Байланысты: Алаш ұранды әдебиеттің қалыптасуы мен зерттелуі
Алаш ұранды әдебиеттің қалыптасуы мен зерттелуі Тәуелсіздіктің жетістігі ретінде Алашшыл әдебиеттің халыққа оралуын айта аламыз. Мемлекетті басқаруда жаңа жүйе қалыптастыруды көздеген бұл идеяның ауқымында орасан зор мәселелер қамтылуы тиіс болып, мейілінше құлдыраған мемлекеттік құрылымның барлық саласы дамудың жаңа ырғағына көшу талабы қойылды. Сол идея аясында мемлекеттік деңгейде қолдау тауып, тәрізді белгілі ғалымдар бір кезде жазықсыз жазаланып кеткен тұлғаларды ақтау іс-шараларына белсенді араласып кетті. Сол сәттерден бастап-ақ қазақ әдебиеті тарихында бұған дейін болмаған көркемдік өлшем биігіне көтерілген кезең – Алаш ұранды әдебиет туындылары зерттеу нысанасына айнала бастады. Архив ақтарылды, дереккөз жиналды, алаш дәуірін көзі көрген тұлғалардің естелік, әңгімелерін тыңдалды. Көптеген тұлғалардың сандықтарында, қалтарыс қабаттарда, елеусіз орындарда жасырын сақталған Алаш ұранды әдебиет туындылары ел игілігіне қызмет ете бастады. Мұның өзі «Совет өкіметі, партиялық органдар қаншалықты қаталдық жасап, қырағылық көрсеттім дегенмен, Алаш идеалары, ұлттық азаттық рухы, тәуелсіздік сарындары, әсіресе әдебиетте, өнерде, ғылымда жойылып» кетпегенінің бір көрінісі еді. Рымғали Нұрғали «қайта құру» идеясы аясында Алаш ұранды әдебиет өкілдерінің ақталуы жолында белсенді іс атқарды. Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев туралы алғашқы болып «Ұлттық мәдениетіміздің мақтанышы», «Мөлдір сезім, биік парасат», «Сегіз қырлы, бір сырлы дарын» атты мақалалар жазды.
Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылықтары туралы құлаш-құлаш мақала, зерттеу еңбектер жарияланды, кітаптарын шығаруға кірісті. Бұл орайда қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қайталанбас тұлғалары А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж. Аймауытов, Ж.Шанин және М.Әуезов шығармаларын талдауға арналған «Әуезов және Алаш» (1997), «Верщины возвращенной казахской литературы» (1998) монографияларын жарияласа, А.Байтұрсыновтың «Ақ жол» (1991), «Алаштың тілдік мұрасы» (2009), «ХХ ғасыр басындағы қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» (2013) атты шығармалар жинағы мен зерттеулер құрастырылып баспадан шығарыла бастады. Әлихан Бөкейханның қазақ және орыс тілдеріндегі еңбектерінің таңдамалы жинағы баспадан шығуына мүмкіндік жасалды. Тек қана жағдай туғызып қойған жоқ, олардың шығармаларының көркемдік әлеміне терең бойлап, тума дарындардың қазақ сөз өнеріне тың серпіліс әкелгендігі, қаламгерлік қуаты, ұлттық әдебиетіміздегі орны жайлы ой тасталды. Ахмет Байтұрсыновтың ғалымдық, ақындық, публицистік, қайраткерлік істері өз заманында аса жоғары бағаланғанын айта келіп, қазақ ортасы, түркі әлемі ғана емес, орыс ғалымдары берген тарихи тұжырымдардың маңыздылығына ғылыми тұрғыдан баға берілді. Ахмет Байтұрсыновтың көлемі жағынан әлденеше том болатын әртүрлі оқиғаларға, халықаралық жағдайларға, заң, құқықтану, ғылым-білімге, педагогикаға арналған мақалалары, тілші, әдебиетші ретінде жазған ғылыми теориялық еңбектері автордың көзқарас эволюциясын, тарихи білігін, ойшылдық деңгейін, журналистік қарымын көрсетіп, рухани даму кезеңдерімізден мол хабар беретін аса құнды дүниелер екені ғылыми пайыммен сараланады.
Қазақ әдебиеттануы мен тіл ғылымының теориялық негізі болып табылатын «Әдебиет танытқыш», «Тіл тағылымы» зерттеулерінің әрқайсысына жеке-жеке сипаттама беріп, олардың тарихи орны, ғылыми маңызы туралы ой-толғамдары ортаға салынады. Бұрын-соңды болмаған, тыңнан түрен салып жазылған бұл еңбектер шын мәнінде қазақтың ғылым, ағарту саласында жасалған теңдесі жоқ ғажайып жаңалық екенін зерттеушілер кітап мазмұнын құрап тұрған ереже, ғылыми түйіндеулерден келтірілген мысалдар арқылы түсіндіреді.
Ахмет Байтұрсыновтың тіл білімі саласындағы еңбектері саралау, жүйелеу, оларға тарихи тұрғыдан баға беру тілші ғалымдардың еншісіндегі – зор жауапкершілігі бар іс екендігін еске сала отырып академик Р.Нұрғали «Тіл құралы» оқулығы туралы былайша сипаттама береді: «...тілдік ұғымдарға берілген анықтамалардың дәлдігі, ғылыми тереңдігі түрлі категорияларды сұрыптаған, жіктеген кезде оларға термин, атау берген кездерде тіпті айқын көрінеді.
Қазіргі қазақ тілі ғылымының түп қазық ойлары тіпті әріде жатқанын, оларды бірінші болып Ахмет Байтұрсынов тұжырымдағанын көреміз». Сауаттылықты қалыптастырып, сауатты жазу мен сөйлеуді орнықтыруға арналған «Тіл құралы» оқулығы білімді болудың алғашқы теориялық негізі екені кімге болса да түсінікті. Дәл осы сияқты әдебиет әлемін терең түсініп, оқу поцесіне ауадай қажет әдеби теориялық ұғым қалыптастыруға арналған «Әдебиет танытқыш» оқулығын жазуда да ерекше сұңғылалық танытқан ғалым-ақынның қайталанбас тұлғасы ұлтымыздың даналық тарихында келер ұрпақтармен бірге жасай беретіні салмақты ойлармен түйінделеді. 1926 жылы Ташкентте басылған «Әдебиет танытқыш» атты кітабы авторының шын мәнінде ғалым-теоретик, эстетик-сыншы тұлғасын айқындайтын күрделі туынды екені дәлелденді. Қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түгелімен осы «Әдебиет танытқышта» қарастырылғанын еске сала отырып, Р.Нұрғали және басқа да ғалымдар оны нақты мысалдармен дәйектейді: «Ғалым әдебиеттің барлық жанрларына, көркемдік құралдарына қатысты европалық орыс әдебиеттануындағы ұғым, термин, категорияларға шып-шырғасын шығармай түгелдей қазақша балама табады. Баспасөзде, кітаптарда, оқулықтарда, радио-теледидарда қазір кең де еркін қолданылатын сөз дұрыстығы, тіл тазалығы, тіл анықтығы, тіл дәлдігі, көрнектілігі, оның тараулары, көзнектеу, мегзеу, теңеу, ауыстыру, бейнелеу, алмастыру,кейіптеу, әсірелеу, арнау (сұрай арнау, жарлай арнау, зарлай арнау), қайталақтау, шендестіру, дамыту, үдету, түйдектеу, бүкпелеу, кескіндеу, сияқты ұғымдарды тұңғыш рет енгізіп, осы сөздерді термин дәрежесіне көтерген, дәл анықтап берген – Ахмет Байтұрсынып екенін айту – тарихи әділет». Сондай-ақ өлең айшықтары, шумақ түрлері, тармақ толғаулары, бунақ, буындар, ағындар, тармақ кезеңдері, ұйқастар мен өлеңтану категориялары да осы «Әдебиет танытқышта» жасалғаны сарапталады. Әмбебап ғұлама ел аузынан жазып алып, оны мазмұндық ерекшеліктеріне қарай түрлі жанрларға жіктеуі ұлттық әдебиеттануда тұңғыш рет зерттелуіне қарамастан ғылыми дәлдігімен сүйсіндіретіні байыпталады.
Ғалымдардың зерттеулерінің қайсысында болсын ұлттық рух, отарлыққа қарсы идеяның көркем әдебиеттегі көрінісі, ондағы сюжет пен композициялық құрылым ерекшеліктері өзара байланыста қарастырылады. Ахмет Байтұрсынов мұрасының түпкі мақсаты – халықты ояту, оның санасына, сезіміне әсер ету. Осы идеяны жүзеге асыру жолын ідегенде педагог-ақын ұлы Абай соқпағымен жүруге ынталы болғаны көрінеді. Оған академик Р.Нұрғали былайша сипаттама береді: «Қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын айналып келгенде, ұлы Абай тапқан соқпақ, орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсұнады». И.А. Крыловтан аударған «Қырық мысал» кітабы – соның айғағы. Алаш ұранды әдебиетті жасаған қаламгерлердің жеке басына, шығармаларына тән ортақ, сапалы белгілер олардың тағдырын, мұрасын бір тұтас құбылыс ретінде қарауға болады деп түсінеді. Алаш ұранды әдебиетті жасаушылардың да, Кеңес үкіметін жақтаушылардың да басты мақсаты түптеп келгенде азаттыққа қол жеткізу, дербес мемлекет болуға ұмтылу екенін зердемен байыптайды. Бұл орайда Мағжан мен Сәкеннің семинарияда қатар оқуы, Жүсіпбек пен Мұхтардың «Абай» журналында бірге істеуі Смағұлдың Әлиханға күйеу бала болуы, Ахметтің Кеңесбаевты, Жүсіпбектің Мәулен Балақаевты, Мағжанның Бейсенбай Кенжебаевты оқытуы – Алаш қозғалысы рухын кейінгі ұрпақпен жалғастырған мың сан тамырлар екені де кездейсоқтық емес.
Сондай-ақ, Әди Шәріпов Ахметтің «Әдебиет танытқыш», Бауыржан Момышұлы Ахметтің «Маса», «Қырық мысал», Бейсембай Кенжебаев Жүсіпбектің «Психология», «Әдебиет танытқыш», Құрманбай Толыбаев Міржақыптың «Оян, қазақ!», «Бақытсыз Жамал» кітаптарын сақтап келгендігі ұлы арманның үзілмегенінің айғағы ретінде көреміз. Бүгінгі уақыт талабына, Тәуелсіздік тұғырына, демократия принциптеріне сәйкес идея әдебиеттанудағы жаңа бір мектепке, тұтас бағытқа айналған Алаш ұранды әдебиет концепциясын тұңғыш рет академик Р.Нұрғали ұсынғанын, оның орнығып қалыптасуына зор ықпал еткенін еске салғымыз келеді. Сөз өнері жайлы ой қозғалғанда әдебиет жеке дара алынбай, өнердің өзге салалары – сұңғат, сәулет, музыка, театр, би, кино т.б. түрлерін қатар атап, әрқайсысының өзгешелік сипаттарын сабақтастыра, салыстыра түсіндіреді. Бұл тұрғыда жаһандық мәдени мұралардың озық үлгілерін, көркемдігі аса жоғары туындыларын мысалға ала отырып ойына тұғыр етеді. Өсіп-өрлеуі Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Жұмат Шанин, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Әлжаппар Әбішев, Шахмет Құсайынов, Қалтай Мұхаметжанов, Тахауи Ахтанов есімдерімен байланыстырылатын қазақ драматургиясы әлемдік өнердің үздік туындылардының контексінде алынып, оны поэтикалық тұрғыдан жан-жақты қамти отырып талдайды.
Сыншы-ғалымдар ұлттық театр өнеріндегі алғашқы арнаны халықтық қайнарлардан, ұлыстық ұстанымдардан іздейді. Оны алғашқылардың қатарында жүзеге асырған ақберен дарын иесі, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Жұмат Шанин жөнінде алғаш рет зерттеу жүргізіп, тың деректер жиналды. ХХ ғасыр басындағы Алаш идеясы бағытын ұстанған әдеби-көркем шығармалар туғызған қаламгерлердің азаматтық ұстанымы, қайраткерлік болмысы, дара машығы, шеберлік өрісі туралы әлемдік аяда қарастырылуды. Қазақ әдебиетіндегі азатшылдық рух, азаматтық ұстаным, ағартушылық бағыт, авторлық дара қолтаңба, оның көркемдік өріс түзудегі мәні мен маңызы ғылыми зердемен пайымдалады. Қазақ әдебиеті тарихындағы жекелеген шығармашылық тұлғалардың алаштық мұраттар ауқымындағы өзіндік ұстаным-бағыттарына тарихи-әдеби контексте баға береді. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде алашшылдық мұраттардың көркемдік шешім табуын қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының жаңа бағыттары ауқымында пәндік зерделеу, жеке автордың азаматтық-азатшылдық ұстаным, жазу машығындағы даралық сипаттарды ХХ ғасыр басындағы саяси ахуал, көркемдік өріс ауқымында тарихи негіз, дәстүр, жаңашылдық сипаттар, жалпы ұлт тағдырындағы тарихи-рухани әлуеті мәнінде жүйелі ғылыми зерделеу болып табылады. Түркі тектес халықтар әдебиетіндегі басты идеялық-көркемдік ұстанымдарды, қазақ поэзиясындағы ел бірлігі, жалпытүркілік құндылықтар идеясының көркем бейнеленуін ғылыми негіздейді. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің даму бағыттары ауқымында азатшылдық, ағартушылық мұраттарға нақтылы шығармашылық дара тұлғаның әдеби мұрасын талдау, жинақтай саралау арқылы назар салып, рухани, көркемдік ықпалын айқындайды.
Қазақ әдебиеті тарихының елеулі кезеңі ХХ ғасыр басындағы әдеби дамудың көркемдік өрісі, әдебиеттегі алаштық идея жоғарыда айтып өткен А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов т.б. қаламгерлердің мұралары ауқымында талданады. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде басты ұстанымның бірі – алашшылдық мұраттар болуы сол кезеңнің тарихи-әлеуметтік болмысынан туындаған ұлт-азаттық күрес жолындағы нақтылы құбылыстың бірі есебінде жүйелейді. Тарихи дамудың елеулі арнасы болған ағартушылық мұраттарды ХІХ ғасырдағы тарихи алғышарттарымен сабақтастықты ашуға мән береді.
Қорыта айтқанда, академиктер мен ғалымдардың Алаш ұранды әдебиет жайлы зерттеулерінде әдеби дамудың ағартушылық бағыты көркемдік, шеберлік, дара машық, авторлық ұстаным, азаттық мұраттар мәнінде, алашшылдық идея ауқымында зерделеніп, алашшылдық көзқарас тұрғысынан сараланады.