«Қайдан келдік? Кімбіз? Қайда барамыз?» – әйгілі француз суретшісі Поль Гогеннің Бостон қаласындағы Нәзік өнер мұражайынан орын алған ерекше әрі құнды картинасы. Постимпрессионизмнің ірі өкілдерінің бірінен саналатын оның бұл туындысы символдарға толы. Көлемді кенепке салынған суретте бұтақтары арбиған жалаңаш ағаштар артқы кеңістіктен қарауыта ербиеді. Ағып жатқан су. Көрші аралдағы күлгін түсті тау. Көгілдір аспан. Қиял-ғажайып әлеміндей болып көрінетін жабайы һәм сұлу табиғат аясындағы адамдар. Жануарлар. Мүсіндер… Сұңғыла көрермен үшін бұлардың әрқайсысы терең философиялық ойға ие. Картинаның нендей сыр бүккенін қапысыз ұққыңыз келсе, қылқалам шеберінің өзі айтып кеткендей, оны «солдан оңға қарай дұрыс «оқуыңыз» керек.
Ығы-жығы бейнелерден көз сүрінетін полотноның әр жерінен баяу аққан су көрінеді. Қай тұстан басталып, қай тұста тоқтағанын білуіңіз қиын. Бейнебір, адам баласының қайдан келіп, қайда баратынынан бейхабарлығы сынды. Кей өнертанушылар: «Су (бұлақ) – тіршіліктің құпия бастауы» – деген де пікір айтады.
Картинаның бірінші бөлігінде бәрінен хабарсыз, тәтті ұйқы құшағындағы сәби бейнеленген. Француз импрессионистері оны бұл дүниеге әлі келмеген адам жанының белгісі санайды. Зерттеуші Марина Прокофьеваның айтуынша: «Гоген мистик болатын. Ол теософиямен шұғылданған. «Адам жаны материалдық әлемге келгенге дейін көкте бейкүнә, рақат күйде болады деп есептеген».
Сәбидің жанында үш жас әйел табиғат сыйынан дәм татып отыр. Олар өмір мәні жайында әлі де ойлана қоймаған. Шәкәрімше жырласақ, нағыз «…қайғысыз, қамсыз күндерім, сайран-сауықты рақат түндерім». Кей өнертанушылар: «Бұл – адам жанының тәнге енгеннен кейінгі алғашқы кезеңінің көрінісі», – дейді.
Сәл арырақ, адамдарды сырттай бақылап қап-қара ит жатыр. Гоген бұл орайда адам баласына бейқам болмауды, кез келген жерде, кез келген сәтте қауіп-қатер күтіп тұрғанын ескертетіндей.
Туындының дәл ортасынан орын алған, қолын жоғары көтерген ер адам ағаштан әлдебір қызыл жемісті, мейірімділік пен зұлымдық жемісін үзіп алмақшы. Бұл – адам санасының кенеттен «қалың ұйқыдан» оянуының белгісі. Ол жаратылыс сырын білуге ұмтыла бастайды. Суретшінің өзі теософ ретінде: «Жаратылыс сырын білуге деген қызығушылық адам баласының бойында о бастан бар. Ол біреулерде дүр сілкініп оянады, енді біреулерде мүлгіген қалпында қалады» – деп жазған.
Дүние жаралғалы бері барша саналы адам баласын толғантып келе жатқан «Қайдан келдік? Кімбіз? Қайда барамыз?» сынды мәңгілік сұрақтар – жауабы табылмаған һәм табылмайтын сұрақтар. Немесе Шәкәрімнің білімдіге бес сауалының алғашқы үшеуіне сүйене айқындасақ, «Алланың адамды жаратқандағы мақсұды не? Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін? Адамға өлген соң, мейлі, не жөнмен болсын рақат-бейнет (сауап-азап) бар ма?». Адам жаратылыс құпиясының тұңғиығына сүңгіген сайын тереңдей беретінін, түбіне жеткізбес түпсіз екенін, өзін ынтықтырған әлемнің есігі өзі үшін о бастан жабық екенін білгенде, ешқайда қашып құтыла алмас, еш өзгерте алмас және ақыл-ойынан шығарып тастай алмас мәңгілік ақиқатты бар сана-сезімімен түйсінгенде, әлі талай мазасын алатын шерге батады. Гоген осынау күйді теріс қарап тұрған қапалы адам бейнесі арқылы берген.
Келіп қайдан, барам қайда,
Не қылғаным болар пайда?
Қаламын ба мола боп сайда? –
Деген ой тырнаған көңіл!
(Шәкәрім).
Ал қызыл киім киген екі адам – адам жанының дамуының екінші кезеңінің хабаршысы. Ол толысқан, байсалданған. Оны суреттегі екі адамның – екі ғұламаның бір-бірімен пікірлесу арқылы, жүрек тіліне һәм ақыл сөзіне сүйене отырып, түйткілді сұрақтардың түйінін бірге шешпек әрекеттерінен байқаймыз.
Жаратылыс мәнін философиялық көзқарас тұрғысынан танудың үшінші кезеңіне аяқ басқан, өлім сағаты жақындаған адам баласы «Қайда барамыз?» деген сұрақты жиірек есіне ала бастайды. Соған сәйкес, картинаның үшінші бөлігінде, яғни, оң жағында бірнеше символдық бейне салынған. Олар – екі қолын жоғары көтеріп тұрған Киелі мүсін, құдық және ақ құс. Мүсін – бұл дүниеде дәм-тұзың таусылғанмен, о дүниеде мәңгілік өмір күтіп тұрғанына деген үміттің нышаны. Тәннен азат болған жанның Көкте қайта тірілетініне сенімі. Құдық – түпсіздіктің, шексіздіктің немесе мәңгіліктің белгісі. Ал ақ құс – ақиқатты тану жолына түскендердің кейпі.
Сондай-ақ, байқампаз көрермен осы бөліктен төрт түрлі адам бейнесін назарға алады. Біріншісі – ер бала. Ол кей адамның ата сақалы аузына түскенше ойсыз тірлік кешетінін сабақ етеді. Ол үшін «рух», «жан» деген сөздердің еш мәні жоқ. «Нәпсі дер рухсыз жандарды». Баланың жанындағы ешкі, марғау және күшік те – қамсыздықтың белгісі. Екіншісі – жалаңаш әйел – ләззатқұмар, сезімнің жетегінде жүретін адамдардың да барын еске салады. Үшіншісі – қара киімді әйел. Ол «триптихтің» артқы бөлігіндегі құдықтың жанында ойланып тұр. Мұңлы болғанымен сабырлы. Ол – дамудың жоғарғы кезеңіне жеткен, өзінің бұл өмірге не үшін келгенін ұғынған жан. Бейнебір «адам жаны міндетті түрде азап шегу арқылы шыңдалуы керек» деп тұрғандай. Өйткені, мына дүниеде қиналыс көргенімен, рухани жолды таңдағандарды о дүниелік сый – мәңгілік қуаныш пен бұзылмас тыныштық күтіп тұр.
Бүгін тауып тілегенді,
Хақиқатқа көңіл сенді.
Қуанып, түрленіп енді,
Бозторғай жырлаған көңіл!
(Шәкәрім).
Суреттің төменгі жағындағы аппақ қудай басын ұстап отырған кемпір – өлімнің біз ойлағаннан да жақын тұрғанын сездіреді. Кесірткені тырнақтарымен бүріп ұстаған құс – Гогеннің сөзінше, өлімнен қашып құтыла алмайтыныңның белгісі.
Жан-жануар жабығып,
Жердің түсі өңсіз сұр.
Қабағы түсіп, қамығып,
Бәрі өлімді күтіп тұр.
(Шәкәрім).
Гоген жазбаларында: «Мен оған (аталған картинасына – автор) өлмес бұрын бүкіл қуатымды, жан төзгісіз қиын жағдайлар да бәсеңдете алмаған құштарлығымды сарқып бердім және көзқарастарымды еш өзгертпестен жеткіздім» – деген жолдар бар. Зерттеушілердің пайымдауынша, суретші бұл картинасын бір деммен салып шыққан. Ол алдын-ала эскиздерін сызбаған, соңынан түзетулер енгізбеген. Туынды бейнебір оның өз-өзімен сырласуы секілді. Өзіне мәңгілік үш сұрақты қойып, оған жауап бере алмаса да, толғаныс-тебіреністерін, ой-сезімдерін қаз-қалпында қағаз бетіне түсіре берген. Адам баласының тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірін еш боямасыз бейнелеген. Гогеннің өзі бұл туындысын кейінгілерге мәңгілік сұрақтарды ұмыт қалдырмауды ескертетін «рухани өсиетіндей» көріпті. Ал өнертанушылар, бұдан бөлек, оны «кескіндеме поэмасы» деп те атайды.
***
…Бала күнімде ешкім де қанды шеңгелінен қашып құтыла алмайтын «өлім» дегеннің бар екенін алғаш білгенде, жан дүнием ауыр бір соққы алғандай, көпке дейін ес жия алмас, алай-дүлей, аласапыран күй кешкені есімде. Кеше ғана тірі жүрген адамның бүгін, әп-сәтте өмірі кілт үзіліп, туған-туыстарын зар жылатып, қайда екенін, қандай екенін ешкім білмейтін беймәлім әлемге, ең қорқыныштысы – келмеске кете баратыны еш ақылыма сыймайтын. «Құдай адамдарды неге ажалсыз етіп жаратпады екен?» деп қамығатынмын…
Бүгінде… «Туған жан – өлмек, бәріне көнбек» деп сабырмен бойұсынған, тіпті, өлімнің барын құп көрген көңілге, жалпының ішінде күн кешкен жалқы өміріңе Шәкәрімнің ұстазы, хакім Абайдың мына бір өсиет сөзі адастырмас жөн сілтейді:
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!
Расымен, не қызық бар өмірде онан басқа…
ӨРКЕНИЕТТЕН ҚАШУ НЕМЕСЕ ӨЗІН-ӨЗІ ІЗДЕУ
Эжен Анри Поль Гоген 1848 жылы Парижде дүниеге келген. Әкесі журналист болған. Ал анасы испандық-перулік ақсүйектер отбасынан еді. Бір жасында әкесінен айырылған Поль жеті жасына дейін Перуде, нағашы атасының қолында тәрбиеленеді. Оның экзотикалық табиғатқа, тыныш өмірге, адамдық қарым-қатынастардың қарапайымдылығына құмартуы осы кезде пайда болады. Қызуқанды, саяхатқұмар, қоғамдық пікірлерге көз жұма қарайтын, болмысы еркін әжесі де көп ықпал еткен. Тамылжыған табиғат аясында емін-еркін өскен Гоген 1855 жылы анасымен «төрт қабырғалы» Парижге оралғаннан кейін, «тар кеңістікте» өзін жайлы сезіне алмайды. Үнемі алыс жақтарды, саяхатты армандайтын. Соның әсерімен ол ержеткенде теңізші жолын таңдап, талай жерді шарлайды. Алайда, 1871 жылы дүние салған анасының өсиеті бойынша Парижге келіп, биржа маклері қызметіне кіріседі. Үш жылдан соң, оның бірқалыпты өміріне өзгеріс енеді. Ол кәсібімен айналыса жүріп бейнелеу өнеріне ден қояды. 1879-1886 жылдары суретшілермен тығыз араласып, көрмелерге қатысады. 1884 жылы әйелінің туып-өскен жері – Копенгагенге қоныс аударып, мұнда да маклерлігін жалғастыра береді. Ал арада бір жыл өткенде, әжептәуір табыс әкеліп тұрған қызметін, әйелі мен бес баласын тастап, өзін біржола өнерге арнау үшін Парижді бетке алады. Оның бұл тосын шешімі, әрине, айналасындағылардың таңғалысы мен жақындарының наразылығын тудырады. Енді екі жылдан кейін Гогеннің жер шарын шарлау – жерұйықты, киелі жерді, жер бетіндегі жұмақты іздеу сапары басталады. Жайлы тұрмыстан бас тартып, өз еркімен жалғыздыққа, жоқшылыққа бойұсынған жаңа өмірі басталады. Оның күнделігіндегі «Ұмытпа, менің бойымда екі адам бар: үндіс және тым сезімтал адам. Қазір екіншісі жоғалған. Бұл үндіске алға қарай нық қадам басуға мүмкіндік береді» деген жазба осыған дейін ішкі қарама-қайшылықпен өмір сүргенін аңғартып тұрғандай.
Өркениетті «дерт» деп білген ол алғашқы адамдар ретінде табиғатпен етене жақын болуға шешім қабылдап, әуелі Панамаға, одан Мартиника аралына кетеді. Бірақ, денсаулығы күрт нашарлап, Францияға қайтуға мәжбүр болады. Біраз уақыт Парижде, Бретаниде және екі айдай атақты суретші Ван Гогпен бірге Арльде тұрады. Ал 1891 жылы Таитиден бір-ақ шығады. Ол аралдың тұмса табиғаты мен «жабайы» тұрғындары шабытына қанат бітірген екі жылда біраз картиналарын дүниеге әкеледі. «Ноа Ноа» атты өмірбаяндық новелласын жазады. Онда жаңа өмір бастауға бекінген кезін былайша еске алған: «Ақыры шешім қабылдадым. Мен көп ұзамай Таитиге, ақшасыз өмір сүруге болатын шағын аралға кетемін. Мен өзімнің бейшара өткенімді біржола естен шығаруға бекіндім. Атақ-даңқ жайында ойланбастан, қалағанымша еркін сурет салғым келеді. Мені бәрі есінен шығарған, ұмыт қалдырған Еуропадан тыс өңірде дүниеден өткім келеді. Мен іш пыстырарлық еуропалық өмірден қол үзуді армандаймын. Кіл ақымақтар, ашкөздер және қарынды алаяқтар. Аһ, қалағаныңша еркіндікпен тыныстау, теңізге сүйсіне қарау, оңашалықты сезіну қандай тамаша болар еді!».
Гоген асып-тасқан көңілмен 1893 жылы Францияға келіп, көрмесін өткізеді. Туындылары талғампаз қауымның қызығушылығын тудырғанымен, көп ақша таба қоймайды. Сағы сынып, жігері құм болған суретші мұнда екі жылын өткізіп, сүйікті Таитиімен қайта қауышады. Әйтсе де, жаңа әкімшілікпен тіл табыса алмай, жұмыссыздықтан, жоқшылықтан әбден қиналады. Соған қарамастан, тынымсыз сурет салып, дайын болғандарын сатуға Францияға жіберіп тұрады. Бұл жолы оның жұмыстарына ешкім де мән бермейді. Суретші белшесінен қарызға батады. Ол сол кездері Франциядағы досы Даниель Мофредке мынадай хат жазыпты: «Менің, тіпті, әл беретін үзім наным да жоқ. Тек су ішіп қана күнелтіп жүрмін. Кейде пісіп үлгерген гуава және манго жемістерімен қоректенемін. Сосын шаяндар бар». Неше күндеп аш жүргендіктен, денсаулығы да нашарлайды. Экзема, конъюнктивит, аяқтарының ісіп кетуі, жүрек ауруы, ұстамалы сәттерде қан құсуы, бас айналу… Бұлардың қатарына енді жан күйзелісі қосылады. 1897 жылы Франциядан 19 жастағы қызы Алинаның көз жұмғаны туралы қаралы хабар жеткенде, ол өз-өзіне қол жұмсауды ұйғарады. Бірақ, өлмес бұрын, рухани аманаты сынды болатын, алдыңғы жұмыстарының бәрін сан орап алатын «Қайдан келдік? Кімбіз? Қайда барамыз?» дейтін соңғы картинасын салып кетпек болады. 1897 жылдың соңғы күндерінде жұмысын толығымен аяқтайды. Ал жаңа жылдың алғашқы күнінде у (экземаға ем ретінде қолданып жүрген күшәла) салынған қорапшамен тауға бет алады. Сол жақта бұл өмірмен мәңгіге қоштасу үшін… Алайда, күтпеген жағдайға тап болады. Уды тым көп мөлшерде қабылдағандықтан (сірә, ажалы жетпегендіктен), тоқтаусыз құсып, өлмей қалады. Азапқа толы түнді тау етегінде өткізген ол таңертең теңселе басып, әзер дегенде лашығына жетіп, ұйқыға кетеді. Ал оянған кезінде, кешегі күннің елесі де қалмағанын, кеудесінде өмірге деген құштарлықтың қайта бүр жарғанын сезеді…
Осыдан кейін Гогеннің жолы бола бастайды. Көп ұзамай іс жүргізуші болып жұмысқа тұрады. Картиналары сұранысқа ие болады. Көзі жазылады. Шығармашылығының жаңа кезеңі басталады. Оның бейнелеудегі әдіс-тәсілдері де өзгереді: ол жаңа картиналарын тек қана ашық түсті бояулармен салады.
Өмірінің соңғы күндерінде Шарль Морис дейтін досына жазған хатында: «Сен маған «өзіңді бекер жабайы санайсың» деген едің. Әйтсе де, бұл – шындық: мен – жабайымын. Өркениетті адамдар мұны сезеді. Себебі, оларды менің туындыларымдағы дәл осы «шынайы, еріксіз жабайылық» таңғалдырады және мазасыздандырады. Сондықтан да, мен ешкімге еліктемеуім керек. Өзгелерден үйренгенім маған кедергі ғана жасап келді. Яғни, мен ешкімнен ештеңе үйренбегенімді айта аламын. Рас, білмейтінім әлі де көп. Дегенмен, мен өз бойымдағы сол азғана нәрсені бағалаймын. Кім біледі, бәлкім, сол азғантай нәрсені басқалар қажетіне пайдаланған кезде, ол зор маңызға да ие болатын шығар» – деп ақтарылыпты. Осыған орай, суретшінің бәрінен бас тартып, жалғыздықты, қиындыққа толы өмірді таңдауының бір себебі: өзін-өзі іздеуі деуге де толық негіз бар. Ол бойындағы табиғи өнерді еш бұзылмаған, бүлінбеген, жасандылық енбеген, таза табиғат арқылы ұштауды ойлады. «Өмір деген секундтың бөлігінен сәл ғана ұзағырақ. Өзіңді мәңгілікке дайындап кетуге уақыт тым қысқа» деп, ұсақ-түйекке көңіл бөлмей, ұлы мақсат жолында жанталаса арпалысты.
Ережелер мен шарттарға бағынбай, өз заңымен, жан дүниесінің қалауымен өмір сүрген суретші 1903 жылы Хива-Оа аралында көз жұмады. Иә, оған атақ-даңқ өлгеннен кейін ғана жетті. Көзі тірісінде ешкім де оның талантын мойындамады. Оның суреттеріне күле қарағандар да болды. Алайда, «өнер дегеніміз – көшірме не төңкеріс» деумен өткен Гоген – бейнелеу өнерінде төңкеріс жасаған, заманауи өнерге ықпал еткен суретші ретінде тарихқа енді. Расымен, оның картиналарын көрген бетте ерекше бейнелер мен ғажайып бояулар әлеміне тап боласыз. Бәрі де өзгеше: алтын түстес аспан, қызыл, сары, қызғылт (қуаныш пен молшылықтың белгісі) түсті жер… Оның туындыларында мызғымас тыныштық салтанат құрған. Желдің уілі де, жапырақтың сыбдыры да, толқындардың шуылы да «естілмейді». Кейіпкерлері де бейнебір табиғаттың өзіндей, бірге жаралған бөлігіндей… Лашық алдында отырған әйелдер, баласын құшақтаған ана, қайығында қыбырсыз қатып қалған балықшы… Оның, тіпті, картиналарының атаулары да ерекше: «Наве наве моэ», «Раве те хити ааму», «Фарари мару-ру»… Олардың кейбірінің қандай мағына білдіретіні әлі күнге дейін жұмбақ.
Суретшінің дара жолы кейін көптеген әдеби шығармаларға арқау болып, бүкіл әлемге аңыздайын тарады. Солардың ішіндегі ең белгілісі – ағылшын жазушысы Сомерсет Моэмнің «Ай мен қарабақыр» романы. Көрермен оның «біртүрлі» болмысын көркем фильмдер арқылы да тани алады («Есік алдындағы қасқыр», «Табылған жұмақ», «Гоген. Таитиге саяхат», «Жабайы. Гоген. Жұмақты іздеу», «Сары үй», «Гоген: жабайы және данышпан», «Өмірге құштарлық»).
Гогеннің мол мұрасының ішінде ақын Шарль Мориспен бірлесе жазған делінетін «Ноа Ноа» (таити тілінен аударғанда «хош иістену» мағынасында), «Дейін және кейін» атты екі кітабы да бар. Алғашқысы өмірбаяндық новелла болса, екіншісі – күнделік жазбалары. Оқырман оларды оқи отырып қанағатшылдыққа үйренеді, бақытқа жету үшін көп нәрсенің қажет емес екенін түсінеді, сондай-ақ, өркениетті адамдардың бойындағы кесір мінездерден жиренеді.
ҚҰДАЙ ЖӘНЕ ГОГЕН
Көпшілік зерттеушілердің пікірінше, суретші жүрек талмасынан көз жұмған. «Өз-өзіне қол жұмсаған» деушілер де бар. Деректер оны азғана адамнан тұратын топтың құпия түрде және асығыс жерлегенін көрсетеді. Өйткені, Мартен атты жергілікті пастор Гогенді «дінбұзар» санаған. Тіпті, ол өлген соң, жалаңаш әйелдер бейнеленген жиырмадай картинасын өртеп жіберген. Дін өкілі тиісті орындарға жазған хатында: «Ол Құдайдың және жер бетіндегі мейірімділік атаулының жауы болды», – депті. Алайда, өнертанушылар суретшінің атеист болмағанын айтады. Оған «Ноа Ноа» еңбегіне енген «Католик шіркеуі және бүгін» атты очеркіндегі мына сөздері дәлел: «Қол жетпес құпия бұрын қандай болса, қазір де сондай, солай бола береді де. Құдай оқымыстыларға да, қисынға да тиесілі емес. Ол ақындарға, арман әлеміне тиесілі. Ол – сұлулықтың белгісі. Сұлулықтың өзі. …Мен Құдайды сүйдім. Оны танымасам да, тануға тырыспасам да, түсінбесем де…».
«ЖАПАНДА ЖАЛҒЫЗ ЖАТТЫМ ЕЛДЕН БЕЗІП»
Иә, Гогенді «рухани әлемде төңкеріс жасаған бүлікші» ретінде бағалайтындар аз емес. «Жайлы тұрмыстан бас тартқан делқұлы» көретіндер де бар. Тіпті, «қара басын ойлап, отбасын тастап кеткен безбүйрек» деп жазғырушылар да табылады. Ал суретшімен Таити аралында аз-кем таныс болған Виктор Сегален атты дәрігер (кейін – жазушы) бір жазбасында былайша еске алыпты: «Гоген құбыжық болатын. Басқаша айтқанда, оны ешқандай да моральдық, интеллектуалдық не әлеуметтік топқа жатқыза алмайтынсыз». Осы тектес алуан пікірлерді оқи отырып, Шәкәрімнің мына сөзі еріксіз ойға оралады: «Біреудің жайын сынамақ бұрын, оның өмір сүрген ортасына, өміріне байыппен көз жібер. Жағада қайық күтіп тұрып, қайық келмес бұрын жүкті арқалап тұрған жолаушыға ұқсама. …Мені білу үшін мен мінген қайыққа мін, сонда ғана өмір жайымды түгел ұғасың, сүйінішім мен күйінішімді, күйзелісімді түсінесің, сонда ғана анық танырсың кімдігімді…». Иә, адам жаны – ну орман…
Жалпыдан жырыла күн кешкен жалқы Гоген ғана емес. Мәселен, қартайған шағында атақ пен байлықтан бас тартып, тақуалық жолды таңдап, бөшкеде өмір сүрген делінетін грек ойшылы Диоген; өмірінің соңында үйінен кетіп, ақиқатты іздеу жолында ел кезіп, жар жағалаған данышпан жазушы Лев Толстой… Олардың қатарында қазақ даласының ойшыл ақыны Шәкәрім де бар. «Шәкәрім өмірінің соңын, ортада 7-8 жыл (1917-1925) аралығын қоспағанда, елден жырақ, айдалада, Саятқорада өткізеді. Шыңғыстаудың күнгей сыртында Шақпақ дейтін таза жерді таңдап, өз қолымен қора-қопсы жасап, тек шығармашылықпен ғана айналысып, жалықса, аңға шығып, жападан-жалғыз ғұмыр кешкен Шәкәрім «Кейбіреу безді дейді елден мені», «Жапанда жалғыз жаттым елден безіп» деген өлеңдерінде: дүниәуи тірліктен баз кешіп, ештеңеге араласпай, ауыл арасының әңгімесін естіп, алаңдамау үшін жұрттан аулақтадым, – дейді. Ел ішіндегі өзімшілдік, озбырлық, күншілдік ақынды жырақта өмір сүруге мәжбүрлеген.
«Көрген соң ел жарасын анық сезіп,
Аңдайын айдалаға кеттім кезіп.
Ел емес, елге істеген қылығынан
Қашқамын, шынымды айтсам,
содан безіп», –
деп, елден оңашалауының тағы бір себебін баса айтады. Елді қан қақсатқан арсыз, аң бейнелілерге қандай шара көруді білмедім, жаным шошыды, содан жаныма медет іздеп, айдалаға безіп кеттім, бірақ, жаным халқыммен бірге, – дейді. Елсізге бару себебім – хақиқат сырын іздедім, – дейді. Таудың тыныш бір қойнауында, оқшау үйге жазу үстелі мен кітапханасын ғана көшіріп алып, өз қажеттілігіне ат байлап, бие ұстап, қымыз ішіп, алаңсыз шығармашылықпен айналысқан кездерінде «Жалғыз досым – қағаз-қалам» деп мұңайған сәттері де болған» (М.Кемел. «Шәкәрімнің ар ілімі»).
ОЙМАҚТАЙ ОЙ
Иә, қоғамның «елден безіп», «жапанда жалғыз жатқандарды» түсінуі, қабылдауы қиын. Әйтсе де, бір нәрсе айқын:
Олар біздің әрқайсымыз секілді Ғайыптан келді.
Өмір мәнін іздеуімен тобырдан оқшау, Дара болды.
Өздері де сезбестен, кейінгілер үлгі, сөз қылатын Болашаққа жөнеп кетті.
Достарыңызбен бөлісу: |