Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген және Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын, осы Кодекстің 462-бабында көрсетілген тауарларға акциздер салынады.
Төлеушілер
1. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетiн тауарлар шығаратын;
2) акцизделетін тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына импорттайтын;
3) Қазақстан Республикасының аумағында бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын көтерме, бөлшек саудада өткiзудi жүзеге асыратын;
4) Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұрын төленбеген, Қазақстан Республикасының аумағында тәркіленген, иесiз, мұрагерлiк құқығы бойынша мемлекетке өткен және мемлекет меншiгiне өтеусiз берiлген акцизделетін тауарларды өткiзудi жүзеге асыратын;
5) акцизделетін тауарларды жинауды (жинақтауды) жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар акциз төлеушілер болып табылады.
2. Кәсіпкерлік қызмет мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан акцизделетін тауарларды импорттайтын жеке тұлғалар да акциз төлеушілер болып табылады.