Аллергологиялық тексерудің келесі кезеңі – зертханалық зерттеулер (серологиялық немесе иммунологиялық зерттеулер, жасушалық реакциялар). Спецификалық антиденелерді анықтау үшін мына серологиялық реакциялар қолданылады: Уна ұсынған микропреципитаттану, гельде микропреципитаттану, тікелей емес гемагглютинациялану, комплементті байланыстыру реакциялары. Әртүрлі текті антигендерге сенсибилизациялануды анықтайтын спецификалық емес тесттерге төмендегілер жатады: терілік және мукоздық сынамалар; жасушалық тестер: лейкоцитолиздену реакциясы, нейтрофильдердің бұзылу көрсеткіші, лейкоциттердің агломерациялану реакциясы, тромбоциттердің агглютинациялану индексі, базофильдердің дегрануляциялану реакциясы (Шелли тесті) және т.б.
Анафилаксиялық естен тану (анафилактический шок – choc anaphylacticus) – даму жылдамдығына және ауырлығына байланысты аллергиялық реакциялардың ең ауыр және өте шұғыл дамитын түрі. Анафилаксиялық естен тану жүйелі аллергиялық реакция ретінде кез-келген аллергенге (дәрілер, тағамдар, шыбын-шеркейдің шаққаны, косметикалық және парфюмерлік заттар) дамиды және дәрілерді адам денесіне инемен егу кезінде (көбінесе көк тамырға енгізгенде) жиі кездеседі. Стоматологиялық тәжрибеде көптеген дәрілер: анестетиктер, анальгетиктер, антибиотиктер, сульфаниламидтер, витаминдер, антисептиктер, пломбылық материалдар (түбір өзектерін толтыруға арналған эвгенол және формалин негізді қойыртпақтар), акрил пластмассалары қолданылады. Осылардың көпшілігінің (пластмассалар, новокаин, пенициллин) аллергендік қасиеттері жоғары, себебі олар организм белогымен және басқа макромолекулалармен тұрақты байланыс құрып, жоғары сенсибилизациялаушы қасиетке ие бола алады. Анафилаксиялық естен тану организм аллергенмен қатынасқа түскеннен кейін 2 секундтан -60 минут арасында дамиды, кейде 4, тіпті 8 сағаттан кейін де дамуы мүмкін. Анафилаксиялық естен танудың клиникалық белгілерінің күрделілігіне және ауырлығына байланысты үш дәрежесін (жеңіл, орта және ауыр) ажыратады
Квинке домбықпасы Антигионеврозды Квинке домбықпасы (ангионевротический отек Квинке(сурет -21) – oedema angioneuroticum Quicke) – шұғыл дамыған аллергиялық реакцияға жатады және терінің терең қабатының, немесе кілегей қабықтың жедел домбығуымен сипатталады. Домбықпа өз бетімен із-түзсіз жойылып кетеді, кейде жиі-жиі қайталанып тұрады.
Квинке домбықпасы әртүрлі тағамдардың, дәрілердің (антибиотиктер, сульфаниламидтер, салицилаттар, иод, бром және б.), стоматологияда қолданылатын пломбылық және тіспротездік материалдардың, косметикалық заттардың, суықтың, шыбын-шіркей шағуы әсерінен дамиды. Сонымен қатар аурудың патогенезінде тұқым қуалаушылық, вегетативті жүйке жүйесінің оңай қозғыштығы, организмдегі созылмалы инфекция көздерінің болуы сияқты факторлар жетекші орын алады.