Академиялық жазылымның ерекшелігі: 1) Ақпаратты беруде лексикалық бірліктердің орынды қолданылуы;
2) Жүйелілік;
3) Тақырыптың тұтастығы;
4) Арнайы етістік шақтарын қолдану;
5) Ғылыми стиль талаптарын сақтау.
Кез-келген оқырман қалауына орай түрлі жанрдағы мәтіндерді оқиды. Мәтіндердің түрлерін шартты түрде академиялық және академиялық емес деп 2 бөлуге болады:
Академиялық – рефераттар, баяндамалар, ғылыми мақалалар, оқулықтар, ғылыми пікірлер, авторефераттар, диссертациялар, ғылыми жобалар және т.б. осы бағытта жазылған жұмыстардың өз мақсатына және зерттеу әдісіне қарай құрылымдары мен жазылу жүйесі әр түрлі болады.
Жоғары оқу орындарында оқытылатын әрбір пәннің ғылыми бағытына қарай өзіндік зерттеу әдісі мен тілдік ерекшеліктері бар. Мысалы, экономикалық бағытта жазылатын оқу құралын алатын болсақ, оның негізгі мақсаты оқу үдерісіндегі жаңа терминдер мен ғылыми жайттарды мысалдар арқылы оқырмандарға түсіндіру.
Академиялық мәтін белгілі бір тақырыпты түсіндіруге бағытталған күрделі құрылымда жазылады. Академиялық бағытта жазылатын жұмыс ғылыми мәлімет беруге бағытталады.
Академиялық бағытта жазылған мәтіннің мынандай ерекшеліктері болады: Күрделі. Жазба тілі ауызекі тілге қарағанда біршама күрделі. Жазба тілінде күрделі сөйлемдер мен сөз тіркестері және лексикалық мағынасы терең сөздер кеңінен қолданылады.
Формалды.Академиялық жазылым барысында әр түрлі қысқарған сөздер мен диалект, жаргон және т.б. сияқты ауызекі сөйлеу барысында кездесетін сөздерді қолдануға болмайды.
Нақты. Академиялық хатта ақпаратты қолдану барысында нақты мәлімет беруге тырысыңыз. Мысалы, «көптеген адамдар» деген мәліметті қолданбай, оның орнына «50 адам» деп нақты санын көрсету қажет.
Обьективті. Академиялық бағытта жазылатын жұмыс субьективті пікір ұстанбауы тиіс. Яғни, біржақты немесе қандайда бір ұстанымды насихаттауға бағытталмауы тиіс. Жұмыстың мақсаты тек ғылыми негіздерге ғана сүйену арқылы тұжырым жасау болып табылады. Академиялық мәтінді оқу барысында оқырманды автордың не жасағаны емес, жұмыс бойынша не жасалғаны қызықтырады. Сондықтан «менің ойымша», «мен сенемін», «мен», «менің», «менікі» деген сөз тіркестері қолданылмағаны абзал.
Оқырман әдетте сілтеме жасалмаған ойды автордың пікірі ретінде қабылдап, бағалайды. Мысалы, «менің ойымша, бұл жақсы жазылған зерттеу жұмысы» деп көрсету қажет емес. Оның орнына «жақсы жазылған зерттеу жұмысы» деп жазған дұрыс. Оқырманға «сіз», «сен» деген сілтеу есімдіктерін қолданбаған дұрыс.
Шектеулі.Академиялық мәтін тақырыпқа байланысты мәселені ғана қамтуы тиіс. Тақырыптан ауытқу немесе зерттеу сұрағынан тыс ақпараттарды беру немесе жазу оқырман қызығушылығының жоғалуы мен жұмыс сапасының төмендеуіне алып келеді.