейтін соңғы картинасын салып кетпек болады. 1897 жылдың соңғы күндерінде жұмысын толығымен аяқтайды. Ал жаңа жылдың ал­ғаш­қы күнінде у (экземаға ем ре­тінде қолданып жүрген күшәла) салынған қорап­шамен тауға бет алады. Сол жақта бұл өмірмен мәңгіге қоштасу үшін… Алайда, күтпеген жағдайға тап болады. Уды тым көп мөлшер­де қабыл­да­ған­дықтан (сірә, ажалы жетпеген­діктен), тоқтаусыз құсып, өлмей қалады. Азапқа толы түнді тау ете­гінде өткізген ол таңертең тең­селе басып, әзер дегенде лашығы­на жетіп, ұйқыға кетеді. Ал оянған кезінде, кешегі күннің елесі де қалмағанын, кеудесінде өмірге деген құштарлықтың қайта бүр жарғанын сезеді…
Осыдан кейін Гогеннің жолы бола бастайды. Көп ұзамай іс жүр­гізуші болып жұмысқа тұрады. Картиналары сұранысқа ие бола­ды. Көзі жазылады. Шығарма­шы­лығының жаңа кезеңі басталады. Оның бейнелеудегі әдіс-тәсілдері де өзгереді: ол жаңа картиналарын тек қана ашық түсті бояулармен салады.
Өмірінің соңғы күндерінде Шарль Морис дейтін досына жаз­ған хатында: «Сен маған «өзіңді бекер жабайы санайсың» деген едің. Әйтсе де, бұл – шындық: мен – жабайымын. Өркениетті адам­дар мұны сезеді. Себебі, оларды менің туындыларымдағы дәл осы «шынайы, еріксіз жабайылық» таңғалдырады және мазасыздан­дырады. Сондықтан да, мен еш­кімге еліктемеуім керек. Өзгелер­ден үйренгенім маған кедергі ғана жасап келді. Яғни, мен ешкімнен ештеңе үйренбегенімді айта ала­мын. Рас, білмейтінім әлі де көп. Дегенмен, мен өз бойымдағы сол азғана нәрсені бағалаймын. Кім біледі, бәлкім, сол азғантай нәрсе­ні басқалар қажетіне пайдаланған кезде, ол зор маңызға да ие бола­тын шығар» – деп ақтарылыпты. Осы­ған орай, суретшінің бәрінен бас тартып, жалғыздықты, қиын­дыққа толы өмірді таңдауының бір себебі: өзін-өзі іздеуі деуге де то­лық негіз бар. Ол бойындағы таби­ғи өнерді еш бұзылмаған, бүлін­беген, жасандылық енбеген, таза табиғат арқылы ұштауды ойлады. «Өмір деген секундтың бөлігінен сәл ғана ұзағырақ. Өзіңді мәңгі­лікке дайындап кетуге уақыт тым қысқа» деп, ұсақ-түйекке көңіл бөл­мей, ұлы мақсат жолында жанта­ласа арпалысты.
Ережелер мен шарттарға ба­ғын­бай, өз заңымен, жан дүние­сі­нің қалауымен өмір сүрген суретші 1903 жылы Хива-Оа аралында көз жұмады. Иә, оған атақ-даңқ өл­ген­нен кейін ғана жетті. Көзі тірі­сінде ешкім де оның талантын мо­йындамады. Оның суреттеріне күле қарағандар да болды. Алайда, «өнер дегеніміз – көшірме не төң­керіс» деумен өткен Гоген – бей­нелеу өнерінде төңкеріс жаса­ған, заманауи өнерге ықпал еткен суретші ретінде тарихқа енді. Ра­сымен, оның картиналарын көр­ген бетте ерекше бейнелер мен ғажайып бояулар әлеміне тап боласыз. Бәрі де өзгеше: алтын түстес аспан, қызыл, сары, қыз­ғылт (қуаныш пен молшылықтың белгісі) түсті жер… Оның туын­дыларында мызғымас тыныштық салтанат құрған. Желдің уілі де, жапырақтың сыбдыры да, толқын­дардың шуылы да «естілмейді». Кейіпкерлері де бейнебір таби­ғат­тың өзіндей, бірге жаралған бө­лі­гіндей… Лашық алдында отырған әйелдер, баласын құшақтаған ана, қайығында қыбырсыз қатып қал­ған балықшы… Оның, тіпті, кар­ти­на­ларының атаулары да ерекше: «Наве наве моэ», «Раве те хити ааму», «Фарари мару-ру»… Олар­дың кейбірінің қандай мағына білдіретіні әлі күнге дейін жұмбақ.
Суретшінің дара жолы кейін көптеген әдеби шығармаларға ар­қау болып, бүкіл әлемге аңыз­да­йын тарады. Солардың ішіндегі ең белгілісі – ағылшын жазушысы Со­мерсет Моэмнің «Ай мен қара­бақыр» романы. Көрермен оның «біртүрлі» болмысын көркем фильм­дер арқылы да тани алады («Есік алдындағы қасқыр», «Та­был­ған жұмақ», «Гоген. Таитиге саяхат», «Жабайы. Гоген. Жұмақты іздеу», «Сары үй», «Гоген: жабайы жә­не данышпан», «Өмірге құш­тарлық»).
Гогеннің мол мұрасының ішін­де ақын Шарль Мориспен бірлесе жазған делінетін «Ноа Ноа» (таити тілінен аударғанда «хош иістену» мағынасында), «Дейін және ке­йін» атты екі кітабы да бар. Алғаш­қысы өмірбаяндық новелла болса, екіншісі – күнделік жазбалары. Оқырман оларды оқи отырып қа­нағатшылдыққа үйренеді, бақытқа жету үшін көп нәрсенің қажет емес екенін түсінеді, сондай-ақ, өркениетті адамдардың бойын­дағы кесір мінездерден жиренеді.

ҚҰДАЙ ЖӘНЕ ГОГЕН

Көпшілік зерттеушілердің пі­кі­рінше, суретші жүрек талма­сы­нан көз жұмған. «Өз-өзіне қол жұм­саған» деушілер де бар. Де­ректер оны азғана адамнан тұра­тын топтың құпия түрде және асы­ғыс жерлегенін көрсетеді. Өйт­кені, Мартен атты жергілікті пас­тор Гогенді «дінбұзар» санаған. Тіпті, ол өлген соң, жалаңаш әйел­дер бейнеленген жиырмадай кар­ти­насын өртеп жіберген. Дін өкілі тиісті орындарға жазған хатында: «Ол Құдайдың және жер бетіндегі мейірімділік атаулының жауы бол­ды», – депті. Алайда, өнертану­шылар суретшінің атеист болма­ға­нын айтады. Оған «Ноа Ноа» еңбегіне енген «Католик шіркеуі және бүгін» атты очеркіндегі мына сөздері дәлел: «Қол жетпес құпия бұрын қандай болса, қазір де сон­дай, солай бола береді де. Құдай оқымыстыларға да, қисынға да тиесілі емес. Ол ақындарға, арман әлеміне тиесілі. Ол – сұлулықтың белгісі. Сұлулықтың өзі. …Мен Құдайды сүйдім. Оны танымасам да, тануға тырыспасам да, түсін­бесем де…».

«ЖАПАНДА ЖАЛҒЫЗ ЖАТТЫМ ЕЛДЕН БЕЗІП»

Иә, Гогенді «рухани әлемде төң­керіс жасаған бүлікші» ретінде бағалайтындар аз емес. «Жайлы тұрмыстан бас тартқан делқұлы» көретіндер де бар. Тіпті, «қара ба­сын ойлап, отбасын тастап кет­кен безбүйрек» деп жазғырушылар да табылады. Ал суретшімен Таити аралында аз-кем таныс болған Вик­тор Сегален атты дәрігер (ке­йін – жазушы) бір жазбасында бы­лайша еске алыпты: «Гоген құ­бы­жық болатын. Басқаша айт­қан­да, оны ешқандай да моральдық, интеллек­туалдық не әлеуметтік топқа жат­қы­за алмайтынсыз». Осы тектес алуан пікірлерді оқи отырып, Шә­кә­рімнің мына сөзі еріксіз ойға оралады: «Біреудің жайын сынамақ бұрын, оның өмір сүрген ортасына, өміріне байып­пен көз жібер. Жағада қайық күтіп тұрып, қайық келмес бұрын жүкті арқалап тұрған жо­лаушыға ұқса­ма. …Мені білу үшін мен мінген қа­йыққа мін, сонда ғана өмір жа­йым­ды түгел ұғасың, сүйі­нішім мен күйінішімді, күйзелісімді тү­сінесің, сонда ғана анық таныр­сың кім­дігімді…». Иә, адам жаны – ну ор­ман…
Жалпыдан жырыла күн кеш­кен жалқы Гоген ғана емес. Мәсе­лен, қартайған шағында атақ пен байлықтан бас тартып, тақуалық жолды таңдап, бөшкеде өмір сүр­ген делінетін грек ойшылы Дио­ген; өмірінің соңында үйінен ке­тіп, ақиқатты іздеу жолында ел ке­зіп, жар жағалаған данышпан жазушы Лев Толстой… Олардың қатарында қазақ даласының ой­шыл ақыны Шәкәрім де бар. «Шәкәрім өмірінің соңын, ортада 7-8 жыл (1917-1925) аралығын қос­пағанда, елден жырақ, айда­ла­да, Саятқорада өткізеді. Шыңғыс­таудың күнгей сыртында Шақпақ дейтін таза жерді таңдап, өз қолы­мен қора-қопсы жасап, тек шы­ғар­машылықпен ғана айналысып, жалықса, аңға шығып, жападан-жалғыз ғұмыр кешкен Шәкәрім «Кейбіреу безді дейді елден мені», «Жапанда жалғыз жаттым елден безіп» деген өлеңдерінде: дүниәуи тірліктен баз кешіп, ештеңеге ара­ласпай, ауыл арасының әңгіме­сін естіп, алаңдамау үшін жұрттан аулақтадым, – дейді. Ел ішіндегі өзімшілдік, озбырлық, күншілдік ақынды жырақта өмір сүруге мәж­бүрлеген.
«Көрген соң ел жарасын анық сезіп,
Аңдайын айдалаға кет­тім ке­зіп.
Ел емес, елге істеген қы­лы­ғы­­нан
Қашқамын, шыным­ды айтсам,
содан безіп», –
деп, елден оңашалауының тағы бір себебін баса айтады. Елді қан қақсатқан арсыз, аң бейнелілерге қандай шара көруді білмедім, жаным шо­шыды, содан жаныма медет іздеп, айдалаға безіп кеттім, бірақ, жа­ным халқыммен бірге, – дейді. Елсізге бару себебім – хақиқат сы­рын іздедім, – дейді. Таудың тыныш бір қойнауында, оқшау үйге жазу үстелі мен кітап­ханасын ғана көшіріп алып, өз қажеттілігіне ат байлап, бие ұстап, қымыз ішіп, алаңсыз шығарма­шылықпен ай­налысқан кезде­рінде «Жалғыз до­сым – қағаз-қалам» деп мұ­ңай­ған сәттері де болған» (М.Кемел. «Шәкәрімнің ар ілімі»).

ОЙМАҚТАЙ ОЙ



Иә, қоғамның «елден бе­зіп», «жапанда жалғыз жат­қан­дар­ды» түсінуі, қабыл­дауы қиын. Әйтсе де, бір нәрсе ай­қын:
Олар біздің әрқайсымыз секілді Ғайыптан келді.
Өмір мәнін іздеуімен то­быр­дан оқшау, Дара болды.
Өздері де сезбестен, кейін­гілер үлгі, сөз қылатын Бола­шаққа жөнеп кетті.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет