1911 жылғы 10 наурыздан 1913 жылғы шілдеге дейін Орда қаласында, 1913 жылғы 15 қарашадан жыл аяғына дейін Оралда шығып тұрған. Мақалалар қазақ, орыс, татар тілінде жарияланған. Газет демократиялық бағыт ұстанды.
“Қазақстан” 1913 жылы “Құрмет иесі оқушыларымызға” деген мақаласында (№1, 27 қаңтар) көрсетілгендей, қаржы мұқтаждығынан, 18 саны шыққаннан кейін жабылған. “Айқап”журналымен пікірталасқа барғанымен, түп мақсаттарының бір екенін түсіне білген.[1]
Негізінен отырықшылық, оқу-ағарту, өнер-білім, мәдениет, тұтынушылар коперациясын құру мәселелерін көтерген. Редакторы - Елеусін Бұйрин. Газет білім, мәдениет, отырықшылық мәселесін жиі қозғаған. Мұнда Е.Бұйрин, Б.Қаратаев, Ғ.Қараш, Ш.Бөкейұлы, Ғ.Мұсағалиев, А.Мәметов, Ғ.Көпжасаров т.б.-лардың мақалалары жарияланған. Бұл газет те ұлттың оянуына, саяси қозғалыстарға жіті қарауына себепші болды
«Қазақстан» газеті – тарихта «Қазақстан» атауын тұңғыш қолданып, айналысқа енгізуімен де ерекше есте қалады. Бұған дейін барлық ресми құжатта қазақ атауы «киргиз», «киргиз-кайсаки» деп бұрмаланып келсе, газет шығарушылары «Қазақ» атын ұлттың ғана емес, мемлекеттің атауы етіп көтере білді. Арада дәл 80 жыл уақыт өткенде – 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасы» аталатын тәуелсіз мемлекет пайда болды.
Бүгінде Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы Салтыков-Щедрин атындағы ұлттық кітапханасының сирек қорынан газеттің 14 саны, Мәскеу қаласындағы Ресей мемлекеттік кітапханасынан бұрынғыларға қосымша тағы 2 саны – барлығы 16 нөмірі табылып, көшірмесі алынды. 1911-1913 жылдары жарық көрген тұңғыш қазақ газеті – «Қазақстанның» қолда бар барлық 16 саны түгел топтастырылған тігіндісі бүгінде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорында сақтаулы тұр.
Осы кезге дейін толық зерттелмеген «Қазақстан» газетінің барлық саны тұңғыш рет 2012 жылы батысқазақстандық бір топ азаматтың күшімен (жинақтың редакция алқасы төрағасы – Ж.Сафуллин) жинақталып, қазіргі қолданыстағы әліпбиімізге аударылып, кітап болып шықты. Жинаққа «Қазақстан» газетін шығарған және қаржылай көмек көрсеткен тұлғалар туралы мәлімет, сондай-ақ «Қазақстан» газетін бұған дейін зерттеушілердің еңбектері де енгізілді.