Ақкете Шернияз Жарылғасұлы



Дата07.01.2022
өлшемі98,5 Kb.
#18643



Ақкете Шернияз Жарылғасұлы
ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамы өзінің алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Ғасыр басында хандық билік жойылып, мемлекеттігімізден толық айырылып, басқарудың жаңа тәртібі енгізіліп жатты. Батыс пен солтүстік жақтан орыс мәдениетінің, сонымен қатар татар мәдениетінің, оңтүстік, оңтүстік-шығыстан теократиялық Орта Азия мемлекеттерінің қазақ қоғамына, мәдениетіне ықпалы күшейді. Жан-жақтан анталаған жаулардың мақсаты қазақ халқын өзіне құл ету, жерін, байлығын толық иеленіп, қолынан келсе, жер бетінен қазақ деген халықты жойып, құртуды көздеді.

Осы кезде халықтың мұң-зарын, ой-арманы мен мақсат-тілегін қорғаған азаттық күреске бел буып, талай ерлер қан майданда көз жұмды. Ту ұстап, қол бастаған батырлардың қан майданда төккен қаны еліміздің тәуелсіздігі үшін болған күресте қаншалықты қымбат болса, сол секілді халықтың тарихи жадын, дүниетанымын қалыптастыруда, елдік сананы насихаттауда үлкен тер төккен билер мен әулиелердің, шешендердің, жыраулар мен ақындардың рөлі зор болды.

Қазақтың азаттық алу жолындағы күресінде үлкен еңбек сіңірген тұлғалардың бірі ХІХ ғасырда өмір сүрген Кете тайпасынан шыққан Шернияз би Жарылғасұлы.

Шернияз бидің нақтылы өмір сүрген уақыты 1807-1867 жылдар делінеді1. Бұл мәселе турасында әдебиетшілер арасында пікір қайшылығы бар. Оған әзір тоқталып жатпай, Шернияз жайлы деректерге шолу жасаймыз.

Шернияз туралы деректерді екі топқа бөлуімізге болады. Бірінші топқа – Шернияз айтыпты деген ел аузында сақталған әртүрлі өлеңдер, шешендік сөздер. Екінші топқа – Шернияз жайлы нақтылы жазылып, мұрағаттарда сақталған орыс деректерін жатқызуға болады. Шернияздың Тамалармен айтысып, Баймағамбет сұлтанның алдында жер дауын жеңіп шығуы жайлы бір деректі 1943 жылы Еламанов Амандық деген кісіден Үмітбаев жазып алған2. Құжатта Еламанов Амандық ақсақалдың жасы 77-де деп көрсетілген. Сонда мәлімет беруші ақсақал 1866 жылдары туылған. Яғни, Шернияз туралы көп әңгімелерді Шерниязды көрген-білген кісілердің аузынан естіген. Сондықтан құжат мәліметтері көңіл аударуға тұрарлық. Осы қордағы 7-ші папкіде Шернияздың шығу-тегі, өмірі, өлеңдері турасында құнды мәліметтер бар. Фондыға мәліметтерді 1941 жылы латын, орыс әрпіне өңдеп тапсырған Ғабитова Фатима3. Осы папкіде 1926 жылы жазылған Ілияс Жансүгіровтың Шернияз туралы мақаласы бар. Жалпы Орталық мұрағат қорында сақталған деректерді әр уақытта әртүрлі кісілер жинап әкеліп тапсырған. Ел аузынан жиналған бұл деректерден Шернияз туралы қандай мәліметтер алуға болады. Ең алдымен Шернияздың өлеңдері мен терме сөздерін әр өңірдегі ақындардың түрліше баяндайтынын көреміз. Екіншіден, ақын әрі би Шернияздың шығу-тегі туралы құнды мәліметтер бар. Үшіншіден, Шернияздың атағы бүкіл қазақ даласына кең таралып кеткендігі. Оның өскен ортасы, шығу тегі жайлы аздап болса да мәліметтер кездеседі.

Деректердің осы тобына жататын тағы бір мәліметтер легін М.Ж.Көпеевтің, Нұртуған жыраудың, Омарбек, Алыш ақындар нұсқасы құрайды4. Бұл нұсқалардың барлығын әдебиет зерттеушілері өз еңбектерінде пайдаланған. Біз де өз зерттеуіміз жан-жақты, объективті болуы үшін бұл деректерді және зерттеушілердің пікірлерін қосып пайдаланатын боламыз.

Деректердің екінші тобын орыс архивтеріндегі мәліметтер құрайды. Ол құжаттардан Шернияздың нақтылы қай жылы туылғандығын, оның тұлғалық портреті туралы мәліметтер аламыз5.

Шернияз бидің артында қалдырған мұрасын жинақтап, шығармашылық жұмысына талдау жасаған зерттеушілер біршама. М.Әуезов, Х.Досмұхамедов, С.Мұқановтар Шернияздың шығармаларына талдау жасай келіп, «Зар заман» кезеңіндегі ақындардың қатарына жатқызады6. Осы үш автордың ішінде Шерниязға арнайы тоқталып, зерттегені С.Мұқанов пен Х.Досмұхамедұлы. М.Әуезов тұтас бір кезеңді қамтыған қазақ халқының мұңды да ащы зарын білдіретін «Зар заман» кезеңіндегі ақындардың, жыраулардың қатарында қарастырған. С.Мұқанов Шернияздың шығу-тегі мен өмір жолы жайлы, оның шығармаларының бүгінгі күнге қалай сақталып жеткендігін баяндайды. Шернияз ақынның айтқан өлеңдерін, әр өңірдің ақындары өзгертіп айтатындығын және сонша кең таралғандығына таң қалған7. С. Мұқановтың еңбегінен Шернияздың нақтылы өмір сүрген жылдары жөніндегі пікірді кездестіре алмадық. Тек оның ХІХ ғасырдың 70-жылдарының шамасында қайтыс болғандығын айтады.

Кеңестік дәуір әдебиетшілері арасында Шернияз Жарылғасұлы жайлы зерттеулер онан ары жалғасын тапты. Халық өміріндегі барлық құбылыстарға таптық тұрғыдан қарау көптеген ақындардың есімін ұмыттыруға алып келсе, Шернияздың тағдыры басқаша болды.

Шернияздың шығармашылық жолына, өміріне қатысты зерттеу тоқтаған жоқ. Х.Сүйіншәлиев, Қ.Жұмалиев, Қ.Мұқамедхановтар Шерниязға арнайы тоқталып, мақалалар жазса, Шернияздың мұрасы «Бес ғасыр жырлайды», «Үш ғасыр жырлайды» атты жинақтарға енді8.

Әдебиетшілердің еңбектерін оқып, саралай келе, зерттеулердің мынадай бағыттар бойынша жүргенін анықтадық. 1) Шернияз Исатай, Махамбет көтерілісіне қатысқан ақын, 2) Ол халықтың мұң-зарын билеушілерді аямай әшкерелеп, тілдеуі арқылы кек алушы, 3) Шернияз импровизатор, ақын, 4) Шернияздың өмір сүрген жылдарын анықтау, 5) Шернияз өмірінің екінші кезеңі Баймағамбет сұлтанмен бірге өткен. Зерттеушілер қамтыған бұл мәселелердің кейбірі бүгінгі күнде өзінің өзектілігін жоғалтқан. Әсіресе, Шернияздың өмір сүрген кезеңіне қатысты пікірлері. Еңбектердің бәрінде Шерниязды 1817 жылы дүниеге келіп, 1881 жылы қайтыс болған делінеді9. Алғы сөзін М.Мағауин жазған «Бес ғасыр жырлайды» жинағында ғана Шернияздың өмір сүрген кезеңі дұрыс көрсетілген10. Олай дейтініміз, орыс жазба деректерінде Шернияз туралы мынадай құнды мәлімет сақталған: «1856 жылғы ерекше тапсырмалар атқарушы орыс шенеунігі В.М. Лазаревский Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасына донесение жазады. Донесение Кете руындағы ықпалды билер туралы. Сол құжатта Ярлыкашев «Ширнияз мулла, бий, 42 лет», - деп береді11. 1850 жылғы құжатта Шернияздың жасы 42-де екендігі нақтылы көрсетілген. Ал ел аузында сақталған ауызша мәліметтер бойынша 1807 жылдар. Бір жыл, екі жыл кейде қате бола береді. Нақтылы туған жылы 1807 жыл екендігін анықтадық. Енді қайтыс болған уақытына байланысты датаға тоқталайық. 1881 жыл қайтыс болды дейтін авторлар 1882 жылы Орынбор қаласында Баламырзаның Нұрымға айтқан өлеңіне сілтеме жасайды. Ол өлеңде:

«Менің ағам Шернияз

Дабылы жерді жарулы,

Алты алашқа танулы,

Сөйлей қалған кәдімгі

Тірідегі дабысы

Талай жерге барулы

Сан азамат жиналса,

Басын топқа салулы,

Шайыр туған Шенекең

Бүгінде демі бітіп қалуы»12.

Осы өлеңге сүйенген зерттеушілер Шерниязды 1881 жылы қайтыс болған деп уәж айтады13. 1867-1868 жылғы уақытша Ереже қазақ даласында халықтың наразылығын тудырғаны белгілі. Әсіресе, батыс өңірде ірі-ірі көтеріліс ошақтары тұтанды. Осы оқиғалардың ешбірінде Шернияздың есімі аталмайды. Исатай көтерілісі кезінде делебесі қозып, байыз тауып отыра алмаған Шернияз бидің 1867-68 жылғы азаттық көтерілістерге қосылмай, қалыс қалуы мүмкін емес. Сондықтан 1867 жылдары қайтыс болды деген нұсқаны дұрыс болар деп есептейміз14.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін зерттеушілердің басым көпшілігі кеңестік дәуір тұсында зерттелмей, мұралары еленбей қалған ақын-жырауларды зерттеуді қолға алды. Бұл заңды құбылыс болатын. Шернияз туралы жаңаша тұрғыдан зерттеу жүргізу кенжелеп қалды. Әйтсе де «Зар заман поэзиясын» жан-жақты тұрғыдан зерттеп, талдау жасаған Б.Омаров Шерниязға қатысты өзінің зерттеулерінде біршама тоқталып өтті. Б.Омаров Шернияз ақынның шығармашылығы зар-замандық сарындардан аулақтау екендігін айта кеткенді жөн санаймыз, - деп өз ойын қорытындылайды15.

Шернияздың өлеңдері Орысбай Әбділдәұлы құрастырған «Дау шешеді дана сөз» атты жинақта және «Қазақ әдебиеті энциклопедиясында» шағын мақала түрінда мәлімет беріледі16. Аталған еңбектер Шернияздың 1807 жылы туылып, 1867 жылы қайтыс болды деген пікірді дәлелдей түседі.

Әдебиет тарихын зерттеушілер Шернияздың ақын, ақын болғанда да суырып салма айту өнерін барынша дамытқан, юморист ақын екендігін, өз еңбектерінде барынша жан-жақты қырынан көрсетіп берді. Сонымен қатар оның шығармаларын талдап, ақын ретіндегі қызметіне тиісті бағаларын бере білді. Біздің алдымызға қойып отырған мақсатымыз – Шернияздың шығу-тегін анықтап, оның би ретіндегі және рухани тұлға ретіндегі тұлғалық бейнесін сол дәуірмен байланыстыра отырып баяндамақшымыз.

Шернияз 1807 жылы қазіргі Ақтөбе облысы, Ойыл ауданында дүниеге келген. Мұрағатта сақталған дерек көздеріне қарағанда, Шернияздың әкесі Жарылғас би болған, атасы Жаман есепші, әрі ақын делінеді. Арғы атасы Малай діндар, молда, саудаға жақын адам екен17. Бұл деректі Ғабитова Фатима әкеліп тапсырған.

Алаштың ардақтысы Халел Досмұхамедұлы Шернияз шешен, Шернияз кім? деген тақырыпта зерттеулер жүргізген. Осы зерттеуінде Х.Досмұхамедұлы Шернияздың шығу-тегі туралы былай дейді: «Шернияздың әкесі Жарылғас, Жарылғастың әкесі Елде батыр. Елденің әкесі Жаман батыр, Жаманның әкесі Малай, Малайдың әкесі Сарымбет, Сарымбеттің әкесі Айдар. Шернияздың қай жылы туып, қай жылы өлгенін анық білмеймін. Дегенмен түрлі оқиғаларды салыстырып қарағанда, өткен әсірдің жетпісінші жылдарында қартайып өлсе керек»18. Орыс деректерінде Шернияздың Кете руынан, оның ішінде Айдар бөлімі, Малай бөлімшесі екендігі айтылады19. Біздің қарастырып отырған екі мәселенің басы ашылды. Біріншіден, Шернияздың шығу-тегі анықталды, екіншіден, өмір сүрген уақыты жөніндегі пікірімізді қуаттай түсті. Кете шежіресі бойынша Шернияздың шығу-тегін анықтай алмадық.

Кете руынан, оның ішінде Айдар бөлімі, Малай бөлімшесінен екендігі айтылады20. Бізге белгілісі, Кете тайпасы ірі-ірі үш бөлімге жіктеледі: 1) Ақ кете, 2) Қара кете, 3) Ожырай кете. Шернияз Ақ кете руы Айдар бөлімі, Малай бөлімшесіне жатады.

Шернияз тек қана ақын емес, өз елінің қабырғалы билерінің бірі, әрі оқығаны бар үлкен ілім иесі, молда болған. Өйткені, жоғарыда айттық, әкесі Жарылғас би болса, арғы атасы Жаман есепші, ақын, әрі батыр. Шернияздың шыққан тегі, арғы бабалары осал адамдар болмағандығы жайлы ел аузында көптеген әңгімелер сақталған. Сондай әңгімелердің бірінде Жаманды хан шақыртып алып, қыс қашан кетеді депті. Жаман тұрып, екі есепшің Бақа мен Шақа не дейді? – деп сұрапты. Сонда хан: Кетеді деп Бақа айтты, кетпейді деп Шақа айты. Екеуі ерегісіп, күнді қақайтты. Жаман: жылым бүгін, қарым ертең кетеді. Сал қимылыңды. Хан: жұтқа ұшырап, қысылып отырса керек, жылың бүгін келіп, қарың ертең кетсе, қалы кілем жабылған қара нар аласың. Екі есепшісі: Бұйдасын тартып жетелесең де, желіңді тартып келтіре алмассың. Жаман: Қайтпас қара желімді алдынан алтын бақанмен тіресең де тоқтата алмассың депі. Хан тай сойдырып, пісіріп жеп бола берген кезде іргеден су кіре бастаған екен. Жаман: ханда екі сөйлеу жоқ деп, қалы кілемді көтеріп суырып алыпты. Есеп айтарда 3 жыл бұрын көлді ойып қойып, тәжірибелеп сынап айтқан», - делінеді21. Ал әкесі Жарылғас би болған. Осындай текті жерден шықан Шернияз жас кезінен ауыл молдасынан оқып, хат таниды22. Ол хат танып қана қоймай, аталы сөздерді жаттап, ел шежіресін біліп өседі. Х.Досмұхамедұлы өзінің зерттеуінде: «Көкей молда Жарылғасты да, Шерниязды да молда еді. Шернияздың шариғатқа жетік екендігі сөзінен байқалған еді»23, - деи жазады.

Орталық мұрағат қорындағы құжаттар Шернияздың 8-9 жасында-ақ сөйлескен адамын жыға сөйлейтін шешендігімен көзге түсе бастағаны туралы айтады. Ол оқиға былайша өрбіген: «Бір күні бір топ бала ойнап жатады, үстіне екі атты жолаушы келсе балалар жабыла сәлем беріпті. Шернияз үндемей асығымен ойнай беріпті, жолаушылар баланы сөйлетпек үшін сен неге сәлем бермейсің десе: бала сен ордаға неге сәлем бермейсің, ордадан үлкенбісің дейді.

Жолаушылар салып кетейін бе. Шернияз салып кетсең жылдам барасың, жолаушы: қойып кетейін бе. Қойып кетсең қайтарда алып кетерсің. Жолаушы: қу екенсің, бала қу болсам жұмыртқамды жерсің деп жолаушыларды жығып сөйлетпепті»24.

Шернияздың өскен ортасы, жастық шағы туралы азғантай ғана дерек мағлұматтары осылай дейді. Ал енді Шернияздың шығу тегі жайлы айтқан өлеңіне тоқталайық.

Жаз жайлауым сұрасаң,

Арқаның алыс даласы,

Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз,

Қобда, Електің арасы.

Қыс қыстауым сұрасаң

Ақ теңіздің жағасы.

Үйшікке жақын аулымыз,

Ара қонып келеді,

Базарға кеткен қалашы.

Ұранымыз Майлыбай,

Руымыз ақ кете,

Өзім атым Шернияз

Жарылғас бидің баласы, - деп жырлайды.

Орыс деректері Шернияздың айтқан өлеңі рас екендігін көрсетеді. Біз алдыңғы беттерде айтып кеткен донесениеде Шернияздың руы мен жаз уақытында Ойыл, Қиыл өзендері мен Үлкен және Кіші Қобда, Елек пен Шыңғырлау бойында көшіп қонатындығын. Қыс уақытын Тайсойған немесе Ойыл өзені жағалауындағы қыстауларда қыстап шығатындығы көрсетілген25. Біздің бұл мәселеге шұқшия тоқталып отыруымыздың өзіндік себебі бар. зерттеушілердің көпшілігі Шерниязды 20 жасында Исатай мен Махамбеттің дабысын естіп, іздеп келіп, көтеріліске қосылған дейді26.

Нұртуған жыраудың «Ақкете Шернияз» дастанында Шернияздың Исатайды қалай іздеп барғандығын суреттеп жазады27. Біздің ойымызша, Шернияз Исатайдың өзі іздеп бармаған. Бәрімізге белгілі Исатай, Махамбет көтерілісі Ішкі Бөкей ордасында басталып, екі кезеңнен тұратындығы. Бірінші кезеңде Ішкі Бөкей ордасында Исатай әскері жеңіліп, Жайықтың сол жақ жағалауына өтіп, алты ата Әлімдер отырған жаққа келуімен екінші кезеңнің басталуы. Олай дейтініміз, көтерілістің екінші кезеңдегі барлық оқиғалар жаңағы біз айтып отырған Шернияздың елі Кетелердің жерінде өрістеді. Шернияз Исатай мен Махамбеттің ерлігіне сүйеніп, соларды қолдаушылардың қатарына қосылған. Екінші уәжіміз. Исатай көтерілісін зерттеушілер бірінші кезеңде қай рудың билері қолданғандығын құжаттар негізінде анықтаған. Қолдаған рубасылардың қатарында Шернияздың есімі аталмайды. Бұл кезде әлі Шернияз рубасы деңгейіне көтеріле алмады деушілер болуы да мүмкін. Сондықтан Шернияздың аты аталмай қалуы заңды деп. Біз бұл пікірдің де жаны барлығын ескереміз. Дегенмен біздің пікірімізше, Шернияз көтерілістің екінші кезеңінде барып қосылды деген пікірі қисынды көрінеді. Бұл мәселе жайында Х.Досмұхамедұлы: «Шернияз Исатайдың жорығында болуы рас. Шернияз туралы, Исатай туралы әңгімелер қазақтың қай жерінде де бар. Көтерілістің екінші дәуірінде Исатайға ерген елдің көбі Әлім еді. Кете де тегіс Исатайға ерген. Исатай өлетін соңғы соғысы да Кетенің жерінде болған, Қиылдың бойы»28.

Шернияз жас кезінде Бекет әулиенің алдын көрген шәкірт болған. ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басында Батыс өңірінде Бекет әулиенің ықпалы өте күшті болды. Бекет баба шәкірттер тәрбиелейтін бірнеше мешіт-медреселер ашты. Ол кезде шәкірттердің тізімін алып отыру дәстүрі қалыптаспағандықтан, Бекет әулие салдырған медреселерде көптеген біздің ақын-жырау, би-шешендеріміз оқығандығы туралы ауызша әңгімелерде жиі айтылады.

Зерттеушілердің көпшілігі Исатай көтерілісі жеңіліспен аяқталғаннан кейін Шернияздың Баймағамбет сұлтан алдына барғандығын сан-саққа жүгіртіп айтады. Біздің ойымызша, Нұртуған жыраудың «Ақ кете Шернияз» дастанындағы оқиға баяны дұрыс секілді. Шернияз шешен Баймағамбетті өзі іздеп келеді. Баймағамбеттің алдына келгендегі Шернияздың айтқан сөздері мен өлеңдеріне тоқталып жатпаймыз. Өйткені, ол жайында өте көп айтылды. Оның үстіне Шернияз Баймағамбеттің қасында екі-үш жылдай ғана еріп жүрген. Біз осы арада Шернияздың шешендік қырына тоқтала кетсек. Әлішер Тоқмағамбетов халық Шерниязды «Шернияз шешенім» деп ардақтайды. Шернияз дүлдүл шешен еді. Ол – халық атынан сөйлейтін, халықтың көкейіндегі аталы сөзді айта білетін, жауға сөзбен шабуыл жасайтын, жермен-жексен ете соққы беретін халықтан шыққан саңлақ еді.

Исатай мен Махамбет бастаған халық көтерілісі – Шернияздың шешендігіне кең өріс берді, даңқы өсті29. Шернияз сөзді тауып сөйлейтін, ойы шалт қимылдайтын сөзге өткір шешен болған. Оның тілінің өткірлігін білетін Баймағамбет сұлтан өзінің сенімді адамдарының бірі қылғысы келген.

Шернияздың даңғайыр шешен болғандығын мұрағатта сақталған мәліметтер растайды. Баймағамбеттің алдына барғанда айтқан сөздерінің өзі неге тұрады. Хан аулында болған мына бір оқиға Шернияздың ешкімнен тайсалмайтын, айтар сөзін, ойын жасырмай айтып салатын өткір би болғандығын көрсетеді.

«Баймағамбет: күрлеп хандығы жүріп тұрған кезінде: елден сиязға хан аулына барған, мырза, сардар билер: ханмен бірге шай ішіп отырыпты. Баймағамбет: билерге қарап, мырза билердің түсі қара, тісі ақ болатыны несі екен дейді.

Билер: біріне бірі қарап үндемейді; сонда Шернияз жас жігіт жаңа атқа мініп қатарға қосылайын деп жүрген кезі, босағада отырып тақсыр рұқсат болса жауабын біз айтар едік деді. Хан лұқсат берді. Мырза, билер: малға мас болып, қатыныңды 3-тен, 4-тен алады, сиез іздеп ханға сәлемге деп ай, жыл жүріп жолаушылар қайтады. Жеңгелеріміз ер сағынып, есігіңде жүрген құлмен шатасып тұқымы шалысып, түсі қара, тісі ақ болып туады.

Билер: қызарып, хан қарық, қарық күледі.

Күлкі тоқтағанда, құданың бір ісіне таңданамын. Лұқсат болса айтар едім деді. Хан: айтшы лұқсаттан соң.

Ханзадалардың баласы жүзі сары көзі көк болып туады, ел аралап сиез құрып дау бітіріп ай, жыл жүреді. Патшадан ханға бұйрық, қат-қабар әкелген патшаның елшілері ханды күтіп көп жатады. Қатын да ерсіреп, оңашада орыспен араласып. Тұқымы шалысып көзі көк болады ма деймін дегенде, аузын басып, жағың суырылсын, сұмырайдың тұқымы деп шынтақтап жата кетіпті. Үй сыртындағы тыңдап тұрғандар күлкіге қарық болыпты»30, - дейді. Ел арасында әңгімелерге қарағанда, Шернияз Мұрат секілді салынып айтатын ақын болмаған. Тапқыр, сөзге тарылмайтын, тез жауап бергіш, мысқылдауға, сықақтауға шебер, аузынан шыққан сөздің бәрі биік, тақпақ сөзге өте жүйрік шешен болған. Ел арасында Шерниязды ақын демейді, шешен деп айтады, бұл Х.Досмұхамедұлының Шернияз туралы айтқан пікірі31.

Қ.Жұмалиев өзінің зерттеуінде Шернияз бен Махамбет екеуі көтеріліс басталғаннан кейін де ұзақ уақыт дос-жаран болып араласып жүргендігін тілге тиек етеді32. Көтеріліс басылып, Исатай өлгеннен кейін Шернияз Махамбетпен бірге 1838-1839 жылдары Хиуада жүргенге ұқсайды. Шернияз туралы қолжазбалардың бірінде: «Кете Шернияз ақын Хиуа жұртына барып, бірер жыл жүріп, еліне қайтыпты. Жаздың айы екен, аулына ара күндік жер қалғанда, кешке бір байдың үйіне сөйлес етіпті. Бір жігіт шығып, қондырғысы келмей, әр нәрсені бір сылтауратып сұрай беріпті. Шернияз оның ниетін сезіп мына сөзді айтыпты.

Руымды сұрасаң,

Жетірудың баласы;

Жаз жайлауым сұрасаң,

Тайсойған, Бүйрек арасы,

Қыс қыстауым сұрасаң,

Жем, Сағыздың саласы.

Жер шамасын сұрасаң,

Ара қонып келеді

Жүк салған жолмен қалашы.

Өзімнің атым – Шернияз».
Зерттеушілердің көпшілігі Шернияздың өзі туралы шығарған өлеңі Хиуадан келе жатқанда шыққан деген пікірде. Махамбет пен Шернияздың дос адамдар ретінде аралас-құралас болғандығын көрсететін бағалы деректің бірінде былай делінеді: «Мұнан басқа және бір ел аңызында Махамбетті ұстауға Баймағамбет сұлтан бір бөлек адамдарды аттандырады. Оның ішінде Шернияз да бар екен. Іздеп келе жатқан отрядқа Махамбет қарсы шығады. Шернияз Махамбетті алыстан танып, әнімен хауіпті білдіріп, бетін басқа жаққа бұрады, сөйтіп, Махамбеттің ол жолы ұсталудан аман қалуына себепші болады. Бұл да, жоғарғы тәрізді, екеуінің араларындағы достық қатынастың үзілмегенін растайды33.

Шернияздың би атануы көтерілістен кейінгі оқиға секілді. Шернияздың даңқы тарала бастауы осы кез. Қалай болғанда да Шернияз би болып Кетелердің, оның ішінде Малай атасының сөзін ұстаған. Оның тамалармен арадағы жер дауында, Байбақты Сырым бидің баласы Қазы биге айтқан сөздері ел ұстаған би болғандығын көрсетеді34. Шернияз жай ғана би болып қоймай, Баймағамбет сұлтанның алдында халық тілегін жеткізіп, елдің мұң-мұқтажын түгендеп отырған. Махамбет пен арадағы достықтары үзілмей жалғастырумен қатар Шернияз Исатай ауылымен Баймағамбет сұлтанның арасын бітістіріп, жарастырған. Нұртуған жыраудың дастанында Исатай ауылына келген Баймағамбетті Шернияздың сөзден қалай тосқандығын жақсы суреттеген35. Баймағамбет сұлтан Шерниязға ырза болып, Исатайдың жесірін өз алдына ауыл қылып жіберген дейді жырда. Дегенмен бұл мәселе турасында зерттеушілері тарапынан пікірлер таба алмадық. Кеңестік дәуірде сұлтандар мен хан тұқымдарын барынша қаралау дәстүрі орын алғанын ескерсек, Нұртуған жыраудың дастанында айтылатын бұл оқиға назардан тыс қалуы заңды құбылыс. Әлі де болса кейінгі буын зерттеушілері тереңдете зерттей жатар деген ойдамыз.

Шернияздың халық арасындағы ықпалы күштілігін білетін патша әкімшілігі онымен жақын болуды көздеген. Патша әкімшілігінің қазақ даласында жүргізген жымысқы саясаттарының бірі би, батырларды, сұлтандарды сый-сияпат беріп, алдау болды. Сый-сияпат беру арқылы өздеріне қарсы шықпауларын, ел арасында орыстар жайлы жағымды пікірлер таратуларын ойлады. Осы мақсат негізінде Шерниязды әулие Анна лентасымен марапаттаған.

Орыс деректерінде Кетеден шыққан ықпалды билердің тізімі берілген. Сонымен қатар ол билердің жеке басына қатысты мәліметтер қоса берілген. Осы тізімде Шернияз би сегізінші реттік санмен тұр. Енді осы құжаттағы мәліметтермен таныстырып өтелік. «Жарылғасов Шернияз молда, би 42 жаста. Әлімұлы бірлестігіне атақты ғұлама молдалығымен танымал ықпалды кісінің ұрпағы. Бір әйелі төрт баласы бар. Тұрмысы орташа. Ақылды, өте қабілетті және (татарша) жақсы сауатты, шешен. Батыс өлкеде оны халық ең алдымен импровизатор ретінде мойындайды: шығарған өлеңдері халық арасына кең таралып, жиі айтылатын әнге айналған. Әрі қарата Шернияздың жеке басына қатысты қасиеттерін баяндайды. Патша әкімшілігі оның адалдығына баса мән берген. Кімді болса да сендіріп сөйлей алатындығымен, руластары арасында күшті ықпалға ие. Патша әкімшілігіне шын беріліп қызмет етеді. Шын беріліп қызмет етуіне орай әскери губернатордың рұқсаты бойынша шекара бастығы мөрі бар үлкен алтын сақина және күміс 30 рубль ақша сыйлаған. Сот алдында тексеру де болмаған, тағы да басқа жаман қылықтарын байқамадым»36. Ал ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунік Лазаревтің жаңадан тағайындалған М.В. Ладыженскийге жазған донесениесі. Лазарев осы донесениесінде мұнымен қоймай, екінші рет Шернияз туралы мәлімет береді. «Кете руы, Айдар бөлімшесінің биі, молда Шернияз Жарылғасов күміс медальді Анна лентасымен марапатталған.

Жарылғасов Кете мен Ожырай руларына қатысты тапсырмаларды орындауда Жақсы дайындығымен және жақсы орындалуына көмегін тигізді. Ол Ордадағы өте ақылды және сауатты адамдардың бірі, сонымен қатар Әлімұлы тайпасындағы билердің ішіндегі ең сыйлысы. Үкіметке адал және шын берілген»37, - дейді орыс құжаттары.

Бұл құжат Шернияздың би ретіндегі Әлімұлы бірлестігіндегі ықпалды билердің бірі болғандығын көрсетеді. Тағы бір маңыздылығы Шернияздың қызметті адал орындайтындығына баса мән берулері. Шернияздың Баймағамбет сұлтанның ордасындағы билер кеңесіндегі ықпалы зор болғандығын ел аузында сақталған әңгімелер де растайды. Алдыңғы беттегі әңгімелеу біздің сөзіміздің дұрыстығын дәлелдейді38. Тағы бір әңгімелерде Баймағамбет сұлтанның үйіндегі жиналған билер шайға қанбай іше беріпті. Шайдың жаңа келіп жатқан кезі екен. Қулықпен ішпесін деп, құйып отырған ханның қызы: сыпайынікі үш-үштен артса күш дейді. Билер біріне бірі қарап, шыныаяқты төңкере бастағанда Шернияз: сыпайынікі тоғыз-тоғыздан ішпесе доңыз деп қанғанша ішіпті39, - делінеді.

Шернияз жас күнінде Адайдан шыққан Абыл ақынмен кездескендігі туралы ел аузында әңгіме сақталған. Ол оқиғаны айтушылар сан-саққа жүгіртеді. Біреулері Абыл Шернияздың даңқын есітіп іздеп келіпті десе, екіншілері Шернияз Абылды іздеп барған дейді. Екеуінің кездескен жерде тіл қатысқандағы айтқан сөздерінен үзінділер де бар. Бұл Шернияздың өмір жолындағы маңызды кездесулердің бірі болған тәрізді.

Жоғарыда аталған құжатта Шерниязды би әрі молда ретінде екі жерде атайды. Атап қана қоймай, оның өте сауатты, әрі ақылды, ізденгіш екендігін айтады. Әкесі Жарылғастың да Әлімұлы тайпасындағы ғұламалығымен аты шыққан молда дейді. Ал халық арасындағы әңгімелерде Шернияздың діндар, молда болғандығынан хабар беретін бірнеше әңгімелер бар. Орталық мұрағатта сақталған Шернияз ақынның шығармаларынан үзінді келтірелік.

Бір байдың сәлік қатыны, бір табақ ет пісіріп әкеліп, молда қайнағам, кәдірлі итім ауырып жүр еді, соған тұмар берші дейді. Шернияз үндеместен қағаз жаза бастайды: итің, итің, итіңе, иттің жүні бетіңе. Итке дауа жоқ еді, бала бердім етіңе40. Шернияз жай молданың бірі емес, тұмар жазып беретін болған. Халық одан ақыл-кеңес сұрап отыратын. Молда дегенде біздің қазақ халқы сақал-мұрт қойған, түсі суық дүмше адамды елестетеді. Олай болу себебі, атеистік кеңес дәуірінде жүргізген «дін апиын» саясатының жемісі. Діндарлардың бәрін керітартпа, дүмше қылып көрсету кең қолданысқа енді. ХІХ ғасырда қазақ даласында ислам дінінің барлық негізгі шарттарын орындайтын рухани тұлғалар өте көп болды. Тұлғалар ғана емес, жалпы халық діннің қасаң қағидаларын мойындамай, негізгі рухани принциптерін ұстанды. Зерттеушілердің назарынан тыс қалып қойған мәселе қоғамдағы әулиелердің, дін адамдарының ықпалы мен рөлі. Халқымыздың ерекшелігі сонда, дін шарттарын күнделікті әдетке айналдырып жіберген. Салтымыз, әдет-ғұрыптарымыз, дәстүр, бәрінің түбінде рухани құндылықтардың түбінде қасиетті ислам діні жатыр.

Бірде табын Түйеші ақын молданың ауылына барып, құман сұрап дәрет алады. Құман әкеліп отырып, түйеші: Шернияз жұмақтың кілтіне тоғыз кісі ие болады. Білсең солар кім, тоқталмастан айтшы дейді.

Шернияз: Атың кім, Түйеші дейді, онда түйе түгілі бұзауға да ие бола алмассың, несіне қорқасың, кілтті берсе екеуміз ие болармыз депті. Әңгіменің астарына үңілсек, қатып қалған догмаға берілудің қажеті жоқ. Діндегі көп нәрселердің шартты екендігіне меңзейді. Шернияздың артында қалдырған бізге белгілі мұрасы онша көп емес. Сол азғантай өлеңдерінің өзі Шернияздың үлкен ілім иесі болғандығынан хабар береді. Оның «Ай жігіттер, жігіттер» немесе «Жиырма бес жас» деген толғаулары ел бірлігін, рухани тұтастықты сақтауға арналған. Сонымен қатар Шернияздың бұл өсиетін оқып отырып жаратылыс жайлы пікірлеріне ерекше бас иесің. Шернияздың өлеңі Әбубәкір Кердері, Мәшһүр Жүсіп және Шәкәрім Құдайбердіұлының сөздерімен үндес келеді.

Шернияз мұрасын зерттеген Сүйіншәлиев мынадай ой айтады. Шернияз айтыпты дейтін сөздер, терме, толғаулар елдерде өте көп. Бірақ олар жиналмай жүр. Осындай ел аузындағы толғаудың бірі «Шернияз батасы» деп аталады. Ол төмендегідей:

Қонса қоныс бермейді сай дегенің.

Мінсе мініс бермейді тай дегенің,

Үйіне қонақ қондырмас бай дегенің,

Ішкен тамақ болмайды шай дегенің,

Осы шайды шығарған қай дегенің?

Тыңдап отыр сөзімді бай дегенім.

Құрып қап па осы үйде май дегенің.

Бата берем, қолыңды жай дегенім.

Аспанда қаңқылдар қаз дегенің,

Бұндай бата бере алмас баз дегенің,

Осы батам сендерге сөз дегенім.

Түспейін деп айтып ем,

Ұры ит құсап жылмаңдап,

Түспесіме қоймады таз дегенің.

Бата берген Шернияз, қолыңды жай дегенім.

Бұл ел аралап жүріп, қонған үйінің сыйлығына разы болмай айтқан сөзі көрінеді. Үй иесі құр шайдан басқа тағам бермейді. Оның үстіне қонақтар аттанарда үй иесі келіп, балалар кім болдыңдар, бата беріп аттаныңдар деп мазасына тиеді. Сонда Шернияз осы өлеңді айтады.

Осы Шернияз батасын кейбіреулер басқаша да айтады. Біздіңше, дұрысы осы нұсқа болса керек. Бұл термені де біз Сүйінбекұлы Оразғалидан жазып алдық.

Мұрағатта сақталған құжаттардың бірінде Кетеден шыққан Балмырза мен Нұрым жыраудың арасындағы сөз қағыстары жайлы дерек сақталған. Сол деректе:

Атамыз молда Жарылқас

Тіл бәйгесін бермеген

Шайтандық жолға ермеген,

Елде атамды сұрасаң,

Қиғаштап келген жауды алған

Тілділігін сұрасаң,

Тізелессе дауды алған

Билігін оның сұрасаң

Үшата болып бас қосып,

Жалғыз ауыз сөз айтса

Уәдесі халықтың байланған

Солайша өткен пенде екен

Елденің ұлы Жарылғас

Майлыбайға қазы екен

Ала қағаз аударған

Ерлігі мен билігі

Дүйім жұртқа тыңдалған.

Менің ағам Шернияз

Алты алашқа танулы

Дабылы жерді жарулы41.

Деректе үш таңбалы Кетеге бабалары Жарылғас, Жаман билердің билік қылғандығын айтады. Әсіресе, ерекше назар аударатын тұсы Жарылғас бидің Майлыбайға қазы екен, ала қағаз аударған дейтін жері. Кеңестік дәуір зерттеушісі Н.С. Смирнова қазақ қоғамындағы діннің орны туралы мақала жазады. Онда қазақ қоғамына дін иелерінің онша ықпалы болмағандығын, қазақ даласына келген орыс саяхатшыларының еңбектеріндегі деректерге сүйеніп негіздейді. Дін адамдары жазба ісімен айналысты42, - деген пікірді айтады. Қазақ қоғамының этникалық мәселелеріне жетік М.Әуезов болса «қазақ даласында кез-келген адамдардың еркін жүруінің себебі, дін иелерінің беретін рұқсатының нәтижесі», - дейді43.

Шернияздың әкесі Жарылғас би қызметінің бір қыры осылай ашылады. Шернияз шешен, би, молда ғана емес, ол елінің шежіресінің білгірі. Халықтың тарихи жадын жаңғыртып, жаңғыртушы, қазақ сөз өнерін әсіресе, шешендік өнерді биік деңгейге көтерген.

Х.Досмұхамедұлы: «Шернияздың сөзі көп, бірақ осы күнге дейін жиылған жоқ. Шернияз заманындағы Жиренше шешен болған. Шернияз сөздерінің көбісі бүгінде жойылды десе болғандай. Ізденсе елден не Баймағамбет сұлтанға адамдардың тұқымынан жалғыз-жарым сөздері әлде де табылар еді»44, - деген. Орталық мұрағат қорында аздап болса сақталып тұрған мәліметтер сол елдің айтып жүрген әңгімелері.

Шернияз өмірінің соңғы кезеңі туралы мәліметтер жоқ. Артында тұяқ қалғанын да біле алмадық. Орыс деректерінде 1 әйел, 4 баласы бар делінсе, Шернияз шығармаларында сақталған құжаттарда бидің үйіне келген қонақтардың бірі тартылған табаққа разы болмай, Шернияздың баласы жоқ, тек қызы барлығын мін қылып бетіне басады45. Кете шежіресінде де бұл мәселе турасында ештеңе айтылмайды. Шернияз би, молда, Шернияз шешен Шернияздың дүниеден қалай қайтқаны да белгісіз. Алдағы уақытта бұл мәселелер жөнінде тың деректер мен мәліметтер табылып жатса өз шешімін табар деген үміттеміз. Алмас қылыштай өткір тілімен шешен ретінде танылған даңғайыр шешеннің, әділдікті ту етіп ұстаған бидің, халықты имандылыққа шақырған Шернияз молданың сүйегі қайда жерленгені белгісіз қалып отыр.



ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ даласында орын алған тарихи оқиғаларға тікелей қатысып, өзінің ел алдындағы борышын адал атқарған үлкен жүректі азаматтың бірі Шернияз би Жарылғасұлы жайлы зерттеуімізді осы жерден аяқтаймыз.


1 Қазақ әдебиеті энциклопедиясы. – Алматы, 1999.; Бес ғасыр жырлайды. 1-том. – Алматы, 1989. -227 б.

2 822 папка. №3. -1-9 бб.

3 822 папка. №7.

4 Көпеев М.Ж. Ел аузынан жинаған әдебиет үлгілері. – Алматы, 1992. -106-114 бб.; Қолжазба қоры. 822 папка, №8 құжат.; Нұртуған. Кәнеки тілім, сөйлеші. 2-3 кітаптар. – Алматы, 1994. -306-337 бб.; ҚР ҰҒА ҚҚ 822 папка. №10.; Шернияз. Собрал Мустапаулы С. Центральное издательство народов ССР. – М., 1925. 4582. -3-32 бб.; Жансүгіров І. Шернияз. Әдебиет термесі. 1926 жыл. // ҚР ҰҒА. 822. №7. -54-73 бб.

5 ЦГА РК. Ф.И. 4. оп. 1. д.3647. л. 23-25. об. Подлинник. Мына кітапта: История Казахстана в русских источниках ХVІ-ХХ веков. VІІІ том. Ч.2. 177-178 бб.; 186 б.

6 Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы, 1991. -193-195 бб.; Досмұхамедұлы Х. Аламан. – Алматы, 1991. -31-32 бб.; Мұқанов С. Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер. 1-бөлім. – Алматы, 1942. -130 б.

7 Мұқанов С. Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер. 1-бөлім. -130 б.

8 Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері (ерте дәуірден ХІХ ғасырдың аяғына дейін). – Алматы, 1967. -202-219 бб.; Жұмалиев Қ. ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті. – Алматы, 1967. -124-144 бб.; Мұхамедханов?? Қ. Әйгілі шешен, ақын, Шернияз // Көптомдық шығармалар жинағы. – Алматы, 2007?. -27-34 бб.; Жұлдыз. 1952. №????; Қазақ Совет энциклопедиясы. 12-т. – Алматы, 1978. -243 б.; Үш ғасыр жырлайды. – Алматы, 1965.; Бес ғасыр жырлайды. 1-том. – Алматы, 1989. -227-244 бб.

9 Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері (ерте дәуірден ХІХ ғасырдың аяғына дейін). -202-219 бб.; Жұмалиев Қ. ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті. 124-144 бб.; Мұхамедханов?? Қ. Әйгілі шешен, ақын, Шернияз. // Көптомдық шығармалар жинағы. -27-34 бб.; Қазақ Совет энциклопедиясы. 12-т. -243 б.

10 Бес ғасыр жырлайды. 1-том.

11 ЦГА РК. ф.к.-4. оп.1. д. 3647. л. 23-25. об подлиннике. -177 б.

12 Қазақ ССР ҒА. .Қ. Шернияз шығармалары. 822 папка.

13 Жұмалиев Қ. ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті. 124-125 бб.

14 Бес ғасыр жырлайды. 1-том. -227 б.; Қазақ әдебиеті энциклопедиясы. -692 б.

15 Омаров Б. Зар заман поэзиясы. – Алматы, 2000. -15 б.

16 Дау шешеді дана сөз. – Алматы, 1996. -77-80 бб.; Қазақ әдебиеті энциклопедиясы. -692 б.

17 ҚР ҰҒА. Шернияз ақын шығармалары. 822 папка. №7.

18 Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. – Алматы, 1998. -98, 104 бб.

19 Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. -18 б.

20 ЦГА РК Ф.и-4, оп. 1. д.3647. л.23-25. Об Подлинник. -177 б.

21 ҚР ҰҒА. Шернияз ақын шығармалары. 822 папка. №7. -1-2 бб.

22 Жұмалиев Қ. ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті. 139 б.

23 Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. -102 б.

24 ҚР ҰҒА. Шернияз ақын шығармалары. 822 папка. - 3 б.

25 ЦГА РК. -177 б.

26 Жұмалиев Қ. ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті. 124 б.; Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері (ерте дәуірден ХІХ ғасырдың аяғына дейін). -202 б.

27 Нұртуған. Кәнеки тілім, сөйлеші. 2-3-кітап.; ҚР ҰҒА. Шернияз ақын шығармалары. 822 папка. №7.

28 Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. -98 б.

29 Лениншіл жас. 1940. №7. 5/1.; ҚР ҰҒА. Шернияз ақын шығармалары. 822 папка.

30 ҚР ҰҒА. Шернияз ақын шығармалары. 822 папка. №7.

31 Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. -100 б.

32 Жұмалиев Қ. ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті. -126-127 бб.

33 Жұлдыз. 1959. №2. -104 б.

34 ҚР ҰҒА. Шернияз ақын шығармалары. 822 папка. №1, 7.

35 Нұртуған. Кәнеки тілім, сөйлеші. -328-330 бб.

36 ИГА РК. Оп????. -177-178 бб.

37 ЦГА РК. Ф. -186 б.

38 ҚР ОМҚ. 822 папка. №7.

39 ҚР ОМҚ. 822 папка.

40 ҚР ОМҚ. 822 папка. -19 б.

41 ҚР ОМҚ. 822 папка. №7. -33-34 бб.

42 Смирнова Н.С. К вопросу о форме воздействия феодально-родовой знати на устную традицию казахского народа. Мына кітапта: М.Л. Әуезовке алпыс жылдығына арналған мақалалар жинағы. – Алма-Ата, 1959. -91 б.

43 Әуезов М. Қыз Жібек.

44 Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. -102-104 бб.

45 ЦГА РК. -177 б.; ҚР ОҒК. 822 папка.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет