Жолға қарап жанарың талыққанда,
Сүйрелейсің өзіңді жарық таңға.
Жалғыздықты құшақтап алғың келер,
Жақыныңнан көңіл қап жабыққанда.
Түсінетін жаныңды өлең ізгі,
Сия толы мұңымнан кеме жүзді.
Жалғыздықты жек көрем деген сайын,
Жақсы көре береді неге бізді?!
Көңіл салқын, сенім де шытынаған,
Өзі тілеп қашырар құтын адам...
Қандай күйде жүрсең де бір қалмайтын,
Жалғыздық бар өмірде, шүкір оған.
Ішіңдегі нала-лай, құса-құла,
Суық сөздер тағдырдың пышағы ма?
Жалғыздықтан шаршаған күні, сірə,
Өлім бізді алады құшағына.