Жылу шығару түрлері. Табиғаты бойынша жылу шығару физикалық
жылу реттелуге жатады. Физикалық реттелу бірнеше жолмен іске
асырылады:
1) Жылу өткізгіштік, яғни денеге тиген заттарға, мысалы, ауаға жылу беру;
бұл конвекциялық жол (тері бетіндегі жылыған ауа қабатының жоғары қарай
ығысуы және оның салқын ауамен алмасуы). Конвекция арқылы денеде
пайда болатын барлық жылудың 15%-ы шығарылады. Адам үшін мұның мәні
аз: ауа мен киім жылуды нашар өткізеді.
2) Жылуды сейілдіру (жылу шығарудың радияциялық жолы). Бұл жылудың
инфрақызыл сәулелерін қызған дененің бетімен жан-жаққа сейілдіру.
Жалаңаш адам мұндай жолмен 60%-ға дейін жылу жоғалтуы мүмкін.
3) Өкпе және тері арқылы жылу шығару (булану). Булану жолымен қоршаған
ортаның комфорттық температурасында адам денесінен 20% жылу
шығарылады. Қоршаған орта мен дене температурасы бірдей болған
жағдайда бұл жылу шығарудың жалғыз ғана жолы болып саналады. Дене
бетінен судың булануының екі түрі бар: а) шығарылған тердің булануы; б)
тері бетіндегі судың диффузия жолымен булануы («сезілмейтін» су жоғалту).
Сейілдіру, конвекция және булану арқылы жылу шығару қарқыны
қоршаған орта ауасының температурасына байланысты. Желді күндері,
жүгірген, қатты жүрген кездерде жылу шығару үдерістері күшейе түседі.
Жылу шығаруды төмендететін немесе кедергі келтіретін факторларға тері
астындағы май (шел) қабаты мен киген киім қалыңдығы үлкен роль
атқарады. Сонымен қатар аса көңіл аударатын жағдай – қан тамырларының
әсерленісі: айналадағы температура өзгеріп денеге әсер еткен кезде, тері
астындағы қан тамырларының тонусы рефлекстік жолмен өзгереді, яғни
тамырлар не кеңейіп не тарылып отырады. Ыстықтың әсерінен қан тамыры
кеңейіп жылу шығару үдерісі күшейеді, ішкі ағзалардағы ірі тамырлармен
аққан қан көп мөлшерді теріге келеді. Суықтың әсерінен керісінше, тері
тамырлары тарылып сыртқа жылу шығару қарқыны төмендейді.