Алматы «мектеп»



бет6/10
Дата15.12.2023
өлшемі73,43 Kb.
#138696
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
Лениншіл Рүстемов

ЖАС ГРАММАТИКТЕР БАҒЫТЫ
XIX ғасырдың жетпісінші жылдарында психологиялық бағыттың өз ішінен салыстырмалы-тарихи тіл білімінің жаңа мектебі келіп шықты. Ол лингвистика тарихында «жас грамматика мектебі» деген атқа ие болды. Бұл мектеп тіл біліміндегі айрықша бағыт ретінде алдымен Германияда қалыптасты. Бұл бағыттағы ғалымдар қатарына сол кездегі белгілі неміс лингвистері Иоганн Шмидт (1843—1901), Герман Остгоф (1847—1909), Карл Бругман (1849—1919), Бертольд Дельбрюк (1842- 1922), Герман Пауль (1846—1921) енген еді.
Россиядағы жас грамматика мектебінің әйгілі өкілдері — Филипп Федорович Фортунатов (1848—1914) және оның шәкірті академик Алексей Алеқсандрович Шахматов (1864—1920) болды. Көрнеқті жас грамматиктер тобына даниялық Карл Вернер (1846—1896), француз Мишель Бреаль (1832—1915), итальяндық Грациадио Исайя Асколи (1829—1907), америкалық Уильям Дуайт Уитни (1827—4894) сияқты ғалымдар да жатады.
Салыстырмалы-тарихи тіл білімінің жаңа бағыт делінетін өкілдер өздерін өздерінен бұрынғы өткен лингвистерден ажырату үшін жас грамматиктерміз деп атаған-ды. Олардың бұрынғы бағыттағы лингвистерден .айырмашылығы — тіл білімінің жалпы проблемаларын және жазба ескерткіші қалмаған ескі тілдерді зерттеуден саналы түрде бас тартуда.
Жас грамматиктер тілді адамзат мәдениетінің жемісі деп, оны тарихи тұрғыдан қарауды талап етті. Тіл құбылыстарын тарихи тұрғыдан қарау — олардың бірден-бір үлкен жетістігі еді. Алайда олар историзмді психологиялық тұрғыдан түсіндірді. Бұл жәйт олардың ғылыми зерттеулерінің құнын төмендетеді.
Г. Паульдің пайымдауынша, әрбір жан дүние, зат жөніндегі түсінігін, ассоциацияны т. б. әуел бастан-ақ басқа адамдардан тәуелсіз жасайды. Егер адам өзінің ішкі дүниесінде болған құбылысты басқа адамға білдіргісі келсе, физикалық қимыл жасайды, ол — тілдік дыбыс,—деп тұжырымдады Пауль.
Жеке адамда пайда болған ой мен түсініктерді екінші біреуге жеткізу үшін физикалық қалыптасу қажет емес. Бұл жерде жас грамматиктердіц ой мен тілдің арасындағы қатынасты идеалистік тұрғыдан түсінгендігі байқалады. Өйткені олар тіл деп түсініктер мен ойлардыц адам рухындағы сомасын айтады.
Адамның тілдік қызметін психикалық және физикалық түрлерге бөле отырып, Г.Пауль психикалық моменттіц басымдығын ерекше атап көрсетеді. Сондықтан да Паульдың ойы бойыпша тіл тарихын зерттеуде екі гана факторды алу керек. Бірінші кезекте тілдің негізі ретінде индивидумныц психологиялық ерекшеліктерін, содан кейін дыбыстар физиологиясын, яғни фонетиканы қарау қажет. 
Жас грамматиктер өздерінің тар шеңбердегі идеалистік түсініктеріне қарамастан нақтылы тілдік фактілерді зерттеу ісінде үлкен табыстарға жетті. Олар әсіресе, индоевропа тілдерінің тарихи фонетикасын зерттеуде үлкен жетістіктерге ие болды. Өйткені индоевропа тілдерін зерттеуді жас грамматиктер программасы талап ететін. Олар туыс тілдердің әрбір тобының өз ішінде дыбыс алмасу зандылықтарын ашты. Бул заңдылыкты олар «дыбыс заңдары» (звуковые законы) деп атады. Олар дыбыс заңдарының табиғатта байқалатын қажеттілік бойынша әрекет жасайтынын көрсетті. Дыбыс заңдарының қимылын абсолютті деп түсіндіріп, дыбыстардың дамуын имманентті, ешбір факторға (сөздің дыбыстық қоршауынаи басқа) тәуелді емес дегенді айтты. Олар тілдің түрлі элементтерінің бір-біріне жүйелі түрде әсер етуін толық теріске шығарды. Сондай-ақ, сыртқы ықпалды да — басқа тілдердің, диалектілердің, жазба дәстүрінің т.б. әсер ету мүмкіндігін мойындамады.
Жоғарыда айтқанымыздай, жас грамматиктік бағытқа біркатар орыс лингвистері де қосылды. Жас грамматикалық сипатқа салыстырмалы-тарихи тіл білімінің Москва мектебінің өкілдері жасаған зерттеулері сай келеді. Оны басқарушы — атақты ғалым Ф.Ф.Фортунатов еді. Фортунатов та тілді уақыт өткен сайын өзгеріп тұратын жеке адамның психофизикалық қызметі деп түсінді. Тілдегі бұл өзгеріс, оның түсінігі бойынша, психофизикалық құбылыс ретінде екі бағытта іске асады: бір жағынан дыбыс заңдарының формасындағы физикалық өзгерістер. Ол заң имманентті және абсолютті (сөзсіз) түрде іске асады. Екіншіден, аналогияға сай (ұқсастыққа) жаңа формалардың пайда болуындағы психикалық өзгерістер.
Ф.Ф.Фортунатов салыстырмалы-тарихи талдау тәсілін аса шебер меңгерген лингвист болды. Ол өте маңызды дыбыстық заң болып табылатын индоевропа тілдеріндегі екпіндік (акценттік) қатынас жөніндегі заңдылықты ашты. Ф.Ф.Фортунатов балтық және славян тілдерінің материалдарын зерттеу негізінде кейбір индоевропа тілдерінде созылыңқылықтың (долгота) екі түрлі формасы барлығын байқады: біріншісі — ұзақ мерзімді (длительная), екіншісі — үзілісті (прерывистая). Сол созылыңқылықтың формасына байланысты екпіннің де түрі анықталды. Фортунатов созылыңқы дауысты дыбыстар екпінді өзінен бұрынғы қысқа не үзілісті буындардан өзіне қаратып алатынын айтады. Ол ашқан акцент заңы мәселен, орыстың «нога» сөзіндегі соңғы буындағы екпін, көпше түріндегі «ноги» сөзінің бірінші буынына ауысатынын анықтап берді.
Лингвистикалық ойдың дамуына Ф. Ф. Фортунатовтың ноль флексиялар жөніндегі теориясы да үлкен әсер етті. Оның ноль флексия жөніндегі пікірі кейіннен прагалық структурализм мектебінің құрылуына ықпал етті. Прагалық мектеп өкілдері тілдік элементтерді бір-біріне қарама-қарсы қою процесі арқылы ол элементтерді табатын функционалдық принцип дегенге саятын тұжырым жасаған.
Жас грамматикалық бағытқа кезінде Алексей Александрович Шахматов, шығыстану ғалымдары Всеволод Федорович Миллер (1848—1913), Федор Евгеньевич Корш (1843—1915) та қатысты. Олардың ішінде А.А.Шахматовтың ғылыми қызметі — революцияға дейінгі орыс лингвистикасы тарихының аса жарқын да қызықты беттерінің бірі. Ол Ф.Ф.Фортунатовтың шәкірті болатын. Бұл жәйт Шахматовтың ғылыми зерттеу тәсілдеріне де ықпал етпей қойған жоқ. А.А.Шахматов өз ұстазынан салыстырмалы-тарихи тәсілді іс жүзінде қолдануды жете меңгерген-ді. Бұл оған, мәселен, XI ғасырға дейінгі ескі орыс жазба шежіресінің тексте- оін реконструкциялауға жәрдем етті. Жоғалып кеткен жазба шежірелерін оның дұрыс реконструкциялағаннан кейінгі табылған шежірелер тізімі де дәлелдеп берді.
Идеологиялық негіздері бір бола тұрса да, Москва мектебі мен батыс европа жас грамматиктерінің арасында кейбір түбегейлі мәселелер бойынша алшақтықтар болды. Мәселен, Лейпциг мектебінен Москва жас грамматиктер мектебінің басты бір айырмашылығы — орыс  лингвистерінің тіл тарихы мен халықтар тарихын бөліп қарау мүмкін емес деп ұғынуында. Ф.Ф.Фортунатов: «қоғам құрамындағы болатын өзгерістерге сай тілдегі кейбір тиісті өзгерістер қабаттаса келіп отырады», дейді.
Бірақ Ф. Ф. Фортунатов, негізінен, индоевропа тілдерінің салыстырмалы грамматикасын зерттеумен шұғылданды, сондықтан да оның халық тарихының моменттерін алу мүмкіндігі көп болмады. Оның есесіне А. А. Шахматов өз еңбектерінің өң бойында халық тарихы мен тіл тарихының арасындағы тығыз байланысты ашып отырды.
А. А. Шахматов: «өзінің лингвистикалық ізденуінде өткен дәуірлер тілін қалпына келтіру ісін зерттеу үстінде тарихшы тиянақты тіректі халық тарихынан іздеуі керек... Тіл өмірі халық өміріндегі басқа құбылыстармен қатар және сәйкес өмір сүреді»,— дейді. Бұл принцип А. А. Шахматовқа өз алдына қойған негізгі міндеті атап айтқанда, орыс халқының шығуы мен қалыптасуы және оның тілі мен жазбасы арқылы көрінген мәдениетін зерттеу проблемаларын жемісті шешуге мүмкіндік туғызды. А. А. Шахматовтың еңбегі лингвистика үшін ғана емес, Россия тарихы үшін де үлкен мәнге ие болды.
Бұл жөнінде Д. С. Лихачев берген бағамен толық келісуге болады: «А. А. Шахматов өзінің соңғы еңбектерінде тамаша тарихшы екендігін көрсетті, ол өзі жасаған жүйелерді дәлелдеу үшін тарихи фактілерді дәлелдеп қана қойған жоқ. Шахматов Россияның саяси өмірі туралы кейде ескі түсініктердің күлін көкке ұшыратып жаңа ойлар айтты.
Бұл жөнінде Д. С. Лихачев берген бағамен толық келісуге болады: «А. А. Шахматов өзінің соңғы еңбектерінде тамаша тарихшы екендігін көрсетті, ол өзі жасаған жүйелерді дәлелдеу үшін тарихи фактілерді дәлелдеп қана қойған жоқ. Шахматов Россияның саяси өмірі туралы кейде ескі түсініктердің күлін көкке ұшыратып жаңа ойлар айтты.»
Шахматов еңбектері Россия тарихындағы Русьтың ақыл-ой өмірінің күрделі екенін көрсетті. Шежіре жазушылардың еңбегін А. А. Шахматов ірі саяси қызметкерлердің жұмысымен тең санап, жауапкершілікпен қарады.
Ол шежіре жасаудың кездейсоқ емес екендігіи, ертедегі Русьта шежіре жазудың зор мәні бар екенін көрсетті, бірте-бірте орыс тарихы қайраткерлерінің күрделі саяси ойларының сырын ашты».
Лингвистикалық ақыл-ойдың аршындап өрістей түсуіне жас грамматикалық бағыт үлкен әсер етті: оның лингвистикада 50 жыл үстемдік еткен өмірінде орасан мол нақтылы тілдік материалдар жиналды, белгілі бір жүйелерге келтірілді және егжей-тегжейлі талдаулар жасалды. Бірақ жас грамматиктер лингвистерге үлкен ықпал етіп тұрған кездің өзінде-ақ сынға ұшырай бастады. Бұл сын жас грамматиктердің өз мектебінің ішінен басталып, психологизм позициясыңан айтылды. Сынға ұшыраған жас грамматиктердің методологиясы емес, атап айтқанда, фонетикалық заңдардың трактовкасы мен тілдік фактілерді зеттреуге сыңаржақ қарауы.
Жас грамматиктерді алғаш сынға алған орыс тіл білімі Қазан мектебінің негізін қалаушы әйгілі ғалым Иван Александрович Бодуэн де Куртенэ (1845—1929) болды. Бодуэн де Куртенэнің өзі жас грамматиктер сияқты индивидуалды-психологиялық позидиясында тұрып, кейбір лингвистикалық проблемаларды басқаша шешуді, басқаша трактовка беруді талап етті. Оның бұл көзқарасын Қазанның Николай Вячеславович Крушевский (1851 — 1887), Василий Алексеевич Богородицкий (1857—1941) сияқты талантты ғалымдары қоштап, қуаттады. Екінші сөзбен айтқанда, біртұтас теориялық бағыт (платформа) пайда болды.
Орыс тіл білімінің Қазан мектебі социологиялық мектептің ірге тасын қалаушы Швейцариялық ғалым Фердинанд де Соссюрдің болашақ теориялық концепцияларының көбін одан бұрып болжаған болатын.
Бодуэн де Куртенэ XIX ғасырдың өзінде-ақ тұңғыш рет салыстырмалы-тарихи әдістің лингвистикалық зерттеуде бірден-бір әдіс екеніне күдік келтіруші ғалым болды. Ол салыстырмалы-тарихи тәсілге қарағанда нақтылы тілдік жүйелердің сырын шешуде статикалық талдау жасау тиімді деген тезис келтірді. Өйткені тілдік жүйе дегеніміздің өзі — тілдік компоненттердің тұрақты қалпы деп түсіндірді.
Бодуэн алғашында фонемаға тілдің материалдық единицасы ретінде қарады, бірақ біраздан соң оның фонеманы түсінуі психологиялық түрге ауысады. Бірте-бірте ол фонеманы дыбыс деп қарамай, дыбыс. жөніндегі түсінік деп ұғына бастады. Мәселен, Бодуэн былай деп жазады: «Біздің психикамызда үнемі «дыбыс» жөніндегі түсінік өмір сүреді, яғни күрделі дыбыс комплексінің бір мезгілде айтылуы мен одан алынған әсерді фонема деп атаймыз».
Фонемаларға материалдық, психикалық элемент ретінде идеалистік трактовка бергеніне қарамастан, Бодуэннің тілдегі фонема құрылысын табуы ірі жаңалық болды. Ол тіл білімін тілдік дыбыстың жүйесі жөніндегі біздің түсінігімізді тереңдете түсті. Бодуэн де Куртенэ мектебі тіл білімінің дамуындағы жаңа бетбұрыс болды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет