Алаш прозасы Сайын МҰратбеков: «Жабайы Алма» бірінші бөлім көкінай



жүктеу 5.01 Kb.

бет1/28
Дата27.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28

Алаш прозасы 
 
Сайын МҰРАТБЕКОВ: «Жабайы Алма» 
 
БІРІНШІ БӨЛІМ 
 
КӨКІНАЙ 
Тау бөктері тұтасқан жабайы алма болатын. Соғыс жылдары біз, жас 
балалар, қалың бөргезге қол-аяғымызды қызыл ала жоса ғып жырғызып, ұзақты 
күнге алмадан алма таңдап, сол бөктерде тентіреп жүруші едік. Қышқылтым ақ 
алма тістегеніңде мұз шайнағандай қаршылдайтын. Сәлден кейін тісті қамап 
қалатын да зар қақтырып бастырмай тастайтын. Сонда да жейтінбіз Тапшылықта 
қабысқан қарынды алмамен болса да істелеп жұбату керек. Ішіміз көгеріп, 
ауырсына ыңқылдап жататын кезіміз де көп еді. Қоңыр самал соғатын, итмұрын, 
қарақат, бөргездердің неше алуан иісі аңқитын. Бірақ ақ алманың — жабайы 
алманың қымыз иісі бәрінен де ерекше еді. Қай жағыңа қарасаң да бұтақтары 
сынып кетердей боп иіліп, көзді арбаған ақ алма сықасып тұратын. Тістеріміз 
жарқырап, қашыр-қашыр шайнайтынбыз. 
Кешке қарай өрістен қайтқан малмен бірге, алма толы бір-бір дорба-
қоржындарымызды арқалап біз де ауылға бет алатынбыз. Ауылдың желке тұсына 
жеткенде, жолымыздағы көлденең тұрған жалғыз түп үлкен алып алма ағашты 
айналып өтеміз. Ірі ақ алмалары жерге түсіп төгіліп жатады. Бірақ біз оған жолай 
алмаймыз. Өйткені, бұралқы қара қаншық соның түбіндегі үңгірді мекендеп алған, 
жылда күшіктейді де, бізді мүлде маңайлатпайды. Жақындап кетсек-ақ үңгір 
түбінен тістері сақылдап, ырылдап, зәре-құтымызды ұшырады. Қарақаншық 
жайында балалардың арасында рас-өтірігі аралас толып жатқан аңыз-әңгімелер де 
бар, кейде бірімізден-біріміз білгішсініп асып түсу үшін сол әңгімелерді жарыса 
айтатынбыз: Қарақаншықтың анасы қыран бүркіт пен құмай тазыдан туған 
желқұйын тұйғын екен, кезінде бұл төңіректе жортқан төрт аяқты аңнан аң 
қоймапты, қолтығында қанаты болған көрінеді, ал одан туған Қарақаншық та 
соғысқа дейін атағы жер жарған тазы екен; иесі Бәсен соғысқа аттанып, әйелі 
Жайдар көрші аудандағы төркіндеріне көшіп кеткен соң, Қарақаншық далада 
қаңғып қалып қойған; Жайдар өзімен бірге әкетпек боп қаншама әуреге түскенімен 
Қарақаншық жат жерге баспай қойыпты, тіпті бір жолы Жайдар әдейілеп іздеп 
кеп, қаңғып жүрген Қарақаншықты шақырып ап, алдына ыстық тамақ құйып, 
мойнынан құшақтай отырып жылап, кәдімгі адаммен сөйлескендей оған: «Мұның 
не, Көкінай-ау, менен неге қашасың? Не жаманшылығымды көрдің? Әлде 
көшкеніме қарсымысың? Бәсенім аман-есен қайтқан соң, әлі-ақ қайтып келеміз ғой 
бұл жаққа. Оған дейін бір жерде болайық та»,- деп назын айтыпты, сөйтіп, жіппен 
байлап жетектеп әкетіпті; бірақ бірер айдан кейін Қарақаншық үйренген жеріне 
қайта қашып келген екен; иемденгісі келген үйлердің бірде-біріне жоламай, алып 
алма ағаштың түбіндей ескі үңгірге барып паналапты, өзі алма жеуді үйреніпті, 
жылда жазда күшіктейді де, күшіктері бауырын көтерген кезде, ауылдың үлкендері 
жиналып келіп, Қарақаншықты бір шетке жасқап тастап, алдына ас құяды да 
өздері бір-бір күшіктен үлесіп алып кетеді, сөйтіп, айналасы екі-үш жылдың ішінде 
ауылдағы иттердің тең жарымы Қарақаншықтың тұқымы боп кетті. Ит жайын 
жақсы білетін Байдалы шал айтыпты деген бір сөз бар: осы Қарақаншықтың көп 
күшіктерінің ішінен біреуі ғана тұқымына тартып құмай боп тууы тиіс, ал күшік 
дұрыс қолға тап келсе жортқан аңды құр жібермейтін нағыз желқұйынның өзі 
болмақ. 

Біз алым алма ағаштың түбінен әрі-бері өткен сайын: «Көкінай! Көкінай! Кә! 
Кә!» — деп Қарақаншықтың шын атын атап шақырамыз. Кейде ол үңгірден шығып 
тұмсығын көтеріп біз жақтан жеткен әуені иіскеп қойып, құйрығын бұлғаңдатады, 
ал кейде үңгірден тұмсығын бір қылт еткізеді де, қайтып көрінбей қояды. 
Бірде Қарақаншық үш күн қатарынан мүлде көрінген жоқ, із-түзсіз жоғалды. 
Біз балалар: «Көкінайлап!» — алма ағаштың түбінде қаншама шуылдасып 
шақырғанымызбен үңгір жақтан еш дыбыс болмады. Ақыры біреулеріміз: «Мүмкін, 
өліп қалған шығар», екіншілеріміз: «Мүмкін сағынған соң Жайдардың артынан 
іздеп кеткен шығар» — десіп жорамалдар жасадық. Бірақ үңгірге жақындап, үңіліп 
қарауға ешқайсымыз батпадық. 
Ертеңіне таңертең алып алма ағаштың түбінен бөктерге қарай өтіп бара 
жатқанымызда Қарақаншық көзімізге оттай басылып ұшырай кетті. Алма жеп жүр 
екен. Іші салбырап, біртүрлі аянышты бүрсектейді. 
− Әй, әнең қараңдар, Қарақаншықты! 
− Ой, байғұс-ай, тірі екен-ау! 
− Көкінай, Көкінай! Кә, кә! 
Бұл жолы Қарақаншық дағдысынша әуені иіскеп, құйрығын бұлғаңдатқан 
жоқ, тістерін ақситып сақ-сақ еткізіп ырылдап қойды. Ашулы тәрізді. 
− Байғұс, ауру болу керек, бүрсектеуін. 
− Жоқ, көрмейсің бе қарнын, емшектерінің салақтауын, осы дәуде болса 
күшіктеген сияқты. 
− Рас-ей! Күшіктеген. 
− Ур-ра! Қарақаншық күшіктепті! Биылғы күшігінің біреуін ін і аламыз! Ур-ра! 
Онан соң бәріміз жерге шөке түсіп отыра қап, демдерімізді Ішке тартып тың 
тыңдай бастадық. Үңгір жақтан жас күшіктердің әлсіз ғана шиық-шиық 
қыңсылағандары естілді. Сол арада дереу үйден қалтамызға салып шыққан азын-
аулақ нандарымызды жинап, Қарақаншыққа тастадық. Байғұс, әбден ашыққан 
екен, көзі қып-қызыл болып «ыр-ыр» етіп нанды қомағайлана асайды. 
Бұл күн біз үшін мейрам болды. Төскейде алма теріп жүріп айтатын екі 
әңгімеміздің бірі Қарақаншық төңірегінде: соның соғыстан бұрынғы ел аузына 
тараған алғырлық даңқы жайлы, әрқайсымыздың үйіміздегі оның күшіктері туралы, 
олардың анасына тартқан кейбір ерек қылықтары туралы айтып тауыса алмаймыз. 
Бірімізден біріміз асып түскіміз келеді. 
− Байдалы шал айтқан құмайы күшігі меніңше осы жолы туған болу керек,- 
дейді Сыпатай деген бала білгішсініп.- Өйткені, үш күн бойы көрінбей жатып 
күшіктеуі тегін емес. 
− Ендеше мен өзім осы жолғы күшіктерінің ішінен таңдап алам. 
− Мен де осы жолғы күшігінен алам. 
− Онда естеріңде болсын, құмайы болатын күшік өте нәзік, әлсіз боп туатын 
көрінеді. 
− Өй, сен де соғады екенсің. 
Мен соғып тұрғам жоқ, со Байдалы шалдың айтқаны. Өйткені, күшік нәзік, 
әлсіз болса кейін желқұйын болуы оп-оңай. 
Өстіп дуылдасып жүріп кештің қалай түскенін де аңғармаппыз. Дорба, 
қоржындарымызды арқалап ауылға қайттық. Дәл алып алма ағашқа таяғанымызда 
алдымыздан шаң-шұң айқай, қыз баланың зар қағып жылағаны естілді. Жүгіре 
басып бәріміз жотаға көтерілдік: алып алма ағаштың түбінде, қолында көк шыбығы 
бар Сыпатайдың апасы Бүбітай Тоштан деген жетім қызды шырылдатып қуып жүр 
екен. Тоштан біздерден бірер жас үлкен тұлдыр жетім қыз, шешесі жағынан 
ағайындас болған соң, Бүбітай оны қолына кіргізіп алған еді. Ертеден кешке дейін 

үй шаруасын істететін. Міне, сол Тоштан қолында күрегі бар, зар еңіреп қашып 
жылап жүр. 
− Апатай-ай, апатай… Басқа не айтсаңыз да істейін, бірақ мұныңызды істей 
алмаймын, апатай… Обал ғой, апатай…- деп жылайды. 
− Мен саған көм деймін, жаман қар! Сүтті ішкізген, нанды жегізген сенсің, 
енді көм, кәне! Мынау тілімді ала ма-ей, жоқ на?! — деп, көк шыбықпен қызды 
тартып-тартып қалды. 
− Көмбеймін, апатай! Көмбеймін! Өлтірсеңіз де көмбеймін! — деп Тоштан 
қолындағы күректі лақтырып тастады да, жаңағы біз келген бөктерге қарай 
шырқырап қаша жөнелді. 
− Ұстаңдар, ана қарды! Ұстаңдар! — деді Бүбітай соңынан ұмтылып. Біз тегіс 
дорбаларымызды тастай сала Тоштанның артымнан қуған болдық, бірақ сирағы 
ұзын қыз жеткізсін бе, лезде қалың бөргездің арасына кіріп адастырып кетті. Оны 
жер-жебіріне жетіп біраз қарғап, сілеген Бүбітай алып алма ағаштың, түбіне қайта 
оралып, әлгінде Тоштан лақтырып тастап кеткен күректі алды. Аңтарылып тұрған 
біздерге, бүгін түсте Қарақаншықтың есік ашық қалған кезде ауыл үйлеріне кіріп 
бір қазан сүтті ішіп, бір таба нанды жеп кеткенін айтты және бүйте берсе кейін 
күшіктерінің бәрі ұры боп өсіп, ауылға ұры иттер қаптап кетеді деді. 
− Ондай болса мен ол Қарақаншықтың өзін де өлтіремін,- деп қоқиланды 
Сыпатай. 
Біз үңгірге жақын келіп үңіліп қарағанбыз: бес-алты жас күшік біріне-бірі 
ұйлығып ұмар-жұмар боп шиық-шиық қыңсылайды. Қарақаншық бұл маңайдан 
көрінбеді. 
− Әдіре қалғыр, иесі жоқ қаншықтың күшіктей бергені қайбір жақсылық 
дейсің,- деп кеп, Бүбітай үңгір аузын күрекпен опырып, ішіне қарай құлата 
бастады. Үстеріне ауыр кесектер құлаған жас күшіктер жылаған балалардай баж-
баж шаңұлдасып қыңсылайды. Бүбітай қарулы әйел еді, алма ағаш түбінің лезде 
астаң-кестеңін шығарып, үңгірді жермен жексен ғып бітеп тастады. Әуелде қатты 
қыңсылағандарымен күшіктердің үні де тез өшті. Біз, балалар, бір-бірімізге 
жаутаңдап қарағанымыз болмаса осының бәрін бастан-аяқ үнсіз бақыладық та 
тұрдық. Онан соң Бүбітайға еріп, шұбап ауылға қайттық. Ымырт үйіріліп қалған. 
Артымызға қайырылып қарай береміз. 
− Әне, Қарақаншық келді,- деді бір бала сыбырлай сөйлеп. 
Алып алма ағаштың түбінде жер иіскелеп Қарақаншық жүр екен. Бір-екі рет 
әлдекімді шақырғандай үріп-үріп қойды, онан соң қыңсылады, жер тырмалап 
ұлыды. 
Ертеңіне таңертең тұра сап біз — балалар алып алма ағаштың түбіне 
тартқанбыз. Әуелі алыстау тұрып: 
− Көкінай! Көкінай! Кә! Кә! — деп шақырып көрдік. Бірақ Қарақаншық еш 
дыбыс бермеді, көрінбеді де. Біз қорқақтай басып үңгірге таяп келдік: кешегі 
Бүбітай көміп, тегістеп кеткен үңгір қайта қазылып, іштегі топырағы қобырап 
сыртқа шығып қапты. Жақын кеп үңілдік: бірде-бір күшік көрінбеді. Сірә, 
Қарақаншық әлі де болса күшіктерін басқа жаққа қазып әкеткен сияқты. Төңіректі 
тегіс шарлап, кешке дейін іздеп көрдік, бірақ Қарақаншықты да, оның өлі 
күшіктерін де таба алмадық. 
Қарақаншық со күйі ұшты-күйлі жоғалды. Біз біраз уақытқа дейін сөз қылып 
жүрдік те, кейін ұмыта бастадық. Алып алма ағаштың алмасы өзімізге қалды. 
Үйден шыға саламыз да, күні бойы соның түбінде боламыз, асық ойнаймыз, онан 
қала берсе үңгірді кеңейтіп, түбіне сабан төсеп үйшік жасаймыз. 

Күзге қарай алып алма ағаштың ақ алмасы сарғылданып, уылжып пісе 
бастады. Қанша жесең де тісіңді қармамайды. Дорбаға толтырып үйге әкелгеніңше 
езіліп кетеді. Ортасынан тіліп, жіпке тізіп қақ жасаймыз. Ауыл балалары тегіс 
жиналып күнде тасимыз алманы. Аз күннің ішінде алма ағаштың алмасы тек 
биіктегі бұталарының ұшар бастарында ғана қалды. Созсаң қол жетпейді, сілкісең 
түспейді. Басқа алмалар сарғылданып піскенде, әлгі биіктегі алмалардың бір 
бүйірлері шиқандай боп қызарып, көздің жауын алады. «Шіркін-ай!» — деп 
аузымыздың суы құрып қызығамыз. Бір күні Сыпатай сол ұшар биіктегі қызыл 
алмаларды алам деп, тоқтау айтқанымызға бой бермей, алып алма ағаштың 
төбесіне өрмелеп шықты. Қызыл алмаларға жетіп, енді қол соза бергенде, аяғын 
тіреп тұрған бұтақ сынып кетіп, төмен қарай құлап түсті. Балалар шу ете қалдық. 
Жүгіріп жанына барсақ, көкпеңбек боп, тыныстай алмай бүгжиіп қапты. Бір-екі 
бала аттандап ауылға қарай жүгірді. Ағыл-тегіл еңіреп Бүбітай жетті. Баласын 
жерден көтеріп алған, былқ-сылқ етіп ыңыранғаны болмаса тілге келмеді. 
Сыпатайдың өлімінен кейін шешелеріміз бізді алмаға жіберуді қойды. 
Бөктерге қарай аяғымызды қия басудан қалдық. 
Сол екі арада қыс түсті. 
Біздің ауылдың әу баста колхоз боп қалай ұйысқанын біз — кейінгі жас 
ұрпақ тек үлкендер айтқан әңгімелерден ғана білеміз. Жоңғардың жықпыл-
жықпылдарында шашылған тарыдай қысы-жазы бытырап көшіп жүрген көшпелі 
жұрт жиырмасыншы жылдардың аяғында әр тұсқа кеп, жиырма-отыз түтіннен 
бірігіп қоныс теуіп, артельдер құрыпты. Сөйтіп, отырықшылыққа айналған. Онан 
колхоз болған. Ал кейінде туған біздерге сол колхоздар адамзат жаралған күннен 
бастап құрылғандай боп көрінетін. 
«Бай», «кедей» деген сөздерді үлкендер аузынан естігеніміз болмаса, 
мағынасына онша түсініп жатпайтынбыз. Біздер үшін колхоз бастық бар, бригадир 
бар және қатардағы жәй колхозшылар бар. Бай боп тұрған ешкім жоқ, және бір 
кезде, яғни біз тумастан не бәрі он-он бес жыл ғана бұрын бүкіл бір ауылдың малы 
тегіс бір адамның меншігі болды деген ақылымызға онша сыймайтын. Қалайша 
дейміз: бір адам сонша малға жалғыз өзі ғана ие болады, колхозшылары болмаса 
ол малдарын қалай бағады? Әлі жететіндер барып ондай адамның өзін ұрып-ұрып, 
көп малдарын бас салып тартып алмай ма екен, дейміз. Сондай-ақ ішерге асы
киерге киімі жоқ тақыр кедейлер болды дегенге де сенбейміз. Ондай адам бір-ақ 
күнде аштан өліп қалмай ма деп ойлайтынбыз. 
Әйтеуір қалай болған күнде де біздер үшін өзіміз тумастан бұрынғы өткен 
өмір ертегі-аңыз боп қана көрінетін. Ал біздің ауылдың өткені аңыз әңгімелер өте 
көп еді. Кейде соның қайсысының расында да болғанын, қайсысының ойдан 
шығарылғанын айыру қиын болатын. Біздер үшін оның бәрі де қызғылықты қымбат 
еді, елтін отырып тыңдайтынбыз. 
Біздің ауыл Алмалы деп аталады, өйткені жердің атын, жабайы алма сыңсып 
өскен тау бөктерін солай деп атайды. Колхоз ұйысқанға дейін бұл тауда жабайы 
алманы қорек етіп аю өріп жүреді екен. Сондықтан болар, кейбір үлкендер күні 
бүгінге дейін жабайы алманы аю алма деп атайды. Ол кезде алма жегісі келгендер 
жүйрік атпен кеп, алманы ат үстінде тұрып жинайды екен. Егер адамның алманы 
үзіп жатқанын бір аю көріп қалса, қазандай тасты көтеріп ап, ақырып қуатын 
көрінеді. Сонда бүкіл Алмалы бойының аюлары тегіс үн қосып: «Біздің алмамызда 
адамзаттың ме қақысы бар»,- десіп долданысып, жер-көкті азан-қазан етіп, 
тітірентіп жібереді екен. (Әжеміз осы әңгімені айтып отырған кезде біздердің 
зәреміз ұшушы еді). 

Бір көрімі, біз туған кезде сол өріп жүрген аюлардан із де қалмапты. Ол 
кезден қалған бір ғана белгі, әлгі алып алма ағаштың түбіндегі үңгір ғана. Оны 
аюлардың патшасы мекендепті. Екі адамның құшағы әзер жететін кәрі алма ағаш о 
баста киелі саналған көрінеді. Ары өткен, бері өткен көшпелі ел әлгі киелі ағашқа 
қызыл байлап, яки теңге тағып өтетін бопты. Ал аюлардың патшасы сол ғұрыпты 
түсініп, ондай адамға тимейді екен. 
− Ол алма ағаштың түбінен өткендеріңде ең болмаса шүберек іліп кетіп 
жүріңдер,- деп қоятын әжеміз. 
− Түу, әже, соған да сенесіз бе? Киелі түгі де жоқ,- дейтін сондайда Нәзира 
әпкем. 
− Тек әрі! Тіліңді кесейін бе осы! — деп әжем зекіп тастайтын. 
− Әжеміз діншіл адам. Ертелі-кеш аузынан «алласын» тастамайды. Бес 
уақыт намаз оқиды, ең соңында ылғи күбірлей сөйлеп: «Е, жаратқан, ондағысына 
онда, мұндағысына мұнда бір өзің медет бола көр»,- деп қоятын. Онан соң 
жапырлай қарап тұрған бізге: «О, жаман түгелер, кәне, алақандарыңды жайып 
көкемізді аман қыла көр деп, жақсы тілеу тілеңдер» — деп бұйыратын. Біз 
жапатармағай қолымызды жайып: «Көкемді аман қыла көр»,- «Көкемді аман қыла 
көр»,- деп әлденеше қайталап тілеу тілейтінбіз. Сүмірейе қалған түрлеріміз күлкілі 
болу керек, үй шаруасын істеп жүрген Нәзира әпкем шыдай алмай мырс ете 
беретін де, зытып далаға кететін. 
− Осыған бірдеңе көрінетін шығар. Ой, пәтуасыз неме! — деп әжем оның 
соңынан күйіп-пісіп қалатын. 
Тегінде, әжем мен Нәзира әпкем екеуінің арасында ымыраға келмес 
алшақтық болушы еді. Әпкем әжемнің әрекеттерінің бәріне, әсіресе діншілдігіне 
күле қарайтын да, соны сезіп қалатын әжем оған күйіп-пісіп ыза болатын. 
Нәзира әпкем соғыс басталардың алдында аудан орталығында оқып, жетінші 
класты бітірген. Онан әрі оқыған жоқ. Көкем әскерге кетісімен апама қолғабыс 
етем, төрт ұсақ бала мен әжемді асырауға жәрдем етем, деп үйде қалды. Қысы-
жазы апаммен бірге жүріп колхоз жұмысын істейді. Осыдан үш жыл бұрын ілмиген 
ап-арық қыз еді, бүгінде қол-аяғы балғадай бойжеткен болды. Көрші-қолаң кемпір-
шалдың бәрі: 
− Па, шіркін, қыз өссе Нәзирадай боп өссін. Бір үйдің ер-азаматын 
жоқтатпас! — деп тамсанады. Сондайда араға әжем килігеді. 
− Осы жұрт сұқтанбаса жүре алмайды-ау деймін, түге. Қызымды 
ауыртасыңдар тфәй деңдер,- дейді. Онан соң үйге кіріп, қазандықтың күйесін 
саусағына жағып қайта шығады,- Әй, Нәзира, бері келші. 
− Немене, әже? 
− Бері кел! 
Аңқалақтап жүгіріп келген Нәзира әпкем: 
− Иә, не айтасыз? — дейді әжемнің неге шақырғанын біле тұра. 
Еңкейші бері, құлағыңа бірдеңе айтайын. 
Нәзира әпкем еңкейген кезде әжем саусағындағы күйені оның бір жақ 
шекесіне болар-болмас жағып қояды. 
− Болды, бара ғой. 
− Түу, әже-ай, осыған бола жұмысымнан бөліп. Маған ешкімнің көзі де, тілі 
де тимейді. 
− Тәйт әрі! Күпір сөйлеме! 
Балалық шақтан әсіресе мықтап жадымда қалғаны: көктемге қарайғы апам 
мен Нәзира әпкемнің жұмыстан шаршап титықтап қайтқан кейіптері. Күн ұзын 
соқамен жер жыртып, қара суықта өңдері қап-қара боп тотығып, шаң-топыраққа 

батып, әбден қалжырап қайтатын. Апамның белінің шойырылмасы бар еді, сол 
жанына бататын болса керек, қабағы кіржиіп күйзелген кескінмен өзін салқын 
ұстайтын, қарсы алдынан жаутаңдап өре түрегелгенімізде ешқайсымызға түс 
жылытып, еркелетпейтін. Ләм-мим деместен тас қып байлап алған белін шешетін 
де пештің іргесіне барып, қашан белінің сырқырағаны басылғанша қозғалмай 
отыратын да қоятын. Сонан кейін ғана божылдай қайнаған шәугімді алдына алып, 
маңдайы терши түсіп, тұз қосып, ақ су — шай ішуге кірісетін. 
Төсек салып, жатар алдында апам мен Нәзира әпкем екеуі қол диірменді 
орталарына алып, ертең пісіретін нан үшін үн тартуға кіріседі. Біз ұсақ балалар 
тауықтың балапандарынша шүпірлеп кем әжеміздің бауырына кіреміз. Бізді 
ұйықтату үшін әжеміз ұзақ ертегі бастайды. 
Үйдің іші ала көлеңке. Жалп-жұлп етіп сығырайып жанған май шамның 
жарығы қуыс-қуысқа жете бермейді. Ірге жақтар күңгірт тартып зәремізді 
ұшырады, әжемізге қарай тығыла түсеміз. «Әже, бері қарап жатшы», «Әже, мен 
жаққа қарашы»,- деп ор тұстан тартқылап қоямыз. Апам мен Нәзира әпкем 
екеуінің әңгімелері өздерінше, қол диірменді бір қалыпты баяу ғана айналдыра 
отырып, колхоздың жұмысы жайлы, соғыс жайлы екеу ара күңкілдеп сөз етеді. Ол 
екеуінің әңгімелері бізге онша қызықты емес. Кейде әжеміз, айтып жатқан ертегісін 
үзіп тастап: 
− Тұқымды сеуіп болдыңдар ма? — деп сұрайды апамнан. 
− Жоқ. Кіші Ақбелге ертең түсеміз, сонымен боламыз,- дейді апам даусын 
көтере үн қатып. 
− Тездетсеңдерші, топырақ құрғап кетпесін. 
− Адам жетіспей жатыр емес пе. 
− Е, жаратқан бір алла… Кіші Ақбелге биыл не себетін едіңдер? 
− Тары. 
− Ә, жөн. Ол жерге тары жақсы өседі. Баяғыда Жәпіш деген жатақ сол Кіші 
Ақбелге бір қап тары сеуіп, жиырма-отыз қап қып жинап алатын. 
Мұнан әрі әжеміз ертегісін қайта жалғастырып әкететін. Кейде әжеміз апам 
мен Нәзира әпкемнің әңгімелеріне құлағын түріп тына қалатын. 
− Сонан кейін не болды, әже? 
− Ары қарай айтсаңшы! — деп біз әр бүйірден қыңқылдай бастаймыз. 
− Жо, түге, қоя тұрыңдаршы, сөз тыңдайын. 
Өздерінің әңгімелерін әжемнің де тыңдап жатқанын білген Нәзира әпкем 
мұнан әрі естірте сөйлейді. 
− Бүгінгі келген газетте біздің әскерлер Украинаның екі үлкен қаласын 
жаудан азат етті деп жазыпты. Дұшпанның қаншама әскерін, соғыс құралдарын, 
техникасын жойған көрінеді. Кескілескен ұрыс дейді. 
− Е, алла, өзің жар бола көр… Әлгі көкеңдер қай жағында жүрген көрінеді? 
− Көкем Солтүстік батыс майданда ғой. 
− Әйтеуір, әлгі кескілескен жерден аулақ болсын да, сөйдеп жазсаңдаршы. 
Осы кезде көшеден аттандаған әйел даусы шығып, ауыл үйдің арасы шаң-
шұң болды да кетті. 
− Ойбай, тағы не боп қалды?! Тағы қай сорлының үйіне жаманат келді?! 
Нәзира-ау, жүгір!- деді әжем басын көтеріп. 
Нәзира әпкем атып далаға кетті. Апам диірмен тасты төңкеріп, тартылған 
ұнды жинап тегешке салып, үсті-басын қаққыштай бастады. 
− Әлгінде кешкісін ғана ауылсоветте болғанымда ешқандай жаманат хабар 
жоқ сияқты еді ғой,- деп қояды. 

Әлден соң Нәзира әпкем қайтып оралды. Көзі бағжаңдап ентігін баса 
алмайды. 
− Бүбітай жынданыпты,- деді. 
− Тек әрі, не дейді?! — деді әжем мен апам қосарлана тіксініп. 
− Рас. Жаңа кешкісін өрістен қайтқан сиырын сауыпты да, сүтін астауға 
құйып есігінің алдына шығарын қойып, онан соң өзі соған қарап мөлиіп отырған. 
«Мұның не?» — десе, «пісіріп отырмын»,- депті. Сөйтіпті де аттандап жылап, өзінің 
бетін өзі тырнай бастапты. 
− Астапыралла! — деп көкірегін ұстаған әжем күбірлеп дұға оқыды.- Айтып 
ем ғой, Көкінайдың қарғысы жібермес деп, айтып ем ғой. 
Сөйтіп, келер жылы көктемде Бүбітай жынданды. Ертеден қара кешке дейін 
есігінің алдына шығып отырып алады да зарлап өлең айтады. Жылайды, күйеуінің, 
баласының аттарын атап аттандап дауыс салады. Өзі қара қайыстай боп қатып-
семіп, түрі адам шошырлық күйге түсті. 
  
ТОҚТАР МЕН НӘЗИРА 
Сол жылы көктемде мен Нәзира әпкемді аңдитын әдет шығардым. Оным 
жақсы ма, жаман ба, дұрыс па, әлде бұрыс па,- ол жағын білмеймін. Әйтеу, ол 
ауыл үй арасы қайда барса да мен жансызданып, сыртынан бақылап жүрем: ауыл 
шетіндегі бұлаққа суға барғанында көрінбей соңынан ілесіп бұта-бөргездердің 
тасасында тұрам, екі кештің арасында көршілерден сүт, яки ыдыс-аяқ сұрай 
кіргенінде бұрыштағы тасадан және аңдимын. Ол болса менің бұл қылығымды 
әжем мен апамнан көретін, мені өзінің соңына солар салып қойды деп ойлайтын. 
Ал шындығында әжем де, апам да маған ештеңе айтқан емес, аңдитұғын менің 
өзім. Себебі соңғы кездерде мына ойдағы қауын салатын Шымырбай шалдың 
баласы — Тоқтар біздің үйді төңіректеп шықпайтын боп алды. Нәзира әпкемнің 
соңынан қалмайды. Екеуі жанаса кетсе-ақ ыржақ-ыржақ күлісіп, жәпектеп кеп 
сөйлеседі. Не сөйлесетіндерін кім білсін, әйтеуу бірінің-бірі аузына кіріп кете 
жаздайды. 
Тоқтар — ұзын бойлы, ақсары өңді, сұлу жігіт. Үлкендер оны әлі бала дейді, 
бірақ біздерге ол үлкен жігіт сияқты көрінеді: биыл өзіне мұрт өсе бастаған. Оның 
мұртын байқамас та едім, бірде біздің үйдің алдынан өтіп бара жатып, есік 
алдында күн шуақта жүн иіріп отырған әжеме: 
− Амансыз ба, әже?! Деніңіз сау, күйлі-қуаттысыз ба? — деп амандасқан 
болатын. Ал өзіне бүйтіп сәлемдескен адамға әжемнің жаны қалмайтын әдеті. 
− Әй, бұ қай баласың? — деген. 
− Мен, Тоқтармын ғой, әже. 
− Шымырбайдың Тоқтарысың ба? 
− Иә. 
− Ой, айналайын, өркенің өссін, қарағым,- деп әжем әбден разы боп қалған. 
Ал Тоқтар: 
− Ағадан хат кеп тұра ма? — дегенде әжем оған мүлде қулап түскен еді. 
Кеп тұрады, қарағым. Кеп тұрады. Әй, Нәзира! — деген онан соң 
дауыстап.- Айран алып шықшы мына Тоқтарға. 
Тоқтар алғыс айтып кете бермек болып еді, бірақ әжем жібермеді. 
− Қарағым, есік алдынан құр ауыз өткенің болмайды, дәм татып кет,- деді. 
Нәзира әпкем іштен бір тостақан айран алып шығып ұсынды. (Бұл күні ол 
үйдің ішін тазалап, кір-қоңды жумақ боп жұмысқа бармай, сұранып үйде қалған). 
Тоқтар айранды асықпай ұрттай отырып, әжеммен біраз әңгімелескен. 

Мен болсам Тоқтардан да, Нәзира әпкемнен де көз жазбай, бұлар қайтер 
екен деп, екеуіне алма-кезек қарап байқастап тұрдым. Қуларын-ай десеңші, 


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28


©emirsaba.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал