Алғыс айту күні сценарий
І жүргізуші: Қайырлы күн, қымбатты ұстаздар мен оқушылар
ІІ - жүргізуші! «Ел бірлігін нығайтатын мейрам» атты тақырыпты кешімізге қош келдіңіздер!
І жүргізуші: Талайлы тағдырлардың басын өз шаңырағының астына біріктіріп, қанатымен су сепкен қарлығаштай, қамқорлығына алған Қазақстанда адамның адамға құрмет көрсететін күні белгіленбек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барлық ұлттың бір - біріне және қазақтарға алғыс айту күнін бекітуді ұсынды. Қазақстан халқы Ассамблеясының "Мәңгілік Ел: бір ел - бір тағдыр" тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Назарбаев: "Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді. Саманнан жасалған екі бөлмелі үйде тұрған біздің отбасы үш баласы бар жанұяны қабылдап алды. Көз алдымда әрқашан, әрқашан олардың бөлменің бір бұрышына жиналғанын елестете беремін, олар қорқып тұрды - киімдері жыртылған, аш, тозып кеткен. Олар біздің отбасында өмір сүрді, жұмыс істей бастады, өмір бойы алғыс айтып өтті. Мен оның балаларымен дос болдым", - дей келе, "Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде - 1 наурызда, басқа уақытты қойса да болады - барлық ұлттың бір - біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді", - деп нақтылады.
І жүргізуші:
Мерекеміз «Ел бірлігін нығайтатын мейрам » деп аталады, шынында да біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Жолдауы арқылы еліміздің болашағына көз салуға мүмкіндік берді. Болашақ ұрпаққа: «Мен елім үшін не істей аламын?» — деген сұраққа жауап іздеуге көмектесті. Барлық оқушылар «Қазақстан – 2050» жаңа көзқарасы бар, жоғары білімді, салауатты өмір салтын ұстанатын азамат ретінде елестетеді. Осы болашақты жақындату үшін көп еңбектену қажет екенін түсінеді..
Ән «Бақыт деген» Қабдолов Сабыржан
ІІ жүргізуші:
Қазақ қызы күлімдер күн көзіндей,
Дөңгеленіп билейді ай жүзіндей.
Жұлдыздардай өрнекті аспандағы,
Биші қыздар бұрала билейді би.
«Қазақ биі» 10 - сынып
І жүргізуші:
Алғыс - адамның адамға жасаған жақсылығы, көмегі, көңілі үшін ризашылық білдіруі, сондай - ақ оның ойы мен іс – әрекетіне, жасаған істеріне жоғары баға беру.
Ризашылық – адамның басқа адамнан көрген жақсылығы, көмегі, көңілі үшін қанағаттанушылық және алғыс білдірушілік сезім.
Отбасының басты қызығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың берекелі боп өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Халық мақалында «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деп табиғаттың тамаша құбылысына теңеген екен. Әке – ұрпақ иесі, панасы, үй басшысы. Жеті атадан санағанда екінші ұрпақ. Әке – бала үшін шыңы биік асқар тау.
ІІ жүргізуші:
Мың алғыс, миллион алғыс аналарға!
Аты да, өзі де ұлы тұрар алда.
Отанмен, туған жермен теңесесің,
Нәр алған аналардан даналар да.
Тірлікке бастаусыңдар тұнық бұлақ,
Таң шапақ сәулесіңдер жарық шырақ.
Жүз көрер айнасыңдар шаң қонбаған,
Жайдары жаз күніндей жанға шуақ.
І жүргізуші:
Ана әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ақ сүтін емізіп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы. Мен ана деген сөзді қанша айтсам да жалықпаймын. Өйткені ол дүниедегі ең ардақты жан. Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге келтіріп қана қоймайды, оны көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп аяғынан тік тұрғызады. Өмір есігін жаңа ашқан баланың бойына елінің рухын сіңіретін, жылауын қойғызатын ана. Ана баланың амандығын бақытты, абыройлы болуын тілейді. Бойымыздағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды.
ІІ жүргізуші:
Қайран ана, өз перзентін әдемі не ұсқынсыз, ақылды не ақымақ, мейірімді не рақымсыз, кесір - қырсық болса да бәрібір шексіз сүйеді. Дүниеде ананың көз жасынан салмақты, одан ауыр таразы басын басатын ештеңе жоқ. Өйткені ананың көз жасы өзінің киесімен ауыр. Алайда «Ананың көңілі - балада, баланың көңілі - далада» демекші, өзінің перзенттік борышын ұмытқан, сөйтіп ата - анасын сыйламайтын адамдарды да өмірден кездестіруге болады. Ана - тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Анасы жоқ балалар да аз емес. Олар ананың мейірімін, аялағанын ешқашан сезген емес. Ендеше, анамызды сыйлап, құрметтейікші!
Ән «Ана сен бақыттысың» Сәлду Фатима
ІІ жүргізуші
Бүгінгі күн — нұрлы күн
Жарық шашқан әлемге
Ескеретін күн бүгін
Ризашылық қой әр елде
І жүргізуші:
Құрметті кешке қатысушы оқушылар, жылы сөз, қайрымды іс, жақсы ой, кіршіксіз сезімдеріңізді ешкімнен ешқашан аямаңыздар, «Рахмет» деген қасиетті сөзді жиі айтыңыздар. Адам алғыс пен ризашылықты естіген сайын, жақсылық жасағысы келіп тұратынын естеріңде сақтаңыздар. Өмірдің әрбір сәтін бағалай білуге үйреніңіздер және Табиғат – Анаға мейірімді күні үшін, көңілді жаңбыры мен ақ қары үшін, жұмсақ ұлпа бұлты үшін, жақын адамдарға қайырымдылығы мен риясыз махаббаты үшін алғыс айтуды ұмытпаңыздар.
Достарыңызбен бөлісу: |